Онлайн газет



ЕЛДІҢ ДАҢҚЫН АСЫРҒАН БАТЫРЛАР

Адамзат тарихында үлкенді-кішілі 15 мыңға жуық соғыс өткен көрінеді. Бірақ солардың ішінде екінші дүниежүзілік соғыс бұған дейінгі шайқастармен салыстырғанда қатыгездігімен, адам шығынымен, алапат қуатты соғыс техникаларының көптігімен ерекшеленді.
1941 жылы басталған Ұлы Отан соғысы бес жылға созылды. Оған Кеңес одағына қарасты барлық республика азаматтары фашизмге қарсы бір сапта тұрып күресті. Совет халқының құрамдас бір бөлігі ретінде Отанды қорғау үшін шайқасқан Байзақ елінің  ер-азаматтары да ерен ерлік үлгісін көрсетіп, тарих бетіне есімдерін алтын әріппен жазды.
Құжаттық деректерге сүйенетін болсақ Ұлы Отан соғысы басталар алдында Қазақстанда 6,2  миллион халық тұрған болса, оның 321 мыңы Жамбыл облысын мекендеді. Архив деректеріне, сәйкес Республикадан 1 196 164 (бір миллион жүз тоқсан алты мың жүз алпыс төрт) адам,  Жамбыл облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің 2010 жылығы 26 ақпандағы мәліметі бойынша облыстан майданға 41 453 адам аттанған екен. Оның 15 536-сі майданда қаза тауып, 13 639-ы хабар-ошарсыз жоғалып кеткен. Соғыс жылдары Совет өкіметі Қазақстан мен Орта Азияның жергілікті халықтарын және осында жер аударылып, репрессияға ұшыраған халықтардың өкілдерін арнайы еңбек армиясына шақыртылған. 1943 жылдың  1 ақпанына дейін Жамбыл облысынан ресми мәліметтер бойынша Қызыл Армия мен еңбек армияларына 53 268 адам алынды делінген. Соның ішінде Байзақ ауданы бойынша 3 237 азамат қолына қару алып, майдан даласына аттанған.
Екінші дүниежүзілік соғыста қазақстандық жауынгерлер  ар-намысты биік ұстайтын, ата - бабаларының өсиеттеріне адал ер халықтың  перзенттері екенін әлемге паш етті. Брест қамалында қазақстандықтар, оның ішінде нақты деректер бойынша 88 жамбылдық ерлікпен шайқасты, қамалды қорғаушылар қасық қаны қалғанша бір қадам да шегінбеді. Қазақ жауынгерлерінің ерлігі, тыл еңбекерлерінің жанкештілігі жайлы талай шығармалар  жазылған. Ағылшынның белгілі публицисі, соғыс жылдары «Санди таймс» газетінің СССР-дегі тілшісі болған Александр Верт «Ресей 1939-1945 жылдардағы соғыста» кітабында Сталинград шайқасында қазақтардың көрсеткен ерлігі туралы ерекше айтты. Сол жылдар СССР-дің бас газеті «Правда» қазақтардың майдандағы және тылдағы ерліктерін талай рет шынайы жазды. 1961 жылы шыққан «История Великой Отечественной войны Советского Союза 1941-1945 годы» атты кітабының 2-томының 155-бетінде былай деп жазылған: «В 5 тыс. километрах от фронта они дрались так же мужественно, как их братья на фронте... Из каждых 100 тонн молибдена, добывавшегося во время войны в стране, 60 тонн давали герои балхашкской степи-горняки рудника «Восточный Коунрад». Их бессмертный трудовой подвиг вошел в историю Отечественной войны наравне с подвигами советских воинов».
Сұрапыл соғыста 500-ден аса қазақстандық оның ішінде 100-ден аса  қазақ Совет Одағының Батыры атанды. Тыл еңбекерлері Бәрі де Жеңіс үшін!”, “Бәрі де майдан үшін!” деген ұранмен күн, түні еңбек етіп, майданды азық-түлік, киім-кешек, оқ-дәрілермен қамтамасыз етті. Жоғарыда келтірілген деректер бойынша әрбір он танктың алтауының қалқан броны  және   әрбір он оқтың тоғызы қазақ жерінің  кен  байлығынан  құйылғанын  нақтылайды.
Ел басына күн туған шақта Қазақстанда 12  атқыштар дивизиясы мен 4 ұлттық дербес атты әскер дивизиясы, 7 бригада, 50-ге жуык полк, батальон және өзге  де  әскери құрамалар  жасақталды. Жамбыл облысында 2 атты әскер  дивизиясы, бірнеше батальон, рота және арнаулы отрядтар құрылды. Олардың бәрін киім-кешекпен, тамақпен қамтамасыз етуде жамбылдықтар айрықша еңбектің үлгісін көрсетті. Сонымен бірге, облысқа көшіріліп әкелінген 4 және жаңадан жасақталған 360 төсектік әскери госпитальды керек жарақпен жарақтандыру шын мәнінде оңай шаруа болмағаны белгілі.Соған қарамастан сол жылдары жүргізілген барлық шараларға жамбылдықтар біркісідей қатысқан екен. Бірде- бір отбасы, бірде-бір адам қорғаныс қорына қаржы аударудан сырт қалмаған. Өйткені сол кездері қорғаныс қорына немесе тағы да басқа бастамаларға үлес халықтың келісімсіз-ақ жүзеге асып жатты.Олардың атынан қаржы аударылды, киім-кешек жиналды, сыйлықтар жөнелтілді.
Екінші дүниежүзілік соғыста қазақ халқы ержүрек, батыр да батыл, қаһарман оғландарымен әлемге танылды. Қазір Брест қамалын қорғауда қатысқан 100-ден аса жамбылдық жауынгер дің болғаны белгілі болып отыр. Солардың 88-і есімі белгілі болып отыр. 6 338 жамбылдық майдангердің жерленген жерін нақтылаған құландық зерттеуші Бекқұлы Әліұлы Брест қамалын қорғағандардың да есімін анықтады. Олар негізінен 33-инженерлік полктың құрамындағы 140-инженерлік батальонның сапында әскери борышын өтегендер, 1939 жылдың күзі мен 1940 жылдың ақпанында және 1941 жылдың маусымында әскерге шақырылғандар. Бресте бұлардан басқа да әскери құрамалар болғанын еске алатын болсақ, соғыстың алғашқы күндері атақты Бресті қорғаған жамбылдықтардың қатары бұдан да көп болғаны анық. Соның ішінде батальон құрамында қамалды қорғаған байзақтықтар: Абдрахманов Аман (Абдраман), Аманқұлов Нүсіпбай, Анаусынов Есенқұл, Байдәулетов Әшірбай, Еспаев Қалдыбай, Жамбаев Сұлтанқұл, Жамбалов Нұрыш, Жанысбаев Бектай, Жолдыбаев Мүслім, Зарлеев Абиқасым, Имамбеков Дисрет, Қозбақов Сейсенбай, Лапин Георгий Романович, Өтегенов Егемберді, Сапақов Сейділ, Сейдалиев Егімбай, Төлебеков Рахымбек, Төлендиев Құлахмет, Шалов Әбдіқадыр, жезқазғандық Төребеков Сейітқазы Төребекович. Бұл азаматтар Байзақ ауданының әскери комиссариатынан алынған. Олардың кейбіреуінің аты дұрыс жазылмауы мүмкін.
Жамбылдық жауынгерлер отандастарымен бірге Сталинградты, Ленинградты, Москваны, Кавказды қорғауға қатысты. Майданның барлық шебінде ерлік көрсетіп, жауды өз ұясы- Берлинде талқандап, Жеңіс парадын алғаш сонда өткізді.
Ұлы Отан соғысында ерлігімен  Жеңіс күнін жақындатқан, елінің, Отанының даңқын асқақтатқан Совет Одағының Батыры атанған байзақтық батырлар: Ақәділ Суханбаев пен Семен Архипович Ларионовқа тоқталғанды жөн көрдік.

 

 

ОТАНЫ ҮШІН КЕУДЕСІН ОҚҚА ТОСҚАН

 

(Совет Одағының Батыры Ақәділ Суханбаев 1920 - 1944 ж. ж.)

Кешегі күндей күркіреп өткен Ұлы Отан соғысында ерліктің ерен үлгісін танытқан Ақәділ Суханбаев 1920 жылы Қарасу ауылында дүниеге келіп, 1944 жылғы 31 шілдеде Польша жерінде ерлікпен қаза тапқан.
Ақәділ Суханбаев 1940 жылы Қызыл әскер қатарына алынған. Ұлы Отан соғысында 31-ші Армияның, 174-ші Борисов Қызыл тулы атқыштар полкінің, 628-ші Гродно Қызыл тулы полькінің I батальонында бөлімше командирі болып, шайқастарға қатысты.
Белоруссияны, Литваны, Польшаны азат ету үшін болған ұрыстарда ерекше көзге түскен. Оның ерлігі туралы ТМД-нің Мәскеудегі Қарулы Күштер мұражайындағы стендіге қойылған Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну қағазында: «31 шілде 1944 жылы Стельцовизна деревнясы үшін болған шайқаста 628- Қызыл тулы Гродно полкінің 1-атқыштар батальонының 2-ротасының бөлімше командирі, қатардағы жауынгер Ақәділ Суханбаев екі қолынан бірдей жараланғанына қарамастан оқ төгіп жау пулеметіне атылды. Сөйтіп, шешуші сәтте жау оғына кеудесін төсеп, бөлімшенің алға жылжуына кедергі жасап жатқан оқ нөсерін тоқтатты. Жауынгерлік тапсырманың орындалуы үшін өз өмірін қиды”,- деп жазылған.
Денесі майдан қолбасшысының жеке тапсырмасымен Польшада қалдырылмай, Литваның Друскининкай қаласындағы бауырластар зиратына әскери салт-жорамен жерленген. Батыр ерлікпен қаза тапқаннан кейін 1945 жылдың 24 наурызында СССР Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен Совет Одағының Батыры атағы берілді. 
24 жасында ерлікпен қаза тапқан Ақәділ Суханбаевтың есімі, ерлігі Қазақстан емес, Ресейде, Белоруссияда, Литвада ерекше қадірленіп келеді. Жеке қаруы Мәскеудегі ТМД елдері Қарулы Күштері мұражайына қойылған. Белоруссиядағы Гродно қаласындағы үлкен көшелердің біріне оны азат еткен қазақ жауынгерлерінің есімі берілген. Осындағы 74-ші кәсіптік – техникалық училищеге ескерткіш-тақта ілінген.  Ақәділ есімімен туған ауылындағы орта мектеп, Тараз қаласындағы үлкен көше аталады.
1974 жылы А.Суханбаевтың ерлігінің 30 жылдығы сол кезгі Одақ көлемінде тойланып, батыр денесі жерленген Литваның Друскининкай қаласына Жамбыл облысынан  бір топ делегация барған. Тәуелсіздік алған жылдары да бұл дәстүр жалғасын тауып, 2000 жылы А.Суханбаевтың  туғанына  80 жыл толуы қарсаңында бір топ делегация батыр шайқасқан жерлерде, Мәскеуде, Белоруссия мен Литвада болып қайтты.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында Тараз қаласындағы Қонаев көшесінің басталар тұсындағы кең алаңға, қалалық әскери комиссариат ғимараты алдында оның ескерткіші орнатылды. Оның ашылуы рәсіміне Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.
Жыл сайын 31 шілдеде А.Суханбаевтың ерлік жасаған күні еске алынып, жұртшылықтың ескерткішке гүл қою рәсімі өтеді.
Туған елінің даңқын шығарған Ақәділ ерлігі жайлы көптеген шығармалар жазылып, бейнефильмдер түсірілген. Солардың ішінде Арғынбай Бекбосынның «Соңғы сезім» (бастапқы аталуы «Нюрнбергтен бұрын») тарихи-қаһармандық қасіретнамасы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрында және республиканың басқа да театрларында қойылды. Ал, белгілі журналист Тұрсынхан  Толқынбаев «Жай отындай жарқ еткен» атты деректі хикаят жазды.

 

 

ЕРЛІГІМЕН ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНГЕН

(Совет Одағының Батыры Семен Архипович Ларионов 1915 - 1984 ж. ж.)

Мордваның батыр ұлы Семен Архипович Ларионов Татарстанда дүниеге келгенімен 1934 жылдан бастап, Жамбыл облысында тұрды. Свердлов ауданының (қазіргі Байзақ)  Ново-Ивановка машина-трактор станциясында трактористер курсын бітіргеннен кейін осында еңбек етті. Іскерлігімен  көзге түскен ол көп ұзамай трактор бригадасының бригадирі болды. 1938-1940 жылдары Совет Армиясы қатарында әскери борышын өтеді. Архив құжаттарында оның отбасы 1934 жылы Жамбыл облысының Ақкөл ауылына көшіп келгендігі, сонда тракторшылар курсын бітіргені, Самарқандта монтер  мамандығын игергені айтылған.
Ол ең алғаш рет  Смоленск бағытында неміс-фашистермен бетпе-бет келіп, танкіге қарсы зеңбірегімен жаудың 6 дзотын және 9 пулемет нүктесін жойған екен. Жерлесіміз Орталық майданның құрамында жаумен шайқасқанда жаудың тағы да 8 пулемет нүктесін, 7 минометін, 200 жаяу әсерін және оқ дәрі тасып жүрген көліктерін тас-талқан етті. Ол жау нүктелерін дәл ату үшін үнемі зеңбірегін алғы шепке жақындатып орнататын. Үш рет жау қоршауында қалып, оны бұзып, өз майдандастарына қосылады.
Кейінірек ол өзінің естелігінде былай деп жазды. «Біз екеуміз ғана қалдық».  Мен және көздегіш Новиков. Гитлершілер жеңістерін тойлап, бізді талқандадық деп ойлады. Алайда біз бір қадам да артқа шегінбей олармен жан аямай шайқастық. Жаудың тұтқыны болғанымызша өлгеніміз артық деп серттестік».
Олардың оқ-дәрісі жеткілікті болатын. Сондықтан да жаудың әрбір шабылуын тойтарып отырды. Осы шайқаста Ларионов пен Новиков жаудың 2 взводын және 2 офицерін жер жастандырды. Жау кейін шегінді. Осы шайқастың нәтижесінде қоршауды бұзып шыққан олар 6 тұтқын алып, совет әскерлеріне қосылды. Шайқаста көрсеткен ерлігі үшін Семен II-дәрежелі “Отан соғысы” орденімен наградталды.
Барлығынан да 1943 жылдың күзінде Днепрден өту шайқасы оның есінде мәңгі қалды. Днепр үшін шайқас Ұлы Отан соғысының ең сұрапыл шайқастарының бірі болды. Днепрден өтуде совет жауынгерлері көп шығынға ұшырады.Неміс-фашистері Днепр шайқасынан кейін әлсіреп, кейін шегінді.
Семен Архипович Ларионовтың взводына 237-атқыштар полкінің қолбасшылығы нақты тапсырма берді.13 адамнан тұратын 2 зеңбіректің жасақтары түн жамылып, Днепрден өтіп, қарсы беттегі биіктікті алып, дивизияның негізгі күшінің өтуі үшін жол аршу тапсырылды. Бұл 1943 жылдың 16 қазан күні болатын. Артиллеристер түн жамылып, Гомель облысы Саевск ауданының Щитцы деревнясының маңынан 2 қайыққа зеңбіректерін тиеп, оң жағалауға қарай жылжыды. Зуылдаған оқ, жарқыраған снаряд, прожекторлар өзеннің бетін жарқыратып жіберді. Фашистер өтіп келе жатқан совет жауынгерлерін тоқтаусыз атқылады. Бұлар да бар күштерін салып, ескек есіп, жағаға жақындай түсті.Табандары жерге тиер тиместен жандарына келіп жарылған ауыр снарядттың екпінінен екі қайық та аударылып қалды. Жан тәсілім жасап, бар күштерін жұмсап, зеңбіректерді орнықтырып судың ішінен жағаға оқ ата алға ұмтылды. Жағаға жетпестен-ақ 5-6 жауынгер оққа ұшты. Соған қарамастан Семен бастаған артиллеристер алға ұмтылып , биіктікті алды. Таң ата жау бекінісін тас-талқан еткен взвод артиллеристері өздеріне қойған міндетті орындады. Сол биіктікте тұрып, жаудың атыс нүктелерін бірінен соң бірін қиратты.
Семен Ларионовқа Днепрден өтуде көрсеткен ерлігі үшін 1943 жылы 30 қазанда Совет Одағының Батыры атағы берілді. Батырдың ерлік жолы одан кейін де жалғасты. Ол Александр Невский II-дәрежелі Отан соғысы орденімен наградталды. Бұл қуанышты естіген Ново-Ивановка машина-трактор станциясының жұмысшылары өздерінің митингісінде Семеннің осындай жоғары атаққа ие болуымен бір-бірін құттықтады. МТС-і ең озат Семенов басқаратын бригадаға Совет Одағының Батыры С.А.Ларионов атындағы бригада деген атақ берілді. МТС механизаторлары Семенге жолдаған хаттарында оның Совет Одағының Батыры атағын алғаннан кейін ауылға келуі және көптеген кездесулерге қатысуы еңбекшілерге үлкен рух бергендігі туралы жазған. Жеке басында осындай құрмет көрсеткендері үшін жерлестеріне алғысын жеткізген батыр 1947 жылы Совет Армиясы  қатарынан елге аман-есен оралды.1949 жылы Алматы қаласындағы Жоғарғы партия мектебін бітіргеннен кейін партия органдарында еңбек етті және Жамбыл облысындағы колхозаралық гидроэлектр станциясы құрылыстарын басқарады. Өмірінің соңғы жылдарын Меркіде өткізді. Сондықтан да 2014 жылдың желтоқсан айында Меркі ауданының орталығында меркілік  Совет Одағының Батырлары мен Социалистік Еңбек Ерлерінің аллеясында батырдың аты-жөні жазылған тақта орнатылды.

 

 

ЕР ЕСІМІ - ЕЛ ЕСІНДЕ ...

1418 күнге созылған соғыс аяқталған соң киелі Жамбыл облысына бірнеше Совет Одағының Батыры келіп, еңбек етті, өлкеміздің өркендеуіне үлесін қосып, жастарға патриоттық тәрбие берудегі ықпалы орасан болды.
Дмитрий Стариков пен Александр Миннің есімдері Байзақ ауданына қатысты мұрағат құжаттарында кездескендіктен, біздерді біраз ойландырды. Өйткені олардың бірінің де табаны мұнда тимеген және әскери тәртіпке сәйкес батыр қай өңірдің әскери комиссариатынан алынса, сол жердің батыры саналады. Алайда аталған батырлар туралы Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатының 1110 –қорының  26, 27, 28, 29, 36 істерінде және 399-қордағы 2-тізімдеменің 2466 ісінде мақтаулы мұрағат құжаттары негізінде қысқаша деректер келтірейік.
Жамбыл жеріне өздері келмегенімен, олардың туған-туыстары, ата-аналары кейіннен осында қоныс тапқандықтан батырлардың  есімі мен ерлігін ұлықтауға лайықты.
2018 жылы 9 мамырда Б.Момышұлы атындағы саябақ қайта жаңартудан өтіп, мемориалдық “Ерлік” кешеніне  жекеленген тұғырларда 48 Кеңес Одағы Батырларының есімдері қашалып жазылған. Соның ішінде Дмитрий Стариков пен Александр Миннің есімдері  бар.
Дмитрий Стариков 1921 жылы 1 мамырда Краснодар өлкесінде дүниеге келген.1939 жылы әскери-теңіз флотында қызмет етеді.Ұлы Отан соғысы жылдарында ұшқыш Дмитрий ерекше ерлігімен көзге түсті. Қырым мен Севастопольді қорғауда 113 рет аспанға көтеріліп, 8 рет әуе шайқасына қатысып, 25 рет жау шебін бомбалады.1943 жылдың қазанында әуе шайқасында ол бірден жаудың 4 самолетін атып түсірді. Бүкіл соғыс кезінде Д.Стариков 399 рет әуеге көтеріліп, 26 рет шайқасқа қатысып, жаудың 11 самолетін қиратқан. 1944 жылы 21 қаңтарында аға лейтенант Дмитрий Стариковқа ерлігі мен батылдығы үшін Совет Одағының Батыры атағы берілді. Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатындағы құжаттарда батыр 1947 жылы 2 қазанда Сани қаласында жол оқиғасынан қайтыс болғандығы және сонда жерленгендігі айтылады. Александр Мин  1915 жылы Приморье өлкесінде туған. Тағдырдың айдауымен 1941 жылы Саратов қалалық әскери комиссариатынан майданға шақырылған. 1944 жылы хабар-ошарсыз кеткен. 1941 жылы әскерге шақырылған, ол Рязань әскери училищесін бітіріп, Москваны қорғауға қатысады. Курск доғасында лейтенант А.П.Мин неміс әскерлерінің төрт рет қарсы шабуылына тойтарыс беріп, өзінің батыр да, батыл жауынгер екенің танытады. Осы шайқастан кейін оның ерлігі жоғары бағаланып, «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. 1944 жылы батальон командирі капитан Александр Мин бірнеше Беларусь майданының 65-армиясының 132 атқыштар дивизиясының құрамында Украинаны азат етуге қатысады. Осы шайқастарда ерлік көрсетіп, жауынгерлерді жеңіске бастай білгені үшін 1945 жылдың  24-наурызда СССР Жоғарғы Советі  Президиумының Жарлығымен  өлгеннен  кейін Совет Одағының Батыры атағы берілді.  Кәріс халқының батыр ұланының рухы Украинадағы Волынь облысының Луков кентінде мәңгі сая тапқан. Оның бауырлары Жамбыл облысының  Байзақ ауданындағы Бурыл ауылында тұрған. Сондықтан да мұрағат құжаттарында оның отбасының тұрмысы жайлы құжаттар жинақталған. 
Соғыс жылдарында және одан кейін Дмитрий Стариковтың анасы Ново-Ивановкада, Александр Миннің бауырлары Бурыл ауылында тұрып, еңбек еткен. Сол себепті екі батырдың есімі де Жамбыл өңіріне қатысты айтылып жүр.
Ел даңқын алысқа шығарған батырлардың ерліктері мәңгі ұмытылмайды.

Арнайы бетті дайындаған:
Мәрзия Еркебұланова,
аудандық архивтің директоры.

 

ДЕРЕКТЕР МЕН ДӘЙЕКТЕР СӨЙЛЕЙДІ

• Свердлов аудандық партия комитеті құжаттарының арасында 1941 жылғы 6-маусымдағы Жамбыл облыстық әскери комиссариаттың майдан даласында әр аудан тиесілінше музыка аспаптары мен мәдени іс-шараларға арналған заттар жіберу жөніндегі міндеттемесі бар.Мәселен, Свердлов ауданы бойынша 1 мандалина, 1 балалайка, 1 шахмат тақтасы,1 материялдарға арналған лозунгілер жолдаған. (Негізі: 4П-қор, 1-тізімдеме, 9-бума, 205-іс, 48-бет).
• 24.11.1941 жылы Свердлов ауданының жұмысшылары жергілікті жерде жасақталған кавалериялық дивизиялардың қажеттілігін өтеуге шикізат өнімдерін жолдаған. Мысалы, 70 дана тон тігуге, 280 қой жүнін, етік тігуге – 21 ірі қара малының терісін, 5 бұқаның терісін, 35 қой терісін,жауынгер жабдықтарына 14 ірі қара малдың терісі, 60 аттың терісі, 75 килограмм жүн өткізілгені туралы мәлімет бар. (Негізі: 4П-қор, 1-тізімдеме, 9-бума, 205-іс, 57-бет).
• Жамбыл қаласында 1941 жылы 13 қарашада  жасақталған 105 – дербес ұлттық атты әскери  дивизиясының 1-полкі Свердлов ауданының Буденовка селосында орналасқан.Олар негізінен «Труд пахарь» колхозының  ғимараттарына ие болды. Колхоздың сиыр қоралары,кеңсесі,селолық советтің кеңселері берілді. 2 –полк осы ауданның «Қызылша» совхозының аумағында орналасты. (Негізі: 282-қор, 1-тізімдеме, 22-бума, 340-іс).
• Жамбыл жерінде жасақталған әскери дивизияны қамтамасыз ету үшін 1941 жылы 30 қыркүйегінде Свердлов ауданында «Атты Қызыл Әскер»қорын толықтыруға барлығы 270 ат пен оның ат әбзелдері жасақталған. (Негізі: 4П-қор, 1-тізімдеме, 9-бума, 205-іс, 62-бет).
• Ұлы Отан соғыс жылдарында тыл еңбеккерлері майдангерлердің жеңіспен оралуына өз үлестерін қосты. Мәселен,Свердлов ауданының машина-трактор станциясының ұжымы жылдық жоспарды 7 ай 10 күннің ішінде орындап, 13000 сомның жанар-жағармайын үнемдеген.Комбайыншы Муслов 400 гектар алқаптың егінін жинаса,оның әріптесі Хмелевский 575 гектардың дәнін бастырған.
• 1943 жылы әйелдерді мемлекеттік жұмыстарға тарту соғыс жылдары бұрыңғы жылдармен салыстырғанда өсті. Барлық аудандық партия комитеттерінде, жергілікті советтерде жұмыс істейтін әйел көбейді. Колхоздар мен совхоздарда, МТС-тер мен көлік саласында әйелдер кеңестері жұмыс істей бастады, бұл қатарға қосылған Свердлов ауданының ферма меңгерушісі Зиягүл Тойлыбаеваға, Ленин атындағы колхоздың шопаны Ұлбала Сүгіроваға, «Трудовой пахарь» колхозының шошқа өсірушісі Вера Янковскаяға, «Красная  звезда» колхозының қызылшасы Сындыбала Оңғарбаева мен Дариға Жантоқова, Мәрзия Ибрагимованың атын мақтанышпен айтуға болады.

 

Обновлено 11.05.2020 10:54
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1214
mod_vvisit_counterКеше1540
mod_vvisit_counterОсы аптада5355
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда30922
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2201652

Серіктестер