Онлайн газет



ЕРЛІККЕ МӘҢГІЛІК ТАҒЗЫМ

Ауған жеріндегі соғыстың қасіреті ешуақытта ұмытылмайды. 1979 жылдың желтоқсан айында интернационалдық борыштарын өтеу мақсатымен Ауғанстанға Қазақстаннан талай адам аттанды. Жат жердегі соғысқа байзақтық белгілі айтыскер ақын Әзімбек Жанқұлиев  қатысып, ерлік көрсеткен болатын.

1962 жылы 10 қыркүйекте Темірбек ауылдық округіне қарасты Шахан ауылында туылған Әзімбек Жанқұлиев мектеп қабырғасында жүріп өлең жазып, мектепішілік жыр сайыстарына қатысады. Орта мектепті бітірген соң, әскер қатарына шақырылып, 1981 – 1983 жылдары Ауған жеріндегі соғысқа қатысқан Әзімбектің жат жердегі ерлігі туралы облыстық  “Ақ жол” газетінің 7 желтоқсан 2002 жылы жарияланған “Айтыскер ақын Әзімбек” атты  жазушы Б. Әбілдаұлының  мақаласынан үзінді келтіргенді жөн көрдік.
“...Түркменстанның Теджен қаласынан бір-ақ шықты. Осында алты ай бойы әскери даярлықтан өтіп, үздік сарбаз атанды. Оның үстіне спорттың талай түрлерінен озық шыққаны тағы бар. Сонымен танкіші болып шыға келді. Атқыш десең-атқыш, механик десең-механик,  жүргізуші десең- жүргізуші, содан ба, Әзімбектің Ауғанстандағы  Құндыз провинциясында Пули-Хумри деген қалаға табаны тиді. Бұл кезде Ауғанстандағы азамат соғысына кеңес әскерлері де қызу араласып жатқандықтан Әзімбек Кандағар, Паншар провинцияларында қырғын шайқастардың үстінен түсті.
Алғашқы соғыс Әзімбектің есінен әлі күнге дейін кетпейді. Төрт жігіт бір экипаж болып біраз жаттығып қалғанда бұйрық болып  Бағлан Сан-сулан провинцияларына аттанды.
Өйткені, дұшпандар осындағы кеңес әскерлеріне шабуыл жасаған екен. Танк полкы түнгі сағат үш жарымда 30-40 шақырым жердегі соғыс даласына таңғы алтыларда жетті. Ауғандық дұшпан гранатометпен Әзімбектердің танкісін жақын жерден көздеп, бұрқ еткізгенде рульде отырған Хайдар Нұғманов есімді жігіт жараланып қалды. Ал, көздегіш, атқыш Әзімбек әлгі гранатометпен атылған жерді тұспалдап бір снаряд жолдады. Тоқтап тұрған танкіден сарбаздар секіріп-секіріп сыртқа шықты да, автоматтарын қолға алды. Осы алғашқы соғыс жолдасы жараланып жатса да әлі де балаң жігіт Әзімбек үшін кинодағы сияқты қызық көрінген еді. Сол соғыс Әзімбек жолдастарымен бірге дұшпанды қолға түсірді. Әлбетте, бұл соғыстың шын мәнін әлі терең түсінбесе де, жас сарбаздың кеудесін мақтаныш кернеді.
Өлім мен өмір айқасқан соғысқа толы айлар жалғасып жатты. Кандағар таулы аймағындағы соғыс, әлбетте, аса қатерлі болатын. Ауғандық дұшпандар өздерінің қару-жарақтарын Пәкістаннан осы Кандағар таулары арқылы алатын. Танк командирі аға лейтенант Николай Пахомов тәжірибелі сардар болатын. Ол тау ішіндегі соғыс әдістерін жетік меңгеріп алса да бірде дұшпандар жасырған минаға ұрынды. Танк жүруден қалды. Ішіне тығылған жауынгерлер сыртқа шығып,шынжыр табанды жөндейін десе дұшпандар оқты жаңбырша төпелетіп тұр. Тек пулемет қана дұшпандардан қорғады. Арттан ілескен жаяу әскерлерде шегініп кетті. Мұндайда қимылсыз қалған танк- дұшпандар үшін оңай олжа. Өйткені оның атыса беретін оқ- дәрісі шексіз емес қой... Оқтаушы сарбаз бен механик Әзімбек танкіден ептеп сыртқа шығып 20-30 метр жерге еңбектеп биікке шыққанда 250 метрдей жерде танкіге қарсы оқ боратқан ауғандықтарды көрді. Бәрі де сәлде оранған. Оқтаушы Трикин екеуі қолдарындағы автоматтардан дұшпандарға оқ жаудырғанда мұны күтпеген ауғандықтардың бес-алтауы жер жастанып, қалғандары шегініп кетті. Сол кезде бұзылған танкіге кеңестік екі танк экипажы көмекке келіп қалған екен.
Бұзылған танкті олар тез арада жөндеп, кейін шегініп кеткен жаяу әскерлерге барып қосылды. Сол үш күнге созылған соғыста Әзімбек әскери достықтың, өмірдің қандай қымбат екендігін ет жүрегімен айқын ұқты. Талай достарынан айрылды. Жерлестері Тобағұл Қиялов, Қуаныш Төлепберген, Аманжол Қонысбеков сияқты бір батальонда болған қанды көйлек достары бұл күндері сол ауған жерінде шайқастарды жиі еске алып тұрады.
Ауғанстанда күн сайын өлім қатері төніп тұрған 700 күн де өте шықты. Құдайдың құдыреті, денесіне жалғыз жарықшақ дарымай сау оралған Әзімбек елге келген алғашқы айларда есеңгіреп жүрді. Ұйықтаса болды – түсіне Ауғанстан таулары, қырғын атыс, қаза тапқан достары, сонда қалған жолдастары жиі кіретін. Соғыстың жанына жара салған әсерінен арылу оңай болған жоқ...
Оқ пен оттың ортасында жүріп ол соғыстың қасіретін “Ізім қалды-ау өзіңде, Ауғанстан!” деген өлеңінде:
Батырлардай қолына найза алысқан,
Балғын едім аңсайтын айды алыстан.
Аяушылық қайда деп айта көрме,
Жаны күйген адамда қайдағы ұстам.

Жырмен қалай ой салмай отырайын,
Кетпей қойса елестеп тауда дұшпан.
Іздеп әуре болмай-ақ жауды алыстан,
Ізім қалды-ау өзіңде, Ауғанстан! десе, “Шабуыл” деген өлеңінде:
Жауған оқтың қайсысы екен менікі,
Әрбір оққа бір-бір тағдыр байланған...”,-  деп жырлаған Әзімбек ерліктері үшін бірнеше медальдармен марапатталады.
Ауған жерінен аман оралған соң да оның қолынан  қаламы түспейді. Аудандық мәдениет бөлімінде қызмет ете жүріп, аудандық, облыстық ақындар айтысына қатысып, топ жарады. 1986-1987 жылдары облыстық айтыста жүлделі бірінші орынды, Қызылорда қаласында өткен комсомол жастардың жыр додасында лауреат атанған Әзімбек Көпенұлы 1989 жылы республикалық айтыста бас бәйгені  жеңіп алған. Семейде өткен «Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков» атындағы жүлдені қанжығасына байлаған ол 1991 жылы Мұхамеджан Тазабеков екеуі Түркияда тұратын бауырларымыздың шақыруымен сонда өнер көрсетіп қайтқан. Термеші, жыршы Аяз Бетбаевтың мақамымен айтыс өнерінде жұлдызы жанған Әзімбек Жанқұлиев 2003 жылы небәрі 41 жасында  өмірден өтті.
Отан алдындағы борышын  адал атқарған, ауған соғысының  ардагері Әзімбек Жанқұлиевтің өмірден өткеніне биыл 16 жыл толады.  Жыр жампозының есімі аудан орталығындағы бір көшеге, өзі  туып өскен, оқыған білім ошағына берілді. Сарыкемерде үш жыл сайын облыстық деңгейде ақындар айтысы ұйымдастырылып тұрады.
15 ақпанда Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толады. Жылдар жылжып өтсе де ерлік ескірмейтіндігін уақыттың өзі дәлелдеуде. Жат жерде намысын ту етіп ұстаған, қиын да сындарлы сәттерде жанын жалау еткен Әзімбек Жанқұлиевтің рухына тағзым ете отырып, төмендегі жыр жолдары арналады.

Айтыстың ақтаңгері
(Әзімбек Жанқұлиевке арналады)

Бұл өмірдің биігінен көрінген,
Абзал ақын өтті мынау өмірден.
Ұлы елім құрмет жасап ұлына,
Еске алады сағынышты көңілмен.

Өзегінен сұлу өлең өрілген,
Жүрегінен сөз маржаны төгілген.
Жұрт көңілін ақындықпен баураған,
Жыры бірге өнер құмар елімен.

Жүрегіне тұнған асқақ арман-шер,
Ауғанстан-ерлік ісі қалған жер.
Қан майданда қайсарлығы шыңдалып,
Ақындықтан жүрегі от боп жанған  Ер.

Жылдар өтіп кетсе - дағы арада,
Жаңғырады Ер есімі санада.
“Өлмек емес сөз қалдырған артында’’,
Үлгі болып үлкен, кіші, балаға.

Бубайда БУДЕЕВА,
ақын.
Мырзатай ауылы.

Обновлено 13.02.2019 15:41
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін958
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада6975
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда32542
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2203272

Серіктестер