Онлайн газет



Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ

Айдана Шотбасова,
“Ауыл жаңалығы”.

Биылғы оқу жылы сеңкібайлықтар үшін жағымды жаңалықпен басталды. Олай дейтін себебіміз де бар. Сонау 1968 жылы іргетасы қаланған Еңбек бастауыш мектебі алғашында 80 оқушыға арналып тұрғызылған болса, бала санының артуына байланысты бүгінгі күнге дейін онда 3 аусымда сабақ жүргізіліп келген. Оның үстіне

тозығы жеткен ескі ғимаратта толыққанды білім алу мүлде мүмкін емес еді. Елбасы бастап, ел ағалары білімге бет бұру қажет деп жатқан бүгінгі таңда мәселеге мән берілмей қоймады. Білім ордасын күрделі жөндеуден өткізуге 38 млн. 115 мың қаражат бөлініп, «Ақсарай-Құрылыс» ЖШС-нің жігіттері  құрылыс жұмыстарын қолға алған болатын. Енді міне, кезекті оқу жылының алдында іші-сырты әрленіп-әдеміленген, есік-терезесі, едендері тұтастай жаңаға ауыстырылған нысан қолдануға берілді.
1 қыркүйек - Білім күнін ауылдықтар жаңа ғимарат алдында тойлады. Мерекелік шараны ашқан Еңбек бастауыш мектебінің директоры Е.Алшанбаев ел-жұртты осынау айтулы күнмен құттықтап,  жөндеу жұмыстарын жүргізуге қолдау көрсеткен азаматтарға ауыл тұрғындары атынан алғыс білдірді. Сеңкібайлықтардың қуанышымен бөлісуге бұл күні ауылға аудан әкімі М.Шүкеев арнайы ат басын бұрыпты. Ұстаздар қауымын, оқушыларды оқу жылының басталуымен құттықтаған Мұратхан Жүнісәліұлы білім саласын дамытуға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтарды тілге тиек етіп, заман талабына сай жаңартылған мектептен білікті азамат болып шығуды жастарға сеніп тапсырды. Саналы ұрпақ өсіру ұстаздар алдындағы ұлы міндет екендігін баса айтты. Мұнан кейін мектепке құрылыс жұмыстарын жүргізген «Ақсарай-Құрылыс» ЖШС-нің директоры М.Мырзаханұлы сөзге шығып, атқарылған шаралар жайын атап өтсе, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Ниязов, абыз ақсақал А.Құланбаев, зейнеткер аналар Қ.Амирова, М.Айғасқаевалар ауылдың ажары ашыла түскенін мақтанышпен айтып, ақ баталарын арнады. Аудан әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Ж.Құмғанбаев, Мырзатай ауылдық округінің әкімі Н.Абдуалиев игі тілектерін жеткізді.
Шара соңында аудан әкімі М.Шүкеев күрделі жөндеуден өткен ғимаратты аралап көрді.  Жүргізілген жұмыстарға өз бағасын беріп, білім ошағын қажетті  құрал-саймандармен жаңалау жайын сөз етті. Мектеп жанынан тұрғызылып жатқан жылу қазандығының құрылысымен танысты.

*        *          *
Түрлі ұлттың ұрпақтарын білім нәрімен сусындатып отырған Талас ауылына қарасты Н.Гоголь орта мектебінде бұл күні қос мереке қатар тойланды. Мұнда мектепалды даярлық тобымен 1-сыныпқа барлығы 847 бала қабылданыпты. Білім күніне арналған жиында алдымен  ұстаздармен оқушыларды, ата-аналарды мерейлі мерекемен құттықтаған мектеп директоры Н.Телтаев білімді ұрпақ тәрбиелеуде мұғалімдерге жүктелер жауапкершіліктерді сөз етіп, жастарды жақсы оқуға үндеді. Мерекелік жылы лебіздерін сонымен қатар, ардагер ұстаздар М.Сүлейманов, Р.Әбілдаева, Н.Гурова да арнады.
Мұнан кейін мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Сугуралиева, педагог-ұйымдастырушылар Ф.Абдуқасымова, Г.Ережепова, Қ.Әбдібекова, тәлімгер А.Тұрсынбаеваның ұйытқы болуымен аналар аллеясының ашылу салтанаты өтті.
Біріккен істе қашанда берекелі тірлік болады емес пе? Ұжымның ұйымшылдығы арқасында бой көтерген аллеяның жан-жағы жасыл желекпен көмкеріліп, ішіне орындықтар орнатылыпты. Айтулы шарада сөз сөйлеген аудандық мәслихаттың депутаты Е.Әшірбеков, мектеп директоры Н.Телтаев, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Н.Күсемісов ана туралы ойларын ортаға салып, барлық ақжаулықтылар алдындағы ұл-қыздарының парызы жайында әңгіме қозғады. «Аналар аллеясының» алқызыл лентасын осы мектептің түлегі, Құрметті азамат Н.Бекмұратов және абыз ақсақал М.Сүлейманов қиып, құтты болсын айтты. Бақ іші болашақта да жайқалып, жайнай түсуіне тілектестіктерін білдірді. Дәл осы күні аллеяның ішінен көп жылдар бойы ұстаздық қызметті абыроймен атқарған Күләш Нүсіповаға арналып қойылған ескерткіш-бюсттің ашылу рәсімі өткізілді. Шара соңында жиналғандар естелік суретке түсіп, жас буын ұл-қыздар «Ана», «Мама» деп ән салды,  өлең жолдарын нақышына келтіріп орындады.
*            *            *
Білім күні ауданымыздағы басқа білім ордалары қатарында  Н.Киікбаев орта мектебінде де аталып өтілді. Онда сөз сөйлеген мектеп директоры А.Бекбауов жиналған қауымды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Сөзге шыққан мектептің ардагер ұстаздары А.Алашбаева, Ө.Домаева, Қ.Елубаева, А.Мамытқұлұлы аталық ақ баталарын  арнады. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Э.Біржанованың мұрындық болуымен өткізілген мерекелік думанда мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер жырдан шашу шашса, «Балауса» бишілер тобы «Сыңғырла, сыңғырла қоңырау» атты композициялық қойылым көрсетті. Жас ұстаз А.Әкетаев «Мектебім» әнін тамылжыта орындады. Көптен күткен қоңырау үні де естілді. Алғашқы қоңырауды 11 «а» сыныбының оқушысы Б.Көшкімбаевпен 1 «а» сынып оқушысы А.Бекұзақ соқты.
*            *            *
Осындай мерекелік  іс- шара 70 жылдан астам тарихы бар Қазақстанның 40 жылдығы атындағы орта мектебінде де өтті.  Салтанатты жиында Мемлекеттік  Туға  сап түзеліп,  Әнұран шырқалды. Аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы З.Дүзенова, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі М.Халбаев, аудан әкімдігі білім бөлімінің әдіскері  Л.Бабашевалар жүрекжарды лебіздерін арнады. Ата-аналар атынан құттықтау сөз кезегін алған  М.Тілеубаева мектеп директорына өткен оқу жылында қолға алған эксперименттік жоба арқылы  оқушылардың бос уақытын ұйымдастыру мақсатындағы  түрлі  үйірмелердің  ашылып,  нәтижелі жұмыс атқарып отырғандығы үшін ата-аналар қауымы атынан алғысын білдірді. 
Сондай-ақ салтанатты жиынның кезекті бөлімінде «Білім патшалығына саяхат» музыкалық  қойылымымен   жаңадан 1 сынып табалдырығын аттаған оқушыларға  қызықты кейіпкерлер ақылы мектеп  туралы жан-жақты  көрсете білді.
Жиын барысында «Ұстазым», «Мектебім», «Алғашқы қоңырау» сынды әуезді әндер шырқалып,  оқушылар  “Қазақстан-2050” Стратегиясы: бір халық-бір ел-бір тағдыр»  тақырыбында   тәрбие сағаттары өтетін сыныптарға аттанды.

 

Обновлено 04.09.2013 10:00
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1663
mod_vvisit_counterКеше1540
mod_vvisit_counterОсы аптада5804
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда31371
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2202101

Серіктестер