Онлайн газет



ҚАТАҢ ТӘРТІП ІНДЕТТІҢ АЛДЫН АЛАДЫ

Күн санап қауіпті індет жұқтырғандар саны артып келеді. Коронавирус инфекциясының таралуына және тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында  денсаулық сақтау саласының өкілдеріне жүктелген міндет ауқымды. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Рыскелді Сапарбековпен сұхбат осы тұрғыда өрбіді.

- Аудан аумағындағы эпидемиялық ахуал өрши түсуде. Бұған тұрғындардың  санитарлық талаптарды сақтамай, немқұрайлылық танытуымен байланыстыруға болады ма?

- Соңғы күндері аталған ауруды жұқтырғандар саны республика бойынша ғана емес, ауданымызда да артып кетті. Оның ішінде ауыр жағдайда демікпемен ауруханаға жеткізіліп жатқан науқастар қатары қалың. Дертке шалдыққандардың өз ауруын жасырып қана қоймай, айналасындағылармен байланысты үзбеуі, ел тұрғындарының мемлекет қабылдаған шектеу шаралары мен ескертулеріне құлақ аспауы, халықтың қарапайым гигиена талаптарын орындамауы індеттің өршуіне алып келді. Әлемге қатер төндіріп тұрған COVID-19 әлі де болса жаппай күресуді талап ететін індет болып саналады. Оған бүгінгі таңда көзіміз анық жетіп отыр. Бұл аурумен бірігіп күреспесек, өзімізді ғана емес, жанымыздағы жақынымызға зардап шектіруіміз мүмкін.

- Байзақ аудандық орталық аурухана провизорлық стационар болып ауыстырылды ма?

- Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап аудандық орталық аурухана провизорлық стационар болып ауыстырылды. Қазіргі таңда коронавирустық инфекцияның белгілері бар науқастарды Тараз қаласынан, жақын орналасқан аудандардан қабылдап жатырмыз. КВИ расталып, тіркелген жағдайда науқас адам Тараз қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасына тасымалданады. Негізінен індеттің жеңіл және орташа түрлері аудандық емханада ашылған фильтрде қаралып, амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.
КВИ-дің қауіпті және жиі асқынып жатқан түрінің бірі – пневмония болып тұр. Пневмониямен ауырған науқастар арнайы алгоритм бойынша емделуде. Бүгінгі таңда стационарда тынысы тарылып, дем жетпей, меңдеген ауруымен арпалысқан 120 науқас ем қабылдауда. Дәрігерлердің арқасында бір аптаның ішінде 10 сырқат дертінен құлан-таза айығып шықты. Бұл жұқпалы вирусты жеңуге болатынын және ақ халаттылардың ерен еңбегінің арқасында қол жеткізілді.

- Рыскелді Молдебекұлы, науқастарды емдейтін дәрі-дәрмек жеткілікті  шығар...

- Провизорлық стационарда төсек орын және дәрі-дәрмек жеткілікті. Бес дана өкпені жасанды желдету құрылғысы бар.  25 дәрігер, 48 медбике және 48 кіші медбике – халық денсаулығын сақтау жолына жұмылдырылған. Бұдан бөлек, Мырзатай ауылындағы оңалту орталығында 100 сырқат ем қабылдап жатыр.

- Жақында ем алып жатқан емделушінің әлеуметтік желідегі бейнежазбасында мәйіттің жатып қалғаны, науқастарды емдеуге көңіл бөлінбейтіндігі жарияланды. Бұл туралы не айтасыз?

- Бұл мәселеге қатысты орынбасарым М.Мәдімаров жан-жақты мәлімет беріп өтті. Қосымша айтарым, әлеуметтік желілердегі ақпараттардың барлығына сеніп, дәрігерлер қарамайды екен, дәрі-дәрмек жоқ деген сынды алыпқашпа әңгімелерге сенбеуге шақырамыз. Аты жаман дертке шалдығып, жазылып отбасына оралып жатқандарды емдеп жатқан дәрігерлер емес пе? Өз өмірлерін қатерге тігіп, өзгені ажалдан арашалау үшін жанын салып жатқан денсаулық  сақшыларына сенімсіздік танытып, олардың қызметіне кері баға беру дұрыс емес деп санаймын. Ауданның дәрігерлері мен медбикелері білімдері мен күш-жігерлерін әр науқастың өмірін алып қалу үшін жұмсауда. Соған сәйкес дәрігерлерге түсетін салмақ еселеп артты. Сондықтан сын сағатта бір-бірімізге қолдау көрсетіп, қоғам болып сақтанғанда қана індетті жеңуге болатындығын есте ұстайық. Жалпы әлеуметтік желідегі ақпараттарға емес, ресми ақпарат көздеріне сенуге, эпидемиялық жағдайға түсіністікпен қарап, тыныштық сақтауды сұраймыз.
Науқастар симптомсыз және симптомдық болып екіге бөлінеді. Қандайда да бір клиникалық белгілері жоқ, бірақ ПРТ-талдауы оң нәтиже көрсеткендер амбулаториялық бақылауда болады. Індеттің жеңіл түріне шалдыққандар үйлерінде ем-дом қабылдауда. Ауырғандар арасында отбасылық ошақтар Абай, Қызыл жұлдыз, Сарыкемер және Түймекент ауылдарында тіркелді.
Өмірін тәуекелге тігіп қауіпті аймақта вирус жұқтырғандардың жанына жалау болып жүрген дәрігерлердің өздері де бұл кеселден құтылмағанын айта кеткен жөн секілді. Медицина қызметкерлері ішінен 4 мейірбике мен 2 дәрігерде  КВИ расталған жағдайлары анықталды. Олар оқшауланып, 4-і инфекциялық стационарларға жатқызылды, 2-і симптомсыз болғандықтан үй жағдайында оқшауланды.
Сонымен қатар, КВИ-дің кеңінен таралуы басқа да ауруларды асқындырып жібергені шындық. Бүгінде еліміздің кез келген өңірінде өкпесі қабынғандар көбейіп кетті. Маусым айында ауруханаға пневмониямен түскендер саны былтырғы кезеңмен  салыстырғанда өсім бар. Әсіресе жасы ұлғайған, 60 жастан асқан кісілер аталған ауруға төтеп беруі қиындауда. Сол себепті  әрқайсымыз сақтық шараларын  қатаң ұстанып, салғырттықта бой алдырмай, отбасылық шаралардан бас тартып, өзімізді және отбасымызды, жақындарымызды және қоғамның амандығын бірінші орынға қоя білейік дегім келеді.
Коронавирус инфекциясы – тез тарайтын аса қауіпті ауру. Бүкіл әлемді дүрліктірген дерттің әлі де нақты емі табылмай жатыр. Сондықтан бұл ауруға немқұрайлы қарамау керек екендігін уақыт көрсетті. Өзіміз үшін, болашақ ұрпақ үшін сабырлық сақтап, санитарлық талаптарды сақтайтын болсақ, бұл қиындықты да еңсеретін боламыз.
6 шілде күні облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің міндетін атқарушы Н.Муликова өңір тұрғындарын карантин режімін сақтап, инфекцияның таралуына жол бермеуге шақырды. Медициналық бетперде тағып, антисептикалық заттарды қолдануға, және қашықтықты сақтай отырып, қауіпсіздік шараларын қадағалауды ескертті. Карантиндік шаралар қайта күшейтілген кезде  тұрғындар қарапайым сақтық шараларын мұқият орындап, тәртіпке бағынудың маңызын ұққандары жөн. Өйткені мемлекет дегеніміз тек үкімет басындағылар емес, мемлекет деген – біз, тұтас халық.  Өзіміз бен айналамыздағылардың амандығы  үшін тек біз жауапты екенімізді ұмытпайық.

Сұхбаттасқан
Гүлшахар Әбдіқұлова.

Обновлено 09.07.2020 10:10
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін96
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада6113
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда31680
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2202410

Серіктестер