Онлайн газет



ШӘКІРТ ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАПҚАН

Мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Дана халқымыз «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, Гүлмира Ракулова да ұлағатты ұстаздардан білім алып, аталған кәсіпті таңдапты.
Гүлмира Орынтайқызы бала кезінен ағылшын тіліне деген қызығушылығы басым болып өседі. Туған жері Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Фабричный ауылындағы №1 мектептің табалдырығын аттаған  сәттен бастап, ағылшын тілінен дәріс беретін ұстазы Күлпат Саматованың сабағын асыға күтіпті.Мектепті бітірісімен 1986 жылы Алматы қаласындағы шет тілдер институтына оқуға түсіп, 1990 жылы бітіріп шығады. Сол жылы жүрек қалауымен тұрмысқа шығып, еңбек жолын Жамбыл облысы, Байзақ ауданына қарасты Сарыкемер ауылындағы Н.Киікбаев мектеп-гимназиясында ағылшын тілі пәнінің мұғалім болып бастайды.
Оқушының жүрегіне жол тапқан жас маман іздемпаздығы мен еңбекқорлығының және аталмыш мектептің тәжірибелі ұстаздарынан мұғалімдік мамандықтың қыр-сырын жан-жақты түсініп, үйреніп, ұжым ортасында беделді бола білді. Кембридж әдістемесі бойынша І деңгейлік білімін жетілдіру курсынан өтіп, IMPACT халықаралық мұғалімдерді оқыту бағдарламасы бойынша сертификатталған тренер, ағылшын тілі  пәнінен оқулықтар мен тесттер бойынша ҚР БҒМ сараптау комиссиясының құрамына енеді. Аудан, облыс көлемінде өткен семинарларда коучингтер, ашық сабақтар өткізіп, тәжірибесімен бөліседі.
Ұлағатты ұстаз 2016 жылы «Дарын» РҒПО ұйымдастырған ағылшын тілі пәні бойынша мұғалімдерге арналған республикалық қашықтық олимпиадасында ІІ дәрежелі Дипломмен, 2018 жылы «Просвещение» республикалық ақпараттық-әдістемелік орталығы  ұйымдастырған «Оқушылардың жетістіктерін критериалды бағалау», «Кәсіби құзыреттілік: ағылшын тілі мұғалімі» атты республикалық олимпиадаларда І дәрежелі Дипломмен, «ҚР  жаңартылған білім беру мазмұны» атты  республикалық  олимпиадада ІІ  дәрежелі  Дипломмен марапатталады.
Өткен жылы  оның Алматы қаласындағы «Білім-ғылым» баспасынан «Ғажайып ағылшын тілі» атты авторлық бағдарламасы басылып шықты. Сол жылы «Өрлеу» БАҰО ұйымдастыруымен «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық конкурсында ІІ орынды, ағылшын тілі мұғалімдері арасындағы республикалық қашықтық олимпиадасында және «Дарын» РҒПО ұйымдастыруымен өткен «Педстарт» олимпиадасында І орынды иеленеді. Ауданымыздағы ең алғашқы ағылшін тілі мұғалімдері арасындағы педагог- шебер.
– Мұғалім -  мамандық болса, ұстаздық - қасиет. Осы кәсіпті таңдағанымды мақтан тұтамын. Өйткені бұл – мақтан тұтар, киелі әрі мәртебелі мамандық. Әр адам-қайталанбас тұлға. Оның жан дүниесі- өзінше бір әлем. Ал ұстаз бала болмысына өзгеріс енгізуші, бағыт-бағдар беруші, ата-ананың сенімді көмекшісі, - дейді бізге берген сұхбатында Гүлмира Орынтайқызы.
«Білім беру саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Гүлмира Ракулованың есімі 2018 жылы “Қазақстанның үздік ұстаздары” кітабына енген. Ұлағатты ұстаздан дәріс алған шәкірттері бұл күндері түрлі мамандық иелері атанып, әр салада жемісті еңбек етуде. Мәселен, ”Алтын белгі” иесі Ғайни Тыныштықова,  Тыным Кеңесалиева сынды шәкірттері ұстазының жолын қуып, ағылшын тілінен дәріс беруде. 
Ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын жас буындарды оқыту мен тәрбиелеу ісіне  арнаған білікті де білгір ұстаз Гүлмира Ракулова жолдасы Жаңабай екеуі қос қызының бірінен немере көрсе, екінші қызы ҚазМУ-де магистратурада білімін жалғастыруда.

Гүлжан Русланқызы.

Обновлено 05.10.2020 10:35
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1618
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада7635
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда33202
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2203932

Серіктестер