Онлайн газет



ӨМІРІ ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ

Күндей күркіреп өткен Ұлы Отан соғысынан аман келіп, еңбегімен ел құрметіне бөленген әкем Малсақбай 1912 жылы көпбалалы отбасында дүниеге келді. Өткен ғасырдың жиырма, отызыншы жылдарындағы нәубатты басқан кешірген әкем  аштықтан аман қалу үшін көрші Қырғызстанға қоныс аударады.
Көп ұзамай қайтадан “2-Дихан” ауылына көшіп келіп, қара жұмыстың қазанында қайнап шынығады.

Ұлы Отан соғысына Саршаевтар отбасынан  екі азамат, атап айтқанда, әкем Малсақбай және оның кіші інісі Жекей майданға аттанады.
Әкем 1941 жылы Алматы қаласында жасақталған 15 кавалериялық полктің құрамында Мәскеу және Ржев қалаларын, одан соң 321-ші гвардиялық артиллериялық атқыштар-танкіге қарсы қорғаныс полкінде Орлов, Курск, Мәскеу, Белоруссия, Украина, Польша, Чехословакияның аумағын жаудан азат етуге қатысады.1945 жылдың 9 мамырында Жеңіс күнін әкем Берлин қаласына таяу жерде қарсы алған. Майдан даласында партия қатарына өткен.
Оқ пен оттың ортасында жүріп, алдыңғы шепте ұрыс салып шыңдалған әкем соғыста көрсеткен батырлығы үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, жауынгерлік медальдармен, 1945 жылдың мамыр айында Жоғарғы Бас Қолбасшы И.В.Сталиннің қолы қойылған Құрмет дипломмен марапатталады.
“Біз даңқ пен ордендер үшін соғысқан жоқпыз.Тәуелсіздігіміз бен ұрпақтарымыздың жарқын болашағы үшін күрестік,- деп отыратын әкем әңгімесінде.
1945 жылы елге оралған әкем бірден тың және тыңайған жерлерді игеру бағытындағы  қолға алынған: қант қызылшасын өсіруге бел буады. Ол басқарған қызылшашылар звеносы әр гектарынан 500 центнерден өнім жинап, өзі Бүкілодақтық халық шаруашылық жетістіктері көрмесінің Алтын медалімен наградталады. Бұдан соң елімізде қолға алынған екінші бағыт- Қазақстанда қой басын 50 миллионға жеткізу тапсырмасына сәйкес әкем Киров атындағы колхозда аға шопан болып, бірнеше жыл  мал бақты. 650 аналық қойдан 125-тен 150-ге дейін төл алып, жүн өткізуден топ жарды.
Егін және мал шаруашылығындағы жетістіктері үшін «Еңбек Қызыл Ту», “Құрмет белгісі” ордендерімен, “Еңбек ардагері”,“Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін”, “КСРО Қарулы Күштеріне 50 жыл” медальдарымен, социалистік жарыстың жеңімпазы белгісімен марапатталды.
Өндіріс озаты ретінде Малсақбай Саршаев социалистік жарыстарда жеңімпаз атанып, облыстық және республикалық озат мамандардың жиындарына қатысып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Аудандық және облыстық партия конференцияларына делегат болып сайланды.
Болмысынан әкем мейірімді, көпшіл, адамгершілік қасиеті биік болатын. Жеткен жетістігіне тоқмейілсімейтін, кісілігі мен кішілігі тең түскен, өте еңбекқор  еді. Өмір бойы “Қарапайымдылық адамды құрметті етеді” деген қағиданы ұстанып, өмір сүрді. Бойындағы жақсы қасиеттерді  жастар бойына сіңіре білді.
Анам Күлсіммен қос перзентін жоғары білім алып, ел игілігі жолында еңбек ететін азамат етіп тәрбиеледі. Өмірін еңбекпен өрнектеген әкем 1985 жылы 73 жасында, анам болса 92 жасында өмірден озды.
Әкемнің туған інісі туралы айтып өтсем деймін.  Ашаршылық жылдары Жекей Саршаев мемлекеттік балалар үйінде тәрбиеленеді. Қос тілді жетік меңгерген жас  жігіт 1941 жылы Алматыдағы жасақталған атты әскер полкі басшысының саяси және шаруашылық  бөлімінің орынбасарыміндетін мінсіз атқарады. Сұрапыл соғысқа қатысып, ерлігімен ерекшеленеді.
Соғыс аяқталған соң 1954 жылға дейін Калымияда Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде қызмет етеді. Тараз қаласында болып,  кейіннен Шымкент қаласындағы партия мектебін бітіріп, совет-партия органдарында қызмет атқарды. 1958 жылы Жамбыл ауданының “Куйбышев” совхозында  кәсіподақ комитеті және кадралар бөлімін басқарды.1988 жылы дүниеден озды, денесі “2-Дихан” ауылына қойылды.
Жеңіс күні келген сайын әкемді ардагерлер арасынан іздеймін. Бұл күні әкем және ағам Жекейдің әруақтарына құран бағыштаймыз. Немере-шөберемізге атасының ерліктерін айтып, оны мақтан тұтудың маңызын ұқтырамыз.

Рыскелді Саршаев,
майдангердің баласы.
“Тату” ЖШС-інің директоры.

Обновлено 11.05.2020 10:40
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін209
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада6226
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда31793
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2202523

Серіктестер