Онлайн газет



ТАЛАБЫ ЖОҒАРЫ БАЙҚАУ

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Үлгілі ауыл - 2020» облыстық байқауы жарияланғаны белгілі. Мақсат – ауылға қатысты барлық мәселелерді саралап, олардың  шын мәніндегі үлгілісін анықтау. Бұл жүрдім - бардым қарайтын іс емес.

Байқауда ауылдың экономикасының өсуі, тұрғындардың ынтымағы, жас ұрпақтың білімі, бұқаралық спорттың дамуы, тәртібі, мәдениеті, тазалығы, жұмыссыздықтың аздығы, ауыл ақсақалдарының белсенділігі, ауыл аналарының салт - дәстүр бойынша ұрпаққа үйретер өнегесі,  ауыл азаматтарының ішімдіктен аулақ болуы, бос уақыттарын тиімді пайдалануы, бәрі - бәрі назарға алынады.
Байқауға облыс көлеміндегі аудандар бойынша 13 үміткер ауыл қатысып жатыр. Енді бұл байқаудың қорытындысын шығаратын күн жақындады. Сондықтан, апта басында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы идеологиялық жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Дархан Акишев бастаған облыстық жұмысшы тобы «Үлгілі ауыл - 2020» байқауына қатысушы ауылдардың жұмыстарын толық зерделеу үшін жолға шықты. Комиссия құрамында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Масат Берік, бірнеше басқармалар мен облыстық қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар топ алдымен зерделеу жұмыстарын Ынтымақ ауылдық округінің Мәдімар ауылынан бастаған болатын.
Облыстық жұмысшы тобы әуелі ауыл әкімшілігінде бас қосты. Онда аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов пен облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы идеологиялық жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Дархан Акишев байқаудың қорытынды кезеңі, жұмысшы топтың атқаратын қызметтері жөнінде түсінік беріп, топ мүшелерін таныстырды. Топ мүшелері ауыл әкімшілігі тарапынан бекітілген мамандармен бірге рухани және тәрбиелік мазмұндағы құндылықтарды үлгі ету, әлеуметтік салаларды дамыту, экономикалық көрсеткіштерді және инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығын және кәсіпкерлікті дамыту бағытында жұмысшы төрт топқа бөлініп, ауыл жұмысын сала - сала бойынша бүге - шүгесіне дейін саралап, талдау жүргізді.


Рухани және тәрбиелік мазмұндағы құндылықтарды үлгі ету тобы «Ә.Қолдасов» атындағы көше бойында орналасқан сыртқы көрнекі ақпарат құралдары, «Даңқ» кешені, «Алғашқы механизаторлар», «Ардагерлер» аллеясы, қуғын – сүргін құрбандарына арналған құлпытас, «Мәдімар ата» ескерткіші мен ауыл мешітінің жұмысымен танысып, тұрмысы төмен отбасына асарлатып салынған тұрғын үйді және демеушілер тарапынан табиғи газ кіргізілген үйді көрді. Мәдімар ауылдық клубы, кітапхана және ақпараттық орталықта болып, ауыл ардагерлері және жастармен кездесу өткізді. Әлеуметтік салаларды дамыту тобы күрделі жөндеуден өткізілген ауылдық әкімшілік ғимараты, Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектебін көріп, қосымша үйірмелер мен «Балдәурен» балабақшасы, ауылдық дәрігерлік амбулатория, спорт нысандары мен спорттық үйірмелер, мемлекеттік грантпен қайтарымсыз қаржы алып, кәсіпкерлікпен айналысып отырған тұрғындардың жұмыстарымен танысты. Экономикалық көрсеткіштерді және инфрақұрылымды дамыту тобының мүшелері тұрғындардың табиғи газбен қамтылуы, түнгі жарықтандыру, «Мәдімар», «Ә.Қолдасов», «Жүнісбек» көшелеріне жүргізілген орта жөндеу, ауыз су тарату торабы, абаттандыру, жасыл белдеу, көшелерге орнатылған жол белгілері, интернетке қолжетімділік, өртке қарсы құрылған ерікті жасақшылардың техникалары мен құрал – жабдықтарын зерделеді. Өз кезегінде ауыл шаруашылығын және кәсіпкерлікті дамыту бағытында жұмысшы тобы да дүкендерді аралап, сүт бағытында құрылған «Ырысты Мәдімар» тұтыну кооперативін, жеке кәсіпкер «Алишев» және мемлекеттік бағдарлама арқылы лизингке техника алған шаруалармен кездесті. «Сыбаға» бағдарламасымен несиеге қаражат алып, асыл тұқымды ірі қара малымен айналысып отырған «Кемпрековтер» шаруа қожалығында болды.
Содан кейін аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетовтің басқаруымен ауылдық клубта қорытынды жиын өтіп, онда Ынтымақ ауылдық округінің әкімі Мейірбек Ноғаевтың баяндамасы тыңдалды. Округ әкімі атқарылып жатқан игі істерді сүт бетіндегі қаймақтай  қалқытып көрсете білді. Атап айтқанда, Мәдімар ауылында «Даңқ» кешені, Мәдімар болыс ескерткіші, еңбек ардагерлері аллеясы, алғашқы механизаторлар аллеясы бар.   
2002 тұрғыны бар елді мекендегі Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінде 402 оқушы білім алса, ауылдың клубы да заман талабына сай жабдықталған. Ал, «Балдәурен» балабақшасында 50 бүлдіршін тәрбиеленуде. Клуб меңгерушісі Азамат Нұрлановтың айтуынша мұнда бірнеше үйірмелер жұмыс істейді. Жаңа бой көтерген мешіттің де имандылықтың ордасы болатыны анық.
Ауыл тұрғындарына қолдау көрсетіліп, нәтижесінде ағымдағы жылдың тоғыз айында 31 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған. Ақылы қоғамдық жұмысқа 17 адам, «Жастар практикасына» 1 адам  тартылып, тұрмысы төмен 7 отбасы қайтарымсыз 555 600 теңгеден қаржыға қол жеткізіп, өз кәсіптерін ашқан. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында бизнесті оқып сертификат алып, бүгінгі күнге «Еңбек» бағдарламасымен 5 адам несие алса, қайтарымсыз 555 мың 600 теңге грантқа 15  адам қол жеткізген. Сонымен қатар, ауылдағы жалғызбасты Камила Балатаеваның үйіне шаруа қожалықтарының демеушілігімен 370 000 теңгеге табиғи газ кіргізіліп, тұрмысы төмен 120 отбасыға азық-түлік, киім-кешек және басқа да тұрмыстық заттар тұрақты түрде беріліп отыр.    Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында «Асарлатып үй салу» жобасы қолға алынып, Мәдімар ауылының тұрғыны, жалғызбасты 4 бала тәрбиелеп отырған ана Ғалия Құрмановаға 4 бөлмелі тұрғын үй салынып, облыс бойынша алғашқы тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауылдастары оның қорасына бір сиыр, бірнеше қой да жинап берді. Ауылда ажырасу фактісі жоқ. Мәдімарда бокс, футбол, волейбол,  дзю-до спорттық үйірмелері жұмыс істейді. 2019 жылы 11 қылмыс тіркелсе, биылғы тоғыз айда 3 қылмыс ғана орын алған. 84 шаруа қожалықтың 70-і тұрақты жұмыс істейді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша несие алып, тірлігін дамытқандар да баршылық.
Мейірбек Олжабайұлы жиын қатысушыларына келесі жылы жоспарланған жұмыстарды да таныстырып шықты. Округте 2021 жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 5 көшеге және 3 көше бұрылысына асфальт төселіп, жарық қондырғыларын орнату үшін жобалық – сметалық құжаттамасы дайындалған. Сондай – ақ, ауылға кіре беріс жол бойына 1000 метр жерге жарық қондырғысын орнатып, 2 гектар аумаққа орын дайындап, онда жалпы сомасы 40 миллион теңгеге «Жастар аллеясын» орнату мақсатында эскиздік жоба дайындалып, жобалық – сметалық құжаттамасы жасалынған. Мәдімар ауылында инфрақұрылым толықтай жүзеге асырылып отырғанын атап өткен ауылдық округ әкімі: «Табиғи газ, таза ауыз су, көше жарықтары, көше жолдары толықтай жасалынуда. «Тараз – Мәдімар» бағытында қатынайтын қоғамдық көлік те бар. Алдағы уақытта кәсіпкерлікті дамыту есебінен халықтың әл-ауқатын арттыру және жұмыссыздықты болдырмау, жастар тәрбиесіне мән беру бойынша жұмыстар атқару міндетіміз деп есептейтін», - деп сөзін қорытындылады.
Жұмысшы тобы осы жұмыстарды ескере келіп, Мәдімар ауылындағы жұмыстарды оң бағалады.
Ынтымағы мен бірлігі жарасқан Мәдімар ауылының талабы жоғары байқауда Байзақ ауданының намысын қорғап, топ жарарына сенім мол. Ылайым солай болғай деп тілейік.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ.

Обновлено 21.10.2020 10:40
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1137
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада7154
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда32721
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2203451

Серіктестер