Онлайн газет



ТӨРТ НЫСАН ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

Жыл санап ауданда тұрғындардың сапалы медициналық көмек алу көрсеткіші жақсарып келеді. Соның бір жарқын мысалы апта ортасында төрт бірдей елдімекенде ашылған медициналық тіректер десек артық айтпағанымыз.

Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойы мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында ел игілігіне ұсынылған нысанның алғашқысы Байзақ ауылындағы «Кеңес» фельдшерлік – амбулаториялық тірегі болды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жүзеге асырылып салынған аталмыш денсаулық сақтау нысанының жалпы құны 26 миллион теңгені құраған. Он келімге арналған тірек ауылдың бір мың үш жүзден астам халқына қызмет көрсететін болады.
Жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Нұржан Нұржігітов қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышты сәттерімен құттықтады. Өз кезегінде Ботамойнақ ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Асқар Бекбауов тұрғындар атынан ризашылығын білдірді.
Жаңа әлеуметтік нысанның лентасын  Ботамойнақ ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Асқар Бекбауов пен еңбек ардагері Кеулімжай Шартықбаев қиған соң аудан басшысы мен жергілікті тұрғындар фельдшерлік - амбулаториялық тіректің қызмет бөлмелерін аралап көрді.
Тіректе фельдшерлік, екпе және қабылдау бөлмелері орналасқан. Олардың бәрі де толықтай заманауи жаңа үлгідегі аппараттармен жабдықталып, білікті мамандар ауыл тұрғындарының барлығына да қажетті медициналық көмек көрсетуге әзір. Енді мұнда күнделікті денсаулығына шағымданған жандарға кез-келген көмек көрсетілетін болады.
*   *   *
Бұдан соң Ботамойнақ ауылында жалпы құны 22 миллионды құрайтын бес келімге арналған медициналық тіректің лентасы салтанатты түрде кесіліп, ауыл халқының пайдалануына ұсынылды.
Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Есенқұл Мақұлбаев ретімен сөз алып, жылы лебіздерін білдірді.
Ауыл қариялары Есенқұл Мақұлбаев пен Алтынбек Әбілдаев жаңа әлеуметтік нысанның лентасын салтанатты түрде қиып, баталарын берді, сәттілік тіледі. Медициналық тірек 5 науқасты бір сәтте қабылдап, көмек бере алады. Кабинеттер толықтай заманауи аппараттармен жабдықталып, білікті мамандар ауылдағы 454 тұрғынға қажетті медициналық жәрдемдер жасауда. Мұнда күнделікті денсаулығына шағымданған жандар, әсіресе, қарт жастағы адамдар, балалар мен жүкті әйелдер, мектеп жасындағы жеткіншектер қажетті ем-домдарын, кеңестерін ала алады.
Эльмира Айтқұлова, Ботамойнақ ауылының тұрғыны:
- Бүгін ауылда көптен бері күткен  қуанышты күн. Ауыл тұрғындары риза болып жатыр. Өйткені, биылдың өзінде ауылда шағын орталық пайдалануға берілсе, енді міне, жаңа медициналық тірек ашылуда. Осындай игілікті істер үшін аудан басшылығына айтар алғысымыз шексіз.
Зульфия Курбанова, медициналық тіректің аға дәрігері:
- Заманауи үлгімен жабдықталған мекемеде бір медбике, бір кіші мейірбике және бір қызметкер қызмет атқарады. Ауылда 454  тұрғын болса, соның ішінде, 122 бала мен 5 жүкті әйелге қызмет көрсететін боламыз.

*   *   *
Осы күні аудан әкімінің салалық орынбасарларының қатысуымен екі елдімекенде медициналық тіректер ашылды. Атап айтқанда, 210 тұрғыны бар Жаңасаз ауылы мен 224 тұрғыны бар Бағара ауылында бес келімге арналған медициналық тіректер өз жұмыстарын бастады.
Қорыта келгенде, ауданда бір күнде төрт нысан ашылып, барлығы да су жаңа аппараттармен халыққа сапалы дәрігерлік қызмет көрсетуді бастап кетті. Жыл соңына дейін Ақшолақ, Үшбұлақ, Жеңіс және Қосақ елдімекендерінде медициналық тіректер ашу жоспарланып отыр.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ.

Обновлено 03.12.2019 11:31
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін134
mod_vvisit_counterКеше601
mod_vvisit_counterОсы аптада1856
mod_vvisit_counterӨткен аптада4952
mod_vvisit_counterОсы айда7370
mod_vvisit_counterӨткен айда18846
mod_vvisit_counterБәрі1090907

Серіктестер