Онлайн газет



АҚЫН, ЖЫРШЫ, ТЕРМЕШІ, АЙТЫСКЕР ЕРТАЙ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: "Абайдың даналығы, Мұхтар Әуезовтың ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана", - деп ашық та айқын айтқан болатын.

Жүздеген жылдар бұрын айтылып, әр заманның тыныс-тіршілігін, рухани әлемін анық көрсететін ұлттық болмыстағы әндер бүгінгі мен ертеңгі ұрпақ үшін де аса қымбат мұра екені анық. Шын мәнінде, ұлттық мәдениет, ұлттық рух – бесіктегі баладан басталады.
Тәуелсіз, егемен еліміз әлемнің төрт бұрышына бірдей танылып, саяси-әлеуметтік және экономикалық жағынан тұрақты даму жолына түскен бүгінгі күні мұның өзі ел үшін ең басты мұраттардың бірі. Сондықтан жас ұрпақ бойында отансүйгіштік сезімді тәрбиелеп, қалыптастыру, мәдени мұраларымыздың сыры мен қырын ашып, халықтың игілігіне жарату – баршамыз үшін үлкен парыз.
Жыр алыбы Жамбылдың жырлары мен толғауларын, күй атасы Құрманғазының құдіретті тәтті күйлерін, қазақтың дәстүрлі әндерін бұрынғы қалпында әнін, әуенін өзгертпей, ел арасында насихаттап, айтып жүрген өнер майталмандары көп-ақ. Солардың бірі әрі бірегейі, қазақтың музыкасы мен өнерін өрге сүйрей жүріп, ұстаздық жолды кәсіп еткен – Ақжар ауылының тумасы, ақын, жыршы, термеші, айтыскер Ертай Ойшыбекұлы Тазабеков туралы әңгіме өрбітпекшімін.
Сәті түсіп Ертай Тазабековтің өмір жолы, өнер жолындағы шығармашылығы, жеткен жетістіктерін оқырмандарға жеткізу мақсатымен Ақжар ауылына жол тарттым. Оны бүгінде өзі қызмет ететін С.Сейфуллин атындағы орта мектептен тауып, келген шаруамды айттым. Күні бүгінге дейін домбырасын қолынан тастамай, өнерді таусылмас азық, сарқылмас байлыққа балап жүрген азамат мені қуана қарсы алып, өзі жайлы деректермен бөлісті.
Ертай Ойшыбекұлы 1959 жылы 3 қаңтарда Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Ақжар ауылында шаруаның отбасында дүниеге келіпті. Әкесі Ойшыбек колхозда мал бақса, анасы Сара қызылшашы болып еңбек етіпті.
Асқар таудай тірегі Ойшыбектен 5 жасында домбыра тартуды үйренген Ертай мектеп есігін ашқан кезден бастап-ақ ән-жырға құмар бола бастаған. Мектептегі мәдени шаралар Ертайсыз өтпейтін болады. Ертай 1976 жылы Ақжар ауылындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепті ойдағыдай бітіріп, 1977 жылы Отан алдындағы борышын атқарып келеді.
Әскерден келген соң "Трудовой пахарь" колхозында комсомол жастар бригадасында жұмыс істейді. 1985-1991 жылдары аралығында Ақжар ауылындағы мәдениет үйінің меңгерушісі, 1991-1996 жылдары жастар ісі жөніндегі төрағаның орынбасары қызметін атқарады. 1996 жылдан бастап күні бүгінгі дейін Ақжар ауылындағы өзі оқыған мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы әрі ұйымдастырушы қызметін абыроймен атқарып келеді. Ертай Жамбыл атындағы музыкалық училищені бітірген. Кейіннен, Алматыдағы Орта Азиялық университеттің алғашқы әскери бөлімінің даярлау факультетін 2003 жылы түсіп, 2009 жылы университетті ойдағыдай аяқтайды.
Ұстаздық қызметте жүрсе де өнерден қол үзбеген Ертайдың негізгі шығармалары – қазақтың дәстүрлі әндерінен құралған. Халық әндері «Елім-ай» - дан бастап, «Ахау Семей», "Дедім-ай-ау", "Күләнда" сынды әндерді өз әуенімен бұзбай, сол күйінде көрермендеріне жеткізіп, қошеметке бөленіп жүрген талант иесі екендігін баса айтқан жөн. Оның өзгелерге ұқсамайтын үні, мақамы бар. Ертайдың кез келген термелерін тыңдаудан көрермендері жалықпайды. Халық әндерімен бірге «Алғадайды жоқтау», Бұқар жырау, Майлықожаның термелері, насихат термелері, Жамбылдың «Өмір дерек» термесі, Кенен ақынның Жамбылдың ұлы Алғадай қайтыс болғанда Жамбылға келіп, көңіл айтқан термесін облыстық «Жамбыл» арнасындағы «Терме» бағдарламасында бірнеше рет бергені бар.
Ертай  мектептегі әнші, жыршы, термешілердің және домбыра үйірмесінің жетекшісі. Ол 1986 жылдан бастап аудандық, облыстық, республикалық ақындар айтысынан көрініп әрі жыр - термелер байқауларына қатысып, жүлделі орындарды иеленген. 1986 жылы облыстық «Жыр - терме» байқауына қатысып, жүлделі бірінші орынды, республикалық байқауда екінші орынды жеңіп алған. 1996 жылы өткен Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық мерейтойында жыр, термелерді жоғарғы деңгейде орындағаны үшін Жамбыл атындағы халықаралық сыйлыққа ие болып, әрі төс белгімен және Дипломмен марапатталды.
Ақынның алғашқы айтысы сонау 1983 жылы Арыстан Тайпақовпен, Шорабек Айдаровпен өтсе, 1985 жылы М.Мақатаевтың 60 жылдығына орай өткен айтыста Серік Қалиевпен, 1992 жылы Петропавл-Қызылжар қаласында Қостанай қаласынан келген ақын Ормашина Әлфиямен айтысып, жүлделі орындарды иеленеді.
Оның бойында ақындықпен қатар өзі шығарған әндері мен термелері де бар.
Ертай Тазабеков шығармаларындағы «Арқа аруы», "Өмір термесі» сынды әндері қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы, әр кездерде радиодан беріліп тұрады.
«Туған жерім – Ақжарым» - деп, туған ауылын әнге қосқан ақын  батыр Бауыржан Момышұлына, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаевқа, «Батыр шапағы» медалінің иегері, танымал айтыскер ақын, термеші, өнердегі ұстазы Аяз Бетбаевқа арнауын шығарған.
Мысалға айтар болсақ,  ол Бауыржан Момышұлына арнаған арнау өлеңін 2005 жылы Алатаудағы Республикалық сарайда өзі орындаған. Ал, белгілі әскери қолбасшы Бақытжан Ертаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілгенде, Астана қаласында Шу ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, “Құрмет” орденінің иегері, Б.Момышұлы атындағы «Батыр шапағы» медалінің иегері, танымал айтыскер ақын, термеші Аяз Бетбаев пен Ертай Тазабеков екеуі бірігіп, халық қаһарманына арнаған арнау өлеңді Астана тұрғындарына асқақтата шырқап, сыйға тартқан. Сонымен бірге, 2017 жылы Аяз Бетбаевтың 75 жылдық мүшел тойына арналған шығармашылық кеште ақын- термеші Жамбылдағы Абай атындағы драма театрының кең сахнасында ұстазы Аяз Бетбаевқа арнаған арнау өлеңін орындап береді.
Ертай қоғамдық - мәдени жұмыстарға да белсене қатысады. Түймекент ауылдық округінің мәдениет үйіндегі "Үкілі домбыра" үйірмесінің жетекшісі болып еңбек етуде. Ертай жұбайы Нұржамал екеуі үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы әке жолын қуған домбырашы болса, кенже қызы Шұғыла ақындыққа бет бұрып, өлең жазады.
Өнер өлкесінде биік асуларды бағындырып, халқыңды әсем ән мен тәтті күйлерге бөлей бер, - деген тілекпен мақаланы ақын Ертайдың «Туған жерім – Ақжарым» атты арнау өлеңімен аяқтағанды жөн көрдік.

Ауылым алтын мекенім,
Құндақтап мені көтердің,
Егіздей екі көшеңді,
Төбеме келер көтергім.
Нарқына сенің қарызбын,
Парқыңа жету парызым.
Әр күнгі атқан таңына,
Күнде мен етем тағзым.

Ниязхан БЕЙСЕНОВ,
еңбек ардагері,
Түймекент ауылы.

Обновлено 09.10.2019 10:52
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1496
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада7513
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда33080
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2203810

Серіктестер