Онлайн газет



ОНЛАЙН НЕСИЕ БЕРУ: УАҚТЫЛЫ ӨТЕМЕУДІҢ САЛДАРЫ ЖӘНЕ ЖЫЛДЫҚ ТИІМДІ СЫЙАҚЫ МӨЛШЕРЛЕМЕСІНІҢ ЗАҢДЫЛЫҒЫ

Жұмыста немесе үйде креслодан тұрмай – ақ банк бөлімшелеріне келмей-ақ, ешбір кезексіз, кепілсіз, пайызсыз жылдам несие ала салу қандай ыңғайлы. Бүкіл қаланы аралап жүрудің, көлік кептелісінде тұрудың қажеті жоқ, жай ғана "көрінбейтін" кредиторға онлайн-режімде өзі туралы ақпараттың ең аз көлемін (ЖСН, ұялы телефон нөмірі) ұсынсаңыз болғаны - ақша Сіздің төлем картаңызға түседі.

Өкінішке орай, монетаның бекінші жағы да бар. Азаматтар онлайн несиелер рәсімдеген кезде, әдетте, несиені уақтылы өтемеудің салдары неге әкелетіні туралы ойламайды, ал бұл өз кезегінде жағымсыз, тіпті күтпеген үлкен материалдық шығындарға әкеледі.
Ақшаның жоқтығы салдарынан онлайн несиені уақтылы өтемеуіне байланысты азаматта автоматты түрде берешектің үлкен сомасы пайда болады. Бұл қарыз алушының келісім - шарт бойынша міндеттемелерін формалды түрде бұзуға әкеп соғады. Осыған орай, несие беруші келісім - шарт негізінде қарызды өндіріп алу бойынша талап арызбен сотқа жүгіну құқығы пайда болады.
Әдетте, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі АПК) 13-тарауының талаптарына сәйкес мұндай талап арыздар оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен, яғни дау болмаған жағдайда, дәлелдемелер жинау үшін сот талқылауын жүргізуді талап етпейтін істер қаралады.
Оның үстіне, заңның жоғарыда көрсетілген нормасының негізінде, қарыз өндіріп алу туралы талап қою арыздар, егер талап қою бағасы заңды тұлғалар үшін жеті жүз айлық есептік көрсеткіштен, жеке кәсіпкерлер, азаматтар үшін – екі жүз айлық есептік көрсеткіштен аспаса, талап қою бағасына қарамастан, талап қоюшы ұсынған, жауапкердің ақшалай міндеттемелерін белгілейтін құжаттарға және (немесе) шарт бойынша берешекті растайтын құжаттарға негізделген талап қою арыздары бойынша істер оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарауға жатады.
Бұл ретте, осы санаттағы істерді судья арыз қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде, яғни қысқа мерзімде тараптарды шақырмай, сот белгілеген мерзім өткеннен кейін қарсылық, дәлелдемелерді және өзге де құжаттарды ұсынғаннан кейін қарайды.
Талап-арыз келіп түскеннен соң судья тараптарға хабарлап, негізделетін құжаттар мен дәлелдемелерді және талап-арызға жауапкердің пікір (қарсылық) ұсынуы үшін он бес жұмыс күн мерзімді белгілейді. Пікірге (қарсылыққа) оның көшірмесінің талап қоюшыға жіберілгенін растайтын құжат қоса беріледі.
Сот белгілеген мерзім өткеннен кейін сотқа келіп түскен пікір (қарсылық), дәлелдемелер және өзге де құжаттар, егер тарап оларды сот белгілеген мерзімде ұсынудың мүмкін еместігін негіздесе және олар сот шешім шығарғанға дейін түссе, қабылданады. Сот тараптар ұсынған құжаттарда баяндалған түсініктемелерді, қарсылықтарды және (немесе) дәлелдемелерді зерттейді және шешім қабылдайды.
Егер:
1) тарап бұл туралы өтінішхат берсе;
2) үшінші тұлғаның іске кіруі туралы өтінішхаты қанағаттандырылса;
3) қарсы талап қою қабылданса;
4) осы іс бойынша қабылданған сот актісімен басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделері бұзылуы мүмкін болса;
5) дәлелдемелерді олардың тұрған жерінде қарап тексеру және зерттеу жүргізу, сараптама тағайындау немесе куәның айғақтарын тыңдау қажет болса;
6) қосымша мән-жайларды анықтау немесе қосымша дәлелдемелерді зерттеу қажет болса істі талап қою ісін жүргізу қағидалары бойынша жалпы тәртіппен қарау туралы ұйғарым шығарады.
Онлайн несие бойынша кредиторлар көбінесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер (бұдан әрі – ЖШС) болып табылады, олар өз қызметін "Микроқаржы ұйымдары туралы" (бұдан әрі-Заң) Қазақстан Республикасы Заңының нормаларын басшылыққа ала отырып жүргізуі тиіс.
Сонымен қатар, аудандық сотта аталған санаттағы істерді қарау тәжірибесі сот ісін жүргізу орбитасына тартылған азаматтардың барлығы жоғарыда аталған заңнама нормаларын пайдаланбайтынын, яғни өз құқықтарын мүлдем дұрыс қорғамайтынын көрсетті.
Мысалы: сотқа талап қоюшы У.-дан жауапкер А.-дан 210 000 теңге қарыз сомасын өндіріп алу туралы талап арыз келіп түсті. Жауапкер онлайн қарыз алу көмегімен 70 000 теңге көлемінде қарыз алды. Алайда, уақытылы төленбеуіне байланысты жауапкерде 210 000 теңге (оның ішінде өсімпұл мен сыйақы) қарыз пайда болды. Жауапкерге сотқа талап қоюға пікір (қарсылық) беру үшін уақыт берілді, бірақ жауапкерден пікір (қарсылық) белгіленген мерзімде келіп түспеген.
Осыған байланысты, сот талап арызда баяндалған дәлелдерді және талап қоюшы ұсынған құжаттарды, сондай-ақ оған қоса берілген жазбаша дәлелдемелерді зерттеумен ғана шектеліп, талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдады, яғни талап қоюшының пайдасына шешім қабылдады. Демек, жауапкердің пікірі, тіпті егер ол сот шешімімен келіспесе де, заң нормаларына негізделген болса да, ол сот тарапынан мүлдем ескерілмеді.
Екінші мысал: сотқа талап қоюшы Ж.-дан жауапкер Д.-дан 641 924 теңге (оның ішінде өсімпұл және сыйақы) сомасында қарызды өндіріп алу туралы талап арызы түсті. Жауапкермен онлайн қарыз алу арқылы 200 000 теңге көлемінде қарыз алынды. Келісім шартының қолданылу кезеңінде жауапкер несиені өтеу есебіне 44 076 теңге сомасында қарызды ішінара төлеген.
Бұл ретте жауапкер Д. сот ұсынған уақыт кезеңінде, яғни 15 жұмыс күні ішінде талап қоюшы талаптарына қарсылық білдірді. Осыған байланысты, сот АПК-нің 144-бабының 3-бөлігінің талабына сәйкес тараптар ұсынған барлық дәлелдемелерді зерттей отырып, талап арыз тәртібі ережелері бойынша істерді қарады.
Осыған орай, талап қоюшының талап арызы ішінара қанағаттандырылды және жауапкерден талап қоюшының пайдасына 155 924 теңге көлемінде қарыз өндірілді, бұл талап арызда көрсетілген сомадан едәуір төмен.
Сот талқылауы барысында заң нормаларына сәйкестігі тұрғысынан сот объективті түрде талдаған дәлелдемелердің жиынтығы осындай шешім шығаруға негіз болды.
Бұл жерде соттың өз бастамасы бойынша тараптардың кінәлілігі не кінәсіздігі туралы дәлелдемелерді жинай алмайтынын айта кету қажет. Өйткені Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 72-бабының талабына сәйкес іс бойынша дәлелдеу ауыртпалығы құқығы бұзылған тарапта түседі.
Сонымен қатар, жоғарыда көрсетілген сот актілеріне тараптар шағым бермеген, заңды күші бар екенін атап өткім келеді.
Жоғарыда көрсетілген мән-жайлардан, егер олардың тарапынан несиені уақытында өтемеу бөлігінде келісім- шартының талаптарын бұзу орын алса да, азаматтар талап-арызбен әрдайым келіспеуі керек.
Бұл ретте азаматтар берешектің үлкен сомасы кредитордың сыйақы ставкасының өте жоғары болуына байланысты пайда болуына назар аудару қажет, бұл заңнама Ұлттық Банк Басқармасының қаулысы талаптарына сәйкес келмейді.
Іс бойынша кез келген тарап ҚР АК-нің 8-бабының талаптарына сәйкес оларға тиесілі құқықтарды жүзеге асыру кезінде заңнамада қамтылған талаптарды, қоғамның адамгершілік қағидаттарын сақтай отырып, адал, ақылға қонымды және әділ әрекет етуге тиіс.
Осыған байланысты, Сіздерге заң тұрғысынан төмендегі заңнама нормаларының әрекеттерін сот даулары барысында қолдануды түсіндіріп өту өз борышым деп санаймын.
«Микроқаржы ұйымдарының» (бұдан әрі – МҚҰ) қызметі, сондай-ақ қарыздар беру тәртібі, мөлшері және шарттары "микроқаржы ұйымдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
Микроқаржы ұйымы - коммерциялық ұйым болып табылатын, ресми мәртебесі әділет органдарында мемлекеттік тіркелумен және есептік тіркеуден өтумен айқындалатын, микронесиелер беру жөніндегі қызметті, сондай-ақ осы заңда рұқсат етілген қызметтің қосымша түрлерін жүзеге асыратын заңды тұлға.
Жоғарыда айтылғандай, потенциалды онлайн несиелер, яғни ЖШС өз қызметін “Микроқаржы ұйымдары туралы" заң шеңберінде қатаң түрде жүргізуі тиіс.
Ұлттық Банк Басқармасының 2012 жылғы 24 желтоқсандағы №377 қаулысымен жылдық тиімді сыйақы ставкасының шекті мөлшері - 56% бекітілді.
Әдетте, МҚҰ жоғары пайыздық мөлшерлемелерді белгілей отырып, кепілсіз несиелерде қайтармаудың мүмкіншіліктерін азайтады.
Заңға сәйкес МҚҰ қызметі есептік тіркеуге жатады. Есептік тіркеуден өткен МҚҰ тізімі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің уәкілетті органының (бұдан әрі - ҚР ҰБ) интернет-ресурсында орналастырылады.
Халықтың онлайн қарыз қаражатын алуға сұранысының болуы және уәкілетті орган тарапынан бақылаудың болмауы – ҚР ҰБ несиені пайдаланғаны үшін жылдық тиімді сыйақы ставкасынан асып түсетін жоғары пайыздық ставкаларды белгілеу арқылы азаматтардың құқығын асыра пайдалануды туындатады, бұл өз кезегінде әлеуетті қарыз алушылардың мүліктік құқықтарын айқын төмендетеді.
Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, онлайн несиелерді өте қажетті жағдайларда пайдаланған жөн, және бұл ретте өзінің төлем қабілетін объективті бағалағаны абзал. Сондай-ақ, онлайн несиені рәсімдеу алдында шарттың талаптарымен мұқият танысқан абзал, қажет болған жағдайда тіпті заңгерлердің көмегіне жүгіну және осындай рәсімдерді жүргізгеннен кейін ғана мәселені шешу керек.
Сонымен қатар, оңайлатылған іс жүргізу іс бойынша сот хабарламаларын алған кезде талап-арызға пікір (қарсылық) беру орынды екендігін түсіндіргім келеді. Сотқа берілген пікіріңіз (қарсылық) Сіздің мүдделеріңізді қорғауда айтарлықтай шешуші рөл атқарады, бұл Сіз үшін материалдық тұрғыдан маңызды.
Сіздің тарапыңыздан несиені уақытында өтемеу бойынша бұзушылықтар болса да, талап қою талаптарымен әрдайым келісе бермеу қажет. Өйткені сыйақының пайыздық ставкалары заңнама талаптарына сәйкес келе бермейді.
Құрметті азаматтар, сот әрдайым әділдік пен заңдылық жағында тұрады, демек, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары сақталмай құқықтары бұзылған тараптардың жағында болады.

Ерғазы Тілеубеков,
аудандық соттың төрағасы.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін48
mod_vvisit_counterКеше649
mod_vvisit_counterОсы аптада1901
mod_vvisit_counterӨткен аптада4345
mod_vvisit_counterОсы айда14418
mod_vvisit_counterӨткен айда16500
mod_vvisit_counterБәрі1257190

Серіктестер