Онлайн газет



ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ

Алдын ала белгіленген кестеге сәйкес, аудан басшысы аудан аумағындағы ауыл, ауылдық округтерде тұрғындар алдында есеп бергені белгілі. Ал, кеше аудан әкімі Нұржан Нұржігітов әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде аудан тұрғындары алдындағы қорытынды есебін берді.
Есепті жиынға облыс әкімі Асқар Мырзахметов, облыс әкімдігінің аппарат басшысы Рүстем Дәулетов, облыс әкімдігінің бірқатар басқарма басшылары, аудандық ардагерлер кеңесі, бөлімдер мен мекемелердің басшылары, ауыл және ауылдық округ әкімдері, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және тұрғындар қатысты.

Басқосуда сахна төріне көтерілген Нұржан Молдиярұлы ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларымен бөлісіп, үстіміздегі жылға арналған мақсат-міндеттерді саралады.
Өз баяндамасын: "Есепті кезеңде ауданның жергілікті атқарушы органдарының жұмысы Жолдау жүктеген міндеттерді, яғни, экономиканы өркендету, халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында, тұрғындарды толғандырып жүрген мәселелерді шешуге бағытталған. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша өндірілген өнім көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 30818,1 млн. теңгеден 38677,4 млн. теңгеге жетті. Сондай-ақ, өткен жылы жалпы шығарылған өнім көлемі 64,4 млрд. теңгені құрады», - деп бастады. Сонымен қатар, Нұржан Молдиярұлы слайд арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру үлесі, каналдарға жүргізілетін күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары, сатып алынған жаңа ауыл шаруашылығы техникалары, шаруашылықтарға төленген субсидиялар, жер ресурстары, ветеринария, өнеркәсіп, үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін несиелендіру, денсаулық сақтау, бұқаралық спортты дамыту, білім беру, мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету, мәдениет, автомобиль жолдары, ауыз су жүйесіне қосылу, елді мекендерді газбен жабдықтау, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы, жұмыспен қамтамасыз ету, «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында ауылдардың жылдарға бөлінісі, үш жылға ауданның экономикалық дамуына жұмсалатын қаржы көлемі жөнінде баяндады.


Баяндамасын қорытындылаған аудан әкімі Мемлекет басшысының Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыруға жұмылып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу қажеттігіне тоқтала келе, алдағы уақытта да ауданды көркейте беруге айшықты істер жасалатынын жеткізді.
Халық алдындағы есепті кездесуде аудан тұрғындары жылдық жұмысқа лайықты баға беріп, алғыстарын білдірді.
Ұсыныстары мен өтініштерін айтып, сауалдарына нақты жауаптар алды. Олардың қатарында Сарыкемер ауылы ішінен жүргізіле бастаған қоғамдық көлік қатынасының жүру уақыты аралығын қысқарту, Бурыл ауылына салынатын мәдениет үйі құрылысын биылдан бастау, Көкөзек ауылында орналасқан Т.Ақбозов атындағы орта мектебінің жылыту қазандығын газға қосу, Ақшолақ елді мекенінде жайылым тапшылығы, Жақаш ауылындағы «Ш.Әйтімбетов» көшесінің қалған бөлігін асфальттау, Сеңкібай ауылынан бой көтеретін жаңа мектепті 100 орыннан 150 орынға көбейту, жастарға бөлінетін грант, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында несие лимитін арттыру, Сарыкемер ауылында жалдамалы көпқабатты тұрғын үй салу туралы мәселелер бар. Блогер тарапынан газдандырылған елді мекендердегі тұрғындарға газ кіргізу бағасының жоғары екендігі, сол мәселені шешу жолдары, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында атқарылған жұмыстар жөнінде жергілікті тұрғындарды кеңінен ақпараттандыру туралы ұсыныс айтылды. Кездесу барысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстарға аудан басшысы нақты жауаптар қайтарды. Бұдан соң Түймекент ауылдық округінің тұрғыны Жомарт Мұхамбетжанов пилоттық жобаға енген ауылдық округ тұрғындары атынан облыс және аудан басшылығына ризашылығын жеткізді. Ал, қант қызылшасын егіп, оны Тараз қаласындағы «Қант» зауытына өткізген шаруалардың көтерген мәселесіне байланысты облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев тұшымды жауап қайтарды. 
Есеп беру жиында облыс әкімі Асқар Мырзахметов сөз сөйлеп, кездесуде тұрғындар тарапынан аудан әкімі Нұржан Нұржігітовке қойылған сұрақтарға қайтарылған жауаптарды толықтыра отырып, саяси тұрғыдан жауап берді. «Бір жылда өңірдегі 49 елді мекенді таза ауыз сумен қамтамасыз еткелі отырмыз», - деген облыс басшысы қант қызылшасын арттыру туралы да ойын ортаға салды. Нарықта бәсекелестіктің болмауы нәтижесінде қаладағы қант зауытына тәуелді болып отырғанымызды жасырмады. Пилоттық жобаға орай, республика көлемінде бұл қанатқақты жобаны дәлелдеу керектігін алға тартып, жағдайдың барлығы жасалғанын, ендігі кезекте тездетіп жұмыс жасау қажеттігін жеткізіп, жұмыла іске кірісуге шақырды.
«Тағы да бір мәселе, осымен бесінші аудан әкімінің есебіне қатысып отырмын. Барлық есеп беру жиынында әлеуметтік мәселеге байланысты сұрақтар көптеп көтеріледі де, экономикалық бағытта мәселе көтерілмейді. Бүгін тек қант қызылшасына қатысты мәселе айтылды. Осы ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен кәсіпкерлері осы ауданның халқы болып есептелмей ме? Ондай болса әлеуметтік мәселеден бөлек бұл неге көтерілмейді?
Айталық, ауыл шаруашылығын қайта өңдеуге қатысты негізгі капиталға салынатын инвестиция бойынша біз ауданға индикатор қойдық. Кемінде 1 млрд. теңге болатын болсын дедік. Ал, оның орындалғаны небары 500 млн. теңге. Тауар өндірушілер өз жобаларын ұсынып, неге көмек сұрамайды? Өйткені, экономиканы көтере алмайтын болсақ, онда мынау әлеуметтік мәселені қалай шешеміз. Осыған да көңіл бөлу керек. Ауданда жаман жұмыстар жүрмеген сияқты, нәтиже бар. Сондықтан, біз де соған қосыламыз. Биылғы жыл одан да табысты болсын», - деп сөзін түйіндеді.
Жиын соңында өткен жылы атқарылған істерге аудан тұрғындарының көңілдері толатындығы айтылып, аудан әкімінің есебіне "қанағаттанарлық" деген баға берілді.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ.

Обновлено 10.02.2020 10:54
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін535
mod_vvisit_counterКеше435
mod_vvisit_counterОсы аптада970
mod_vvisit_counterӨткен аптада3427
mod_vvisit_counterОсы айда1968
mod_vvisit_counterӨткен айда13626
mod_vvisit_counterБәрі1228240

Серіктестер