Онлайн газет



ТАРИХТАН СЫР ШЕРТЕДІ

Адамзат баласы үшін көнеден сыр шертетін кез келген дүние құнды. Себебі, өткеннен өнеге ала отырып қана келешегімізге келісті қадам жасай аламыз. Ал, сол құнды мұраларды жинақтау, оларды көздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа бүлінбей жетуін қамтамасыз ететін бірден бір мекеме ол- мұражай.

Деректерге сүйенсек, Қазақстандағы алғашқы мұражайлық бастаманы 1828 жылы Жәңгір хан көтеріп, сол жылы өз ордасында мұражайлық көрме залын ашты. Бертін келе, 1831 жылы 1 сәуірде Орынборда, 1883 жылы Семейде, 1898 жылы Верныйда (Алматы), 1859 жылы Оралда алғашқы мұражайлар ашылды. Жалпы, қазан төңкерісіне дейін Қазақстанда осындай 4 мұражай болды. Революциядан кейін 1920 жылы Қостанай мен Көкшетауда музей ашылды. Осылайша Ұлы Отан соғысына дейін Қазақстанда 24 музей болды.
Тасын түртсең тұнған тарих Байзақ өңірінде танымдық мұражай әуелде аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде сақталды. Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес, 2009 жылдың 28-ші қыркүйегінде аудан әкімінің №473 қаулысы жарияланып, осы негізде әкімдіктің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «әл-Фараби атындағы мәдениет үйі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны жанынан аудандық тарихи-өлкетану мұражайы ашылды. Араға бір жыл салып, яғни 2010 жылдың 14-ші маусымында аталмыш музей, «Аудандық тарихи-өлкетану музейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылып, жан-жақтан экспонаттар жинақтала бастады. Музей қоры 2011 жылдың 25-ші қаңтарында жаңадан берілген ғимаратқа қойылып, міне бүгінгі күнге дейін мәдени орын келушілерге сапалы түрде өз қызметін ұсынып келеді.
Аудандық тарихи-өлкетану мұражайының қорында қазіргі таңда 2771 жәдігер бар. Тарихтан сыр шертетін тағылымды мұралар мұндағы «Тарих», «Этнография», «Мәдениет және спорт», «Даңқ» және «Археология» залдарына топтастырылып, көпшілік назарына ұсынылып келеді. Өңірдегі тарихи өлкетану мұражайы өткен өмірге қатысты жәдігерлерден бөлек, Елбасының елді өркендету жолындағы бағдарламалық мақалалары мен өңіріміздегі тың бастамалар жайлы стендтер ұйымдастырылып, жұртшылыққа таныстырылуда.
Кешегі ата-бабаларымыз ұстанып-тұтынған тұрмыстық бұйымдар, керамикалық ыдыс-аяқтар, әшекейлер, сауда-саттықта қолданған тиындар мен қағаз ақшалар, қолжазбалар, жалпы көне дәуірдегі көптеген құнды заттар, Ұлы Отан соғысының тарихы, өлкеміздің өнер адамдарына қойылған бұрыштары бар аудандық тарихи-өлкетану мұражайы заман талабына сай жабдықталу жұмысын қолға алып, едәуір жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Бұл бағытта мұражай мамандары ғылыми ізденіс жұмыстарымен айналысып, түрлі деңгейдегі республикалық, облыстық білім арттыру оқу-семинарларына қатысып, онда жинақтаған тәжірибелерімен келушілермен бөлісуде. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында тақырыптық көрмелер өткізуде. Мұражайдың алға қойған ендігі басты мақсаты - сандық жүйеге көшу. Бұл арқылы өңір тарихымен танысқысы келген кез келген азамат жәдігерлер туралы мағлұматты онлайн түрде ала алады.
Айта кетерлік тағы бір маңызды жәйт, алдағы 18 мамырда Халықаралық музейлер күні аталып өтілмек. 1977 жылдан бастап тойланып келе жатқан осынау даталы күнге орай аудандық тарихи-өлкетану мұражайында «Ашық есік» күні ұйымдастырылады.
Олай болса, өңір тарихынан сыр шертетін мұражай өмірімен танысқыңыз келсе, қош келдіңіз демекпіз!

Айдана Шотбасова,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы.

Обновлено 15.05.2019 10:13
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін77
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада6094
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда31661
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2202391

Серіктестер