Онлайн газет



ЕРЕКШЕ ҚАБІЛЕТ ЕГЕСІ

Бүгінде жасы 68-ге келген Бестерекбай Бекберовтің кез келген сөзді оңынан солға қарай, яғни теріс оқитын қабілеті ойламаған жерде ашылған. Ол кезде бұл – 12 жастағы бала. Бір күні қатарлары өз араларында елде жоқ ерекше сөзжарыс ұйымдастыру туралы ұсыныс жасаған. Өздері ортақ келісіммен таңдаған сөзді кім бірінші болып теріс оқыса, сол – жеңімпаз. Ортадан жинаған ақша соныкі.
Балалар ары дауласып, бері дауласып күрделі бір сөзге тоқтады. «Ошаған!» Айтып ауыз жиғанша болған жоқ, шеткерілеу тұрған Бестерек «нағашо» деп тақ ете қалғаны. Балалар аң-таң. Бәрі жабылып әр әрпін нақтылай айтып көрді. Тұп-тура ошағанның кері оқылымы. Бір уыс тиынды Бестерекке бере салу оңай ма? «Ой, біз үлгермей қалдық!» деген сылтауды көлденең тартқан қалғандары қайталауға ұсыныс жасаған. Ортадан бір бала ойына келген сөзді айта салуы керек.
«Керемет!» Тағы да Бестерек тақ ете қалды: «Темерек!» Балалар жеңілгілері жоқ. Қане, ер кезегі үшке дейін! Ол сөзді пысықтау біреуі айтқан. «Қожанасыр!» Бестерек дайын-ақ тұр екен, «Рысанажоқ» деді жайбарақат. Енді еш талас жоқ.
Балалардан жиналған бір уыс тиын бір қорап вафли мен екі шөлмек лимонадқа жеткен. Оны Бестерек жалғыз жемейді ғой, бәрі бірігіп жеді. Бірақ, астан бірінші болып ауыз тию құқығы Бестеректе. Сонсоң қалғандары алып жеп, лимонадты бөтелкенің аузынан кезек-кезек ұрттап мәз. Осылай, шуласып отырғанда балалар тағы да бірнеше сөзді мысалға келтірген. Бестерек еш қиналмастан кері айта қояды тақ етіп.
Бестеректің осы бір ерекше қабілеті көп жағдайда ескеріле бермейтін. Кейде балалар, үлкендер жағы да, қызық көргендей жекелеген сөздерді кері айтқызып тамашалайды. Ал, оған сөз ғана емес, сөйлемді, тіпті, өлең шумақтарын түгелдей кері айтып шығу түкте емес. Бірақ, бір көрген пайдасы – біраз уақыт киноға тегін кіріп жүрді.
Бірде ауылға қызық кино келді. Қызық болсын-болмасын, кино болатын күні ауыл балаларының клубты жағалайтын әдеті ғой. Сол жолы да ауылдың қарасирақтары клуб маңайында жүрген. Бұл жолы болатын кино ерекше. Ежелгі грек батыры Спартак туралы.
Ересектер клубқа түгел кіріп болған. Енді шамалыдан кейін кино басталуы керек. Есік алдында өңшең балалар қалған көздері жәудіреп. Билет тексеруші апайлары бұлардан әбден жалыққан. Жаутаңдап тұрғандарында жаны ашып талай кіргізген топ-тобымен. Бұл жолы клуб толы. Қызық киноға ауылдың ересек кісілері көп келген.
Сонда да болса, билет тексеруші апай қызық көрді ме:
– Ананы кім бірінші оқыса, сол кіреді, – дегені есікте ілулі тұрған кино жарнамасын нұсқап. «Спартак!» Екі бала қосарлана тіл қатты. – Екеуің кіріңдер. Қалғандарың қайқайыңдар!
– Апай, мен сол сөзді теріс оқып берсем, бәрімізді де кіргізесіз бе? – деді Бестерек осы кезде. Соңғы мүмкіндікті пайдаланып қалу керек. Көпшілдігін көрмейсіз бе, бәрін кіргізуді сұрап тұр тағы да.
– Ал, айта қойшы?
– Катрапс!
Апай жарнамаға бір, балаға бір қарап қалған. Әрине, киноның атын ішінен ежелеп теріс оқып тұр.
– Қане, кіре қойыңдар. Сен бала осыдан кейін киноға тегін кіресің.
Апай сөзінде тұрды.
Біздің кейіпкеріміз Бестерекбай Бекберовтің осынау бір Құдай берген қабілетін, ерекше қасиеті мен талантын сол кісіден басқа ешкім бағалаған жоқ.
...Мектептен кейін кеңес әскері қатарында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп қайтқан жас жігіт облыстық «Колхозаралық құрылыс» мекемесіне жұмысқа орналасты. Еңбекке етене, тындырымды, тиянақты Бестерекбай мұнда қатардағы есеп жүргізушіден құрылыс шебері, прораб дәрежесіне дейін өсті. Өндірістік жетістіктері үшін құрылысшы Бестерекбай Бекберовтің аты 1981 жылы Қазақ КСР-інің Құрметті Алтын Кітабына жазылды. Ол Таразда «Химмонтаж», Қызылордада «ЛукОйл», Атырауда «ТеңізШевройл» құрылыс ұйымдарында да қызмет атқарып, талай тұрғын үй, әлеуметтік және стратегиялық нысандардың пайдалануға берілуіне атсалысты. Өзіндік үлкен үлесін қосты. Жемісті еңбегі Мақтау қағазы, Құрмет грамоталары, Алғыс хаттар сияқты марапаттармен аталып өтті. Бірақ, теріс оқитын ерекше қабілеті ескерусіз қала берген. Тек, 2002 жылдың 2 қаңтарында аяулы жары Ажаркүл еске салмағанда...
Сол күні Қоғамдық Ресей телеарнасынан грузин қызы Майя Датунашвилидің кез келген сөзді кері қарай, яғни теріс оқитыны туралы сенсациялық хабар беріліп, көрермендерді таңғалдырған.
– Әй, Бестерек, сөзді теріс оқитын қасиет сенде де бар сияқты еді осы. Сол қабілетіңнен айырылып қалған жоқсың ба? – деді Ажар қасында отырған отағасына. Сонда барып теледидардан көріп отырған хабарға терең ой жіберген Бестерекбай:
– Бәйбіше-ау, ол Алла берген қабілет қой. Одан неге айырылайын! Керек десең, қазір-ақ кез келген сөзді теріс оқып, айтқандарыңды кері қайтарып айтып бере аламын, – деді салған жерден. Аудандық газетте корректор, одан кейін ұзақ жылдар ұстаз болған жары Ажар Бәйтімбетова сөз қадірін бір кісідей-ақ білетін маман. Сол жерде отағасының ерекше қасиетін «емтиханнан» өткізіп алды да, бұқаралық ақпарат құралдарына жол сілтеді. Өзі де редакцияда жұмыс істеген, облысқа танымал журналист Кәштай қарияның қызы Ажар танылмай жатқан таланттардың бағын  БАҚ ашатынын жақсы білетін. Ал, әлгі «емтихан» қабылдағаны – күйеуі «ұмытып қалмады ма екен» деген сақтығы. Қанша дегенмен, Бестерекбай бұл кезде ердің жасы 50-ге келіп қалған.
Ерекше қабілетін елеусіз қалдырғысы келмеген Б.Бекберов ең алдымен қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің редакциясына барды. Бойдағы қасиетін көрсетті. Азаматтың Алла сыйлаған ерекше қасиетіне көз жеткізген журналистер сүйіншілеп мақала жазып, оқырмандармен «олжаларын» бөліскен.
Жақсы, жағымды жаңалық жерде жатқан ба, іле-шала ол туралы облыстық «Ақ жол», «Знамя труда», республикалық «Время» газеттері жарыса жазып, облыстық «Қазақстан Тараз» (қазір «Жамбыл») телеарнасы арнайы хабар да берді. Бәрі де Бестеректің ерекше қасиеті мен қабілетін, таланты деп те айтайықшы, жоғары бағалады, тіпті Гиннестің рекордтар кітабына лайық деп бағалады. Қоғамдық Ресей телеарнасына хабарласып, Майя Датунашвилиді сөзсайысқа шақыруға кеңес те берген. Бірақ, оның бәрі сөз күйінде қалды. Таңғаларлық керемет жаңалықтың облысымызда жақсы жарнамаланғанымен, әрі қарай іліп әкетуге қолдаушы табылмады. Біле-білгенге бұл өңір үшін, өзіміз үшін де абырой еді. Қашанда барды бағалай білмейтін әдетіміз ғой. Сол әдетпен қазақтың қабілеттілігін әлемге әйгілейтін бір мүмкіндікті жіберіп алғанымыз өкінішті-ақ!
Жуырда ерекше қабілет егесі, Байзақ ауданына қарасты Аққия ауылының тумасы Бестерекбай Бекберовпен біз де жолықтық. Жасы жетпісті алқымдап қалған замандасымыз жазылған сөз, сөйлемдерді жаңылмай теріс оқып, айтылған сөздерді мүдірместен кері қайталап айтып беріп бізді де таң-тамаша қалдырды.
Жасыратыны жоқ, өзгелер жылт еткен жаңалықтарын жанкештілікпен жарнамалап жатады. Ал, біз сол баяғы жайбасарлық, немқұрайдылықтан арыла алатын түріміз жоқ. Бұлай ашына айтуымның себебі, «ештен кеш жақсы» екенін еске салу. Әлі де болса демеушілер табылып, Бестерекбайдың ерекше қабілетін жалпақ елге танытуға атсалысып жатса, оның аржағында қазақ деген халықтың аты шығатыны ойландырса екен намысты азаматтарды.

Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ардагер журналист.

Обновлено 20.07.2020 10:29
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін174
mod_vvisit_counterКеше436
mod_vvisit_counterОсы аптада2558
mod_vvisit_counterӨткен аптада4663
mod_vvisit_counterОсы айда8219
mod_vvisit_counterӨткен айда13626
mod_vvisit_counterБәрі1234491

Серіктестер