Онлайн газет



БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ НАЗАРДА

Бала қауіпсіздігі мәселесінің маңызы зор. Әр ата-ана баласының қауіпсіз ортада өмір сүріп, дені сау, білім - білігі мол саналы ұрпақ болғанын қалайды. Ол үшін балабақша мен мектептердегі қауіпсіздік шаралары сенімге селкеу түсірмейтіндей болуы қажет.

Соңғы екі апта көлемінде аудан әкімі Нұржан Нұржігітовтың төрағалығымен төртінші мәрте ұйымдастырылған жиында білім беру ұйымдарындағы балалардың қауіпсіздігінің сақталуы туралы мәселе қозғалған болатын. Аталмыш жиынға аудан прокуроры Рустам Әбілхаиров, аудандық мәслихат хатшысы Нұржан Тлепов, полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Асылхан Заурбеков, ауыл, ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігі білім бөлімінің аппараты мен әдіскерлері, білім беру мекемелерінің директорлары мен балабақша меңгерушілері, жастар орталығының мүшелері қатысты.
Маңызды басқосу аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Нұржан Нұралиевтің білім беру ұйымдарындағы балалар қауіпсіздігінің сақталуы туралы жасаған баяндамасымен басталды. Ауданның бас педагогы білім беру мекемелерінде кәмелетке толмаған жасөспірімдермен құқық бұзушылықтың алдын алу және  балалардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тізбектеп, алдағы уақытта аудандық полиция бөлімімен бірлесе атқарылатын жұмыстарды атап өтті.
Сонымен қатар, білім беру мекемелерінде тәрбие жұмысына жаңашылдық еншігі бағытында да бірқатар істер атқарылған екен. Атап айтқанда, «Мәңгілік Ел» құндылықтарын қалыптастыру тәжірибесі» ауданның төрт мектебіне, «Шаңырақ» оқушылар қоғамы» жобасы бес мектепке енгізілген. Бұдан бөлек, Ғ.Мұратбаев атындағы гимназиясында «Тәрбие жұмысына тың серпін: тәрбие жобаларды енгізудің тың нәтижелері» тақырыбында семинар – кеңес ұйымдастырылған. Аудан әкімінің хаттамалық тапсырмасы негізінде білім мекемелеріндегі тәрбие жұмысының жағдайына әдістемелік зерделеу жүргізіліп, нәтижесінде мектептерді үш топқа бөлген. Жаңашылдықпен жүйелі жұмыс жүргізетін және жұмыстары жүйелі, дәстүрлі формада жұмыс істейтін мектептер қатары саусақпен санарлық болса, жұмыстары толықтыруды қажет ететін мектептер саны артып отырғаны анықталған. Тәрбие жұмысындағы басты кемшілік – осы салаға жауапты қызметкерлердің арасында байланыстың жоқтығы, психологтар мен әлеуметтік педагогтар алған сауалнамалар қорытындысы бойынша түзету жұмыстарын жүргізбейтіні, атқарған жұмыстарының есебі педагогикалық кеңесте қаралып, нақты шешім қабылданбайтыны және мектепішілік бақылаудың төмендігінен орын алған.


Тараз қаласындағы орын алған оқиғаға байланысты тиісті деңгейде жұмыстар ұйымдастырылған. Бүгінде 6779 баланы ата-аналары сабаққа алып барып, қайтарда алып кетуде. Бұл көбінесе даярлық сынып пен 5-сынып оқушылары аралағында орындалса, орта және жоғары сынып ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүруде. Ата-аналар мен оқушылар чаттары арқылы «Бейтаныс адаммен қарым-қатынас жасау» туралы жаднамалар таратылыпты. Білім бөлімі жанынан «Балалардың қоғамдық қабылдауы» ұйымдастырылып, сенім телефоны іске қосылған.
Жаңа оқу жылының басында «Қауіпсіз мектеп» акциясы өткізіліп, елу екі бірдей қауіпті аймақтар белгілі болған. Анықталған қауіпті аймақтардың тізімі алынып, суретке түсірілген. Сол аймақтар арқылы 803 оқушы мектепке қатынаса, оларға 104 мұғалім мен 83 ата-анадан құралған кезекшілік кестесі жасалған.
Осы тұста балалар қауіпсіздігіне жауапты мектеп инспекторларының жұмысы да сөз болды. Бүгінгі таңда аудандағы 43 білім беру мекемесіне бар-жоғы 11 инспектор бекітілген. Кадр мамандарының жетіспеушілігіне байланысты облыстық білім басқармасына ұсыныстар берілген.
Нұржан Тоқбергенұлы Ғ.Байтасов атындағы тірек мектебінде орын алған жағдайға орай, тиісті жұмыстар атқарылғанын, қысқы жылыту маусымы барысына жасалған зерделеу нәтижелері, оқушылар тасымалдауын ұйымдастыру, мектептер мен балабақшаларда бейнебақылау камераларын орналастыру, мектеп сыртына қоршау жүргізу, ішкі әжетханаларға байланысты орындалып жатқан жұмыстар мен алдағы уақытқа жоспарланған істерге тоқталды.
Бұдан соң сөз алған аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Асылхан Заурбеков өз саласына қатысты бірқатар жұмыстарға жеке тоқтала келе, орын алған келеңсіз оқиғаның алдағы кезеңде болуына жол бермеу үшін біріге жұмыс істеуге шақырды. Сонымен қатар, алдағы уақытта жергілікті полиция органы тарапынан бірнеше ұсыныстарын алға тартты. Ал, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығының директоры Әлібек Мырзабеков кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық пен оларға қатысты құқық бұзушылықтардың немесе қылмыстардың алдын алу мәселесіне қатысты атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.
Өзекті мәселені қаузаған жиынды қорытындылаған аудан әкімі бірқатар тиісті сала басшыларына хаттамалық тапсырмалар беріп, бала қауіпсіздігі – әрқашан басты назарда болатынын ескертті.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ.

Обновлено 04.12.2019 15:10
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1317
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада7334
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда32901
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2203631

Серіктестер