Онлайн газет



ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ДЕҢГЕЙІ – ЕҢБЕК НАРЫҒЫНЫҢ НЕГІЗГІ ИНДИКАТОРЫ

Жұмыссыздық деңгейі – еңбек нарығының негізгі индикаторы. Бұл көрсеткіш еңбекке жарамды халықтың қаншасы жұмыспен қамтылғанын анықтайды. Жұмыссыздықтың күшеюіне жол бермеу үшін жергілікті атқарушы органдармен «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы» іске асырылып жатыр. Осы мақсатта, аудан аумағында аталмыш бағдарламаның аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Арғынбай Сқақовпен жүргізілген сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

- Арғынбай Әлкенұлы, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» халыққа қандай қызмет түрлерін көрсетеді және де осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
- Халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту мақсатын көздейтін аталмыш бағдарлама аясындағы жұмыстар ауданда негізгі үш бағыт бойынша жүргізілуде. 
Алдымен «Техникалық және кәсіптік біліммен (ТжКБ) және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» атты бірінші бағытқа тоқтала кетейін. Бірінші бағыт аясында өткен жылдан бері ТжКБ бойынша 91 адам оқуын жалғастырып жатыр. Бағдарламаға қатысушылар шәкіртақымен, бір реттік ыстық тамақпен және жол жүру ақысымен қамтамасыз етілген.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқытулар еңбек нарығының сұраныстары бойынша жұмыс берушінің маманға деген қажеттілігінен ұйымдастырылады. Оқыту курстары 3 ай мерзімді құрайды. Оқу барысында аудан аумағынан тыс орналасқан оқу ошақтарына қатынау, жол жүру және үй жалдау шығындары, оған қоса ай сайын шәкіртақы төленеді. Оқыту барысында сабаққа күнделікті қатысуы міндетті, орталық мамандары тарапынан оған тікелей бақылау орнатылған. Оқуын аяқтағандардың жұмыс беруші таңдаған мамандықтарымен жұмысқа орналасуы міндеттелген. Мемлекет жұмсаған қаражат текке ысырап болмауы тиіс. Мамандық иелерінің өз ісін ашып немесе жұмыс берушінің талабымен жұмыспен қамтамасыз етілген күнінен бастап, оның жұмыспен қамтылғандарының нәтижесі, яғни, тиісті төленген салықтары ақпараттық жүйе арқылы тексеріледі.
Бағдарламаның екінші бағыты жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Үстіміздегі жылы несие жоспары 128 адам, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспары 135 адам, мемлекеттік грант берудің жоспары 143 адамды құрап отыр.
Ал, бағдарламаның үшінші бағыты халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту екендігі белгілі. Осы мақсатта, әлеуметтік жұмыс орындарына 237 адам, жастар практикасына 165 адам, ақылы қоғамдық жұмыс орындарына 278 адам тартылды. Сондай-ақ, бос жұмыс орындарына (тұрақты) 206 адам, жаңа жұмыс орындарына 67 адам, мүмкіндігі шектеулі азаматтардан 25 адам жұмыспен қамтылды. Мемлекеттік, өңірлерді дамыту, салалық, тағы да басқа бағдарламалар жоспары 56 адамды құрайды.
Бағдарламаға қатысушылар санының ағымдағы жылға кешенді жоспары бекітілген жоқ.  Жалпы, жыл басынан бағдарламаға қатысушылар саны 886 адам, жұмыс іздеуші ретінде тіркелгендері 1 005 адамға жетті.

- Уақытша жұмыспен қамтамасыз ету жұмыстары қалай жүзеге асып жатыр?
- Иә, халықты жұмыспен қамту орталықтары ұйымдастыратын, кәсіптік дайындықты талап етпейтін қоғамдық жұмыстар бар.  Біз жұмыс іздеушілерді қоғамдық жұмыстарға да жібереміз. Қоғамдық жұмыстар ауылдық округ әкімшіліктері, орман шаруашылығы сұранысы арқылы ұйымдастырылған. Ондағы жұмыс түрлері көшелердегі тазалық жұмыстары, көгеріштендіру және тағы сол сияқты жұмыстар. Сонымен қатар, аталмыш жобаға жоғары сынып оқушылары мен студенттер де қатыса алады. Яғни, жазғы демалыс кезінде оқудан босаған оқушылар мен студенттер орталық ұсынған жұмыстарға баруына болады.
Құрылатын әлеуметтік жұмыс орындары - түрлі жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының сұраныстарымен 1 жылға ұйымдастырылады, келісім-шарт мезгілі аяқталған соң, сол ұйымға тұрақты жұмысқа қалдыруды көздейтін жұмыс орны болып табылады. 17 500 теңге көлемінде әр жұмысшы үшін жұмыс берушіге субсидия беріледі. Айлық мөлшері 50 000 теңге.
Жастар практикасының жастарға берері мол. Жастар практика кезеңінде тәжірибе жинап, өмірден өз орнын табуға мүмкіндік алады. Өту мерзімі 6 ай, жалақы мөлшері 25 еселенген айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 63 125 теңге. Колледждер мен жоғарғы оқу орындарын бітірген мерзімнен бастап  үш жыл ішінде мамандығымен жұмыс істемеген 29 жасқа дейінгі жастар қатыса алады.

- Жаңа сандық платформа бойынша жұмыс іздеу және қызметкерлерді іріктеу үшін бірыңғай онлайн-платформасы құрылғаны белгілі. Электрондық еңбек биржасы туралы түсіндіре кетсеңіз?
-Электрондық еңбек биржасы жұмыс табу үшін басқа ресурстармен іргелі айырмашылыққа ие әрі жұмысқа орналастырудың бірыңғай сандық алаңы болып табылады. Ол жұмыспен қамту орталықтарына бармай және жарияланған ақпаратқа еркін қол жеткізбестен бос орындар мен түйіндемелерді тегін жариялау мақсатында құрылды. Электрондық еңбек биржасы www.enbek.kz интернет-ресурсында жұмыс істейді. Осы биржа қажетсіз әкімшілік кедергілерді жояды, интернеттегі бос орындар туралы және жұмыс іздеген адамдар туралы барлық ақпаратты біріктіреді, өтініш берушілердің жеке деректерін тексерткізеді. Интернеті жоқ жұмыс іздеушілер өздерінің деректерін халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы орналастыра алады, орталықтар жоқ жерде, ауыл, ауылдық округ әкімі аппараттарында орналастыруға болады. Енді, мобильді телефоны бар болса, өтініш беруші дербес интернет-порталда тіркеле алады, түйіндеме жібереді және Қазақстанның кез-келген аймағынан жұмыс іздей алады. Жұмыс іздеуші алдымен «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне жұмыссыз ретінде тіркеледі. www.enbek.kz электронды еңбек биржасы барлық жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер үшін қолжетімді. Порталда электронды түйіндеме жасауға болады. Халықты жұмыспен қамту орталығы 10 жұмыс күні ішінде жұмыссызға лайықты жұмыс іздеп, тұрақты жұмысқа орналасуға көмектеседі.

- Бүгінгі күнде өзекті мәселе болып отырған халықтың аз қамтылған топтарының табысын арттыру және оларды қолдау бағытындағы шаралар жөнінде айтып берсеңіз?
- Партия төрағасы Н.Назарбаев «Nur Otan» партиясының ХVІІІ съезінде сөйлеген сөзінде негізгі басымдық – азаматтардың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету және Қазақстанның әлеуметтік бағдарланған мемлекет ретінде дамуы болып табылатынын атап өткені белгілі.
Елбасы белгілеп берген әлеуметтік саясат бағыттарына сәйкес, Қазақстан Республикасының Еңбек министрлігі халықтың аз қамтылған топтарының табысын арттыру және оларды қолдаудың бірінші бағыты бойынша жаңа әлеуметтік бастамаларды іске асыруға ерекше ден қойды. Осыған байланысты аз қамтылған, көп балалы отбасыларды жұмыспен қамту шараларын кеңейту міндеті тұр. Ол үшін "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасына" тиісті өзгерістер енгізу көзделуде.
Осы тұста атап өтерлік жағдай - жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 29 жасқа дейінгі аудан тұрғындарына мақсатты мемлекеттік гранттар беру жұмыстары жүруде. Нәтижесінде көп балалы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету, оларға отбасылық бизнес ашу, табысын арттыру үшін жаңа бизнес-идеяларға 505 мың теңге мөлшерінде өтеусіз негізде мақсатты мемлекеттік гранттар беріледі. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері оқыту курстарынан өткен немесе бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде оқуды аяқтаған азаматтар мемлекеттік гранттарды алуға үміткерлер болып табылады. Бизнес - идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар 200 АЕК-ке (айлық есептік көрсеткіш) дейінгі мөлшерде ұсынылады. Мемлекеттік грант қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малдарды, құстарды сатып алуға пайдаланылады.
Бүгінгі күнге, осы мәселеде мемлекет тарапынан тиісті заңға өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ереже келген соң қосымша тағы түсініктемелер береміз. Осылайша, халықты әлеуметтік қорғау және өмір сүру сапасын арттыру шаралары арқылы азаматтардың өміріндегі барлық салаларды қамтитын кешенді тәсілді ескере отырып, жұмыстар атқарылуда.

- Атаулы әлеуметтік көмек бойынша қандай шаралар қабылданды және атқарылып жатыр?
- Аудан бойынша атаулы әлеуметтік көмек туралы азаматтарға консультациялар беру, сұхбаттар өткізу, жәрдемақы алатын адамдарға қолдау көрсету, әлеуметтік бейімдеу бойынша қажетті қызметтермен қамтамасыз ету және әлеуметтік келісім-шарт бойынша міндеттемелерді орындауды бақылау, әлеуметтік көмекке құжаттарды қабылдау, мәліметтерді кіші жүйеге енгізіп, тағайындау үшін орталықта 1 бөлім басшысы, 14 маман, 1 консультант, 8 ассистент жұмыс атқаруда.
Үстіміздегі жылғы сәуір айында "Атаулы әлеуметтік көмек" туралы Заңға өзгерістер енгізіледі деп күтілуде. Сондықтан, сәуір айының 1-інде, 15-інде, 30-ында өтініш берсе де сәуір айының 1-нен бастап тағайындалатыны жөнінде хабарламалар, атаулы әлеуметтік көмекті есептеудің алгоритмі әр елдімекендерде, ауыл, ауылдық округ әкімшілік ғимаратына, пошта, ауылдық амбулаториялар, клубтар, яғни, халықтың көп шоғырланатын жерлеріне ілінді.
Орталық ассистенттері тарапынан үй-үйді аралау барысында заңға енгізілетін өзгерістер туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Олар халыққа қызмет көрсету орталығы мен зейнетақы төлеу орталығының мамандарына атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің тәртіптері, енгізілетін өзгерістер жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Бүгінгі уақытта, ауылдық округтер бойынша 576 отбасыдан (3 149 адам) әлеуметтік көмек тағайындауға құжаттар қабылданып, оның 481 отбасына (2 752 адам)  шартты ақшалай, 95 отбасына (397 адам)  шартсыз ақшалай көмек тағайындалды. Осы жылдың сәуір айының 1-інен бастап 2 830 отбасындағы 14 976 адамға 1,6 млрд. теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі деп жоспарланып отыр.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ.

Обновлено 15.04.2019 11:59
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін515
mod_vvisit_counterКеше544
mod_vvisit_counterОсы аптада3696
mod_vvisit_counterӨткен аптада3997
mod_vvisit_counterОсы айда12138
mod_vvisit_counterӨткен айда16947
mod_vvisit_counterБәрі967931

Серіктестер