Онлайн газет



ҮШБҰЛАҚҚА КӨГІЛДІР ОТЫН КЕЛДІ

Ботамойнақ ауылдық округіне қарасты Үшбұлақ елді мекеніне көгілдір отын келіп, ауыл тұрғындарын қуанышқа бөледі. Алғашқы газдың алауы тұтанып, тілектері орындалған тұрғындарды аудан әкімі Нұржан Нұржігітов арнайы барып құттықтады.

- Бүгін, еліміздегі айтулы шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында Үшбұлақ ауылында табиғи газ берілуде. Жалпы, Байзақ ауданы бойынша 43 елді мекен болса, соның 41-інші елді мекеніне газ кіргізіліп отыр. Енді, табиғи газға қосылмаған Қайнар ауылы жыл соңына дейін көгілдір отынға қосылса, Ақшолақ пен Бағара елді мекендері келер жылға жоспарланған. Сонда келесі жылы біздің ауданда табиғи газ мәселесі толық шешімін табады. 2021-2022 жылдары біз әлеуметтік нысандарды табиғи газға қосу жұмыстарын жүргіземіз. Биыл, өздеріңіз куә болдыңыздар, осы ауылға 2,5 шақырымды құрайтын асфальт жолы төселіп, түнгі көше жарығы орнатылып, екі бірдей аялдама салынды. Мұның бәрі біздің ауданға көп мөлшерде қаражаттың бөлінуі арқасында. Себебі, бүгінде Үкімет тарапынан жүргізіліп жатқан саясат халыққа қолайлы жағдай жасау, - деген Нұржан Молдиярұлы ауыл халқын қуанышты сәттерімен құттықтады. Сондай-ақ, аудан басшысы ағымдағы жылдың 16 желтоқсанында Кеңес Одағының батыры Ақәділ Суханбаевтың 100 жылдығы, Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Свердлов ауданының Байзақ ауданы атауын алғанына 25 жыл толатынын жеткізіп, үшбұлақтық тұрғындарды келер жылы 10 қаңтарға тағайындалған сайлауға біркісідей қатысуға шақырды.

Нұржан Нұржігітов, аудан әкімі:
- Биылғы жылы аудан аумағындағы газ кіргізіп жатқан елді мекендерде табиғи газ кіргізу бағасы 310 мың теңгеден бастап 400 мың теңгені құраса, Сіздерде оның бағасы 80 мың мен 120 мың теңге аралығын құрап отыр. Оның басты себебі, жеке кәсіпкер Есей Мұхиев өз қаржысы есебінен 4,5 миллион теңге қаржы бөліп, ауыл ішіндегі газ желісіне демеушілік жасады. Одан бөлек, Есей бауырымыз өз ауылы Қостөбедегі орта мектеп жанындағы жанама құрылыстың жобалық-сметалық жобасын 10 миллион теңгеге жасатып берді. Сондықтан, бұл азаматтың біздің ауданға қосып отырған үлесі өте зор. Кәсіпкер азаматқа үлкен алғыс айтамыз.

Айғаным Қарашева, жеті баланың анасы, еңбек ардагері:
- Облыс пен аудан әкімдеріне көп рахмет. Теміржолда жұмыс істеп жүріп, көмір жағып келдік осы күнге дейін. Газ келгелі үйіміз де жылып, көңіліміз де көтеріліп қалды. Барша аудан жұртын келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтағым келеді.

Еркін Заурбеков, Ботамойнақ ауылдық округінің әкімі:
- Бүгін Үшбұлақ стансасында үлкен қуаныш. Тұрғындар табиғи газға қол жеткізіп отыр. Биыл ауылдық округ бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы бірқатар жұмыстар атқарылды. Соның ішінде, Үшбұлақ елді мекенінде асфальт төселіп, аялдама салынып, табиғи газ кіргізілді.

Жақсы игі істердің көп болуын тілеген ел ағасы Талғат Уалиев айтулы шараға атсалысып, қолдау көрсеткен аудан басшылығына, газ құбырын жүргізу ісінде белсенділік танытқан азаматтарға ауыл тұрғындары атынан шынайы алғысын білдірді. Жеке кәсіпкер, ауылдағы газ жүйесінің кіруіне демеушілік жасаған Есей Мұхиев та жүрекжарды жылы лебізін жеткізсе, құттықтау тілегін арнаған «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ы Жамбыл облыстық филиалы Байзақ газ учаскесінің басшысы Рүстем Құспеков апатсыз жағдайда газды пайдалану керектігіне назар аударды. Газ алауы салтанатты түрде тұтатылып, аналар шашу шашты. Сонымен отыз шақты ауласы шағын ауылға көгілдір отынның келуі от жағып, күл шығарған ауыл тұрғындарының бейнетін азайтты. Бұл ауылда сапасы жаңаша өмірдің басталғанын білдіреді.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1095
mod_vvisit_counterКеше1554
mod_vvisit_counterОсы аптада1095
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда17725
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2269394

Серіктестер