Онлайн газет



АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛДЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт  Тоқаевтың «Сындырлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айқындалған негізгі міндеттерді жүзеге асыру және Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 2 қарашадағы «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының  негізінде аудандық Қоғамдық кеңесі атқарушы билік пен азаматтық қоғамның арасындағы дәнекер, әрі ақыл қосушы мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуші, бақылаушы орган ретінде өзіне жүктелген міндеттерді өз өкілеттігі аясында атқарып келеді.

Қоғамдық кеңесте 2019 жылы алдын-ала бекітілген іс-жоспар бойынша 6 қоғамдық кеңестің отырысы, 6 төралқа отырысы, 28 комиссия отырысы өткізілді. Сонымен бірге кеңеске келіп түскен 28 нормативті-құқықтық акт жобалары  кеңес жанынан құрылған тиісті комиссияларда талқыланып, сәйкесінше 28 ұсыным аудан әкімі мен аудандық мәслихат хатшысына берілді.
Аудандық Қоғамдық кеңестің қызметінің ашықтығын, жұмысының пәрменділігі мен жариялылығын дамыту мақсатында әрбір атқарылған іс-шараның қорытындысы ақпараттық жүйелерде жарияланып отырды. Өткен жылы атқарылған жұмыстар аудандық «Ауыл жаңалығы»-«Сельская новь» газетінде 13 мақала, Байзақ ауданы әкімдігінің ресми сайтында (bayzak.zhambyl.kz) және Жамбыл облысы Қоғамдық кенес сайтында (q-kenes.kz) 13 мақала жарық көрді. Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастырған насихаттаушы топ құрамына 7-қоғамдық кеңес мүшесі лектор ретінде енгізілген. Аталған топ жоспар бойынша аудандағы елді мекендерді аралап, Елбасының Жолдауын, бағдарламалық мақалаларын, сонымен бірге тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына байланысты мәселелерді түсіндіру жұмысын жүргізді. Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына арналған дәстүрлі Жолдаулары соның ішінде: Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын тұрғындарға түсіндіру мақсатында құрылған ақпараттық топқа Қоғамдық кеңес мүшелері қатысып, түсіндіру жұмысын жүргізді. Сондай-ақ, әртүрлі тақырыптарда ұйымдастырылған дөңгелек үстел отырыстарына кеңес төрағасы бастаған оның мүшелері қатысып белсенділік танытып келеді.
Қоғамдық кеңестің негізгі жұмысының бірі «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының және басқа да заңдардың аясында аудан тұрғындарының талап-тілектерін, мұң-мұқтажын анықтау мақсатында кеңес мүшелері қоғамдық қабылдауларға қатысып, жеке азаматтардың өтініштерін, пікірлерін, ұсыныстарын тыңдап, олардың шешімін табуға түсініктеме, ұсынымдар беріп отырады. Өткен жылы кеңес мүшелерінің қатысуымен ауданда 60 жеке азаматтарды қоғамдық қабылдау жүргізген. Қоғамдық қабылдауда аудан азаматтарының көтерген негізгі мәселелері: көпбалалы отбасыларына атаулы әлеуметтік көмек туралы, жеке мәселе, тұрғын үй учаскесіне байланысты, туу туралы куәлікке өзгеріс енгізу, жұмысқа орналасу сияқты мәселелер көтерілген. Аталған мәселелерді шешу жолын қоғамдық кеңес мүшелері түсіндіріп, шешімін табуға нақты ұсыныстар берген.
Аудан әкімдігі жанынан құрылған аудан халқының тыныс-тіршілігіне қажетті мәселелерді, құқықтық тәртіпті бақылау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатындағы комиссиялар жұмыс атқаруда. Осы комиссиялардың құрамына қоғамдық кеңес мүшелері қатысып проблемалық мәселелерді шешуде белсенділік көрсетуде. Қоғамдық кеңес қоғамдық мүдделерді қорғауға бағытталған заң берген өкілеттіктер аясында қоғамдық комиссия мүшелерінің қоғамдық мониторинг, қоғамдық тыңдау және мемлекеттік орган басшылары жұмыстарының нәтижелері туралы есептерін тыңдау формалары арқылы өз жұмысын жүргізе отырып, кеңес отырысында берген ұсыныстардың орындалу нәтижесіне бақылау жүргізеді.
2019 жылдың 15 ақпанында Қоғамдық кеңестің отырысы өтіп, күн тәртібінде Байзақ ауданының Қоғамдық кеңесінің төрағасын, хатшысын сайлау туралы» мәселелер қаралды. Қоғамдық кеңестің шешімімен аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы болып Ж.Құмғанбаев, кеңес хатшысы болып Ж.Айтқұлов сайланды.
2019 жылдың  20 ақпанында өткен Қоғамдық кеңес отырысында Байзақ ауданының әкімі Рахманбердиев Рахматілдә Сегізбайұлының «Байзақ ауданының 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері және 2019 жылға міндеттері туралы» есебі тыңдалды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда артығымен орындалғаны атап көрсетілді.
Қоғамдық кеңестің 2019 жылдың 19 маусымында өткен келесі отырысында «Байзақ ауданы әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Жүзбаев Қанай Әлібекұлының 2018 жылғы аудандық бюджеттің атқарылуы туралы» есебі тыңдалды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша аудандық бюджет түсімдері мен  жоғары тұрған бюджеттен алынған ресми трансферттер бойынша есепті мерзімге жоспары 13913,9 млн. теңге болса, нақты түскен сомасы 13947,1 млн. теңгені құрады. Орындалуы 100,2%-ға қамтамасыз етілді.Аудан бюджетінің өзіндік кірістері жоспары 1420,7 млн. теңге болса, нақты түскені 1453,8 млн. теңгені құрады. Орындалуы 102,3%-ға қамтамасыз етілді немесе жоспардан артық 33,1 млн. теңге түсті. 2018 жылдың қорытындысы бойынша аудандық бюджет түсімдері мен жоғары тұрған бюджеттен алынған ресми трансферттер бойынша есепті мерзімге жоспары 13913,9 млн. теңге болса,  нақты түскен сомасы 13947,1 млн. теңгені құрады. Орындалуы 100,2%-ға қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, аудан бюджетінің атқарылуын Қоғамдық кеңестің отырысында қарағанға дейін жұмысшы тобы құрылып, бюджеттің атқарылуына зерделеу жұмыстарын жүргізген болатын. Зерделеудің қорытындысы бойынша біраз кемшіліктер анықталды. Аудан бойынша кіріс көздері артығымен орындалғанымен жекелеген кірістер түрлері бойынша жоспардың орындалуы қамтамасыз етілмеген. Мәселен,  заңды тұлғалардың және кәсіпкерлердің мүлкіне салынатын салық 4 млн. 200 мың теңгеге, жеке қызметке лицензияларды пайдаланғаны үшін комиссия 167 мың теңгеге, жергілікті бюджетке түсетін өзге де салық түсімдері 300 мың теңгеге және жергілікті бюджетке төленетін мемлекеттік баж  696 мың теңгеге жоспардан кем түскен. Ал, керісінше жеке тұлғалардың көлік салығы бойынша 30660,0 мың теңгеге, әлеуметтік салықтан 2457,0 мың теңгеге, табыс салығынан 5246,0 мың теңгеге жоспардан артық орындалған.
Жоғарыдағы деректерге байланысты бюджеттің кіріс бөлігін жоспарлағанда салық салу объектілерін толық анықтап, салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер сомасын сапалы жоспарлау қажет еді. 2018 жылға аудандық бюджеттік бағдарлама әкімшілері қаражатты негізінен  игергенімен, төмендегі бағдарлама әкімшілері жалпы 2 млн. 100 мың теңгеге қаржыны игермеген. Талдап айтқанда: 1) Жаңатұрмыс ауылдық округінің аппараты - 604 мың теңгеге; 2) Аудан әкімі резерві - 500 мың теңгеге; 3) Бәйтерек ауылдық округінің аппараты - 346 мың теңге игерілмеген.
Мұнымен қатар, ауылдық округтеріне төртінші деңгейдегі бюджетті жоспарлауда және пайдалануда дербестік берілгенін ескерсек,  ауылдық округ әкімдеріне бюджеттің кірісін арттыру бойынша қосымша кіріс көздерін іздестіру жұмыстарын жандандыру қажет деп есептейміз. Мәселен, сыртқы жарнамалардан түсетін төлем 1 ғана округте, коммуналдық меншікті жалға беруден түсім 4 округте (Жаңатұрмыс, Көктал, Қостөбе, Қызыл жұлдыз ауылдық округінің аппараттары) және айыппұлдардан түсетін түсім 2 округте ғана өндірілген (Бәйтерек және Ботамойнақ ауылдық округінің аппараты).
Аудан аумағындағы қоқыс-көлемі туралы мәселе осы күнге дейін күн тәртібінен  түспей келеді. Яғни, бұл жөнінде де заң шеңберінде атқарылатын жұмыстар жеткілікті. Сондай-ақ, жалпы салық бойынша берешек сомалар аудан бойынша 1 қаңтар 2019 жылға 24 млн. теңгені құрайды. Осы берешек сомаларды дер кезінде бюджетке өндірген болса, ауданда біраз жұмыстар атқарылар еді. Қоғамдық кеңестің жұмысшы тобы аудан бюджетінің атқарылуын зерделей келе, бюджеттік бағдарлама әкімшілері бюджетті жоспарлау және орындау барысында тиімділік, негізділік принциптерін ұстана отырып, бюджет қаражатын Заңнамаға сәйкес атқару қажет деген ұсыным жасалды. Өткен жылдың 30 қыркүйегінде өткен аудандық Қоғамдық кеңестің отырысында  Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті «ҚазСуШар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалының Байзақ ауданы көлеміндегі ауыл шаруашылығының дақылдары өндірілетін егіс алқаптарына су тасымалдайтын суландыру жүйелерін және ондағы су реттегіш құралдарының техникалық жағдайларын жақсарту, егіс алқаптарына су бөліп беріп отыратын мамандардың жауапкершілігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстары жөніндегі мәселе қаралды.
Бұл мәселені қарардың алдында ауыл округтеріндегі ағын су пайдаланылатын шаруа қожалықтарының жетекшілерімен кездесіп олардың ой-пікірлерін тыңдап, талап-тілектерін Қоғамдық кеңестің отырысында талқыланды. Атап айтатын болсақ, облыстық «ҚазСуШар» шаруашылық жүргізу құқығындағы филиалы Байзақ аудандық бөлімшесінің жұмыс жүргізу үшін қажетті техникалық жағдайы өте төмен су тасымалдайтын каналдардың су реттегіш құралдарын және басқа да ағымдағы жөндеу жұмыстарды жүргізуге мүмкіндіктері жоқ. Су пайдаланушыларға ағын суды өлшеуіш құралдарының жоқтығынан суды көз мөлшерімен, суарылған егістіктің көлемімен есептеп береді. Су пайдаланушыға су алғаны үшін төлеген су ақысын әрбір төлеген мезетте кассалық түбіртек берілмейді, кассаға төленген судың төлем ақысы 3-5 күндер аралығында касса арқылы өткізіледі. Аудан көлемінде кейбір елді мекендердегі үй түбіндегі жер учаскілеріне ағын судың жеткізілмеуінен егін егіп, пайдаланылмайды. Судың жеткізілмеу себебі елді мекендердегі ішкі арықтардың тазаланбайтындығы, суды реттеп беруді, арықтарды тазалауды ұйымдастыратын жауапты адамның жоқтығының әсерінен болып отыр.
Қоғамдық кеңестің отырысында осындай кемшіліктер талқыланып, оны орындау үшін «ҚазСуШар» мемлекеттік мекемесінің басшылығына және аудандық атқарушы органдарына ұсыныстар берілді. Ұсыныстың орындалуын тұрақты бақылауда ұстап отырамыз.
2019 жылдың 8 қарашасында өткен аудан әкімдігімен бірлескен Қоғамдық кеңестің отырысында Байзақ ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Нұржан Нұралиевтың «Білім алушы аз қамтамасыз етілген отбасы балаларын, 1-сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету сапасы және мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу мекемелерінің балаларды сапалы тамақпен қамтамасыз етілуі туралы» есебі тыңдалды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша арнайы құрылған жұмысшы тобы мектептердегі, мектепке дейінгі мекемелердің асханаларындағы балаларды сапалы тамақпен қамтамасыз етілуі жөнінде зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде мектеп асханаларында материалдық-техникалық базасының төмендігі, техникалық құралдардың ескіргені, даярланған тамақпен калькуляцияның сәйкес еместігі, балабақшаларда сатып алынатын шикізаттай тағамдардың бағасының әр балабақшада әртүрлі болуы сияқты кемшіліктер анықталып, осы сияқты кемшіліктерді жолға қою жөнінде аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысына ұсыныс берілді. Берілген ұсыныс ретімен орындалып жатыр. Өткен жылдың 18 желтоқсанында Байзақ ауданы әкімдігі экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Дулат Жақыпбековтың «Байзақ ауданының 2020-2022 жылдарға арналған бюджетінің жобасы туралы» баяндамасы тыңдалды.
Қоғамдық кеңес мүшелері ауданның 2020-2022 жылдарға арналған бюджетінің жобасын мақұлдады, бюджетті мақсатты және тиімді пайдалану жөнінде бағдарлама әкімшілеріне ұсыныс берілді.
Қорыта айтқанда, кеңестің басты мақсатының бірі – берілген ұсыныстардың нәтижелі орындалуын бақылау, олардың тиімді орындалуын қадағалап отыру.

Жұманғали Құмғанбаев,
аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1182
mod_vvisit_counterКеше1540
mod_vvisit_counterОсы аптада5323
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда30890
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2201620

Серіктестер