Онлайн газет



ҚАҢҒЫҒАН ИТ ҚАУІПТІ

Қараусыз қалған жануарларды аулау және көзін жою бағытында ауданымызда атқарылған жұмыстардың барысы туралы   «Жамбыл облысы әкімдігі ветеринария басқармасының Байзақ ауданының ветеринариялық станциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының  эпизоотиялық бас мал дәрігері Еркимбек Оразовпен сұхбаттасқан болатынбыз.

- Еркимбек  Аштайұлы, бүгінгі таңда қаңғыбас ит пен мысықтан  келетін зардап аз болмай тұр. Оларды аулап, көзін жою үшін жергілікті бюджеттен қанша қаражат бөлінді?

- Қаңғыған иттер мен мысықтарды аулап, жою үшін 2019 жылы  аудандық бюджеттен 4 млн. 566 мың теңге бөлініп, аудан бойынша барлығы 3518 (оның ішінде 9 мысық) иесіз ит пен мысықтың көзі жойылды.
Биылғы жылы қаңғыбас иттерді аулау мен атуға жергілікті қазынадан 2 млн. 112 мың теңге, облыстық бюджеттен 3 млн. 300 мың теңге бөлінді. Қаражат әр тоқсанға бөлініп, беріледі. Бөлінген жалпы  қаржының 4 млн. 737000 теңгесі игерілді.Үстіміздегі жылдың он айында 3270  кезбе ит және 2 мысық ауланып, жойылды. Ауылдық округтер бойынша тарқатып айтатын болсақ,  ағымдағы жылы Ботамойнақ ауылдық округінде 212 бас ит (2019 жылы 208), Бурыл ауылында 417  бас ит (291),  Дихан ауылында 103 бас ит (59), Жаңатұрмыс ауылында  48 бас ит (98),  Жалғызтөбе ауылдық округінде  64 бас ит (128),  Көптерек ауылында 47 бас ит  (90 бас ит және 6 бас мысық),  Көктал ауылында  102 бас ит (207), Қостөбе ауылында 103 бас ит (296),  Қызыл жұлдыз ауылында  73 бас ит (150), Мырзатай ауылында 356 бас ит (102), Сарыкемер ауылында 786 бас ит,  2 бас мысық (678 бас ит, 2 мысық), Бәйтерек ауылында 608 бас ит (764 бас ит, 1 бас мысық), Сазтерек ауылында 37 бас ит (52), Суханбаев ауылында 32 бас ит (60),Түймекент ауылында 124 бас ит (131), Темірбек ауылында 56 бас ит (72), Үлгілі ауылында 60 бас ит (56), Ынтымақ ауылында 42 бас иттің (72)  көзі жойылды.

- Ит пен мысық асыраудың ережесі бекітілген болатын. Сол ереже қатаң  сақталынбайтын секілді.

- Елді мекендерде ит пен мысық ұстау ережесі облыстық мәслихаттың 2015 жылғы 25 маусымдағы №38/8 шешімімен бекітілген. Ол ережеге сәйкес, иелері иттерді ауладан шығармай ұстап, қақпа сыртына ит барын ескертетін тақтайша ілуі міндетті. Қоғамдық орындарда қараусыз жүрген ит пен мысықтар иесіз деп есептеледі әрі оларды мамандандырылған ұйымдар аулауы тиіс. Сондықтан үй жануарларын асырып отырған әр  тұрғын, әрбір үйдің егесі аталған ережені сақтайтын болса,  тұрғындарға қауіп төндеретін бұралқы иттер көбеймес еді.
Ит аулайтын 1 бригадамыз бар. Оның құрамындағы 2 адам, өз ісін жетік білетін мамандар.

- Иессіз иттен зәбір көрген жандарды теледидардан көріп, басылымдардан оқып жатамыз. Жалпы, ит ұстаушының міндеті туралы айтып өтсеңіз?

- Негізінен жеке тұрғындардың дені иттерін байлап ұстамайды. Ереже бойынша итті көшеге жіберуге тыйым салынады. Иттер – тез көбейеді, жылына екі рет 7-8-ден күшік әкеледі. Қаңғыған иттердің көбеюіне көбіне көп адамдардың өздері кінәлі. Күшік кезінде асырап, өскен соң асырай алмағандықтан далаға, ауыл сыртына, саяжайға апарып тастайды. Болмаса көшеге жібере салады. Осыдан келіп қаңғыбас итке айналады. Осылайша, мойнында қарғыбауы жоқ, иесіз иттер қоқыс жәшіктерін торуылдап, мекеме мен тұрғын үйлердің аулаларында түнейді, адамдарға шабуылдайды. Тіпті, жұқпалы ауруларды тарату, адамдарды қауып алу, талап тастау сияқты мәселелердің қаңғыбас иттерден туындап жататыны жасырын емес. Сондықтан ауыл тұрғындары иесіз иттен қауіп төнбесін десе, иттерін байлап немесе қамап ұстаудың маңызын түсінетін уақыт жетті деп ойлаймын. Ит ұстаушы ережеге бағынбайтын болса әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығын есте ұстасын. Ең бастысы - адам өмірі, оның қауіпсіздігі маңызды екендігін ұмытпайық.
Қорыта айтқанда, иессіз ит-мысықтың көзін жою бойынша  алдымен ауылдық округ әкіміне   өтініш түсіру қажет. Содан кейін  округ әкімі біздің мекемеге өтініш  береді, ары қарай бұл іс біздің құзырымызға жатады.
Жеке тұрғындарға айтарымыз, ит-мысықтарыңыз балалап жатса, күшіктерін кез келген жерге тастамай, арнайы питомниктерге өткізуге кеңес береміз. Ауданымызда мұндай питомник болмағандықтан, қазіргі кезде иесіз қалған ит-мысықтарды уақытша ұстауға арналған питомниктер салуға жер телімі анықталып, мемлекеттік акт алынды.

Өз тілшіміз.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін250
mod_vvisit_counterКеше884
mod_vvisit_counterОсы аптада250
mod_vvisit_counterӨткен аптада10971
mod_vvisit_counterОсы айда39251
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2246637

Серіктестер