Онлайн газет



ҰЛТАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚ - БАСТЫ БАЙЛЫҚ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың  қолдауымен іске асырылып жатқан «Бейбітшілік  және келісім» жобасының басты міндеттерін іске асыру мақсатында құрылған 5 топтың келесісі-«Ақпараттық түсіндіру» тобы ауданымызда болды.

Әкімдіктің мәжіліс залында өткен жиынды аудан басшысы Нұржан Нұржігітов  ашып, топ мүшелерімен таныстырған соң, сөз облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, топ басшысы Сержан Қуанышевқа берілді.  Сержан Сапарбайұлы пилоттық жобаның мақсатынан кеңінен ақпарат берді. Бұдан соң  облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова ұлтаралық татулық пен бірлікті сақтаудағы тілдің алатын орны  маңызды екендігін айтты.
Жиын аяқталысымен облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сержан Қуанышев бастаған топ этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесті.


ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ ОРТАЛЫҒЫНДА
Алдымен “Ақпараттық түсіндіру” тобының мүшелері аудан орталығындағы Қоғамдық келісім орталығының жұмысымен, этномәдени орталықтардың тыныс-тіршілігімен танысты. Одан соң  дөңгелек үстел басына жиналғандарды топ басшысы Сержан Сапарбайұлы жұмыс жоспарымен таныстырып, жобаның  мақсатын әңгімеледі. «Қоғамдық келісім» КММ-нің  этносаралық қатынастар саласындағы әдістемелік  қамтамасыз ету және мониторинг бөлімінің басшысы Аққу Қаратаева, аталған мекеменің  бас және жетекші сарапшылары  Альбина Тапаева және Замана Исмаилова,  “Жастар-зерттеу” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Парида Мамедова көпұлтты елімізде бірлік пен ұлтаралық келісімді сақтаудың маңызын әңгімелеп, тұрғындарды толғандырған ең ауқымды мәселелерді ортаға салуға шақырды.


Шара барысында түрік ұлтының өкілі, жеке кәсіпкер Жалел Аббасов ұлтаралық татулықты сақтау, неміс этномәдени орталығының жетекшісі Варвара Найденова, кәріс этномәдени орталығының жетекшісі Наталья Шин тілдің қолданыс аясын кеңейту, зейнеткер-медбике  Валентина Попандопуло қашықтықтан оқыту, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Оралов жол мәселесі, орыс этномәдени орталығының мүшесі, Ғ.Мұратбаев атындағы гимназияның мұғалімі Евгений Кравчук жаңартылған білім, Байзақ ауылындағы «Салтанат» балабақшасының тігіншісі Салтанат Жабо өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу  төңірегінде ойларын ортаға салды.


КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ АҚӘДІЛ СУХАНБАЕВ АТЫНДАҒЫ ДЕМАЛЫС САЯБАҒЫНДА
“Ақпараттық түсіндіру” тобының  құрамындағы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев,  облыстық Билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары Талғат Жұмабек  жастар жетекшілерімен кездесті.


Басқосуда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев  тәуелсіздік жылдары еліміздің жеткен жетістіктерінде жастардың қолтаңбасы айрықша екенін, Абайдың, Жүсіп Баласағұнның даналық сөздеріне сүйене отырып, адамды құрмет тұту, білім мен ғылымды игеру, елге  қызмет етудің өзектілігін әңгімеледі. Облыс бойынша байзақтық жастардың «Асарлатып үй салу» жобасы барлық аудандарда қызу қолдау тапқандығын, елге қызмет - абыройлы міндет екендігін жеткізді. Облыстық Билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов Байзақ ауданының тумасы екендігін,  адал еңбек құрметке бөлейтіндігін, ата-бабаларымыз кең байтақ жерді  бізге, кейінгі ұрпаққа мирас етіп қалдырғанын, Отанды, елді қорғау, білімді игеру,  көпұлтты еліміздің бірлігін көздің қарашығындай сақтау турасындағы ойымен бөлісті.Ауылдағы жастардың қандай іспен шұғылданып жатқандығын зерделеп, оларды игі істерге жұмылдыру - жастар жетекшілерінің міндеті екендігін мәлімдеді. Облыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары Талғат Жұмабек Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауының жастарға бағытталғанын айта келіп,  Талас өзенінің жағасында қоныстанған, жері шұрайлы Байзақ жерінен Ақәділдей батыр, бірнеше Еңбек Ерлері, даңқты спортшылар шыққанын, осы өлкенің жастары  ата-баба даңқына сай болуы керектігіне екпін түсірді.
Еркін пікір алмасу форматында өткен жиында жастардың пандемия кезіндегі атқарған тірліктері, ұлттық бірегейлікті сақтап қалу, өркениеттің жақсысын алып, жаманынан жирену жөнінде өте құнды пікірлер айтылды.
Кездесуге қатысқан аудан басшысы Нұржан Нұржігітов  саябақ ішінен өткен жылы аудан жастарының басын қосатын арнайы нысан пайдалануға беріліп, оларға демеушілер есебінен жаңа көлік алынып берілгенін айтты. Жастардың  елге, халыққа пайдасы тиетін кез келген ұсынысын қолдауға әзір екендігін жеткізді.


БУРЫЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ
Кеше, 15 қыркүйек күні “Ақпараттық түсіндіру” тобының мүшелері Бурыл ауылдық округінде болып, тұрғындармен  кездесіп, қоғамдық қабылдау өткізді.
Облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, білім басқармасы оқу-әдістемелік басшысының орынбасары Бигелді Тажибаев Байзақ жерінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің аймақтық кеңейтілген отырысы өтіп жатқандығын, «Бейбітшілік пен келісім» жобасының мән-мақсатын түсіндірді. Облыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары Талғат Жұмабек  бүгінгі таңда жастарға жүктеліп отырған міндеттің ауқымдылығын, “Үлгілі ауыл”,”Ақылды ауыл”, “Асарлатып үй салу” жобалары бойынша облыста қолға алынған тірліктерден ақпарат берді.
Кеңейтілген отырыста “Байзақ ауданындағы қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту бойынша жүргізілген жұмыстардың барысы туралы” Бірлескен қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Серік Ермеков баяндады. Бурыл ауылдық округі қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сады Қуатбеков ел бірлігін сақтау және нығайту, жеке кәсіпкер Жалел Аббасов  жаңа жұмыс орындарын ашу, медиатор Ғайни Көшекбаева қоғамдық ұйымдардың мәртебесін көтеру, Құмжота ауылының тұрғыны, қоғам белсендісі Кирман Ахметов жас толқынның қол жеткізген жетістіктерін көршілес округтердің жастарына насихаттау қажеттігін көтерді. Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Иманова аудан аумағындағы жастармен жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде айтып өтті.
Алқалы жиыннан соң топ мүшелері азаматтармен қоғамдық қабылдау жүргізді.

Өз тілшіміз.

Обновлено 16.09.2020 10:38
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін19
mod_vvisit_counterКеше649
mod_vvisit_counterОсы аптада1872
mod_vvisit_counterӨткен аптада4345
mod_vvisit_counterОсы айда14389
mod_vvisit_counterӨткен айда16500
mod_vvisit_counterБәрі1257161

Серіктестер