Онлайн газет



ЖЕҢІС ОҢАЙ КЕЛГЕН ЖОҚ

Сұрапыл соғыстың Жеңіспен аяқталғанына 75 жыл толса да, оның салған жарасы жүректерінде қалған, әкелерін, бауырларын қан майданға аттандырып, өздері бозбала, бойжеткен шақтарын тылдағы ауыр еңбекпен өткізген аға буын өкілдерінің бірқатары арамызда жүр. Олардың есею кезеңдері ел басына түскен ауыртпалықпен тұспа-тұс келіп, буындары бекіп, омыртқалары қатпаса да бар қиындықты үлкендермен бірге бөлісіп, майдан шебіне азық-түлік, киім-кешек жөнелтуде қолдан келген көмектерін аямады.

Солардың бірі – аймантөбелік тыл еңбеккері Шайдозым Көлбаев еді. 1936 жылы Жамбыл облысының Свердлов (Байзақ) ауданына қарасты Ленин колхозында дүниеге келген Шайдозым ақсақал соғыс басталғанда бар-жоғы бес жаста болатын. Соғыс балаларды балалықтың бал дәуренімен ерте қоштастырып, тез есеюге мәжбүр етті. 1941-1945 жылға дейін әр маусымда күндіз шаруашылықта мал бағып, егін егіп, орақпен шөп шауып, қызылша тасып еңбек етті. Жастайынан еңбекке араласқан тыл еңбеккері қырқыншы жылдарды ауыр күрсініп еске алады. «Сұрапыл соғыс қаншама адамдардың тағдырын азап пен қасіретке толтырды», – дейді ол. Соғыс жылдарында онжылдықты Ново-Ивановка орта мектебінде бітірген ол, 1955 жылы әскер қатарына шақырылады. 1955-1959 жылдары арасында Калининград облысы, Балтийск қаласында Балтық теңізінде әскери борышын атқарған соң, туған жерге оралады.
Шайдозым қария еңбек жолын 1959 жылы механизатор болудан бастайды. 1962 жылы Балқаш қаласына жолдамамен токарьлық оқуға жіберіліп, оқуды аяқтағаннан соң құрметті демалысқа шыққанға дейін қажыр-қайратын аямай адал еңбек етті. Шайдозым Көлбаевтың еңбек жолы кейінгі өскелең жастарға үлгі боларлықтай. Оның кеудесінде «Еңбек ардагері», «Тыңға 50 жыл», «Ұлы Отан соғысына 60, 65, 70 жыл», «Қазақстан ардагері»,  «Бауыржан Момышұлы, Батыр шапағаты» медальдары жарқырайды. Жасы егде тартқанымен, ардагер әлі тың, қимылы ширақ. Ол 84 жасында өзін өте сергек сезініп, кәрілікке дес бергісі келмейді. Ардагердің қимыл-қозғалысына қарап, сексеннің сеңгірінен асты дегенге сену қиын.
Шайдозым Көлбаев барлық өмірін өзінің сүйікті ісіне арнаған жан. Әрине, өз бақытын еңбек жолынан тапқан ол өзінің өткен өміріне үңіліп, ғұмырының зая кетпегеніне дән риза. Отбасында жары Мінайым Олжабекқызы екеуі екі ұл, екі қызды тәрбиелеп өсіріп, бүгінде 6 немере мен 6 шөберенің қуанышына бөленген бақытты ата. Осындай арамызда жаудан жығылмаған, қиындыққа мойымаған ержүрек ардагерлеріміз әрқашанда аман болсын!

Мұхтар ШАЛҒЫНБАЙ.

Обновлено 11.05.2020 10:44
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1300
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада7317
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда32884
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2203614

Серіктестер