Онлайн газет



ТҮЙМЕКЕНТ ҚАЛАШЫҒЫ БҮККЕН СЫР

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени географиялық белдеуі - ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Біз халықтың санасына - жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек» деген болатын. Осыған орай ұлттық құндылықтар мен тарихи мұраларымызды кеңінен насихаттауға арналған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында ауданымызда  ауқымды тірліктер қолға алынуда.

Байзақ ауданы бойынша 64  тарихи-мәдени ескерткіш тіркеуге алынған. Оның 4-і республикалық маңызы бар, ал қалғандары жергілікті маңызы бар ескерткіштер саналады. Республикалық дәрежедегі археологиялық ескерткіштер Барысхан қаласы (ХҮ-ХІХ ғғ.), Түймекент қаласы (ҮІІІ-ХІҮғғ.), Оххум қаласы (ХІХ-ХІІғғ.), Қостөбе қалашығы (VII-XIIғғ.).
2007 жылы ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік мұра комитетінің» тізіміне Ботамойнақ ауылдық округіндегі «Қостөбе қалашығы»,  2017 жылы «Қазақстанның 100 киелі жерлері» арнайы жобасы бойынша еліміздің қасиетті жерлерінің картасы әзірленіп, оған аудандағы «Байзақ баба» кесенесі енген болатын.
Түймекент қалажұрты Түймекент ауылының оңтүстік шетінде, Талас өзенінің оң жағалауында орналасқан. Жаркент, Тараз, Манкет, Сайрам, Түркістан, Отырар сияқты тарихи ірі қалалардың замандасы болған қалашық теңіз деңгейінен биіктігі 476 м. Тік бұрышты көлемі 250 × 310 м. Оны қоршаған қамалдың қабырғалары мен бұрыштарындағы мұнараларының биіктігі 4,5-7 м.
Түймекент қалашығына 1894 жылы В.Бартольд, 1936-38 жылдары Жетісу археологиялық экспедициясы (А.Бернштам), 1983 жылы ҚазМУ-дың археологиялық экспедициясының тобы (М.Елеуов) зерттеу жұмыстарын жүргізді. Оның өлшемдері табанында 40х15, үстіңгі алаңқайында – 15х15 м. Адырға оңтүстік жағынан қыры 40 м, ерітілген білікпен қоршалған аула жанасады. 
Зерттеу нәтижесінде бұл қаланың біздің заманымыздың VI – XII ғасырларында өмір сүргені анықталған. Қазбадан әртүрлі ыдыс түрлері мен тұрмыс қажетін өтейтін бұйымдар табылған.
«…Жалпақ жұртыңды құрметтеу, алдымен, өзің тұрған өлкенің тарихын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады»- деп Елбасы айтқандай,  республикалық дәрежедегі Түймекент қалашығының тарихы тереңде жатыр. Аңыздар Түйме атты сұлу да батыр қыздың  құрметіне халық шаһарды Түймекент  деп атаған деседі. Ұлы Жібек жолы бойындағы  Түймекент қаласы үстімен Қытайдың шайматалары Еуропа мен Азияны шарлағаны белгілі болуда. Өз дәуірінде салтанаты асқан шаһардың тарихы өскелең ұрпақты қызықтыруда.
Байзақ өңірінің тарихи киелі жерлерін кеңінен насихаттау мақсатында саяхаттар, мұражайлар мен тарихи орындарға экскурсиялар ұйымдастырылуда. Мұндай шаралар өсіп келе жатқан жас ұрпақты отансүйгіштікке, туған жерінің тарихын білуге, онымен мақтануға тәрбиелейді.

Нұрбек Сүгірбеков.

Обновлено 12.08.2019 10:50
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1534
mod_vvisit_counterКеше1743
mod_vvisit_counterОсы аптада3277
mod_vvisit_counterӨткен аптада6251
mod_vvisit_counterОсы айда21356
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2228742

Серіктестер