Онлайн газет



БУРЫЛДАҒЫ ҚОС ҚУАНЫШ

Ия, биылғы жыл Бурыл ауылдық округі үшін табысты жыл болды десек артық айтқанымыз емес. Жыл санап халық саны артып келе жатқан ауылдық округте шешімін күткен мәселелер ретімен шешілуде. Солардың айқын дәлелі - Тәуелсіздік күні мерекесіне орай, Бурыл ауылында ашылған дене шынықтыру және сауықтыру кешені мен 180 орындық мәдениет үйі.
Ел игілігіне ұсынылған жаңа дене шынықтыру және сауықтыру кешені құрылысын мердігер «Тараз құрылыс Дизайн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген болатын. Жалпы сомасы 349 миллион 912 мың теңгені құраған құрылысқа аудан әкімдігі сәулет, қалақұрылысы және құрылыс бөлімі тапсырыс берген. Аумағы 0,5 гектарды алып жатқан аумаққа мердігер нысанды 15,5х24,0 өлшемде үстіміздегі жылдың мамыр айында бастап, жеті ай мерзім ішінде пайдалануға беріп отыр. Ауданы 12323,2 шаршы метрді құрайтын спорт кешенінде футбол, волейбол, баскетбол, самбо, бокс, таэквондо және дзюдо сияқты бірнеше спорт секциялары жұмыс істейтін болады. Мұнда түрлі спорттық іс-шаралар, аудандық және облыстық деңгейдегі жарыстар, сондай-ақ, оқу-жаттығу жиындары өткізілмек. Кешен үлкен арена, әмбебап зал, бокс және күрес залдары және 4 киім ауыстыратын бөлмелермен қамтылған.
Барлық спорт залдары керекті құрал-жабдықтармен, оның ішінде бокс рингімен, күрес матрастары және төсеніштерімен, груша және басқа да тренажерлармен жабдықталған. Сонымен қатар, мұнда алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған дәрі-дәрмектермен қамтылған медициналық кабинет те қарастырылған. Мұнда жергілікті балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің  қатысушылары  жаттықтырушылармен бірге шынығатын болады.
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев пен аудан әкімі Нұржан Нұржігітов бурылдық тұрғындарды қос қуанышымен арнайы құттықтап келді. «Өздеріңіз білесіздер, Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев еліміз тұрғындарының отыз пайызы бұқаралық спорт түрлерімен айналысу керектігін айтқаны белгілі. Өйткені, жас ұрпақтың терең білімі мен денсаулығының мықты болуы арқасында біздің болашақ жарқын болады. Біздің өңірде елімізге танымал небір айтулы спортшылар шыққаны анық. Болашақта осы ауылдан ел намысын асқақтататын айтулы спортшылар шығады деген сенімдемін. Баршаңызды алдағы келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесімен және бүгінгі қуаныштарыңызбен құттықтаймын, - деді облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев.
Сады Қуатбеков, Бурыл ауылдық округінің еңбек ардагері:
- Бәріміз қуанышты сәтте кездесіп отырмыз. Оған себеп, бүгінгі дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің ашылуы. Бұл ауыл жастарына жасалып жатқан үлкен қамқорлық деп білеміз. Салауатты өмір салтын ұстанған жастарымыздан көп үміт күтеміз. Ауылымызда екі орта мектеп, алты балабақша, Өнер мектебі жұмыс істейді. Менің айтарым, осындай кешеннің салынуына жәрдем еткен, көп еңбек сіңірген ауыл әкімі болған Ерік Әліқұловқа, аудан және облыс басшылығына шынайы алғыс айтамыз. 
Ғазизбек Манатбекұлы, «Тараз құрылыс Дизайн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры:
- Бүгін, ауылда өте қуанышты жағдай орын алып отыр. Біз жасаған жемісті еңбектің нәтижесін көріп отырмыз. Осы спорт кешенінің түлектері келешекте үлкен облыстық, республикалық, әлемдік додаларда топ жарады деп ойлаймын. Дене шынықтыру және сауықтыру кешені құтты болсын.


Жаңа кешеннің салтанатты ашылу рәсімінде лента қиылып, шашу шашылды. Келген қонақтар әмбебап кешеннің ішін аралап, ондағы жас  спортшылардың жаттығуларын тамашалады.
Бурыл ауылында жаңа спорт кешенінің ашылуы жергілікті жастардың, жалпы, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге, салауатты өмір салтын ұстануға ықпал етпек. Енді олар аудан орталығына баруға артық ақша мен уақыт шығындамай-ақ, сүйікті спорт түрімен өз ауылдарында шұғылдана алады.
*    *    *
Бұдан соң, облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев 180 орындық мәдениет үйінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Бұл салтанатты сәтті мәдениет саласының қызметкерлері ғана емес, ауыл жастары, тұрғындар көптен күткен еді. Ауыл ақсақалдары енді дарынды жастар, өнерпаз өрендердің бас қосатын, талантын шыңдайтын орын бар деп қуануда.
- Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында, жақсы, заманауи мәдениет үйі салынып отыр. Негізінде, Бурыл ауылдық округіне 3 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлініп, нәтижесінде бірқатар әлеуметтік нысандар салынды. Олардың қатарында, жаңа ғана пайдалануға берілген дене шынықтыру және сауықтыру кешені мен мынау мәдениет үйін айтуға болады. Енді, бұл мәдениет үйі Сіздердің рухани және эстетикалық талаптарыңызды қанағаттандырады деп сенеміз. Осы жерден небір майталман өнер иелері қанат қағып шығады деген ойдамын. Барлықтарыңыздың қуаныштарыңыз құтты болсын, - деді өз сөзінде Талғат Мамаев.


Еңбек ардагері Лесбек Бұзаубақов: - Біздер осындай мәдениет үйіне қол жеткізгенімізге ризамыз. Көп ұлттың өкілдері тұратын ауылымызда алдағы уақытта небір шығармашылық іс-шаралар өткізетін орынға айналсын, - деген тілегін арнаса, мердігер «Жаңатас Құрылыс Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Болатбек Үсенбаев барша бурылдықтарды мәдениет үйінің ашылуымен құттықтады.
Мәдениет үйінің салтанатты ашылу рәсімі өнерпаздардың әнімен әрленді. Ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, лента қию рәсімі орындалған соң, құшағынан аналық мейірім аңқыған әжелер мәз-мейрам болып, шашу шашты. Олар  аудан басшылығына алғыстарын айтып, мерекелік даталарды атап өтетін, ән тыңдап жан сергітер шаңырақтың ашылғанына бек қуанышты екендіктерін жеткізді.
Айта кетейік, сметалық құны 161 миллион 501 мың теңгеге бағаланған құрылысқа бөлінген жер телімі 0,7 гектарды, ғимараттың ауданы 419,41 шаршы метрді құрайды. Мердігер тоғыз айға жоспарланған құрылысты мерзімінен бұрын пайдалануға беріп отыр.

Бауыржан ЖАҚСЫМБЕТОВ.

Обновлено 19.12.2020 11:50
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін15
mod_vvisit_counterКеше1554
mod_vvisit_counterОсы аптада1569
mod_vvisit_counterӨткен аптада8564
mod_vvisit_counterОсы айда16645
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2268314

Серіктестер