Онлайн газет



АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛУДЕ

Бүгінгі таңда, Қытайдың Ухань қаласынан шыққан COVID-19 деп аталатын коронавирус инфекциясын жұқтырған және қайтыс болған адамдар саны өсіп отырғаны жасырын емес. Қазірдің өзінде 158-ден аса елді қамтыған індеттің қауіптілігі әлемді алаңдатып отыр. Қазақстанда  коронавирус жұқтырған адамдар тіркелді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің  ресми сайтында жарияланды.

Коронавирустар - бұл адамдар мен жануарлар арасында таралған вирустардың үлкен тобы. Вирус сыртқы ортаға тұрақсыз, жоғары температурада тіршілігін жояды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты пандемия деп жариялады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы» Жарлығы үстіміздегі жылдың 15 наурызынан қолданысқа енді. Күні кеше теледидардан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  Қазақстан халқына Үндеуін жолдады.
Коронавирустық инфекцияның алдын алу  және оның таралуына жол бермеу мақсатында аудан әкімдігінің №68 қаулысы шықты. Осы қаулыға сай аудандық штаб құрылып, құрамы бекітілді. Қазіргі таңда індеттің алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыстар атқарылып, үгіт-насихат жұмыстары кең көлемде жүргізілуде. Арнайы құрылған мобильдік топ мүшелері барлық елді мекендердегі білім беру, денсаулық сақтау, меншік түріне қарамастан әлеуметтік нысандарды аралап, Денсаулық сақтау министрлігінің талаптарын  қатаң сақтау қажеттігін, талапты орындамағандарға әкімшілік шара қолданылатындығын жеткізуде.
Төтенше жағдай кезінде ауданда бүкіл республика бойынша  cекілді ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шаралар, сондай-ақ жаппай отбасылық салтанат пен дәстүр-жоралғыларды өткізуге тыйым салынды. Кафе мен мейрамханалардың жұмысы кешкі 22:00 сағатқа дейін шектеледі, келушілер саны 50 адамнан аспау керек.
Ірі сауда - саттық орталықтарының жұмыс істеуі үшін де тиісті шектеулер енгізіліп отыр. Олардың жұмыс режимі сағат 10:00-нан 18:00-ге дейін белгіленді. Азық-түлік дүкендері мен базарлар санитарлық және дезинфекциялық шараларды күшейте отырып,  қалыпты режимде жұмыс істейтін болады. Балабақшалар медициналық және санитарлық бақылауды күшейте отырып, әдеттегі режимде жұмыс істеуді жалғастырады. Ал мектептен тыс қосымша білім беру мекемелері өз жұмысын тоқтатты.
Алдын алу шараларына келетін болсақ, қарапайым қағидаларды сақтаған жөн. Атап айтқанда, қол және тыныс алу жолдарының гигиенасын сақтау, қолды 20 секунд бойы сабынмен мұқият жуу, сабын болмаса, антисептиктерді, спиртті, санитайзерлерді қолдану; бөлмені желдету; жиі қолданылатын заттарды залалсыздандыру құралдарымен сүрту. Жіті респираторлық инфекциялармен ауыратын адамдармен тығыз қарым-қатынас жасамау, адам көп жиналатын жерлерден алшақ болу, суық тию белгілері (жоғары температура, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болған жағдайда, тез арада үйге жедел жәрдем шақыру керек. Сонымен қатар, эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанға дейін ҚХР-ға және коронавирус ауруы тіркелген елдерге бармаған абзал.Сапар кезінде немесе сапардан кейін респираторлық аурудың симптомдар пайда болған жағдайда медициналық көмекке жүгіну және өзінің Сапар тарихын емдеуші дәрігермен бөлісу ұсынылады.
Коронавирустың алдын алу немесе емдеу үшін бекітілген вакциналар немесе вирусқа қарсы препараттар жоқ. Осыған орай ауданның әр тұрғыны аталған індеттің қауіптілігіне жеңіл қарамай, асқан жауапкершілікпен қарап, Денсаулық сақтау министрлігінің әзірлеген нұсқауларын бұлжытпай орындауға шақырамыз.
Бүгінгі таңда дәріханаларда бетперденің тапшылығы туындауда. Осыған орай, тұрғындар назарына бетперде мен антисептик дайындау тәсілін ұсынып отырмыз.
ДДСҰ ұсынысы бойынша құрамында спирті бар қарапайым гельді антисептикті дайындау тәсілі мынадай:
- 800 мл этил спирті;
- 40 мл сутек тотығы (перекись водорода);
- 15 мл глицерин.
Бұл компоненттерді араластырып, аздап таза  немесе қайнаған су құю керек. Нәтижесінде шамаммен 1 литр антисептик шығады. Оны ыдыстарға бөліп құйып қоюға болады. Мұндай антисептикті қол жууға мүмкіндік жоқ кезде жиі қолдану керек. Ал, мүмкіндік болса, қолды аз дегенде 20 секунд бойы сабындап жуу ұсынылады.
Тігіншілер назарына: 8 қабатталған медициналық бетпердені тігу барысында өнім мемлекеттік стандартқа сай болуы тиіс.
Бетперде мұрын, ауыз, бетті толығымен жабуы тиіс. Ол үшін бетперденің ұзындығы 25 см, ені 17 см болуы керек. Бетпердені таңу ұзақтығы 3 сағат ұсынылады. Пайдаланар алдында бетпердені жуып, үтіктеу қажет.
Аудан тұрғындарының коронавирус бойынша  қандай бір сұрақтар туындайтын болса 1406 нөмірі бойынша Call-орталығына хабарласа алады.
Кеше Мемлекет басшысы халыққа жолдаған Үндеуінде коронавирустың таралуына байланысты елімізде төтенше жағдай енгізілгендігін, қауіпті дертке қарсы күресті бірлесіп жүргізуге, қорғану шаралары мен қоғамдық тәртіпті қатаң сақтауға шақырды. Сондықтан, ауданның әрбір тұрғыны қабылданып жатқан шараларға түсіністікпен қарап, тазалыққа үлкен мән берсе екен дейміз.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1538
mod_vvisit_counterКеше1540
mod_vvisit_counterОсы аптада5679
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда31246
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2201976

Серіктестер