Төтенше оқиғалардың алдын алу, жылыту пештері мен тұрмыстық газ құралдарын пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері әр сенбі күні «Өрт қауіпсіздік сенбілігін» жүйелі өткізіп келеді. Жылу беру маусымының басынан бастау алған рейдке № 8 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы, жергілікті атқарушы органдар, полиция бөлімі, еріктілер, «КазТранс газ аймақ» акционерлік қоғамы аудандық филиалы және
аудандық электр желілерінің қызметкерлері қатысып, белсенділік танытуда. Жақында Үлгілі ауылдық округінде «Өрт қауіпсіздік сенбілігі» ұйымдастырылып, 421 тұрғын үй араланып, 1236 тұрғынға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Электр жабдықтарын пайдалануда өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, тұрғын үй-жайларда жылу беру пештері мен газ баллон қондырғыларын орнату, ұстау кезіндегі талаптарды сақтау ұсынылып, жадынамалар таратылды. Рейд барысында жылыту маусымында өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптарын сақтау, жарамды жылыту аспаптарын қолданудың маңызына екпін салынып, «Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі» және «Көмір қышқыл газынан уланудан сақтану» тақырыптарында үгіттеу-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жақсылық Танабаев, аудандық ТЖ бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау майоры. |