Онлайн газет



ҚОЛЫ АШЫҚТЫҢ - ЖОЛЫ АШЫҚ

Жыл айналып келетін қасиетті Рамазан айы – адамзат баласының жан-дүниесінің рухани жаңару айы болып табылады. Иман бұлағынан сусындаған дана халқымыз мүбәрәк рамазанда Алланың ықыласына бөленуді көздеп, сауабы мен ғибраты мол іс - шараларды жүзеге асырып отырғаны көне тарихтан белгілі.

Атадан балаға мирас болып келе жатқан бұл үрдіс ұрпақтар жалғастығына айналып, бүгінгі күні жаңаша сипатта, үлгі - өнегелік маңызы зор тұрғыда жүзеге асырылуда. Алла ризашылығы үшін таң сәріден кеш батқанға дейін ауыз бекіткен жамағатқа «Бағлан» мейрамханасында аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Нұржан Нұралиев ауызашар берді.
Иманды ұғым мен инабатты пайымға ден қойған қалың ел, әсіресе, ақсақалды қариялар мен ақ жаулықты әжелер көңіл дархандығының айғағындай көл-көсір дастархан басында өзара емен-жарқын шүйіркелесіп, бір жасап қалды. Дәмге берілген бата ауызашарда бас қосқан ағайынның аппақ пейілімен ұштасып жатты. Дін өкілінің құлаққа жағымды үнімен айтқан уағыз-насихатына ұйыған халық, Нұржан Тоқбергенұлына риясыз ниетпен алғыстарын жаудырды. 
Ораза - тән мен жанның тазаруы. Ауыз бекітудің адам денсаулығы мен жан дүниесінің жаңаруына пайдасы зор екендігін айтқан “Байзақ баба” мешітінің найб имамы Айбек Каримбаев ауызашар ұйымдастырған білім бөлімінің ұжымына ризашылығын білдірді.

*    *    *

Қадір түнінде “Байзақ баба” мешітінде белгілі кәсіпкер Алтынбек Жамишжановтың жалпы әлеуметке берген ауызашары өзімен өрелес  өзге азаматтарға өнеге көрсетудің үлгісіндей болды.
Әруақтар рухына бағышталып оқылған дұғалар тарауық намазында сәждеге маңдай тигізген жамағаттың таза көңілден шыққан тілегімен жалғасын тапты. Ауданның бас имамы Рамиз қажы: “Ораза ғибадаты пенденің Аллаға деген сезімін оятып, сүйіспеншілігін арттырады, ораза – адамның тақуалығын күшейтіп, адамды Жаратқанға жақындатады, мол сауапқа кенелтіп, жәннат есігін ашып, тозаққа қалқан болады. Және біз білетін-білмейтін жақсылықтарға жеткізеді”, - деген тілегін жеткізді.
Ауызашар барысында кезектесіп сөз алған азаматтар ризашылығын білдірумен қатар, халқымыздың қонақжай, мейірбан, ізгі қасиеттерін дәріптеп, жастардың бойына сіңіру, ауызашар дәстүрінің олардың береке-бірлігін арттыру, ұйымшыл, қоғамшыл, кешірімшіл болып тәрбиеленуіне орасан мол ықпал ете алатыны жайлы ойларын ортаға салды.
Сонымен қатар, асыл дініміз Исламның құндылықтары, қасиетті Рамазан айының хикметтері мен ораза ұстаудың және ауызашар беру, ауыз аштырудың сауабы туралы кең көлемде уағыз - насихат айтылып, ақсақалдар баталарын берді.
Алтынбек Миятұлының асыл дініміздің құрметіне орай, қасиетті Рамазан айының қадір - қасиетін ұлықтап, Алла ризашылығы үшін көрсеткен ақ пейіліне келушілер де қош көңілмен риза болып тарқасты.

Мейрамкуль Дүйсенова,
М. Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың 1-курс  білімгері.

*        *        *

Қайырымдылық жасау –  әр адамға тән қасиет. Ал, Рамазанда жасалған игілікті  істердің сауабы шексіз.
Биылғы Рамазан айында аудандық “Байзақ баба” мешіті қызметкерлерінің ұйытқы болуымен бірнеше қайырымдылық шаралары өтті. Онда бас имам Рәмиз қажы Азизов қолдауды қажет ететін 55 отбасыға 440 мың теңгенің азық-түлік өнімдерін үлестірді. Орталық мешітте Қадір түнінде  тағамдар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, одан түскен қаражат “Зекет” қорына аударылды.
Сондай-ақ, округтерге қарасты имандылық үйлерінің молдалары мен жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен осал топ өкілдеріне қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, «Әбдімәжит» және «Естай баба» мешітінде 12 отбасыға, Аймантөбе мешітінде 15 жанұяға, «Әбдімәжит және Тілеш қажы» мешіттерінде 21 отбасыға, сонымен қатар, бір мезгілде  “Әбдімәжит”, “Диқан”, “Шолпан Дәуіт”, “Бишен ата”, “Әбу Бәкір Сыдық” мешіттері қайырымдылық көмектерін жасады.

Аида ШІРКЕЙ,
М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың 1-курс  білімгері.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1838
mod_vvisit_counterКеше1540
mod_vvisit_counterОсы аптада5979
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда31546
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2202276

Серіктестер