Онлайн газет



ЕРЛІК ҮЛГІСІН КӨРСЕТКЕНДЕРГЕ ҚҰРМЕТ

Бүгін - Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толады. Айтулы дата қарсаңында, аудан әкімі Нұржан Нұржігітов Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің бауырларын қабылдады.

Аудан басшысы Ауған соғысының тарих бетінен алатын орнын атап өтіп, аталмыш шайқасқа ауданнан 68 азаматтың қатысып, ерлік көрсеткеніне тоқталды. Бүгінде арамызда жүрген ардагерлердің жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеуге белсене атсалысып жүргенін және даңқты батырларға әрдайым құрмет көрсетіле беретінін жеткізді.
Қабылдау барысында Нұржан Молдиярұлы жат жерде ерлік жасап, мерт болған “Қызыл жұлдыз” орденінің иегерлері жетібайлық  Қайрат Сүлейменовтің ағасы Қоныс Сүлейменовке және кеңестік Ерғали Теміртаевтің інісі Мейірғали Теміртаевқа, жақаштық Нүркен Абдуалиевтің інісі Нұрбек Абдуалиевке сый-сияпат жасады.
Ауған соғысы ардагерлерінің бауырлары атынан  сөз алған Қоныс Сүлейменов құрметі мен қамқорлығы үшін аудан әкіміне ризашылығын білдіріп, ел игілігі жолындағы еңбегіне табыс тіледі.
Кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Нұржан Тлепов, аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов, қорғаныс істер  жөніндегі бөлімнің бастығы, полковник Көпбосын Нұрдинов,  аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, аудандық ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Сәкен Сыздықов пен аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Иманова қатысты. Кездесу соңы естелікке суретке түсуге ұласты.

*    *    *
Осы күні мекеме, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, интернационалист - жауынгерлер мен аудан тұрғындары Сарыкемер ауылындағы Ауған соғысы құрбандарына орнатылған ескерткіш маңына жиналды. Жиынға қатысушылар соғыста құрбан болған және дүниеден өткен жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Еске алу жиынында сөз алған аудан әкімі Нұржан Нұржігітов жат жердегі соғысқа біздің ауданнан қатысқан алпыс сегіз азаматтың үшеуі ерлікпен қаза тапқанын, олардың қатарында жетібайлық  Қайрат Сүлейменов, кеңестік Ерғали Теміртаев, жақаштық Нүркен Абдуалиевтің бар екенін, Отанын сүйген, қиын да сындарлы сәтте жандарын жалау еткен Ерлердің есімі еш ұмытылмайтынын, өз ауылдарындағы көшелерге олардың есімдері берілгенін атап өтті. Сонымен бірге, суырыпсалма ақындығымен елімізге кеңінен танылған Әзімбек Жанқұлиев те Ауған соғысына қатысып, ерлік көрсеткенін, бүгінде ауданда 79 интернационалист – жауынгер тұрып жатқанын жеткізді. Олардың қатарында өмірінің жастық шағын от пен оқтың ортасында өткізген «Қызыл жұлдыз» орденінің қос иегері Берік Молдашбаев, Болатбек Саттаров, көптеген медаль иегерлері атанған Ғазиз Иманбаев, Ерғали Мәдешов, Болдыбек Аянбаев, Болат Еменов, Болат Жылысбаев, Қайрат Бейбітов, Жанат Ахметов, Алик Зиятбеков, Махмут Такеев,  тағы да басқаларын атауға болады.
Бұдан соң аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, полковник Көпбосын Нұрдинов, Ауған соғысының ардагері Нұрболат Жылысбаев ретімен сөз алып, Ауған соғысы тарихында қазақстандық сан мыңдаған жауынгердің тағдыры мен ерлігі жазылғанын, сол соғысқа қатысқан жауынгерлердің ерлігі келер ұрпаққа өнеге боларына сенім білдірді.
Мереке қарсаңында, Ауған соғысы ардагерлеріне отыз мың теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек есепшоттарына аударылып, туған жерге келіп бейбіт күнде өмірден өткен Ауған соғысы ардагерлерінің жесірлеріне де көмектер көрсетілгенін айта кетейік.

Мұхтар ШАЛҒЫНБАЙ.

Обновлено 17.02.2020 10:46
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін232
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада6249
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда31816
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2202546

Серіктестер