Онлайн газет



ҰЛЫ АБАЙ - КҮЛЛІ ШЫҒЫСТЫҢ ШОҚТЫҒЫ БИІК ТҰЛҒАСЫ

Бүгінгі таңда еліміз, бүкіл түркі әлемі, прогрессшіл адамзат қазақтың Ұлы ойшыл ақыны, композитор, философ, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, алғашқы классигі, данышпан, біртуар перзенті Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуын атап өтуге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ  ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы аясында мерейтойды атап өту іс-шаралары белгіленіп, басталып та кетті.

Ұлы ақын 1845 жылы 10 тамызда бұрынғы Қарқаралы округіне қарасты Шыңғыс тауының баурайында, Қасқабұлақ күзегінде туылған. Әкесі Құнанбай Өскенбайұлы сол маңайдағы қазақ руларының ішіндегі байының, биінің, беделді адамдарының бірі болған. Патша үкіметі оны кезінде Қарқаралы дуанының аға сұлтаны етіп сайлаған. Абай, Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжаннан туады. Ұлжан ана Абайдан басқа Тәкежан, Ысқақ және Өскен деген ұлдарды дүниеге әкелген.
Абайдың шын аты – Ибраһим. Сол жылдары Құнанбайдың үйіне Ешен әулие келіп, өзінің Түркістанға зират етіп барғанын, Қожа Ахмет Яссауидің әкесі Ибраһимнің басына түнеп жатып жақсы түс көргенін айтып, жақсылыққа жорығанын айтады. Зере әже Ешен әулиені жоралғысын жасап ырза етіп, Құнанбайға келесі баланың атын Ибраһим қой деді. Абайдың азан шақырып қойған есімі Ибраһим осылай қойылған. Кейіннен шешесі еркелетіп «Абай» деп кеткен.
Құнанбай Ислам дінін қатты ұстаған. Өз округіне қарасты ауылдардан мұсылманша оқитын мектептер ашып, балаларды оқытуды ұйымдастырған. Абайды Ғабитхан деген татар молдасына сабаққа берген. Молдадан 3-4 жыл сабақ алған Абайдың зеректігін байқаған соң, оны Семей қаласындағы мұсылман имамы Ахмет Ризаның медресесіне береді. Бұл медресенің бір ерекшелігі – дін сабақтарына тарих, поэзия, математика, философия сияқты дүниетану пәндерін араластыра оқытуды қажет көретін ағымның өкілі болады. Құнанбай медресенің осы ерекшелігін ерекше байқап, Абайды беруінің себебі де сол болған.
Медреседе 4 жыл оқыған Абай парсы, араб және Орта Азия әдебиеті классиктерінің шығармаларымен танысып, соларға еліктеп қысқаша өлеңдер жаза бастайды. Бірақ ол кезде әкімшілік жұмыстарынан қол үзуге айналған, тек дінмен біржола шұғылданып, Меккеге қажылыққа баруға дайындалған Құнанбай ел басқару істеріне келешекте өзінің орнын басады деген үмітпен Абайды 13 жасында оқудан шығарып, қасына алады. Ел басқару ісіне жастайынан араласқан Абай, қазақтың білгірлері, шешендері, ақындары, әнші-күшілері сияқты өнер иелерімен жиі кездесіп, өз халқының рухани мәдениет жүйесімен жақсы танысады. Өзі де билермен өнер иелері үлгісіне шешен сөйлеуге төселеді. Сөздері ұтымды, маңызы қою, билік шешімдері тұжырымды. Ел ішінде осындай ерекшелігімен танылған Абай 25 жасында Қоңыр Көкше еліне болыс болып сайланған. Осы кезде Патша үкіметі ел басқарудың би-болыстық  жүйесін енгізіп, елді ауыл-аймақты, ру-руды бір-біріне сайлауалды айдап салып, қазақты тоздырудың әрекетін жасап жатқан саясаты болатын. Абай осы қарама-қайшылықтарға тап болды. Ауыл арасында барымта, ұрлық, зорлық-зомбылық сияқты істерді қисық деп санап, дұрыс шешімін табуға талаптанған. Патша үкіметінің озбыр саясатының кесірінен ел ішінде әкесі баласының үстінен, баласы бауырының үстінен  арыз жазды. Ұлттық мінезіміз сол кезде өзгерді. Патшаға сол керек еді. Абай осыны көрді.
Осы қоғамда тіршілікте болып жатқан қарама-қайшылықтарды оңды шешуде, бай-болыстардың, қолында байлығы бар қарулылардың сөзі жүріп, дау-дамайды әділетті шешуге мүмкіндік бермеді. Әділетке ұмтылған Абай халқына пайдалы санаған ойларын өлең тілімен, үгіттеп жеткізуге кіріседі. Абайша айтқанда ақындықтың құралы – тіл. «Өткірдің жүзі. Кестенің бізі» - яғни көркем өлеңнің басқа түрлерінің ешбір құралы тікелей өткір бола алмайды. Бұл Абайдың жазушылығы 40-ты  алқымдаған кезі болатын. Абайға дейінгі қазақ әдебиетінің ең күшті жырлары, кең тарағандары ауызша шешендік сөз бен өлең жыр болатын. Қазақ даласының тыныс-тіршілігі негізге алынған еді.
Абай поэзиясы түгелімен лирикалық өлеңдерден тұрады. Онда табиғаттың бейнесін, адам портретін жасауға, оның ішкі-сыртқы мінездерін айқын суреттермен өте шебер көрсеткен. Мезгіл тақырыбына жазған өлеңдерінен, табиғат көріністерінен басқа ауылдың әлеуметтік өмірде, бай мен жарлының тұрмысындағы айырмашылық-та көрініс тапқан. Мысалы, «Жазғытұры», «Жаз», «Күз», «Желсіз түнде жарық ай» сияқты өлеңдері ірі шебердің қолынан шыққан ғажап суреттердей өте көркем, өте ұғымды. Абай шетел классиктерінің шығармаларын оқып, танысып қана қоймай, оны қазақ тілінде сөйлеткен. Ақын орысша кітаптарды көп оқиды. А.Пушкиннің «Татьянасын», Гетенің «Қараңғы түнде тау қалғып» т.б. орыс классиктері Ю.Лермонтов, И.Крыловтың біраз шығармаларын қазақ тіліне аударған. Шетел классиктерінің шығармаларымен қазақ мәдениетін толықтыра түскен.
Абай ежелгі Грекияның атақты ғалымы Аристотельдің философиясын және әдеби шығармаларын толық оқыған. Сол кездің атақты данышпаны Сократты білетіндігі  шығармаларынан көрініп отырады.
Абайдың асқан ойшылдығы оның діні талғам-танымынан да айқын көрінеді. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Рас сөз ешуақытта жалған болмас» дейді. Осылай отыз сегізінші қара сөзінде Аллаға деген көзқарасын толық білдіреді. Өзінің шығармашылығында махаббат сырын бейнелеуде де алдына жан салмаған жүйрік әрі композитор. Оның «Жарық етпес қара көңілім не қылса да», «Айттым сәлем Қаламқас», «Көзімнің қарасы» т.б. әндері қазақ әндерінің алтын қорын құрайды. Қазақтың классикалық поэзиясының асқар шыңы болып саналатын – Абайдың мол мұрасының бірі – проза жанры. Соның ішінде моральдық-философиялық, қоғамдық-саяси және кейіптік-сатиралық ой-толғаулары болып табылатын «Қара сөздері» маңызды орын алады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің мақаласында «Абай туындыларының мазмұны жалпыадамзаттық құндылықтарға толы. Оның қара сөздері – әлем халықтарының ортақ қазынасы. Бұл – классикалық үлгідегі өнегелі ойлар шоғыры. Нақыл сөз, ғибратты сөз, ғақлия сөздер деп әрқилы аталғанымен, бұл ерекше – жанар» деп ерекше атап отыр.
Абай елдің алға жылжуы, өркендеуі үшін қазақтың дамылсыз оқып үйренгенін қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын саралап берді.Сонымен қатар, ақын өлеңдеріндегі «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын», «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар еңбегің мен ақылың екі жақтан» - деген қазыналы ойлар тастайды. Ұлы ақын өзінің шығармаларында елдік мұратты асқақтатып, ұлт бірлігін биіктетті. Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев мақаласында «Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты. Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Ғұлама Абай – қазақ шаңырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады» деп баға берді. Біз Абай өсиетін оқу түсіну арқылы ұлттық кодымызды сақтай аламыз.
Ұлтымыздың Ұлы ойшылы, шығыстың шоқтығы биік тұлғасы ұрпаққа: «Әсемпаз болма өнерге, өнерпаз болсаң арқалан, сенде бір кірпіш дүниеге.Кетігін тапта бар қалан деп» өсиет қалдырып, біздерге өз икеміне қарай, қоғамға пайда келтіретін еңбекпен айналысып орныңды тап деп ақыл-кеңес беріп отыр.
Абай ілімі – біздерге келешекке бағыт-бағдар беретін тәрбиенің қайнары. Ұлы Абай – Ұлт келбеті.

Әділхан Садуақасов,
ауданның Құрметті азаматы.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін108
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада6125
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда31692
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2202422

Серіктестер