Онлайн газет



ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ

Уақыт өткен сайын хақ дініміз Исламның діңгегі нығайып, аудан аумағында имандылық үйлері қатарға қосылып, жамағатқа қызмет көрсетуде. Қасиетті жұма күні әрі мерекеге байланысты Кеңес ауылында жаңа мешіт үйі пайдалануға берілді.

Бүгінгі таңда, ауыл тұрғындары діни мерекелер мен жұма намазын көршілес ауылдарға, кейбірі аудан орталығына барып өтейтін. Себебі, мұнда алғашқы жылдары намазхана жұмыс істеп, кейіннен ол да өз жұмысын тоқтатқан болатын. Он жылдан астам уақыт құрылысы саябырлаған мешіттің қайта жандануына түрткі болған ауыл әкімшілігі екенін атап өтпей болмайды.
Өткен аптаның жұмасы, сегізінші наурыз күні – кеңестіктер үшін бұл мәселенің шешімін табуымен есте қалғаны даусыз. Олардың көптен бергі тілегі қабыл болып, елдімекенде Кеңес ауылдық мешіті ашылды. Оның ашылу салтанатына аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев, облыстық "Һибатулла" мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұлов, "Байзақ баба" мешітінің бас имамы Рамиз қажы Азизов, сондай-ақ «Кеңес» ауылдық мешітінің іргетасын қалап, айшығын қадап, мұнарасын тіктеген – ауыл азаматтары, бүгінде жеке кәсіпкерлер Мұстафа Қалиев пен Болат Әлімбетов, қонақтар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Мешіттің ашылу құрметіне осы ауылдың тумасы, республикалық жас қарилер байқауының жеңімпазы Дулат қари Болатұлы құран оқыды. Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Рахматілдә Сегізбайұлы дініміз бір, дәстүрді сақтай білген халық екендігімізге және Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласында көрсетілген ұлттық кодты сақтау, туған жер мәселелеріне қатысты ой қозғап, ауыл тұрғындарын мешіттің ашылуымен құттықтай отырып, мешіт құрылысымен айналысқан атпал азамат Мұстафа Қалиевке ризашылық сезімін білдірді. Бұдан кейін облыстық "Һибатулла" мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұлов та барша қауымды қуанышты сәттерімен құттықтап, үш тілде жазылған Құран Кәрім мен "Ұлы дала темірқазығы" атты кітаптарды сыйға тартты. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бұйрығымен Пернебаев Нұрболат Асхатұлы бас имам, Жайлауов Ғали Олжабайұлы наиб имам болып тағайындалғанын жеткізді. Облыс имамы атынан ел игілігі жолындағы сауапты істері үшін Мұстафа Әкімжанұлы мен Болат Қолағұлұлына Алғыс хат табыс етті.
Мұстафа Қалиев те іргетасы сонау 2007 жылы қаланған мешіт құрылысының бүгінде аяқталғанына, осы мақсатта көмек қолын созып, мешіттің бітуіне атсалысқан бірқатар азаматтар мен ауыл халқына алғысын жеткізді. Ал, қуанышында шек жоқ тұрғындар атынан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекжасар Ермаханбетов сөз алып, жамағаттың ізгі тілегін орындаған Мұстафа Әкімжанұлының иығына шапан жауып, астына ат мінгізді.
Бұдан соң ғибадат үйінің лентасын облыстық "Һибатулла" мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұлов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Беспаев, Көптерек ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекжасар Ермаханбетов пен Мұстафа Қалиев салтанатты түрде қиып, ақ жаулықты аналар шашу шашты.
Мешітте "Салиқалы әйел адамның сипаттары" деген тақырыпта уағыз айтылып, алғашқы жұма намазы оқылды. Ел ағалары мен имамдар аталы сөз, әсерлі уағыз айтып, халықты бірлікте, ынтымақта болып, осындай игі істерді көптеп жасауға шақырды. Ауыл көркін ашқан мешіттің ашылу салтанатына жиылған көпшілікке ас беріліп, құран оқылды.
Мешіт - жамағатымен көрікті. Қазіргі таңда, аудан бойынша - 28-інші, ал, облыс бойынша 299-ыншы болып тіркеліп, 120 адамға арналып салынған мешітте ерлер мен әйелдер залы, 200 орындық асхана мен жастарды ілімге баулитын медресе де бар.
Діннің мақсаты – елді ұйыту, ұйыстыру екенін ескерсек, Кеңес ауылындағы бұл имандылық үйі ауылдың ауызбіршілігінен туған, енді жамағаттың бауырмалдығы үшін қызмет ететін болады.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін21
mod_vvisit_counterКеше409
mod_vvisit_counterОсы аптада3397
mod_vvisit_counterӨткен аптада6813
mod_vvisit_counterОсы айда14544
mod_vvisit_counterӨткен айда15792
mod_vvisit_counterБәрі951683

Серіктестер