Онлайн газет



ИСЛАМНЫҢ БАСТЫ КІТАБЫ – ҚҰРАН

Исламның басты кітабы - Құран. Қасиетті Құран Кәрім 114 сүреден тұрады, «Фатиха» сүресінен басталып, «Нас» сүресімен тәмамдалады. Ондағы ең ұзын сүре «Бақара» сүресі болса, ең қысқа сүре «Кәусар» сүресі.

Құран Кәрім - Мекке мен Мәдинада түскендіктен, сүрелердің басында «меккелік» және «мәдиналық» деп жазылады.
Құран Алла тағаладан Жебірейіл періште арқылы адамзаттың соңғы пайғамбары Мұхаммедке (с.ғ.с.) жіберілген. Мұхаммед (с.ғ.с): «Егер адамдар, жындар осы Құранның ұқсасын келтіруге жиналса, тіпті олар, бір-біріне көмекші болса да келтіре алмайды»,- деген (17-с. 88 а.).
Атақты француз ғалымы, су асты тіршілігін зерттеуші Жак Иф Кусто: «Бұл Құран қазіргі ғылымнан 1100 жыл озып тұр»,- деп Құран кереметіне таңқалып, Ислам дінін қабылдаған екен. Одан бөлек, M.Родвел: «Құранды оқыған сайын таңғалатындығын» айтса, ал, Гете: «Бұл кітап (Құран) мәңгілік қуат күштің қайнар көзі болып қала бермек», - деп тұжырымдаған.
Алла тағаланың адам баласына Құран Кәрімді түсіруі – өз пенделеріне көрсеткен шексіз мейірімі деп түсінген абзал. Құран Кәрім – мұсылман баласының тура жолдан таймай, өмір бағытын дұрыс тауып жүруіне арналған басшы кітап. Құран Кәрім – сіз бен бізді жаратқан, он сегіз мың ғаламның иесі Алла тағаланың сөзі.
Құран – тілмен оқылатын, жүрекпен қабылданатын, құлақпен тыңдалатын кітап. Құранның әрбір әрпінде он жақсылық бар. Қасиетті Құран жайлы сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Құран сондай бір кітап – оның  ішінде сендерге дейінгі уақиғалар, сендерден кейінгі хабарлар және араларыңда шығарылатын үкімдер бар. Ол – ешбір әзілі жоқ төреші кітап. Оны менсінбей тәрк еткендерді Алла құрдымға батырады, ал одан басқадан тура жол іздегендерді адастырады. Өйткені, ол – Алланың мықты арқаны һәм хикметке толы сөзі, әрі ол – тура жол. Онымен жүргендер адаспайды, оны арқау еткен тілдер шатаспайды. Ғалымдар оны қанша оқыса да, әсте тоймайды. Көп оқылғаннан ол ескірмейді, ғажайыптары сарқылмайды. Жындар оны естігенде «Шындығында, біз  аса ғажап Құран естідік» деп  таңданыстарын жасыра алмады. Кім оған сүйеніп сөйлесе, туралық айтады, онымен үкім етсе әділ болады, оны ұстанып өмір сүрсе мол сауапқа кенеледі, оған шақырған - тура жол табады».
Алла тағала Құран Кәрім туралы былай деді: «Мұхаммед (с.ғ.с.) егер бұл Құранды бір тауға түсіргенімізде, оның Алладан үрейленіп быт-шыт болғанын көрер едің. Ал, мұндай мысалдарды адам баласы ойлансын деп келтіреміз» («Хашыр» сүресі, 20-21 аяттар).
Құран - ең соңғы иләһи кітап. Құраннан кейін қияметке дейін басқа кітап түспейді. Алла  тағала өзге иләһи кітаптарға бермеген кепілдікті Құранға берген: «Әлбетте, Құранды біз түсірдік, қорғаушысы да әрине бізбіз!» (“Хижр” сүресі, 9 аят).
Қасиетті Құранда былай делінеді: «Қашан Құран оқылса, оған құлақ салып тыңдаңдар да үндемеңдер. Осылайша рақымға бөленерсіңдер» («Ағраф» сүресі, 204-аят). Ия, Құранды тыңдаудың өзі – мұсылман баласы үшін Алланың рақымына қол жеткізудің бір жолы.
Алла тағала қасиетті Құранда адамның қоғамдағы орны, оның өмір сүруі, тіршілігінің мәнін нақтылап, барлық сауалдарына жауап берген. Құран әркімге жүрегін таза ұстауға, адамды қадірлеуге, адалдыққа тәрбиелейді.

Рамиз Азизов,
«Байзақ баба» мешітінің бас имамы.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін257
mod_vvisit_counterКеше1047
mod_vvisit_counterОсы аптада3596
mod_vvisit_counterӨткен аптада11734
mod_vvisit_counterОсы айда11237
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2262906

Серіктестер