Онлайн газет



АЙТ МЕЙРАМЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін Ораза айт – мейірімділік, игілік, бірлік, ізеттілік, қайырымдылықтың мерекесі. Бұл мейрам барша халықты ізгілікке ұйытады. Алла тағаланың разылығы үшін ораза тұтқан исі мұсылман баласы үшін ұлық мереке – Ораза айт мерекесі де келіп жетті.

Бұл күн – жер бетіндегі барлық мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі. Бұл күнді біздер Алла тағала қасында ұлық болған Рамазан айын зор құрметпен шығарып салып тұрып, үлкен сауап пен нығметке қауышқанымыз үшін мерекелейміз. Таң сәріден "Байзақ баба" мешітіне ағылғандар қатарының әдеттегіден көп болуы да содан болар.
Рамазан – құлшылық пен сабыр, береке мен бірлік, мейірім мен қайырымдылық айы болса, үш күн бойы тойланатын Ораза айт мейрамы – адамдардың көңіліне қуаныш сыйлайтын ұлық мереке. Отыз күн ораза ұстап, ауыз бекіткен мұсылман баласы бұл күні әуелі айт намазына қатысу үшін мешітке бет алысты.
Жаратушының разылығы үшін ауыз бекітіп, мұсылмандықтың бес парызының бірі Оразаның шарттарын орындаған жандар ауыздарын ашты. Мұсылмандар Оразамен қимай қоштасып, Алла тағаланың қасиетті айына амандық-саулықта жеткізгеніне шексіз алғыс білдіріп, келесі Рамазанға есендікте жетулерін тілеп, мінәжат етті. Айт намазына келген қауымды ұлық мейрамымен құттықтаған аудандық «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Рамиз қажы Ораза айт мерекесінің қадір-қасиеті жайлы уағыздар айтып, дініміздің қуатты, күніміздің шуақты, аспанымыз ашық, ел іргесінің бүтіндігін Алла тағаладан тілеп, дұға жасап, жамағатты осы қуанышты күнде мұқтаждарды қуантуды ұмытпауға шақырды.
Айт намазынан кейін айт мерекесі басталып, барлық мұсылман қауым бір-бірін шын ниетімен құттықтасып, елге, халыққа амандық - саулық тілесті. Намаздан соң жамағат жайылған айттық дастарханға жиналды. Сондай-ақ, ақ дастархан басында имани әңгімелер, діни сұхбаттар, «Айт құтты болсын!», - деген ақжарды тілектер айтылды.
Айт күнінің өзіне тән жарасымды да сауапты амалдары мол. Әр үйде сәні мен салтанаты ерекше мерекелік дастархан жайылады. Мұсылмандар туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңды аралап, бір-бірінің үйінен дәм-тұз татып, мәре-сәре болады. Айт мерекесі адамның рухани өміріне сәулесін төгіп, жанға жылу беріп, жүректерге қуаныш сыйлайды. Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрасады. Сондықтан, жыл сайын бұл мейрамды барша мұсылман сағына күтеді, ерекше қастерлейді.
Айт намазына аудан басшысы Рахматілдә Рахманбердиев, аудандық мәслихаттың хатшысы Нұржан Тлепов, бірқатар бөлім, мекеме басшылары қатысты.
"Байзақ баба" мешітінің мұрындық болуымен өткізілген қайырымдылық шараның бірі – «Жолың болсын жолаушы» науқаны болғанын атап өту ләзім. Аталмыш іс-шарада айттың бірінші күні Сарыкемер ауылынан Тараз қаласына қатынайтын 25 орындық қоғамдық көлік жолаушыларға тегін қызмет көрсетті.

Мұхтар ШАЛҒЫНБАЙ.

Обновлено 10.06.2019 10:08
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін738
mod_vvisit_counterКеше846
mod_vvisit_counterОсы аптада738
mod_vvisit_counterӨткен аптада4365
mod_vvisit_counterОсы айда12039
mod_vvisit_counterӨткен айда14453
mod_vvisit_counterБәрі1001988

Серіктестер