Онлайн газет



ӨТКЕН ЖЫЛ САРАЛАНЫП, КЕЛЕШЕККЕ БАҒДАР ЖАСАЛДЫ

Алдын ала белгіленген кестеге сәйкес, аудан басшысы аудан аумағындағы ауыл, ауылдық округтерде тұрғындар алдында есеп бергені белгілі. Ал, кеше аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде аудан тұрғындары алдындағы қорытынды есебін берді. Есепті жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, аудандық ардагерлер кеңесі, бөлімдер мен мекемелердің басшылары, ауыл және ауылдық округ әкімдері, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.

Басқосуды Рахматілдә Сегізбайұлы ашып, ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларымен бөлісіп, 2019 жылға арналған мақсат-міндеттерді саралады. Өз баяндамасын: “Мемлекет басшысы әлемдік саяси және экономикалық трансформация үдерістерінде әрекет етудің жолдарын көрсетіп, жаhандық сын-қатерлерге төтеп берудің және мемлекеттің табысқа жетуінің кепілі  - адамның даму мәселесін қойды. Ендігі күн тәртібіне халықтың табысы мен тұрмыс сапасын арттыру міндеті тұр.
Есепті кезеңде ауданның жергілікті атқарушы органдарының жұмысы Жолдау жүктеген міндеттерді, яғни, экономиканы өркендету, халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында, тұрғындарды толғандырып жүрген мәселелерді шешуге бағытталған.
Ауданда өнеркәсіп кәсіпорындарымен 2018 жылы 3 035,9 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 103,7% қамтамасыз етілді. 2019 жылы өнеркәсіп өнімдерін өндіруді 3 млрд. 300 млн. теңгеге өсімді қамтамасыз етіп, 8,7 %-ға арттыру жоспарлануда,” - деп бастаған Рахматілдә Сегізбайұлы жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 30 млрд. 818 млн. теңгені құрап, нақты көлем индексі 105,7 пайызға жеткенін атап өтті.


Сонымен қатар, баяндамашы аудандық бюджеттің кірісі мен шығысы, облыс әкімі мен аудан әкімі арасындағы жасалған келісімдерде белгіленген межелік көрсеткіштер, бөлшек сауда айналымы, инвестиция тарту, құрылыс жұмыстарының көлемі, игерілмей немесе мақсатсыз игеріліп жатқан жерлерді тексеру жұмыстары, егістік жерлерді айналымға енгізу тетіктері, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану, су шаруашылығы нысандары, жер қатынастары саласындағы атқарылған жұмыстар, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, техника паркін жаңарту жолдары, минералды тыңайтқыштар, ветеринария саласы, өңдеу секторындағы экспорттаушы кәсіпорындарға қолдау көрсету барысында атқарылған жұмыстарға баса назар аударды.
Рахматілдә Рахманбердиев ауданның санитарлық-тазалық жағдайы, инфрақұрылым, жолдарды жөндеу, жолаушылар қозғалысы, кәсіпкерлік, әлеуметтік салалары, білім беру, денсаулық сақтау, спорт және қылмыспен күрес мәселелеріне де тоқталды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған шаралар мен биылғы Жастар жылында қолға алынатын жұмыстарды алға тартты.
Жалпы, барлық саладағы жетістіктер мен кемшіліктерді және осы жылы атқарылатын істерді атап көрсетті.
Баяндамасын қорытындылаған аудан әкімі Мемлекет басшысының Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыруға жұмылып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу қажеттігіне тоқтала келе, алдағы уақытта да ауданды көркейте беруге айшықты істер жасалатынын жеткізді.


Халық алдындағы есепті кездесуде аудан тұрғындары жылдық жұмысқа лайықты баға беріп, өз алғыстарын білдірді. Ұсыныстары мен өтініштерін айтып, сауалдарына жауаптар алды.
Аудандық мәслихаттың депутаты, жеке кәсіпкер Алмас Большебеков шағын және орта кәсіпкерлік саласына қатысты ойымен бөлісіп, аудандағы су қоймаларында балық шаруашылығын қолға алу туралы ұсынысын айтты. Ал, шахандық тұрғын, М.Әуезов атындағы орта мектебінің директоры Елемес Есімов соңғы екі жылда аудан ұстаздарының жеткен жетістіктеріне тоқтала келе, Абай, Амангелді, А.Суханбаев атындағы орта мектептерге жөндеу жұмыстарын жүргізу, дәрігерлердің жетіспеушілігі туралы мәселелерді көтерді. Сарыкемерлік тұрғындар Меруерт Қоштаева аудан орталығы саналатын Сарыкемер ауылында А.Суханбаев атындағы саябағын абаттандыру жұмыстары биыл да жалғасатынын білгісі келетінін айтса, Зульфия Нурышева С.Сейфуллин көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу мен Медеулов көшесі мен Ақбаев көшесі қиылысына бір бағытты жол қозғалысын жасау жайлы сауалдарын жолдады. Үлгілі ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділхан Садуақасов екі жарым мыңға жуық халқы бар ауылға жедел жәрдем көлігі қарастырылса деген өтінішін жеткізсе, Байзақ ауылының тұрғыны Гүлбану Байханова Ж.Аймауытов көшесін түнгі жарықтандыру мәселесін көтеріп, Үшбұлақ ауылына газ кіргізу туралы сауалын қойды. Сонымен қатар, Кеңес ауылының тұрғыны Бақыткүл Жұматаева ауылда әлеуметтік мәселелер шешімін тауып жатқанына ризашылығын жеткізсе, ауданның Құрметті азаматтары, ақжарлық Тәуірбек Әшімов пен кеңестік Қалқаш Игиликова баяндамашының есепті мерзімде атқарған жұмыстарына оң бағаларын берді. Сонымен қатар, жиын барысында жазбаша нұсқада түскен ұсыныстар мен сауалдарға да нақты жауаптар қайтарылды.
Есеп беру жиынында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков сөз сөйлеп, есепті мерзімдегі ауданның даму үдерісін саралады. Байзақтықтардың әлеуеті жақсара түскенін айтты.
Жиын соңында өткен жылы атқарылған істерге аудан тұрғындарының көңілдері толатындығы айтылып, аудан әкімінің есебіне “қанағаттанарлық” деген баға берілді.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ,

Обновлено 13.02.2019 16:08
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1544
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада7561
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда33128
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2203858

Серіктестер