Онлайн газет



МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛДІ

Кеше, аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев облыс әкімінің өкіміне сәйкес, бекітілген кесте бойынша Темірбек ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып қайтты. 
Жұмыс барысында елдімекендердегі әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысып, Ә.Жанқұлиев атындағы орта мектепте кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, әлеуметтік сала қызметкерлері және ауыл тұрғындарымен кездесу  өткізді.

Алдымен Тегістік ауылындағы "Тегістік-2009" шаруа қожалығының егістік алқабында көктемгі дала жұмыстары барысымен танысқан аудан басшысы жерді тиімді игеру қажеттігіне баса назар аударды. Бұдан соң ауылдық дәрігерлік амбулатория жұмысымен танысып, ондағы ауыл тұрғындарының денсаулықтарына байланысты қабылданған шаралар туралы мәліметтерге қанығып, орын алған кемшіліктердің қайталанбауын ескертті. Сонымен қатар, Тегістік ауылындағы су қабылдау имаратында болып, бүгінде ауыл халқының таза ауыз суды толықтай пайдаланып отырғанына көз жеткізді. Ондағы бірқатар мәселелерге байланысты өз ойымен бөлісті. Келесі елдімекенде Сарыбарақ негізгі мектебі мен ауылдық медициналық тіректің тыныс-тіршілігі таныстырылды. Ал, Шахан ауылында болған сапарында фельдшерлік-акушерлік тірек, ауылдық мешіт, М.Әуезов атындағы орта мектебі және ветеринариялық тіректің жағдайын көрді. Мұнда аудан әкімі тазалыққа мән беріп, мекеме ғимараттары айналасын абаттандыру, көгеріштендіру керектігін пысықтады.
Рахматілдә Сегізбайұлы жұмыс сапарының соңын Ә.Жанқұлиев атындағы орта мектебінде өткен жиынмен қорытындылады.  Аталмыш жиында ауылдық округ әкімі Бағдат Адилов атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Ауыл әкімі өз сөзінде бүгінгі таңда, ауыл шаруашылығы, егілген дақылдар көлемі, ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуы, әлеуметтік көмек, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салалары, сондай-ақ, көріктендіру, көгалдандыру бағытында атқарылған жұмыстарды атап өтті.
Кездесуде белсенділік танытқан темірбектік тұрғындар өздерін толғандырып жүрген мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, шахандық тұрғын Есенкүл Әбдібаева Сарыбарақ пен Шахан ауылының ортасына бой көтереді деп жоспарланған жаңа 100 орындық мектептің құрылысына қатысты наразылығын білдірсе, Ақбибі Нысанова Мырзатай ауылдық округінде орын тепкен Дихан тірек мектебіне оқушыларды тасымалдап оқытудың маңыздылығын сұрады. Сонымен бірге, шаруа қожалыққа берілетін субсидияның кешеуілдеу себебін білгісі келетінін алға тартып,  сүт қабылдау мәселесіне қатысты сұрақ қойды. Ал, "Алтын алқа" иегері Тәрбие Құлтаева ауылға кіргізілетін газдың бағасы қанша болатынын, ауыл ішіндегі арықтарға ағын су келтіру жайын қозғады. "Абылай" шаруа қожалығының жетекшісі Берік Қойгелдиев несие алу мәселесін көтерсе, ауылдық округ ардагерлері кеңесінің төрағасы Аманғазы Халықов елдімекендерде ұялы байланыс желісін орнату, ақпараттық орталық ашу туралы ұсынысын жеткізді. Тұрғындар көтерген өзекті мәселелерге қатысты аудан әкімі және тиісті бөлім басшылары мен мамандары нақты жауаптар қайтарды. Жаңа мектеп құрылысының талапқа сай екі ауылдың ортасына салыну себептері нақты айтылды. Газдандыру мәселесіне орай, "ТаразСтройИнженеринг" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техникалық қадағалаушысы Қаңтар Абсалимов түсіндіріп берді.
Маңызды мәселелер қамтылған кездесуде аудан басшысы Рахматілдә Рахманбердиев  өңірдегі өзекті мәселе – сүт бағытында кооператив құру, ауыл шаруашылығы мақсаты үшін дизель отыны мен минералды тыңайтқыштарға мемлекет тарапынан берілетін субсидияларды, жалпы, жерді тиімді пайдалану жайына ерекше назар аударып, тұрғындарды осы істе белсенді болуға шақырды.
Ауылдық округте қалдықтарды жинау және тасымалдаумен қамтылғандар үлесі төмен екенін, ветеринариялық бекет жұмысын жандандыру қажеттігін, әлеуметтік нысандардың айналасына абаттандыру, көріктендіру жұмыстарын жүргізу керектігін тиісті сала басшыларына тапсырып, жиынды қорытындылады.

Бауыржан ЖАҚСЫМБЕТОВ.

Обновлено 15.04.2019 12:05
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін513
mod_vvisit_counterКеше544
mod_vvisit_counterОсы аптада3694
mod_vvisit_counterӨткен аптада3997
mod_vvisit_counterОсы айда12136
mod_vvisit_counterӨткен айда16947
mod_vvisit_counterБәрі967929

Серіктестер