Онлайн газет



ҰЛЫ ЖЕҢІС - ҰРПАҚҚА АМАНАТ

ХХ ғасырдың ең зұлмат оқиғасы – Ұлы Отан соғысының аяқталып, Жеңіс туының желбірегеніне биыл 74 жыл толды. Отанын жаудан азат етіп, бейбіт күнді сыйлау үшін жан алысып, жан беріскен ардагерлерді ардақтау, батырларға құрмет көрсету – бүгінгі ұрпаққа аманат.

Жыл сайын Ұлы Жеңіс күні майдан даласында ерлік көрсеткен қазыналы қарттарымызды құттықтап, туған жеріне оралмаған боздақтарды еске аламыз. Бұл игі дәстүр осы жылы да жалғасын тауып, “Қайғылы ана” және Кеңес Одағының батыры Ақәділ Суханбаев ескерткіштеріне гүл қою рәсімінен бастау алды. Аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев бастап ардагерлер мен мереке қатысушылары Мәңгілік алаудың алдында тағзым ету шараларын атқарып, Ұлы Отан соғысында құрбан болған ерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Бұдан кейін орталық алаңда мерекеге арналған митинг өткізіліп, онда аудан басшысы құттықтау сөз сөйледі. Өз құттықтауын: “Баршаңызды Ұлы Жеңістің 74 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің ең жарқын мерекелерінің бірі - Жеңіс күні. Бұл күн - ержүрек батырлардың ерлігі мен Отанға деген сүйіспеншілікке құрмет көрсетілетін, абырой мен даңқтың мерекесі”, - деп бастаған Рахматілдә Сегізбайұлы азаттық пен бейбіт өмір үшін күрескен ерлердің арасында байзақтықтар болғанын, ауданнан соғысқа аттанған 3341-ден астам азаматтың 1360-ы туған жерге оралмағанын, осылардың арасында өшпес ерлік жасап, есімін ел жүрегіне жазып кеткен Ақәділ Суханбаев та бар екенін атап өтті. Ауданда бүгінде қан майданның қос бірдей куəгерлері, соғыс ардагерлері Өнербай Молдабаев пен Рахымжан Мамыралиевтің ортамызда жүргенін және де тылда белсенді еңбек еткен даңқты қызылшашы, Социалистік Еңбек Ері Мәрзия Ибрагимова, диқандық Мамық Жанқожаева, жақаштық Райхан Шомаева сынды абыз аналарды өнеге тұтатынымызды жеткізді. Сонымен қатар, аудан әкімі өз сөзінде 9 мамыр – Жеңістің 74 жылдығына орай, соғыс ардагерлерінің әрқайсына 300 мың теңгеден біржолғы материалдық көмек көрсетілгенін, биылғы жылы соғыс ардагерлері мен басқа да санаттағы азаматтардың денсаулығын түзеуге қаржы бөлінгенін, осындай қамқорлық пен құрмет үнемі жалғасын табатынын айтты.


Орталық алаңдағы мерекелік шара Ауған соғысы ардагерлері және алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдері мен оқушыларының салтанатты шеруіне жалғасты. Сап түзеген ұстаздар мен алғашқы әскери дайындық пәнінің оқушылары ретімен алаңнан жүріп өтіп, әскери - патриоттық бағыттағы әндер шырқады. Ұлы Жеңіс күніне байланысты аудандық мәдениет үйінің “Шахан” халық театры мен Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының композициялық көрінісі қойылды. Көріністе Отан туралы әндер айтылып, майдан даласындағы Кеңес Одағының батыры Ақәділ Суханбаевтың көрсеткен ерлігі бейнеленді. Саябақ алаңында шатыр құрылып, мереке қатысушылары дала асханасынан дәм татты. Мерекелік концертте аудан өнерпаздары өз өнерлерімен саябаққа келген көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.


Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған қуанышты күн осылай атап өтілді. Халқымыздың ерлігі мен даңқының жарқын көрінісін қазақ аяғы басқан әрбір мекен ұмытпайды. Әлемге қуаныш пен қайғы жұтқызған күннің жеңісті сәті ел есінде ғасырлар бойы сақталады.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ.

Обновлено 15.05.2019 11:06
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін84
mod_vvisit_counterКеше401
mod_vvisit_counterОсы аптада485
mod_vvisit_counterӨткен аптада3151
mod_vvisit_counterОсы айда9170
mod_vvisit_counterӨткен айда19540
mod_vvisit_counterБәрі984128

Серіктестер