Онлайн газет



АРДАГЕРЛЕРДІ АРДАҚТАП, ҚАРТТАРДЫ ҚҰРМЕТТЕУ - ҰРПАҚҚА МІНДЕТ

Екінші дүниежүзілік соғыстың Жеңіспен аяқталғанына 75 жыл толады. Ел басына күн туған шақта Отан үшін отқа түсіп, өшпес ерлік жасаған майдангерлердің ерліктері тарих бетіне алтын әріппен жазылды. Сондықтан да Ұлы Жеңісті жақындатуда майданда да, тылда да жанқиярлықпен күреске түскендерге әрдайым құрмет көрсетіле беретін болады.

Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесіне орай Байзақ аудандық мемлекеттік архив мекемесінің директоры Мәрзия Еркебұланова Суханбаев ауылдық округіне қарасты Жақаш ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Өнербай Молдабаевтың шаңырағына арнайы барып, құттықтап, сый-сияпатын табыстады.
Өскелең ұрпақтың бақытты өмірі үшін қым-қуыт соғыста кеудесін оққа тосып, Отанымызды қорғаған ардагер атамыз құрмет көрсете келген қонақтарға тағылымы әңгіме айтып, алғысын жаудырып, ақ батасын берді.
“Біз қиыншылықты көп көрдік, ашаршылық, соғыс, соғыстан кейінгі ауыр жылдарда ауыртпалықты көре жүріп шынықтық. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде 18 жасқа толар толмастан майданға аттандым. 1944 жылы наурызда Кенингсберг қаласын азат ету кезінде тапсырманы орындап, жауынгерлерге жол ашқаным үшін “Қызыл жұлдыз”, кейіннен ІІ дәрежелі “Отан соғысы” ордендерімен марапатталдым.  Берлин үшін болған шайқаста ауыр жарақат алдым. Көретін жарығым бар екен, елге 1946 жылы оралдым. Соғыстан кейінгі жылдары шаруашылықты қалпына келтіруге біркісідей үлес қостым деп ойлаймын. Бүгінде ұл-қыздарымнан тараған немере, шөберенің қызығын көрудемін.
Мені сыйлап келіп жатқандарыңа мың алғыс. Қарақтарым, тыныштықтың қадірін біліңдер, әрбір атқан таңға шүкіршілік айтыңдар. Бір-біріңді сыйлаңдар, мейірімді болыңдар және бір-бірлеріңе жақсылық жасаңдар”,- деп сөзін түйіндеді қазыналы қария.
Өмірі өнегеге, әр сөзі ақылға толы ардагерді ұжым атынан құттықтаған Мәрзия Құлтайқызы: “Өмірдің қиындықтарын қайыспай жеңе білгендіктеріңіз үшін Сіздердің алдарыңызда бас иеміз. Деніңізге саулық, жақын-жуықтарыңыздың жылуына бөлене беріңіз. Ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат, ашық аспан мен амандық тілейміз”, – деді.

Өз тілшіміз.

 

 

Жеңіс күні қарсаңында Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Ж.Сүлейменовтың бастамашылығымен, ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Р.Құрымбаев, облыстық ПД ардагерлер ұйымының төрағасы Т.Шералин, Байзақ аудандық полиция бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы Ф.Жуанышевтің қатысуымен Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің отбасыларына  құрмет көрсетілді.
Атап айтатын болсақ, соғыс және полиция ардагерлері Сауытбек Рысбаев және Ниязбек Егембердиев Жеңіспен елге келген соң, еңбек жолдарын ішкі істер органдарында жалғап, басшылық қызметті абыройлы атқарды. Бүгінде олар арамызда болмаса да, айтулы  тұлғалардың жұбайлары Забира Егембердиева мен Райбүбі Рысбаеваға, тыл ардагері Сейдімхан Тлеуқұлов ағамызға облыстық Полиция департаменті ардагерлер ұйымынан бөлінген қаржылай сыйақы, Алғыс хат, «Біз біргеміз» атты сыйлықпен қатар, гүл шоқтары табысталды.

Асылхан Заурбеков,
аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі.

Обновлено 05.05.2020 10:00
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1685
mod_vvisit_counterКеше1540
mod_vvisit_counterОсы аптада5826
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда31393
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2202123

Серіктестер