Онлайн газет



АУҚЫМЫ КЕҢ АУДАННЫҢ АБЫРОЙЫ ДА АСҚАҚ

АУДАН ӘКІМІ НҰРЖАН МОЛДИЯРҰЛЫ НҰРЖІГІТОВТІҢ АУДАННЫҢ 2019 ЖЫЛҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ТУРАЛЫ ЕСЕПТІ БАЯНДАМАСЫНЫҢ ТЕЗИСТЕРІ

 

Құрметті аудан тұрғындары!
2019 жылы еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірі өзгеріске толы болды. Сабақтастыққа негізделген саяси жүйе экономиканың барлық секторындағы дамудың діңгегіне айналды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауынан туындаған міндеттерді іске асыру нәтижесінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика байқалды.

Ауыл шаруашылығы
Өткен жылы аудандағы егіс алқаптарына дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 16 697 гектарға, майлы дақылдар 2 820 гектарға, қант қызылшасы 1 207 гектарға, картоп 680 гектарға,  көкөніс 6 555 гектарға, бақша 2 326 гектарға және мал азығы дақылдары 23 260 гектарға, барлығы 53 545 гектар алқапқа орналастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 126,5 гектарға артық көрсеткіш саналады. Егін орағы нәтижесінде 13 836 гектар масақты дәнді дақылдар алқабынан 31 957 тонна өнім алынды. Өнімділік көрсеткіші әр гектардан 23,1 центнерді құрады.  
Ауданда ауыл шаруашылығының барлық түрін дамытуға мол мүмкіндік бар. Президент Жолдауында дамудың негізгі ресурсы ретінде басымдық берілген агросекторда есепті жыл ішінде нәтижелі жұмыс жүзеге асты. Оның ішінде, игерілмей жатқан жерлерді пайдаға жарату жұмыстары жанданды.  «Қазақстан Ғарыш сапары» акционерлік қоғамы аудан бойынша 139 шаруашылықтың 3 706 гектар егістік жерлері игерілмей жатқанын анықтады. Жайылым жерлерді зерделеу жұмыстарының нәтижесінде 3 054,25 гектар жайылымдық жері бар 63 жер пайдаланушының малы жоқтығы анықталды. Игерусіз қалған суармалы және суарылмайтын егіс алқаптарын мақсатты пайдалану бойынша жүргізілген түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде 20 шаруа қожалығының 326,61 гектар жер учаскесі (жайылым 174,45 гектар, егістік 151,93 гектар) мемлекет меншігіне қайтарылды.  
Жерлерді мақсатты пайдалануда суармалы егістік көлемін арттыру жұмыстарына да басымдық берілуде. Ауданда 78 каналды жөндеу жұмыстары басталып, оны 2021 жылға дейін аяқтау жоспарлануда. Осы жұмыстардың нәтижесінде 28 137 гектар суармалы алқаптар толығымен ағынды сумен қамтамасыз етіліп, суармалы дақылдардың өнімін екі есеге ұлғайту көзделуде. Тек қызылша алқабының көлемін 4 000 гектарға жеткізу жоспарлануда.
2019 жылы аудандағы 31 шаруа қожалық жалпы құны 372 млн. 800 мың теңгені құрайтын 66 жаңа техника сатып алды. Әр ауылдық округте машина техникалық стансасын құру мақсатында, «Жеті-төбе» ауыл шаруашылығы кооперативі лизинг арқылы 34,3 млн. теңгені құрайтын ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Осы Дихан ауылдық округіндегі техниканың 300 гектарға дейін егін алқаптарын игеруге қуаты жетеді. 2020 жылы Қостөбе және Түймекент ауылдық округтеріне де техникалар алу жоспарлануда.
Өңірде жылыжай шаруашылықтарын дамыту бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Аудан бойынша жалпы көлемі 5,2 гектарды құрайтын 5 жылыжайлар шаруашылығы бар. Сондай-ақ, жалпы көлемі  0,95 гектарды құрайтын 9 отбасылық жылыжай жұмыс істейді.  
Соңғы жылдары аудандағы ауыл шаруашылығы саласында су үнемдеу технологиясы кеңінен қолданылуда. Өткен жылы тамшылатып суару әдісі 1 346 гектар аумаққа енгізілді.
Егін шаруашылығымен бірге ауданда соңғы жылдары мал шаруашылығының да даму қарқыны жоғары. 2018 жылдың 11 айымен салыстырғанда 2019 жылы мүйізді ірі қараның саны 2 908 басқа, қой мен ешкінің саны 22 009 басқа, жылқының саны 2 065 басқа, түйенің саны 28 басқа, шошқаның саны 118 басқа және құстардың саны 80 397 басқа өскен.
Есепті кезеңде аудан бойынша 13 604 тонна ет, 42 782 тонна сүт және 12 млн. 491 мың дана жұмыртқа өндірілді. Қазіргі таңда, ауданда 9 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс жасайды.


Мал шаруашылығы өнімділігін арттыру мақсатында әр елді мекендердегі қоғамдық падаларға асыл тұқымды бұқалар қосу және қолдан ұрықтандыру жұмыстарын жандандыруымыз қажет.
«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы» аясында, аудандағы Қостөбе, Түймекент ауылдық округтері пилоттық ауыл ретінде таңдалып алынды. Қостөбе ауылында аталған жобаға тұрғындардың 98 пайызы, ал, Түймекент ауылында 95 пайызы қатысуға ниет білдіріп отыр. Алдын ала есеп бойынша осы 2 ауылдық округ тұрғындарына 2,5 пайыздық мөлшермен 1,5 млрд. теңге көлемінде несие беру жоспарлануда. Бүгінгі күні 300 млн. теңге көлемінде несие беріліп, мал сатып алынуда.
Шағын және орта бизнес
Бүгінде ауданда ресми тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 7 047-ні құрайды. Оның  6 000-ы нақты жұмыс істеп тұр.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы аудан бойынша 193,8 млн. теңгеге 7 жоба жүзеге асырылды. Өткен жылдың 11 айында бизнесті қолдау шараларының мемлекеттік бағдарламалары аясында 2 160 тұрғын жалпы сомасы 1,245 млрд. теңге шағын несиеге қол жеткізді.
Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында  Мырзатай ауылдық округінде «Әулие-Ата Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 148 млн. теңгені құрайтын инновациялық жобасы іске асырылып, 5 жаңа жұмыс орны ашылды. Осының нәтижесінде қосымша 31,5 млн. теңгенің өнімі алынды.
Мемлекеттік бағдарлама тетіктерін пайдаланып, Жаңатұрмыс ауылдық округінде жеке кәсіпкер  Ләззат Жабатаева көкөніс консервілеу цехы мен көкөніс сақтау қоймасын салу бойынша инновациялық жобаны қолға алды. Жобаны іске қосу 2021 жылға жоспарлануда.
Бурыл ауылдық округінде «GRAND FOODS PREMIUM» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құны 500 млн. теңгеге жеміс пен көкөністі өңдеу және консервілеу цехының құрылысы мен өндірістік жабдықтарын сатып алу бойынша бизнес-жобасын іске асырып жатыр.
Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті қолдау шараларын айқын сезінген аудан кәсіпкерлерінің экспорттық әлеуеті де артты. «Әулие-Ата Феникс» ЖШС-і Қырғызстан Республикасы мен Ресей Федерациясына 147,9 млн. теңге болатын 269 тонна  бройлер етін экспорттады. «Rоlа» ЖШС-і Қытай Халық Республикасына 15,3 млн. теңгені құрайтын 40,4 тонна кеспе және Ресей  Федерациясына 178 тонна макарон өнімдерін экспорттады. «Нұрлы жай» шаруа қожалығы Өзбекстан Республикасына 176 бас бұқа, «Дулат» шаруа қожалығы 100 бас бұқа және «Есалы»шаруа қожалығы 28 бас түйе өткізді. «Март» жеке кәсіпкерлігі Ресей мемлекетіне 1 500 келі шұжық өнімдерін жөнелтті.
Есепті кезеңде өңірде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының кепілдеме тетігі бойынша 71 млн. теңгеге 4 жоба іске асырылды. Бағдарламаның  несие пайыздық ставкасын субсидиялау тетігі бойынша 151 млн. теңгеге  9 жоба  қанағаттандырылды. Ал, инфрақұрылым жүргізу тетігі бойынша 2 жоба дайындалып, аймақтық үйлестіру кеңесінде қаралып, мақұлданды.
«Бизнестің жол картасы - 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 29 жасқа дейінгі азаматтарға берілетін мемлекеттік грантқа 43 жас кәсіпкер құжаттарын тапсырып, оның 8-і 15 млн. 500 мың теңге грантты жеңіп алды.
2019 жылы «Алель-Агро» АҚ-ы ірі жобаны іске асыруда. Осы жұмыс нәтижесінде екі-үш жылдың ішінде 45 мың тонна тауық етін өткізуге қол жеткізілмек. Жоба құны 11,8 млрд. теңгені құрап, 300 жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Денсаулық сақтау
Сапалы медициналық қызметті ұйымдастыру ісі де жергілікті атқарушы органдар жұмысының негізгі бағытына айналып отыр. 2018 жылы 8 елді мекенде жаңа медициналық нысандар салынып, 2019 жылы тағы 8 елді мекенде емдеу мекемелері пайдалануға берілді. 2020 жылы Сарыкемер ауылында 250 келушіге арналған жаңа емхана құрылысы, Талас және Мырзатай ауылдарында дәрігерлік амбулатория ғимараттарының күрделі жөндеу жұмыстары бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
Осы жұмыстардың нәтижесінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы аудан бойынша сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады. Осы орайда, әр азамат өзінің сақтандырылғанын немесе сақтандырылмағанын тексеріп, сақтандыру жарнасын тұрақты төлеп тұруы тиіс.

спорт
Президент Жолдауы жүктеген маңызды міндеттің бірі - спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету болып табылады. Қазіргі таңда, аудандағы спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 32 460 адамға жетті. Салауатты өмір салтын ұстанушыларға 1 стадион, 1 спорт кешені, 60 спорт зал және 183 жазықтықты құрылғы қызмет көрсетеді. Тек ағымдағы жылдың өзінде 19 спорт нысаны  пайдалануға берілді. Тағы айта кететін жай, дене шынықтыру және балаларды спортпен қамту мақсатында, Бурыл ауылындағы №2  аула клубы құрылып, 9 еңбек бірлігімен штат кестесі бекітіліп, оған жергілікті бюджеттен 10 млн. теңге қаражат бөлінді.
2019 жылы Көкөзек ауылында кәсіпкер А.Жантаевтың демеушілігімен күрес залы, шағын футбол алаңшасы, Бурыл ауылында кәсіпкер Қуаныш Шерметовтің демеушілігімен шағын футбол алаңшасы және жаттығу залы пайдалануға берілді. Әр жобаға шамамен 20 млн. теңгеге жуық қаржы жұмсалды.
2020 жылы Бурыл, Байзақ және Сарыкемер ауылдарында спорттық-сауықтыру кешендерінің құрылыстары басталады. Ал, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 65 млн. теңгеге Сарыкемер ауылындағы орталық стадионға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жүгіру жолағы, теннис алаңшасы пайдалануға беріледі.
Осы жұмыстардың нәтижесінде балалар және жасөспірімдер арасында республикалық  деңгейдегі спорттық іс-шаралар өткізуге қол жеткізетін боламыз.

Білім саласы
Бүгінгі таңда, ауданда 89 білім мекемелері жұмыс атқаруда. Оның 43-і орта мектептер, 39-ы балабақша, 6-ы қосымша білім беру мекемелері, 1-еуі педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті. 39 балабақшаның 23-і мемлекеттік, 16-сы жекеменшік.
2019 жылы Жібек жолы ауылында 100 балаға арналған «Бөрте» балабақшасы, Т.Ақбозов және С.Абланов орта мектептері жанынан шағын орталықтар ашылып, нәтижесінде 1-3 жас аралығында балалар 88 пайызға балабақшамен, ал, 3-6 жас аралығындағы балалар 100 пайызға мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылды.


Ауданда жыл сайын оқушы санының өсуі байқалады. Мысалы, 2018 жылы - 851 оқушыға, 2019 жылы - 961 оқушыға өсті. 2020 жылы бала саны 900-ге көбеюі күтілуде. Осыған орай, орын тапшылығын шешу мақсатында, 2018 жылы Байзақ ауылында 300 орындық, 2019 жылы Ақшолақ стансасында 120 орындық мектеп оқушылар игілігіне берілді, Қостөбе орта мектебі жанынан 4 оқу кабинеті, спорт зал және асхана құрылысы жүргізілуде. 2020 жылы Бурыл ауылынан 300 орындық мектеп құрылысы жүргізілетін болады.  Сонымен қатар, 2021 жылы Шахан және Сеңкібай ауылынан 100 орындық мектеп құрылысын жүргізу, Көкөзек ауылындағы Т.Ақбозов атындағы орта мектебі және Базарбай ауылындағы А.Пушкин орта мектебі жанынан қосымша спорт зал салу жоспарланып отыр.
Абай орта мектебін күрделі жөндеуден өткізуге 259,4 млн. теңге, Түймекент ауылындағы «Қарлығаш» балабақшасын күрделі жөндеуден өткізуге 183,9 млн. теңге қарастырылды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында №1, Н.Киікбаев мектеп-гимназиялары, С.Абланов орта мектебі мен Қосақ негізгі мектебі күрделі жөндеуден өткізілмек. Жалпы, мектеп құрылыстары мен күрделі жөндеу жұмыстарының құны 2 млрд. теңгеден астам қаржыны құрайды.
Көкөзек ауылындағы Т.Ақбозов, Жібек жолы ауылындағы № 5, Сарыбарақ ауылындағы Сарыбарақ негізгі мектебіне, Сарыкемер ауылындағы «Балдырған» балабақшасына модульді қазандық сатып алуға және орнатуға 95,3 млн. теңге  қарастырылды.
Оқушылардың ақпараттық технологияларын жетік меңгеруді үйрету мақсатында, 2018 жылы – 1, 2019 жылы - 3 IT-сыныптар ашылды. 2018 жылы - 7, 2019 жылы - 8 робототехника кабинеті сатып алынса, 2020 жылға 9 робототехника кабинетін сатып алу жоспарлануда.
Білім мекемелерін спорттық құрал - жабдықтармен қамтамасыз етуге 2019 жылы 3 млн. теңге, 2020 жылы 17 млн. теңге қарастырылды. Нәтижесінде мектептер спорттық құралдармен толық қамтылатын болады.
2020 жылы ауыз суы бар елді мекендердегі  мектептер әжетханалары 100 пайыз мектеп ғимаратының ішіне кіргізіледі.
«Балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын зерттеу және халыққа психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялық көмек көрсету» мекемесіне дамуы шектеулі балаларды тасымалдауға арнайы автокөлік сатып алуға 6 млн. теңге қарастырылды.

Мәдениет
Бүгінгі таңда, ауданда 1 аудандық мәдениет үйі, 20 ауылдық клуб, 1 аудандық орталық, 1 аудандық балалар,  23 ауылдық кітапхана, 1 аудандық тарихи-өлкетану музейі, 2 «халықтық» атағы бар ұжым тұрғындарға мәдени қызмет көрсетеді.
«Ауыл-ел бесігі» арнайы жобасы бойынша 3 нысанға 19,6 млн. теңгеге аудандық мәдениет үйі, аудандық орталық кітапхана,  аудандық тарихи-өлкетану музейіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жергілікті бюджеттен 1,6 млн. теңгеге аудандық мәдениет үйінің алдындағы субұрқаққа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, демеушілердің көмегімен 10 млн. теңгеге сол жақ аумағына абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Ауданда облыс әкімінің бастамасына сай ауылдық кітапханаларды цифрландырылған ақпараттық орталық етіп жабдықтау жұмыстары жандана түсті. Өткен жылы ауылдық кітапханалардың базасынан 10 цифрландырылған ақпараттық орталық ашылды. Бұл жұмыстарға бюджеттен 4,2 млн. теңге қаржы қарастырылды. Бүгінде аталған орталықтар тұрғындарға қызметтің 13 түрін ұсынуда. Ол дегеніміз - ауыл тұрғындары аудан орталығына бармай-ақ тиісті қызмет түрлерін ала алады. Ақпараттық орталықтарда көрсетілетін  қызметтерді басқару мақсатында, «Байзақ» цифрландырылған ақпараттық орталығы ашылды.

Тұрғын үй шаруашылығы
Аудан әкімдігі өңір экономикасын дамытумен қатар аудан тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауды да негізгі міндеті санайды.
Есепті кезеңде аудандық мәндегі 132 шақырым жолды жөндеуге 485,9 млн. теңге қаржы бөлінді. Аталған қаржыға  аудандық маңыздағы автомобиль жолының 20,3 шақырымы орта жөндеуден өтті. 5 көпір мен темір бетонды құбырларға да орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 5 елді мекен көшелерінің 3,6 шақырымына орта жөндеу жұмыстары, 8 аудандық мәндегі жолдарға ағымдағы жөндеу, 2 елді мекен көшелеріне шағал тас төсеу жұмыстары толығымен аяқталды.
Аудан аумағы арқылы өтіп жатқан 2 облыстық мәндегі автомобиль жолының 16,3 шақырымына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге осы жолдардың 10,2 шақырымына 1,8 млрд. теңгеге жұмыстар атқарылды. Қалған 6,1 шақырымы биылғы жылы аяқталатын болады.
2020 жылға облыстық мәндегі “Сарыкемер-Үшбұлақ” бағытындағы 5,2 шақырым автокөлік жолын жөндеу жұмыстарына 120,0 млн. теңге қаралып отыр. Аудандық мәндегі және ауыл іші жолдары мен жаяу жүргіншілер соқпақтарын орта және ағымды жөндеуге 183,7 млн. теңге қаралды.   
Осы жұмыстардың нәтижесінде аудандық мәндегі жолдардың 87 пайызы қанағаттанарлық деңгейге жеткізілді. Алдағы жоспарланған жұмыстармен 2020 жылы 93 пайызға жеткізу күтілуде.

Ауыз сумен қамту
Аудан бойынша 43 елді мекеннің 20 елді мекені орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған.
2019 жылы Талас және Сарыкемер  ауылдарының ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттерден 656 млн. теңге бөлініп, жұмыстар басталды және Көкбастау, Жаңатұрмыс, Бурыл ауылдарында су қабылдау имараттары мен су құбыры құрылысына және су жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстарына жобалық - сметалық құжаттары дайындалып, қаржыландыру үшін тиісті бюджеттік өтінімдер ұсынылды. Биыл Байзақ, Қостөбе, Көктал, Сеңкібай ауылдарына ауыз су желілерінің құрылыстары басталады. Оның ішінде, Қостөбе және Сеңкібай ауылдарына ауыз су желілері биыл пайдалануға беріледі. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 3,7 млрд. теңге бөлініп отыр.
Ауыз сумен қамту үлесін арттыру мақсатында,  үстіміздегі жылы Аққия, Сарыбарақ, Үлгілі, Базарбай және Қызыл жұлдыз ауылдарында су қабылдау имараттары мен ауыз су жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстарына жобалық - сметалық құжаттарды дайындау жоспарлануда.
Халық саны 200-ден кем елді мекендерге (Төрткөл, Қайнар, Жаңасаз, Төрегелді) блок-модулді орталықтандырылмаған ауыз сумен жабдықтау нысаны орнатылады.
Кезең-кезеңімен 2021-2024 жылдары аудандағы қалған барлық елді мекендер таза ауыз сумен қамтылатын болады.

Газбен қамтамасыз ету
Қазіргі таңда, аудандағы 43 елді мекеннің 34-і табиғи газбен қамтылды.
2019 жылы елді мекендерді газдандыру жұмыстарына 1 млрд. 343 млн. теңге бөлініп, 11 елді мекенге орта қысымды газ құбыры тартылды. Қалған ауылдарды газдандыруды 2020-2022 жылдары кезең-кезеңімен жүргізу үшін жоғарғы тұрған бюджеттен қажетті қаржы 2,2 млрд. теңге қарастырылды. Осы жұмыстар 2022 жылға аяқталса, ауданда елді мекендерді газдандыру  мәселесі толықтай шешімін табатын болады.
2020 жылы облыстық бюджеттен 164,3 млн. теңге қаралып, газдандырылған елді мекендерде аудандағы 7 әлеуметтік нысандарға (3 мектеп, 1 балабақша және 3 мәдениет үйі) модульді қазандықтар орнатылмақ.
Ауданның 6 білім мекемелерін (3 мектеп, 2 бала бақша, 1 өнер мектебі) газға қосуға жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін жергілікті бюджет есебінен 30,8 млн. теңге қаралды. 2023 жылы әлеуметтік нысандарды толық газға қосу жоспарлануда.  

Әлеуметтік сала
2019 жылы аудан әкімдігі Президент Жолдауында айрықша басымдық берген әлеуметтік қолдау тетіктерін жергілікті жерде лайықты үйлестіру шараларын да нәтижелі қолға алды.
Сарыкемер ауылынан аз қамтылған, көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге үш бөлмелі 1 пәтер және екі бөлмелі 1 пәтер сатып алынып, берілді.  Бұл жұмыстарға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, жергілікті кәсіпкерлер де демеушілік танытып жатқанын атап өту қажет. Демеушілер есебінен көп балалы және аз қамтамасыз етілген 3 отбасы тұрғын үйге қол жеткізді.
Әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту шараларын өз деңгейінде ұйымдастырудан да көрінеді. Есепті кезеңде аудан бойынша жұмыспен қамту мәселелері жөнінде  3 727 адам өтініш берген. Оның ішінен аудан мекемелерінде жаңадан ашылған және бос жұмыс орындарына 3 184 адам орналасты.
Көп балалы және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға бюджеттен 2,6 млрд. теңге қаржы қарастырылды. Осылайша 19 300 мүшесі бар 3 938 отбасы атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізді.  
Тұрғын үй көмегіне бюджеттен бөлінген 1,8 млн. теңгеге  70 отбасының  коммуналдық шығындары төленді.
«Жергілікті уәкілетті органдардың шешімдері бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген топтарына әлеуметтік көмек көрсету» бағдарламасы аясында 451 адамға жергілікті бюджеттен 28 млн. теңге төленді.
Өткен жылы ауданда «Еңбек» нәтижелі  жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыруда оң нәтижеге қол жеткізілді. Атап айтқанда, бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 40 адам техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етілді.  Қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету жобасы аясында 203 адам оқуға жолданды. Оқуын аяқтаған 181 адамның 124-і  жұмыспен қамтылып, осы бағдарламаның 2 - ші бағыты бойынша жаңа бизнес - идеяларды іске асыруға азаматтарға 216,4  млн. теңге көлемінде 450 қайтарымсыз мемлекеттік гранттар бөлінді. Нәтижесінде 29 жасқа дейінгі 335 жастар мен аз қамтамасыз етілген және көп балалы 115 азаматтар өз кәсін ашу мүмкіндігіне ие болды.
Аталған бағдарламаның «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» деп аталатын екінші бағыты  бойынша 292 адам несие алды. 141 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Нәтижесінде бағдарламаның басым бағыты бойынша 216,4 млн. теңге қаржы игерілді.  «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» бағыты бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына 307 адам, “Жастар практикасына” 289 адам, ақылы қоғамдық жұмыстарға 560 адам жолдама алды. Сондай-ақ, 450 жаңа жұмыс орнын ашу жоспары артығымен орындалып, 1 113 жұмыс орны құрылды.
Аудан бойынша 2 028 жұмыссыз тұрақты жұмыспен қамтылды. Оның ішінде, мүмкіндігі шектеулі жандар 36 адам. Жалпы, ауданда 46 мүмкіндігі шектеулі азаматты жұмыспен қамту жоспарланып, есепте кезеңде 83 мүмкіндігі шектеулі адам жұмысқа орналасты. Келер жылы да осы бағытта ауқымды жұмыстар жалғасын табатын болады.

 

Обновлено 16.01.2020 10:10
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін257
mod_vvisit_counterКеше436
mod_vvisit_counterОсы аптада2641
mod_vvisit_counterӨткен аптада4663
mod_vvisit_counterОсы айда8302
mod_vvisit_counterӨткен айда13626
mod_vvisit_counterБәрі1234574

Серіктестер