Онлайн газет



ҚАРТ МАЙДАНГЕРЛЕРДІ ҚҰТТЫҚТАДЫ

Бүгінгі ұрпақ қазіргі тәуелсіз Қазақстан елінде алаңсыз өмір кешуде. Мұндай еркіндік бақытын адамзат тарихындағы алапат Ұлы Отан соғысы жылдарында бесіктен белі шықпай еңбекке араласып, бұғанасы бекімей қолына қару алып, қасық қаны қалғанша күрескен аға ұрпақ сыйлады.

Бүкіл жер - жаһанды дүрліктірген екінші дүниежүзілік сұрапыл соғыстың да аяқталғанына, міне, жетпіс бес жыл толды. Сол бір қаһарлы жылдардың куәгерлері – ардагерлер қатары да тым сиреп барады.
Осынау айтулы күнге орай, ауданымызда ауқымды іс-шаралар белең алуда. Мереке қарсаңында аудан әкімі Нұржан Нұржігітов, аудандық мәслихаттың хатшысы Нұржан Тлепов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Бесбаев, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шолпан Байтақова, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Имановалар Жақаш ауылының тұрғыны, соғыс және еңбек ардагері, екінші топтың мүгедегі Өнербай Молдабаевтың отбасына барды. Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен 94 жастағы Өнербай ақсақалды құттықтаған аудан басшысы бейбіт өмір үшін от пен оқтың ортасында болған кешегі жауынгер, бүгінгі ардагердің ерен еңбегі ешуақытта ұмытылмайтынын жеткізді. Нұржан Молдиярұлы қазыналы қарияға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған құттықтауын хатын табыс етіп, бір миллион теңге мен сый-сияпаттар берсе, Нұржан Сейдазымұлы мен Кемелбек Бесбаев қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.
Ақ дастархан басында емен – жарқын әңгіме өрбіп, онда қария өз өмірінен сыр шертті. Сонау 1926 жылы Батырақ ауылында дүниеге келіп, Тегістік ауылындағы мектепте төрт жылдық оқуды аяқтап, облыстық бір жылдық мал емдеу курсын бітіргенін айтқан Өнербай қария соғыс басталғанға дейін колхозшы болып еңбек етіпті. Ұлы Отан соғысына бұрынғы Фрунзе ауылынан Свердлов ауданы әскери комиссариаты арқылы 1944 жылы шақырылып, сол жылы 209 запастағы атқыштар полкінде қатардағы жауынгер, 1945 жылы пулеметшы болып, Кенингсберг қаласын азат етуге қатысқан. Осы қаланы азат етуге көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылған. 1945 жылы Берлин бағытында жараланып, 1946 жылы елге оралған. Елге келген соң Фрунзе колхозында мал дәрігері, мал фермасының бригадирі, егіс бригадирі болып жұмыс істеген. Жұбайы екеуі бес ұл және төрт қыз тәрбиелеп, олардан 25 немере және 16 шөбере көріп отырғанын айтты қарт майдангер.
Қарттың көз жанары демесең әлі де тың екені айтқан әңгімесінен байқалады. Өзің сергек сезінетін соғыс ардагері мерекеге орай өзіне көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, аудан басшылығына ағалық ақ батасын берді. 

*    *    *
Ұлы Жеңістің 75 жылдығын өз отбасымен, ағайын-туысымен қуана қарсы алып отырған Ұлы Отан соғысына қатысушы, қарт майдангердің бірі – жетібайлық тұрғын Рахымжан Мамыралиев.

Биыл қаңтар айында 96 жасқа толған, қимылы әлі де ширақ Рахымжан ата өзің құттықтай келген аудан басшылығын есік алдында қуанышты жүзбен қарсы алды. Нұржан Нұржігітов майдангерді Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады. Сонымен қатар, қазыналы қарияға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған құттықтауын хатын табыс етті. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз хатында аға ұрпақ - Өнербай Молдабаев пен Рахымжан Мамырайымов сынды тұлғалардың өмір жолы бүгінгі ұрпақ үшін үлгі - өнеге болып табылатынын атап өткен.
Нұржан Молдиярұлы бір миллион теңге мен мерекелік сыйлықтарын беріп, қарт жауынгердің денсаулығын, хал-жағдайын сұрап, онымен емен-жарқын әңгіме құрды. От пен оқтың арасынан аман оралған қарт майдангер жауынгерлік жолдарынан естеліктер айтты.
Рахымжан Мамыралиев 1925 жылы 25 қаңтарда Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл колхозында дүниеге келген. 1943 жылы қаңтар ауында Жамбыл аудандық әскери комиссариаттан соғысқа аттанған. Приморск өлкесін, Ворошилов қаласын азат етуге қатысқан. Жапон соғысына қатысып, Манчжурияда, Корея Республикасының Сеул қаласында, соғыс біткен кезде Кореяда болған. Елге 1951 жылы оралып, 1953 жылдан 1962 жылға дейін «Ақкөл» колхозында есеп бөлімінің бастығы, Жамбыл ауданының «Бірлесу-Еңбек» колхозында екі жыл жұмыс істеген. 1966 - 1971 жылдары Аса ауылында, 1971 - 1985 жылы Фрунзе колхозында қызметтер атқарыпты. «Еңбек Қызыл Ту», 2-ші дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 40, 50 жылдығы», «Қарулы күштеріне 70 жыл», «Еңбек ардагері» медальдарымен, «Соғыс ардагері» белгісімен марапатталған.
Елімізге бейбіт өмір, ашық аспан тілеген қарт сарбаз осындай айтулы мереке қарсаңында елеп-ескеріп, құрмет көрсеткен ел Президентіне, «Nur Otan» партиясы мен аудан басшылығына алғысын жеткізіп, ақ батасын берді.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ.

Обновлено 13.05.2020 10:26
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1086
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада7103
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда32670
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2203400

Серіктестер