Онлайн газет



ПИЛОТТЫҚ ЖОБАНЫҢ ІСКЕ АСЫРУ БАРЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Кеше, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Бекболат Орынбеков пен Абдалы Нұралиев Байзақ ауданына жұмыс сапарымен келді. Халық қалаулыларын аудан әкімі Нұржан Нұржігітов қарсы алды.

Сенаторлар алғашқы іссапарын Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында пайдалануға берілген Талас ауылындағы ауыз су имараты мен ауыз су жүйесінің жұмыстарымен танысудан бастады.
Аталмыш имарат «Байзақ Су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны иелігіне тиесілі. Сенат депутаттарының таза ауыз суды жергілікті халықтың тұтынуы, кәсіпорынның қызметі қызықтырды. Кәсіпорын директоры Нұрболат Сұраншиев жыл қорытындысы бойынша алты миллион табыспен шыққанын, салық берешектері жоқ екенін алға тартып, сервистік қызмет көрсету барысы мен тарифтік баға туралы түсінік берді. Аудан басшысы Нұржан Молдиярұлы: «2019 жылы «Байзақ Су» кәсіпорны жұмысшыларына қараша мен желтоқсан айына берілетін жалақысын бере алмай қалған. Ал, биыл барлық қарызын төлеп қана қоймай, жылды табыспен аяқтап отыр. Біз былтыр бұл мекемеге үш түрлі қызмет көрсететін экскаватор және бір дана автовышка сатып әпердік. Қолдау көрсетудің нәтижесінде мекеме тығырықтан шығып, түрлі қызмет түрлерін көрсету үстінде», - деп түсіндірді.
Өткен жылдың сәуір айында аудан әкімдігі сәулет, қалақұрылысы және құрылыс бөлімінің тапсырысы негізінде жүзеге асқан құрылысқа «СК-АВС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер атанған болатын. Жалпы сомасы 638,4 млн. теңгені құраған құрылыс барысын «ЗеинГрупп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі техникалық, ал, «Табыс Жоба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі авторлық тұрғыдан қадағалаған.
Екі жүз метр тереңдіктен тартылып алынған таза ауыз су құбыры желісінің ұзындығы 19 шақырымды құраса, оған 591 ауладағы тұрғындар таза ауыз сумен қамтылатын болады. Жергілікті тұрғындар арасынан «Байзақ Су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны арқылы 3 машинист және 1 бақылаушы тұрақты жұмысқа қабылданып, су сору бекетіне 50 түп қарағаш егілген.
«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту» жобасының іске асыру барысымен танысу мақсатында осындағы бірқатар тұрғын үйлерге кіріп шықты. Солардың бірі – таластық тұрғын Алладин Сулейманов. 2,5 пайыздық мөлшерлемемен берілген несиеге он бастың орнына он бес бас жылқы мен мүйізд ірі қара малын сатып алған Алладин Сулейманов алғашқы төлемді төлеп қойғанын, айналымға шығып шаруасын дөңгелетіп отырғанын қуана жеткізді. Бір жылқысын сатып орнына екі бас бұқа алып, оларды қайта байлап, семіртіп сатқан Алладин есепті мерзімдегі несиесін төлеп, қалған қаржысына сүтті сиыр сатып алған. Сол сиыр малынан күнделікті жиырма литр сүт алып отыр екен. 
- Жоба аясында құрылған ауыл шаруашылығы кооперативіне 258 адам мүше болып кірді. Бүгінгі күнге кооператив иелігіндегі 235 гектарға жоңышқа, арпа мен жүгері егілді. Нәтижесінде мүшелікке қабылданған ауыл тұрғындарына жоңышқаның бір түгі 350 теңгеден, арпаның келісі 45 теңгеден сатылды, - деп толықтырды қосымша түсінік берген аудан әкімі.
Тұрмысы тап-тұйнақтай ауыл тұрғыны Бекбосын Көпбосынұлы несиенің қарапайым халық үшін тиімділігі өте зор екенін айтты. Отбасылық бизнеске бет бұрған отағасында бұған дейін 1, 2 бас биесі болса, бүгінде олардың саны оннан асқан. Төмен пайызбен қол жеткізген үш миллион теңге несиеге жеті бас аналық бие сатып алған Бекбосын аға биелердің алды құлындап бастағанын, алдағы уақытта қымыз сатумен айналысу жоспарында бар екенін жеткізді. Талас ауылының келесі бір тұрғыны Шамандор Сулейманов болса екі миллион сегіз жүз мың теңге несиеге бес бас сүтті сиыр мен бес бас бұқа сатып алыпты.
«Кеше облыс әкімімен кездесу барысында осы пилоттық жоба төңірегінде сөз болды. 2020 жылы карантинге байланысты пилоттық жоба қолдау таппады. Қазір осы жобаны Үкімет отырысында қарап, қанша қаржы берілді, оның тиімділігі, қаражат негізгі мақсатқа пайдаланды ма, осы мәселелерді қатаң бақылауға алып, 2021 жылы жобаны жалғастыру үшін қаржы сұрамақпыз. Шынында да берілген несие өз нәтижесін беріп жатыр ма? Біздің іссапарымыздың негізгі мақсаты сол», - деді әңгіме арасында сенатор Бекболат Орынбеков.


Бұдан соң, іссапар Қостөбе ауылындағы Қостөбе орта мектебінде салынған қосымша ғимараттың жұмыстарымен танысуға жалғасты. «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы орта мектеп ғимаратының жанама құрылысын (оқу бөлмелері, спорт және мәжіліс залдары, асхана) жүргізуге тиісті қаржы қарастырылған болатын. Заманауи талаптарға сай барлық жағдайы қарастырылған жаңа нысанды аралаған сенаторлар оң бағасын берді.
Нұржан Молдиярұлы биылғы жылы аудан көлеміндегі білім беру саласында атқарылған ауқымды істерге тоқталды. 9 мектепке жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары, келесі жылы беруге жоспарланған 300 орындық Бурыл ауылындағы жаңа мектеп пен Қостөбе ауылындағы осы қосымша құрылыс «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқасында іске асқанын атап өтті. Жалпы, биыл ауданға келген қаржының 2 млрд. 100 млн. теңге қаражаты, яғни, 16 пайызы осы  Қостөбе ауылдық округіне бөлінгенін жеткізді. Сонымен қатар, жұмыс сапары барысында Парламент Сенатының депутаттары Бурыл ауылындағы 180 орындық мәдениет үйін, дене шынықтыру – сауықтыру кешенін, Сарыкемер ауылындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін, «Балдырған» бөбекжай – бақшасының модульдік қазандығы жұмысымен танысты.
«Өткен жылдың желтоқсан айының соңғы күндері Жамбыл облысынан сайланған Сенат депутаттары өңірге жұмыс сапарымен келген болатынбыз. Жалпы, облыстың әлеуметтік – экономикалық дамуы барысымен танысу үстіндеміз. Кеше ғана Жуалы ауданында болып, бүгін Байзақ ауданына келіп отырмыз», - деп бізге сұхбат берген сенатор Абдалы Нұралиев өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында 110 түрлі заң жобалары қаралғанын жеткізді. Оның ішінде, бес кодекс қабылданғанын және бірқатар заңдарға толықтырулар мен өзгерістер енгізілгенін атап өткен Абдалы Тоқбергенұлы «Қазақстан Республикасының Экология туралы» заңына тоқталды. Сенат қабырғасында қабылданған заңдар еліміздің әлеуметтік экономикасына, халықтың тұрмыс жағдайларына өз септігін тигізеді деген үміттеміз», - деді.
- Бүгін, Байзақ ауданына келген сапарымызда көргеніміз шын мәнінде үкіметтің қыруар қолдауының нәтижесіне куә болдық. Қай саланы алып қарасаңыз да өсім көрсеткіштері бар. Екі жыл бұрын басталған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту» пилоттық жобасы арқылы 7,2 млрд. теңге бөлінгені белгілі. Облыс көлемінде он бір ауылдық округ қамтылса, соның екеуі Байзақ ауданына тиесілі. Егер осы тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартатын жоба Жамбыл облысында оң нәтиже көрсететін болса, онда пилоттық жоба бүкіл республика көлемінде енгізілетін болады. Бұл керек жоба, сондықтан ол жобаның жүзеге асуына барлық мүмкіндіктер жасауымыз керек. Осы жоба Байзақ ауданының үлгісінде оң нәтижесін көрсетіп отыр. Оған бүгін өзіміз куә болдық, - деп Абдалы Нұралиев сөзін түйіндеді .

Мұхтар МАНЕКЕЕВ.

Обновлено 08.01.2021 11:59
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін667
mod_vvisit_counterКеше592
mod_vvisit_counterОсы аптада3665
mod_vvisit_counterӨткен аптада3822
mod_vvisit_counterОсы айда8892
mod_vvisit_counterӨткен айда21298
mod_vvisit_counterБәрі1330295

Серіктестер