Онлайн газет



БАСТЫ ТАЛАП – ӨНДІРІСТІ ТОҚТАТПАУ

Бұл туралы кеше ауданымызға іссапармен келген «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев аудандық партия филиалы активімен өткізген кездесуде айтты.

Ең алдымен Балабек Жанбекұлы алты құрлыққа ауыз салған әлемдік пандемия кезінде партия тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
«20 наурыз күні Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың алдында өзінің Үндеуін тастады. Онда осы коронавируспен күреске баршаны шақырған болатын. Осы Үндеуден кейін партия тарапынан 150 миллион қаражат бөлініп, ол қаржы Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласына берілген еді. Екінші көмек 200 миллион теңге Тұңғыш Президент қорынан бөлінді. Бұдан соң «Bizbirgemiz» республикалық қорына еліміздегі қолы ашық, жомарт азаматтар ақша тастай бастады. Ондағы жиналған қаржы 13 миллиард теңге көлемін құрады. Бұл қаражат Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің тапсырмасымен республикадағы 23 қалаға аударылды», - деді Балабек Нарбаев.
Сонымен қатар, «Bizbirgemiz» республикалық қорынан «Birgemiz – Jambyl oblysy» қорына 373,6 миллион теңге түсіп, тізімде тұрған 28 мың адамның 7 473 адамына 50 мың теңгеден көмек берілгенінен хабардар етті. Балабек Жанбекұлы 50 мың теңгелік әлеуметтік көмек алатындардың тізімі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесе бекітілгенін жеткізді. Және аталған әлеуметтік төлем аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, мүгедек баланы қараушылар, асыраушысынан айырылған балалар, ең төменгі зейнетақы алушылар және Ұлы Отан соғысының ардагерлері сынды жеті санаттағы азаматтарға тағайындалатындығын түсіндіріп кетті.
Бұдан бөлек төраға орынбасары кәсіпкер және жомарт жандардың арқасында аз қамтылған отбасыларға азық-түлік түріндегі де көмектер көрсетіліп жатқанын жеткізді. «Енді облыстық партия филиалы тарапынан не істелді, соған тоқтала кетейін. Облыстық партия филиалы, депутаттық фракция мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төраға – төрайымдары облыс бойынша бүгінгі күнге 82 миллион теңге қаржыға азық-түлік өнімдерін таратты» - дей келе, мұндай игі бастамаға үн қосып жатқан барша демеушілерге алғысын білдіріп, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, партия бірде-бір мұқтаж азаматты назардан тыс қалдырмайтынын тілге тиек етті.


Карантиндік режім бұдан кейін ұзара түссе әлеуметтік-экономикалық жағдай күрделене түсуі мүмкін. Сондықтан 11 мамырдан бастап антикризистік бағдарлама аясында жұмыс жүргізілуі тиіс. Онда барлық бағыттар мен атқарылатын жұмыстар нақты көрсетілген. Басты талап – жұмыс жасап жатқан өндірісті тоқтатпау. Осылай сөз қозғаған төраға орынбасары 42500 теңге әлеуметтік төлем туралы да өз ойын ортаға салды.
Өз кезегінде «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Нұржан Нұржігітов «Bizbirgemiz» республикалық акциясы аясында ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. «Осы уақыт аралығында 11 миллион теңгеден астам қаржыға мыңнан асатын адамға азық-түлік өнімдерінен көмек көрсетілді. Ауданның белсенді азаматтары, мердігерлер, кәсіпкерлер қорға ақшалай көмектерін берсе, енді бірқатары орталық мешітте мал сойып, апта сайын тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасыларға таратуда. Облыстық бюджеттен күрделі, орта, ағымдағы жөндеу жұмыстарына 15 миллиард теңге қаражат келу көзделуде. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша 6,2 миллиард теңге, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 1,7 миллиард теңге, даму бюджетінен 6,8 миллиард теңгеге жуық қаражатқа жиырма нысан жаңадан бой көтереді. Екі миллиард теңге қаржы жолға қаралып отыр. Оған 150 шақырымдық жолға жаңадан асфальт төселеді. 
42500 теңге әлеуметтік төлемге аудан бойынша 24,5 мың адам қол жеткізді. Көктемгі дала жұмыстары жоспар бойынша жүргізілуде. Бізді қинағаны – он төрт елді мекенде тұратын 35 келісім шарт негізінде әскери бөлімде қызмет атқаратын азаматтар болып отыр. Солардың төртеуі коронавирус инфекциясын жұқтырса, 31-і карантинде жатыр» - деді Нұржан Молдиярұлы.
Актив жиынынан кейін Балабек Жанбекұлы сарыкемерлік тұрғын, мүмкіндігі шектеулі ардагер – зейнеткер Цой Олег Николаевичтің отбасына барды. Емен – жарқын жүздесу барысында өткен күндерден сыр шертіліп, мерекелік лебіздер айтылды. Облыс деңгейінде алдыңғы қатардан көрінетін К.Әзірбаев атындағы балалар саз мектебінде зейнеттік демалысқа шыққанша еңбек еткен Олег Николаевичке мүгедектер арбасы мен азық – түлік өнімдері салынған қорапша табыс етілді. Осындай қайырымдылық шарасы сарыкемерлік көпбалалы отбасы, сегіз баланың анасы Шолпан Сұлтановаға да көрсетілді.


Іссапарда «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бәйтерек ауылдық округіндегі «Арзан», Бурыл ауылдық округіндегі «Дана» супермаркеттерін аралап, ондағы шекті бағамен сатылып жатқан әлеуметтік маңызы бар тоғыз түрлі тауарлар бағаларының тұрақтылығына көз жеткізді. Сонымен қатар, араланған әрбір сауда орындарындағы тазалық жұмыстары да назардан тыс қалмады.
Бұдан соң төраға орынбасары жоғары сұранысқа ие форель балығын өсірумен шұғылданып жатқан «Салимова Е» шаруа қожалығымен және Көктал ауылында орналасқан «Алель Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тыныс – тіршілігімен танысты.
Аудан әкімдігі архитектура, қалақұрылысы және құрылыс бөлімінің тапсырысы негізінде Бурыл ауылдық округінде іргетасы қаланып жатқан 300 орындық жаңа мектеп құрылысында болған төраға орынбасары ондағы жұмыстарға оң бағасын берді. Ағымдағы жылдың наурыз айында басталған құрылыс жұмыстары келесі жылы маусым айында аяқталмақ.
Жұмыс сапары соңында Балабек Нарбаев аудандық партия филиалына қарасты бастауыш партия ұйымдарынан тұрмыс жағдайы төмен, мұқтаж отбасылар тізімін қалыптастыру, праймеризге дайындықты күшейту, кадрлық резервте тұрған партия мүшелерін толықтай зерделеу, әлеуметтік желілердегі теріс ақпарат жасаған азаматтарға партия атқарып жатқан жұмыстарды дер кезінде түсіндіру, аудандағы саяси ахуал тұрақтылығын анықтау,  «Bizbirgemiz» акциясын жалғастыру мен антикризистік бағдарламаны қолға алып, комиссия мүшелерімен атқарылған жұмыстарды қадағалауды тапсырды.
Іссапар барысында Балабек Жанбекұлымен бірге «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Нұржан Нұржігітов, аудандық мәслихаттың хатшысы Нұржан Тлепов, аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шолпан Байтақова болды.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ.

Обновлено 04.05.2020 10:23
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1466
mod_vvisit_counterКеше1540
mod_vvisit_counterОсы аптада5607
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда31174
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2201904

Серіктестер