Онлайн газет



ЕҢ БАСТЫСЫ - АЛҚАПТЫ ЗИЯНКЕСТЕРДЕН ҚОРҒАУ

Көктем шығып, жердің тоңы жібіп, кең далада дүрбелең тіршіліктің басталғаны да әлдеқашан... Егіннің бітік шығып, өнімнің мол болуы топырақтың құнарына, су мен жылудың мөлшеріне ғана емес, алқаптың зиянкестерден дер кезінде қорғалуына да тікелей байланысты. Бұдан екі жыл бұрын үйірлі шегірткелердің өңірге келтірген залалы шаруа қауымның әлі күнге есінде.

Осыған орай, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаеваның бастамасымен Жамбыл облысы бойынша аса қауіпті үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық күрес шараларын ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстары бойынша көшпелі штаб отырысы ұйымдастырылды. Ботамойнақ ауылдық округіне қарасты "Аэросервис-Тараз" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өткізілген штаб отырысына өңірдегі аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық және аудандық аумақтық инспекциясы, ауыл шаруашылығы басқармасы мен бөлімдері басшылары, "Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығы" мемлекеттік мекемесі облыстық, аудандық филиалдарының директорлары, бірқатар кәсіпорындар мен мекемелердің басшылары қатысты.


Штаб жұмысы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясы басшысы Нұрби Жігітековтің облыс аумағында аса қауіпті үйірлі шегірткелерге қарсы күрес шараларын хабарламалық стендтермен таныстырудан және техникаларды көрсетуден басталды. Таныстырылым барысында облыс бойынша ағымдағы жылға ерекше қауіпті, зиянды организмдер және карантиндік нысандарға жүргізілетін мониторингтік іс-шаралар, үйірлі (марокко, итальян прусы, азиялық) шегірткелердің көпжылдық көрсеткіштері, оларға қарсы жүргізілетін химиялық өңдеу жұмыстарының көлемі мен жұмылдырылатын техникалар, шегіртке күбіршіктерінің қоныстануына күзгі тексерудің көлемдері және де болжамдар туралы мәліметтер келтірілді. Сонымен қатар, кеңес қатысушыларын "Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдау, әдістемелік орталығы" мемлекеттік мекемесі облыстық филиалының директоры Жәнібек Кеңесбеков аса қауіпті саналатын шегіртке түрлерімен таныстырып өтті.
Бұдан кейін жиын облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев төрағалық еткен штаб отырысына жалғасып, онда Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрайымының орынбасары Алмабек Марсұлы, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті "Фитосанитария" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Бас директоры Ринат Туменов баяндама жасады.
Ағымдағы жылдың 20 сәуірінде Жамбыл облысында аса қауіпті саналатын үш түрлі марокколық, итальяндық прус және азиялық шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары басталады.
Өткен жылғы жазғы шағылысу кезінде жасалған анықтау жұмыстарының методикалық есептеулері нәтижесіне сай, биылғы жылы шегірткеге қарсы 184,5 мың гектар аумаққа химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Оның ішінде, 89,8 мың гектар Марокко шегірткесіне, 75,9 мың гектар итальяндық шегірткеге, 18,8 мың гектар азиялық шегірткеге қарсы өңделмек. Осы жұмыстарға 130-ға тарта маман тартылып, 34 бірлік бүріккіш жабдықтар мен 5 ұшақ әзірленген екен. Аймақтың 70 пайызы жер үсті жабдығымен, ал, қалған 30 пайызы ауамен өңделіп, 11 мың литрден жоғары тиімді дәрілік заттар қолданылатын болады.
Өткір де өзекті мәселені қаузаған басқосуда сала мамандары тарапынан сигналдық хабарлама беру үшін интернет желісіне қосылу, жалақы мен іссапарға төленетін қаржы, карантиндік арамшөптермен күрес, арнайы техникаларды жаңарту мәселелеріне байланысты бірқатар ұсыныстар жасалды.
Отырыс соңында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Сұлтанбайқызы көтерілген әрбір мәселеге қатысты өз ойымен бөлісіп, бірқатар сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеген соң, облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев штаб жұмысын қорытындылады.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ.

Обновлено 10.04.2019 10:15
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін233
mod_vvisit_counterКеше1558
mod_vvisit_counterОсы аптада5884
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда1791
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2253460

Серіктестер