Онлайн газет



ОРТАҚ МАҚСАТҚА ЖҰМЫЛУ – АЛҒА БАСТАЙДЫ

ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН МӘДІМАР

Аудан бойынша өткен жылы жаңадан 66 дана ауыл шаруашылығы техникалары жалпы құны 372,8 миллион теңгеге сатып алынған.
Салыстырмалы түрде алар болсақ, сонау 1991 жылы аудан шаруашылықтарында 903 дана трактор болса, бүгінгі күнге олардың саны 483 дананы құрайды. 2019 жылы ауыл шаруашылығы техникаларының жаңару көрсеткіші 9,1 пайызға көтерілсе, ағымдағы жылға осы жаңару көрсеткішін 11,0 пайызға арттыру жоспарланып отыр.  Сонымен бірге, машина техникалық стансасын құру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық. Осы бағытта Дихан ауылдық округіндегі «Жетітөбе» ауыл шаруашылығы кооперативі лизинг арқылы 34,3 миллион теңгеге 6 дана ауыл шаруашылығы техникасын алған. Оның қуаттылығы 120 гектар қант қызылшасы  алқаптарын игеруге жетеді. Ал, үстіміздегі жылы  машина техникалық стансасы бойынша Қостөбе ауылдық округінде құрылған «Қостөбе - 2019» ауыл шаруашылығы кооперативі лизинг арқылы 47,1 миллион теңгеге 12 дана, Түймекент ауылдық округіндегі «Түймекент - 2019» ауыл шаруашылығы кооперативі лизинг арқылы 85,9 миллион теңгеге 18 дана ауыл шаруашылығы техникаларын алады деп күтілуде. Осы техникалардың арқасында 814 гектар егістік алқаптарын игеру жоспарлануда.
Бұл туралы Ынтымақ ауылдық округінде өткізілген бірлескен есепті кездесуде аудан әкімі Нұржан Нұржігітов мәлім етті.
Есепті жиында алдымен Ынтымақ ауылдық округінің әкімі Мейірбек Ноғаев баяндама жасады. Ауыл әкімі әрбір сала бойынша атқарылған істерді слайд арқылы баяндай отырып, алдыңғы жылғы кездесуде тұрғындардан түскен «Қолдасов» көшесінің жартысына асфальт төсеу бойынша тиісті жобалық-сметалық құжаты жасалғанын, ағымдағы жылға оған қатысты жұмыстар атқару жоспарланып отырғанын жеткізді. Ал, ең өзекті деген ауылға газ кіргізу мәселесі тұрғындардың өз қаражаттары есебінен шешімін тапқан. Нәтижесінде бүгінде ауылдағы 104 отбасы табиғи газды пайдаланып отырса, 12 үй кезекте тұр. Ауыл ішіндегі жарық орнатылмаған көшелерді түнгі жарықтандыру және жолдарға орта жөндеу жұмыстарын жүргізу, ауыл шетінде егілген жасыл белдеу аумағын ұлғайту жақын болашақтың еншісінде қалып отыр. Баяндамашыға аудан әкімі ауылдық округтегі игерілмеген жерлерді нақтылау, ауыл халқы санының өсуіне талдау жасау керектігін ескертті.
Ал, жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы Жамбыл Қойшымбетовтың денсаулығына байланысты орнына полиция капитаны Бауыржан Сарсенбаев есеп берді. Инспектор ауылдағы қоғамдық тәртіпті сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың заңды мүдделерін заңсыз қол сұғушылықтан қорғау мақсатында заң шеңберінде жүргізілген профилактикалық жұмыстарды атап өтті. Аумақта 92 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, тұрғындарға 203 262 теңгеге айыппұл салынса, соның 174 225 теңгесі өндірілген.  Сондай-ақ, ең өзекті мал ұрлығы мәселесіне қатысты да бірқатар тындырымды тірліктер жүзеге асырылған.
Аудан басшысы өз баяндамасында жалпы шығарылған өнім көлемі, ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру, ауданның каналдарына жүргізілетін күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары, сатып алынған жаңа ауыл шаруашылығы техникалары, мал басының көрсеткіштері, шаруашылықтарға төленген субсидиялар, ветеринария, өнеркәсіп, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін несиелендіру, ауыз су жүйесіне қосылу, елді мекендерді газбен жабдықтау, аудан бойынша берілетін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек, жұмыспен қамтамасыз ету, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының өткен жылға орындалуы мен алдағы жылдардағы бөлінісі жөнінде айтып берді.  
Баяндамадан соң ауыл тұрғындары тарапынан жәшікке түскен ұсыныс – өтініштерге кезек берілді. Онда ауылдағы «Нұранова» көшесіне таза ауыз су желісін тарту және «Қолдасов» көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы айтылған екен. Жоғарыда айтылған екі сұрақ та аудан әкімі баяндамасында толық қамтылғандықтан сауал иесі жауапқа қанағаттанды.
«Аудан әкімі де, ауыл әкімі де жан-жақты талдау жасағандықтан, сұрақ қою артық болар. Дәл бүгінгідей форматпен жиын өткізу бұған дейін болған емес. Ауылда ауыз толтырып айтарлықтай істер көптеп атқарылуда. Былтыр жастар, ал, биыл волонтерлар жылы деп жарияланды. Сондықтан, жастарды осынау істе белсенді болуға шақырамын. Менің айтарым – мектеп оқушылары оқулықтарының ауырлығы. Бүгінгі жиында жасалған баяндамаларға «қанағаттанарлық» деп ауыл тұрғындары атынан баға беремін»,-деді еңбек ардагері Асан Әлмақашұлы.
Оқулық мәселесіне орай Нұржан Молдиярұлы: «Білім саласындағы кітаптың ауырлығы туралы соңғы үш жыл көлемінде қоғамда мәселе көтеріліп жатыр. Енді Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі тарапынан сол кітаптарды электронды форматқа көшіру жұмыстары қолға алынбақ. Бірақ, бұл кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы мүмкін», - деп жауап беріп, ынтымағы жарасқан мәдімарлық тұрғындарға ризашылығын білдіріп, жиынды қорытындылады.   


МЕКТЕП КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТПЕК

Ауданда мектептер желісін ұлғайту бойынша жұмыстар өз жалғасын табатын болады. 2018 жылмен салыстырғанда 2019 жылы мектепке баратын оқушылар саны 889 оқушыға артқан. Ал, 2020  жылы оқушы саны 900 оқушыға көбеюі күтілуде. Осы мақсатта, алдыңғы жылы Ботамойнақ ауылдық округінде 300 орындық №4 мектеп-лицейі, Жаңатұрмыс ауылдық округінде 120 орындық Ақшолақ орта мектебі ашылып, ел игілігіне ұсынылды. Үстіміздегі жылы Қостөбе орта мектебіне 4 оқу  бөлмесі, акт залы, асхана, спорт зал сынды қосымша ғимарат құрылысы жүргізіліп, Бурыл ауылында 300 орындық мектеп құрылысы басталады. Ал, 2021 жылы Шахан және Сеңкібай ауылдарынан 100 орындық, 2022 жылы Көктал ауылында 600 орындық, 2023 жылы Сарыкемер ауылынан 600 орындық мектеп құрылыстарын салу жоспарланып отыр.
Абай ауылдық клубында жергілікті халықпен есепті кездесу өткізген аудан әкімі осындай мәліметтер келтірді.
Жұмыс регламентіне сәйкес, Сазтерек ауылдық округінің әкімі Жұмабек Шайхиев ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуы, салық түсімдері, ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту, әлеуметтік көмек, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салалары бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
Ауылда құрылған «Дән – 2017» ауыл шаруашылығы кооперативінде сүт бағытын дамыту үшін жұмыстар жүргізуде. Қазіргі таңда, кооператив «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 12 000,0 мың теңге несие алып, Алматы қаласындағы «Проснаб» жеке кәсіпкерлігімен сүтті қайта өңдеу құрылғысын алу үшін келісім-шарт жасасқан. Тәулігіне бір тонна сүтті қайта өңдеуге қауқарлы құрылғының арқасында сүт, айран, қаймақ, сүзбе шығару мүмкіндігі туып отыр. Алдыңғы кездесуде тұрғындар өтініші бойынша Абай орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, ауылішілік жолдарды жөндеу және Жаңасаз ауылына аялдама салу мәселелері көтерілген. Нәтижесінде аудан әкімдігі білім бөлімінің тарапынан жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, биыл Абай орта мектебіне құны 259,4 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ақтөбе ауылындағы «Қарабақыр» көшесіне және Абай ауылындағы «Абай» көшесіне шағал тас төселінсе, Жаңасаз ауылына аялдама салу жұмыстары да осы жылы өз шешімін таппақ. Сонымен бірге, Жұмабек Асанұлы ауылдағы проблемалық мәселелер мен оларды шешу бағытында атқарылып жатқан шараларды атап өтті.
Бұл ауылда бүгінгі күнге жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы лауазымы бос тұруына байланысты полиция капитаны Бауыржан Сарсенбаев есепті баяндама жасады. Онда негізгі мәселе мал ұрлығына қатысты болды. Осы мерзімде орын алған 8 қылмыстың алтауы ашылып, екі қылмыс ашылмаған. «Бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимыл» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында, «Көршілер бақылауы» аясында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде ұрлық деректерінің дер кезінде ашылып, көрсеткіштің кемуіне қол жеткізілген. Профилактикалық бағытта «Құқықтық тәртіп», «Қадағалау», «Есеп», «Кашара», «Учаске» секілді тағы да басқа шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Бұдан соң аудан әкімі Нұржан Нұржігітов аудан бойынша өнеркәсіп, егін және мал шаруашылығында жеткен жетістіктерге тоқталып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды атап өтті. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар аясында несие алу, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, нәтижелі жұмыспен қамту, жерлерді тиімді игеру, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, бұқаралық спорт, әлеуметтік салалар, ауыз су мен газдандыру, автомобиль жолдары, тағы да басқа мәселелерге жеке тоқталып, слайд арқылы сабақтастыра баяндады.
Баяндама соңы жарыссөзге ұласып, онда ауыл тұрғыны Жүзжасар Абуов жер мәселесі, Жорабек Мустафин ауыл арасындағы жолдарға асфальт төсеу, Жеңісбай Жансақалов жарықтандыру, көше бойындағы су, жарық есептегіш құралды ауыстыру жөнінде көкейдегі сауалдарын жолдады.
«Сіздердің ұсыныс – өтініштеріңіз «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында кезең-кезеңімен іске асырылады. Бірақ, Сіздің өтінішіңізді ескерейік, бір көшені өз бюджетіміз есебінен қарастырып көрейік. Мен айтқым келеді, осы Сазтерек ауылдық округінде жыл сайын кемінде бір жұмыс атқарылып жатыр. Ақтөбе ауылында бір көшеге асфальт төселді, Жаңасазда былтыр медициналық тірек салынды. Биыл Абай орта мектебіне 240 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Бұған қаражат бөлінді, қазір конкурс өткізіліп жатыр. Бірінші маусымнан бастап жұмыстар жүргізуді жоспарлап отырмыз. Былтыр осы мектепке модульді қазандық әкеліп орнаттық. Бұл жерде көтеріліп отырған ең үлкен мәселе жолға байланысты болғандықтан мұны ескерейік», - деді аудан әкімі.
Зейнеткер Күнімқыз Белгібаева ауыл тұрғындары атынан есепті жылда атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Ауыл тұрғындары аудан және ауыл әкімдерінің есепті баяндамаларына қанағаттанғандықтан болар қосымша сұрақтар қоймады. Халық алдындағы есепті кездесуде ауыл тұрғындары жылдық жұмыстарға оң баға беріп, тарасты.



ТҰРҒЫНДАР БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТТЫ

Мал басы жылдан жылға артуда. Аудандағы жайылым жер көлемі 190 535 гектар,  жалпы қолда бар мал басына шаққанда 458 308 гектар жайылым қажет. Жетіспейтін жайылым көлемі 267 773 гектарды құрап отыр. Бұл жетіспеушілікті жою үшін қолда бар аналық және бордақыланатын бұқашықтарды жайылымға шығармай, қолда ұстау. Асыл тұқымды малмен айналысатын шаруашылықтар санын арттырып, мал басын көбейту. Мал азығын гидропоника қолдану арқылы дайындап, өндірілетін сүт пен ет көлемін арттыруға болады.
Жайылымдарды суландыру арқылы мәдени жайылымға айналдырып, малды кезең-кезеңімен жаюымыз қажет, сонымен қатар қоғамдық падаға асыл тұқымды бұқа қосу немесе қолдан ұрықтандыруды қолдану арқылы малдың сапасы мен өнімділігін арттыруымыз қажет.
Кеңес ауылындағы №3 орта мектебінің акт залында ауыл тұрғындарының белсенді қатысуымен өткен есепті жиында аудан басшысы Нұржан Нұржігітов осылай деді.


Алдымен ауыл әкімі Болысбек Оразов халық алдында есеп берді. Екі мың үш жүзден астам тұрғыны бар ауылда жыл бойына атқарылған жұмыстарды ретімен баяндаған ауыл әкімі есепті мерзімде ауылдағы төлқұжат қалқаны, саябақты қоршау, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы құрбандарының ескерткішін ағымдағы жөндеуден өткізу, «Ж.Науатов» және «Ә.Махай» көшелеріне жүргізілген орта жөндеу жұмыстары, «Айгүл» бөбекжай-бақшасының сырты әрленген бетонмен қоршалуы, көп жылдан бері құрылысы тоқтап қалған ауыл мешітінің ел игілігіне берілу екенін жеткізді. Бұған қоса, ағымдағы жылға «Ә.Махай», «Е.Теміртаев» көшелерін жарықтандыру, «Ж.Науатов» көшесінің қалған бөлігіне асфальт төсеу, ауыл саябағы ішіне тұрғындар демалатын орындықтар мен қоқыс жәшіктерін және балалар алаңшасы мен жаяу жүргіншілер жолын салып, жарықтандыру жүргізу, ілкімді ауыл азаматтарының демеушілігімен кіші футбол алаңын салу, «Айгүл» бөбекжай-бақшасы мен №3 орта мектебінің қазандықтарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын айтты.
Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Бауыржан Сарсенбаев өз есебінде аудандық полиция бөліміне берілген «Нива» автокөлігінің бір данасы осы ауылдың инспекторына берілгенін, есепті мерзімде ішкі істер органы профилактикалық есебіне 18 тұлға алынғанын, аумақта әкімшілік құқық бұзышылық жасағаны үшін 82 хаттама толтырылып, оларға қатысты тиісті шаралар қолданылғанын атап өтті. Сонымен бірге, осы уақыт аралығында 5 қылмыс орын алып, оның 5-еуі де ашылғанын айта кеткен жөн.
Өз баяндамасын слайд арқылы сабақтастыра сөз еткен аудан басшысы әрбір салаға байланысты көрсеткіштерге талдау жасады. Ондағы орындалған жұмыстар, алдағы міндеттер мен межеленген жоспарлар көпшілік назарына ұсынылды.
Бұдан соң сұрақтарға кезек беріліп, онда ауыл тұрғыны Жексенбай Парманқұлов ауыл аумағынан тұрмыстық қалдықтар, күл-қоқыс төгетін жер және электр мамандығы бойынша бір штат ашып беруін сұрады.
Оған жауап берген аудандық электр жүйелерін тарату мекемесінің басшысы Рабат Сарсенов:  «Бізде тәулік бойы кезекшілік жұмыс атқарады, әр ауыл тұрғындарының өтініші бойынша келіп түскен хабарламаға дер кезінде электр мамандарын жіберіп отырамыз», - деп мән-жайды түсіндірсе, аудан әкімі әр ауылға күл-қоқыс төгетін полигон ашып беру заңсыз екендігін тілге тиек етіп, белгіленген Қосақ ауылы аумағындағы арнайы орынға апарып төгу керектігін ескертті. Зейнеткер Бөгенбай Ташеновтің түз тағыларының көбейіп кетуіне байланысты малшы қауымға қару ұстауға рұқсат беру туралы жасаған өтінішіне, Нұржан Молдиярұлы қару ұстау үшін алдымен Заң талаптарына сай арнайы мекемеден рұқсат алу керектігін түсіндірді. Ауыл тұрғындары С.Алашбаев пен Е.Карбозовтың ауылдағы газ мәселесі бойынша айыппұл және газ есептегіш құрылғыларын ауыстыру жөніндегі сұрағына орай, аудандағы газбен айналысатын арнайы мамандар ауыл әкіміне жолығып, бірлесіп жұмыс атқаруды тапсырды.
«Шилі-Қарын» шаруа қожалығының жетекшісі Алпысбай Келімбетов мал жайылатын жайылым жерлер аздығын айтып шағымданды. Өзекті мәселеге қатысты жауабында аудан басшысы жер мәселесі өте күрделі болып тұрғанын, жылдан жылға халықтың жағдайы жақсарып, мал басы жыл санап өсуіне байланысты жайылым жердің жоқ екенін айтты. Осы бағытта аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің мамандарымен бірлесіп, шешу жолдарын қарастырып, заң аясында реттелетінін жеткізді.    Ауыл тұрғыны Гүлсім Ақбердиева аудан әкімінің халықпен кездесу барысында жылдық есебіне «қанағаттанарлық» деген баға берді.



МАҚСАТ – ЖЕРДІ ТИІМДІ ИГЕРУ

Аудан аумағындағы жер ресурстарының жалпы жер көлемі 446 385 гектар болса, оның ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 169 971 гектарды құрайды. Иесіз жатқан жерлерді анықтау үшін 58 мәрте тексеру жұмыстары жүргізіліп, 1739 гектар анықталған. Нәтижесінде мемлекетке 151,9 га егістік пен 174,45 га жайылым жерлер, салыстырмалы түрде соңғы екі жылда мемлекетке 278,58 га егістік, 331,05 га жайылым және 24,75 га шабындық жерлер қайтарылған.
Кәсіпкерлік мақсатта сауда-саттық аукционы 4 рет ұйымдастырылып, 28 жер учаскесі 20,1 млн. теңгеге сатылып, аудандық бюджет толықтырылса, соңғы екі жылда аукционнан 34,3 млн. теңге түскен. Өткен жылы жалпы көлемі 1 295 гектарды құрайтын жерлерге конкурс өткізілген. Оның 50,55 гектары суарылмайтын егістік, 149,88 гектары суармалы, ал, 1 095 гектары жайылым жерді құраған.
Темірбек ауылдық округіндегі Ә.Жанқұлиев атындағы орта мектебінде жергілікті халықпен есепті кездесу өткізген аудан әкімі осындай мәліметтер келтірді.
Жұмыс регламентіне сәйкес, Темірбек ауылдық округінің әкімі Бағдат Адилов ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуы, салық түсімдері, ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту, әлеуметтік көмек, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салалары бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Баяндамашының айтуы бойынша округтегі шаруа қожалық жетекшілерімен иелігіндегі жерлерді тиімді пайдалану мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде бір қожалық пайдаланылмаған жерлерін мемлекет меншігіне қайтару туралы арыз берген.
Тұрғындар тарапынан алдыңғы кездесуде ауылішілік жолдарды жөндеу, Сарыбарақ пен Шахан елді мекендеріне газ кіргізу, Шахан ауылының «К.Әзірбаев», «М.Мәметова» көшелеріне шағал төсеу және осы ауылға 100 орындық мектеп құрылысын жүргізуге байланысты ұсыныстар түскен. Ауылішілік жолдарды жөндеу бойынша Шахан ауылының «М.Сағазиев», «М.Әуезов» көшелеріне шағал тас төселсе, басқа да округке қарасты жолдарға байланысты тиісті бөлімге хат жолданып, жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.
«Округтегі Шахан және Тегістік ауылдарының суармалы жерлерін ұлғайтуға ағын судың жеткілікті деңгейде берілмеуі кедергі болып тұр. Мұндағы шаруа қожалықтар егін және мал шаруашылығымен айналысады. Елді мекенге келетін оң және сол жағалау каналдары арқылы шаруалар суды пайдаланады. Осы каналдардың сегіз шақырымы тазаланбай қалғандықтан қожалық иелері тиесілі жерлерге егін еге алмауда», - деді ауылдық округ әкімі. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатында суармалы жер көлемін ұлғайту, ауылішілік жолдарды жөндеу, құрылған ауыл шаруашылығы кооперативінің жұмысын жандандыру алдағы уақыттың еншісінде қалып отыр.
Баяндамадан соң аудан әкімі ауылда дүниеге келген бала санының кему көрсеткіші жайлы сұрақ қойды. Тұрғындар да, ауыл әкімі де табиғатпен байланысты деп жауап берген соң: «Мен оны сұрап отырғаным, жалпы дүние жүзінде елдің даму көрсеткіші халықтың табиғи дамуымен тікелей байланысты. Сондықтан даму көрсеткіші төмендеген кезде проблемалық мәселе туындауы мүмкін. Соны сұрап отырмын ауыл әкімінен», - деп түсіндірді Нұржан Молдиярұлы. Аудан басшысының екінші қойған сауалы 2244 егістік жер болса, соның 663 гектар жері игерілмей жату себебін сұрады. Бағдат Адилов елді мекендегі шаруа қожалықтарында техника жетіспеушілігі мен ағын су деңгейінің төмендігімен байланыстырды.
Жайылым жерге қатысты түсінік берген аудан басшысы: «Темірбек ауылдық округі бойынша 34 шаруа қожалық 4014 гектар жерді игермей жатыр деген мәлімет бар. Бірақ, мұны осы шаруалардың малы жоқ деп түсіну керек, егер малы жоқ болса игерілмей жатқан жерлерді қайтару қажет. Ол жұмыспен аудан әкімдігінің инспекторы айналысып, мемлекет меншігіне қайтарады. Оған ауыл әкімі атсалысуы керек», - деп нақты тапсырма берді.
Бұл ауылда аталмыш кезеңде жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы белгілі себептермен болмауына байланысты оның орнына полиция капитаны Бауыржан Сарсенбаев есепті баяндама жасады. Онда негізгі мәселе мал ұрлығына қатысты болды. Осы мерзімде орын алған 2 қылмыстың біреуі ашылып, бір қылмыс ашылмаған. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне енгізілген өзгерістер туралы айтылды.
Бұдан соң аудан әкімі Нұржан Нұржігітов аудан бойынша өнеркәсіп, егін және мал шаруашылығында жеткен жетістіктерге тоқталып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды атап өтті. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар аясында несие алу, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, нәтижелі жұмыспен қамту, жерлерді тиімді игеру, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, бұқаралық спорт, әлеуметтік салалар, ауыз су мен газдандыру, автомобиль жолдары, тағы да басқа мәселелерге жеке тоқталып, слайд арқылы сабақтастыра баяндады.
Темірбектік тұрғындар да жиын барысында өз белсенділіктерін көрсетіп, көкейде жүрген сұрақтары мен ұсыныс-өтініштерін жеткізіп қалуға тырысты. Сарыбарақ ауылының тұрғыны Татубай Аязбаев каналдарды тазалау, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхамеджан Садырқұлов қаңғыбас иттерді аулау, ауыл жастарының шағын несие алуларына ықпал жасау, зейнеткер Ахмет Байғұттиев Шахан ауылына ағын судың жетіспейтіні, Аманғазы Халықов қар тазалау жұмыстары мен пайдаланып отырған көгілдір отынның төлемі, Берік Қойгелдиев ауыл шетіндегі мал жайылымы жерлерін ұлғайту, Әскербек Аталықов дәрігер маманның тапшылығы туралы сауалдарын жолдады.
Халықтың берген сұрақтарына байланысты «Қазсушар» РМКА Жамбыл филиалы Байзақ өндірістік бөлімшесінің басшысы Қасымбек Жүзбаев, аудан әкімдігі тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Рашид Қойлыбаев, аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрлан Оразымбетов, аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Рыскелді Сапарбеков, ауыл әкімі Бағдат Адилов ретімен жауап берді.



СПОРТТЫҚ – САУЫҚТЫРУ КЕШЕНІ БОЙ КӨТЕРЕДІ

Аудан бойынша бұқаралық спортты дамыту бағытында бірқатар игі істер атқарылған. 2019 жылы 8 шағын футбол алаңшасы, 4 гимнастикалық алаңша, 2 волейбол, 2 баскетбол алаңшалары салынса, жергілікті кәсіпкерлер есебінен 2 спортзал тұрғындардың пайдалануына ұсынылды. Сондай-ақ, Ақшолақ ауылында жаңадан салынған білім мекемесі спорт залымен бірге салынып, өткен жылы барлығы 19 спорт нысан ел игілігіне берілді. Бұл спорт нысандарына барлығы 80 миллион теңге қаражат жұмсалған.
Өткен жылы Бурыл ауылдық округінде жеке кәсіпкер Қуаныш Шерметов құны 20 миллион теңге тұратын «Алинұр – Арена» кіші футбол алаңшасын, жеке кәсіпкер Асылбек Жантаев  та осындай қаржыға Көкөзек ауылынан «Жасұзақ Асланбек» атындағы күрес залын ел игілігіне ұсынды.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 65 миллион теңгеге Сарыкемер ауылындағы орталық стадионына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жүгіру жолағы, теннис алаңшасы, сонымен қатар, Бурыл, Байзақ және Сарыкемер ауылдарында спорттық-сауықтыру кешендерін салу биылғы жылы орындалатын жұмыстар қатарында.
Бүгінгі таңда, тұрғын саны жыл санап артып бара жатқан Бурыл ауылдық округіндегі кездесуде аудан әкімі осылай деді.
Мұнда да ауылдық округ әкімі Ерік Әліқұлов өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде есепті баяндамасын жасады. Ауыл аумағында әрбір сала бойынша орындалған істерді тізбектеген баяндамашы алдыңғы кездесуде тұрғындар өтініші бойынша мал жаятын жайылым жер мәселесі шешімін тапқанын жеткізді. Көктал ауылы аумағынан 125 гектар жерді екі ауыл әкімі бірлесе отырып, пайдалану туралы келісімге келген. Ауылдық округ бюджетінен Байзақ датқа иініндегі тұрғындар сұранысы бойынша 650 метр жер тегістеліп, шағал жол төселген.  Құмжота ауылындағы «Даңғыл ата 1,2-бұрылысы» көшелеріне шағал жол төселіп, Бурылдағы «Жеңіс» саябағын абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары атқарылған. «Арай» иініне трансформатор орнатылып, электр желілері тартылған. Ал, ағымдағы жылға Құмжота ауылының «Нұр» иініне, Бурыл ауылының «Арай», «Байзақ датқа» иіндеріне түнгі жарық орнату, «Арай» иінінің электр желісіне және Бурылдағы «Хамдиев», «9 май», «Қоңыров» көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, «Белқожа» каналынан өтетін көпірді орта жөндеуден өткізу жоспарланып отыр екен.
Баяндамашыға аудан әкімі «2018 жылы ақылы қоғамдық жұмысқа 66 адам, 2019 жылы 38 адам қамтылған, сол сияқты нәтижелі жұмыспен қамту шараларына 2018 жылы 33 адам, 2019 жылы 14 адам тартылған. Себебі не?» деген сұрақ қойды. Ерік Елубайұлы «Ақылы қоғамдық жұмысқа келген азаматтар тұрақты түрде жұмысқа тұру керек. Біз жұмысқа 211 адам орналастырып отырғаннан кейін мұның алты ай мерзімі біткеннен соң кетеді. Одан кейін әлеуметтік жұмыс орындары көп болып, тұрақты жұмыс орындары аз болды», - деп жауап берді. Ал, жастарға берілетін грантқа 13 азамат ие болғанын алға тартқан аудан әкімі Бурыл ауылдық округіндегі жастардың аудан бойынша үлес салмағы он пайызды құрайтынын, грант алу бойынша үлесі үш пайызды көрсету себебі жөнінде берген сауалына ауыл әкімі ілкімді жастар өз бизнестерін дамытып отырғанын, аталмыш грантқа қатысты жиырма күндік оқуға үлгере алмай жатқандарымен байланыстырды.
Бурыл ауылдық округіне бекітілген екі учаскелік полиция инспекторының бірі, полиция аға лейтенанты Айдын Қорғанбай есеп берді. Тұрғылықты халықпен тығыз жұмыс атқарып отырмыз деген баяндамашыға «Ауылдағы бейресми мәліметтерге сәйкес, он сегіз мыңға жуық тұрғындардың бес мыңдайы тіркеуге тұрмаған, осы бағытта қандай шаралар атқарылады?» - деген сұрақ қойды Лесбек аға. «Тіркеуге қатысты бүгінде ауылдағы үй-жайларға көше атауы берілмеген, бәрі учаске болып тұр. Көшелерге атау беріліп, реттік нөмірі ілінген соң біз оған қатысты елдерге ескерту жұмыстарын жүргіземіз. Егер олар тіркеуге тұрмаған жағдайда «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 492-бабы бойынша жауапқа тартылады» - деді жаңа тағайындалған Бурыл ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Асхат Бесбаев. Ұрлыққа қатысты айтылған өтінішке байланысты аудан басшысы «Негізгі сұрақты дұрыс қойып отыр. Бұл салада жұмыс көп. Мұның екі жағы бар. Бірінші, құқық қорғау органы қызметкері қалай жұмыс істеп жатыр. Екіншіден, біз өзіміз ел болып қаншалықты бұған атсалысып жатырмыз. Ұры өз ішімізден шығады емес пе? Сондықтан, бұл жұмыс екі жақтан бірдей болуы керек. Сонда ғана нәтижеге қол жеткіземіз», - деді.
Нұржан Молдиярұлы өз баяндамасында аудан аумағында атқарылған ауқымды жұмыстарды, Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді және есепті жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын сапалық және сандық көрсеткіштермен сипаттап, ауыл және мал шаруашылығына нақты мысалдар келтірді.
Бурылдық тұрғындар тарапынан Құмжота ауылына «Кіші Бурыл округі» атауын беру, таудан тас қазуды заңдастыру, ауыл әкімі зейнетке шыққан жағдайда орнына кімді тағайындау, жаңа кәсіп ашқан кәсіпкерге қолдау көрсету, егістікке малды рұқсатсыз жаю, ауыл әкімшілігі мамандарының орнында болмауы, шаруаларға берілетін субсидия, жаңа мектептің тұрғындарға жақын жерін салынуы, электр бағаналары мен түнгі жарықтандыру, ауыз су құбырын жүргізу, көшелерді асфальттау, ауыл ортасындағы үлкен жолдағы мәселелер, Бурыл арқылы жүретін «Сарыкемер-Тараз» және «Көктал-Тараз» бағытындағы қоғамдық көлік қатынасының тоқтауы, ауылішілік ағын су, жасыл белдеу, ақылы қоғамдық жұмысқа тұру, оқушылардың ыстық тамақпен қамтылуы, жол белгілерін орнату сынды көкейкесті мәселелер көтерілді.
Жиында көтерілген барлық ұсыныстар мен өтініштерге нақты жауаптар қайтарылып, тиісті сала басшыларына аудан әкімі нақты тапсырмалар жүктеді. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің шешімін табатындығына сенім білдірген бурылдықтар, есепті жиындағы баяндамашыларға "қанағаттанарлық" деген баға берді.



КӨКТАЛДЫҚ ТҰРҒЫНДАР НЕГЕ АЛАҢДАУЛЫ?

Есепті мерзім аралығында аудан бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін несиелендіру жұмыстары өз нәтижесін берген. Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы-2020» тетігі аясында (пайыздық ставкасын субсидиялау - 151,5 миллион теңге, кепілдеме - 158,2 миллион теңге, грант - 15,5 миллион теңге, инфрақұрылым - 16,18 миллион теңге), жалпы сомасы 341,3 миллион теңге несиеге қол жеткізілген. Одан бөлек, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 193,89 миллион теңге, «Береке-3» бағдарламасымен 57,2 миллион теңге, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін шағын несиелендіру мақсатында 1 миллиард  673 миллион 777 мың теңге, «Бизнес Бастау» гранты бойынша 216,3 миллион теңге, барлығы 2 482,55 миллион теңге несие берілген. Нәтижесінде алдыңғы жылмен салыстырғанда аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 1 498,79 миллион теңгеге артығымен ие болып отыр.
Көктал ауылында жергілікті халықпен өткізген кездесуде аудан әкімі осындай сандарды  атап көрсетті.
Ал, өзінің есепті баяндамасын жасаған Көктал ауылының әкімі Бақытжан Үкібаев осы уақыт аралығында ауыл шаруашылығы саласы бойынша бір жүз миллион, тұрғын үй құрылысы бойынша 52 миллион 398 мың теңге, жалпы алғанда 152 миллион 398 мың теңге инвестиция тартылғанын жеткізді. Халықтан түскен ұсыныс-өтініштер негізінде өткен жылы «Саялы» массивінің көше жарықтарына ағымдағы жөндеу жүргізілсе, «ОША» массивінің көше жарығы орнатылып, оның электр бағаналары мен сымдары ауыстырылған. Ал, «Саялы» массивінің көше жарықтарын және электр бағаналары мен желілерін, «Ю.Гагарин» көшесінің көше жарықтарын, «ОША» массивінің электр бағаналары мен электр желісін жөндеу, сол жерге трансформатор орнату, ауылға таза ауыз су кіргізуді кезең-кезеңімен республикалық және облыстық бюджет есебінен бөлінетін тиісті қаражатқа кіргізу жоспарланып отыр.
Аудан әкімі бала санының кемуі мен бос учаскелердің бар-жоғын, ол бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады. Бұл сұраққа «Бізде кезекте тұрғандарға комиссия шешімімен он бос жерді бердік. Өткенде 38 жер учаскесін анықтадық. Бұл жерде оңтайландырылған жоспар ғой. Бүгінде  520 адам тұрғын үй кезегінде тұр» - деген жауаптан соң, Нұржан Молдиярұлы: «Жер жоқ болса, елге айтуымыз керек. Әкімшілік аумақта бос жатқан жер учаскесі жоқ екенін естідіңіздер. Ауданда кезекте тұрғандар саны 9000 адамнан асты. Жайылым жерді алып берейік десек, ертеңгі күні малды қайда жаямыз. Егістік жерден берер болсақ, ертең тамақты не істейміз. Бос жер учаскелері Сазтерек пен Жаңатұрмыс ауылдық округтерінде бар. Біз тұрғындарға сол жерлерді ұсынып жатырмыз», - деп түсіндірді.  
Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Ғалым Оспанбаев есепті мерзімде ішкі істер органы профилактикалық есебіне 43 тұлға алынғанын, аумақта әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін 150 хаттама толтырылып, оларға қатысты тиісті шаралар қолданылғанын атап өтті. Сонымен бірге, осы уақыт аралығында автокөлік ұрлығы бойынша 1 қылмыс орын алып, оның ашылғанын айтты.
Өз баяндамасын слайд арқылы сабақтастыра сөз еткен аудан басшысы әрбір салаға байланысты көрсеткіштерге талдау жасады. Ондағы орындалған жұмыстар, алдағы міндеттер мен межеленген жоспарлар көпшілік назарына ұсынылды.
«ОША» массивінің тұрғыны көршісінің қоғамдық тәртіпті бұзуына қатысты шағымын айтты. Қалған көкталдық тұрғындарды толғандырар мәселелердің басым бөлігі газдандыру бағасының қымбаттығы, көшелерге шағал төсеу, асфальттау, электр бағаналарын орнату, ауыстыру, түнгі жарықтандыру жүргізу, «Саялы» балабақшасына күрделі жөндеу жүргізу, сыртқы қоршауын көтеру, қоғамдық көлікті ауыл ішіне кіргізу, мал жайылымы, дәрігер маманның жетіспеушілігіне байланысты өрбіді.
Ауыл тұрғындары көтерген ұсыныс-өтініштерге аудан басшысы ретімен жауаптар қайтарып, жан-жақты түсінік берді. Жиын соңында тұрғындар ауыл және аудан әкімдерінің жылдық жұмыстарына "қанағаттанарлық" деген баға берді.

"Ауыл жаңалығы"-ақпарат.

Обновлено 03.02.2020 10:31
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін378
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада6395
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда31962
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2202692

Серіктестер