Онлайн газет



ӨТКЕНГЕ ЕСЕП, БОЛАШАҚҚА ЖОБА

МІНДЕТ АЙҚЫН

Аптаның басында Түймекент ауылдық округінің әкімі Сұлтанбек Медеубеков өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, алда тұрған міндеттерге тоқталды. Одан соң аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев аудан экономикасы Елбасының дәстүрлі Жолдауында айқындалған міндеттерді іске асыру арқылы өңірді өркендету, халықтың әл-ауқатын көтеруге  бағытталғандығын атап өтіп, ауыл шаруашылығы,  өнеркәсіп, мал шаруашылығы, инвестиция тарту, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, жалпы барлық саладағы қол жеткізілген жетістіктерді баяндап, алдағы жылы қолға алынатын тірліктерге екпін салды.
Аудан әкімінің баяндамасынан соң азаматтар округ әкімі мен аудан әкімінің өткен жылғы атқарған жұмысына оң бағаларын берді және бірқатар ұсыныс-тілектерін де ортаға салды. Мәселен, ауданның Құрметті азаматы, еңбек ардагері Тәуірбек Әшімов ауылдық округтегі емхананың тарлығын, жаңадан салу үшін оған арнайы жер бөлінгендігін алға тартты. Түймекент ауылдық округі  ардагерлер кеңесінің төрағасы Жомарт Мұхамбетжанов республикалық «Қазсушар» мекемесі аудандық бөлімшесінің материалдық - техникалық базасын нығайту қажеттігін, ол үшін жаңа техникалар алу керектігін көтерді.
Есепті жиында аудан басшысы қант қызылшасын егуге үлкен мән беру қажеттігін, сор жерлерді тыңайту үшін қажетті фосфогипсті тасымалдап алуды ұйымдастыру, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану, ауылішілік арық-атыздар мен лотоктарды тазалау жұмыстарын қолға алу қажеттігін атап өтті.
Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға  нақты жауаптар берілді.

 

ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ - БАСТЫ НАЗАРДА

Суханбаев ауылдық округінде өткен жиында аталған округтің әкімі Қайрат Шалбаев жыл бойы қолға алынған тірліктерді егжей-тегжейлі айтып,  алдағы жылғы жоспарларын атап өтті. Сөз кезегін алған аудан әкімі  Рахматілдә Рахманбердиев өткен жылғы атқарылған жұмыстарды саралап, ауданның әлеуметтік - экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштеріне тоқталды.Алдымен 2018 жылғы Елбасының халыққа Жолдауына тоқтала отырып, ауыл шаруашылығы бойынша атқарылған жұмыстар, қант қызылшасы, майлы дақылдарды арттыру, суармалы жерлерді тиімді пайдалану, округтерде құрылған сүт, ет өндіретін кооперативтердің жұмысын жандандыру керектігін баса айтты. Одан басқа, аудан көлемінде өнеркәсіп, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласы, құрылыс бойынша атқарылған ауқымды тірліктерді, алдағы күндері атқарылуға тиіс іс-шараларды әңгімеледі.
Жиында сөз алған ауылдық  ардагерлер кеңесінің төрағасы Жасұзақ Момбаев  ағын сумен қамту, тұтынатын ауыз судың бағасы мен жалақысы төмен азаматтардың несие алу тәртібін қозғады.Аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев  ағын суды тиімді пайдалану үшін ауылдық округтерге  қатысты ішкі  арықтар – атыздар мен каналдарды тазалау жұмыстарын жүргізу қажеттігін,  тұтынып отырған ауыз су бағасының қолжетімді екендігін айтты. Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Арғынбай Сқақов аудан бойынша 2018 жылы 200 адамға несие берілгендігін, Суханбаев ауылдық округінен 4 адам несие алып, жұмыс жасап жатқандығын жеткізді. Несие алу тәртібі туралы қысқаша ақпарат беріп өтті.
Суханбай мешітінің имамы Бакубек Скендиров есепті баяндамаға қанағаттанатындығын білдіріп, ел игілігі жолында тер төгіп жатқан  округ және аудан әкімінің жұмысына табыс тіледі. Жақаш ауылының тұрғыны Мусатай Тлеуқұлов жайылым жердің тарылып бара жатқандығына алаңдаушылық білдірді. Бұл жөнінде өңір басшысы қолданыстағы жер заңнамасына енгізілген өзгерістерге тоқталып, 2018 жылы «Қазақстан Ғарыш сапары» акционерлік қоғамымен келісімшарт жасалынғандығын,  қазіргі таңда 3706 гектар егістік жерлердің игерілмей отырғандығы, сонымен қатар, жайылым жерлерді зерделеу жұмыстарының нәтижесінде жайылым жері бар, бірақ малы жоқ 62 жер пайдаланушының 3054,25 гектар жері анықталғандығы, жерді пайдаланбағаны үшін заң бойынша қолданылатын шара жөнінде айтып өтті. Сондай-ақ, жиын барысында Жақаш ауылының тұрғыны Адилет Қалмахан спорт үйірмесін ашу жайын, Көкөзек ауылының тұрғыны Ғазиз Ақбаев баласы  кәсібін ашу үшін қысқа мерзімдік оқу курсынан өткендігін, несие алу үшін кепілдікке қойылатын ауылдық жерлердегі үй-жайларды бағалау көрсеткішінің төмендігін әңгімеледі. 
Аталған сауалдарға аудан әкімдігі  дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әділхан Омаров,  халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Арғынбай Сқақов жауап берді.

 

МЕКТЕП ЖӘНЕ БАЛАБАҚША ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

 

Аманкелді ауылында өткен есепті кездесуде тұрғындар  Жаңатұрмыс ауылдық округінің әкімі Мұхтар Қилыбаев пен аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиевтің 2018 жыл көлемінде атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарын тыңдады.


Аудан басшысы  өз сөзінде өткен жылы межеленген көрсеткіштерге қол жеткізу бағытында атқарылған жұмыстар нәтижесінде ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің оң динамикасы қалыптасқанын атап өтті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар, құрылыс жұмыстарының көлемі, аудан бюджетінің орындалуы, жылыжай көлемінің өсуі, мал шаруашылығындағы жетістіктерді сөз ете отырып, кооператив құру, ауыл шаруашылығы мақсаты үшін дизель отыны мен минералды тыңайтқыштарға мемлекет тарапынан берілетін субсидияларды тиімді пайдалануға шақырды.Сонымен бірге, аудан басшысы биылғы жылы Жібек жолы ауылында жеке кәсіпкер Ләззат Жабатаеваның демеушілігімен жекеменшік балалар бақшасы ашылып,  балалар санының өсуіне орай, Ақшолақ ауылында 120 орындық жаңа мектеп ел игілігіне берілетіндігін жеткізді.
Жиынға қатысушылар аудан әкімінің есепті кезең ішінде атқарған жұмыстарына қанағаттанарлық деп баға берді. Жібек жолы ауылының тұрғыны Бейсен Жүзгенбаев Жібек жолы ауылындағы №5 орта мектепті газға қосу, Ақшолақ ауылының тұрғыны Аубәкір Папиев Ақшолақ ауылына көгілдір отынның қашан кіретіндігін және  трассадағы мал өтетін көпірден төрт түлік малдың өте алмайтындығын айтты. Көкбастау ауылының тұрғыны Қайрат Қалмұратов көшенің бас жағында өсіп тұрған тал-дарақтар суарылмайтындығын тілге тиек етті.
Тұрғындар тарапынан туындаған сауалдарға тиісті бөлім басшылары тиянақты жауап берді.

 

МӘДЕНИЕТ ҮЙІ САЛЫНАТЫН БОЛАДЫ

 

Есепті кездесуге қатысқан тұрғындар алдымен ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы Жалғызтөбе ауылдық округінің әкімі Қанат Телеуовтың баяндамасын тыңдады. Одан кейін аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев жыл бойғы атқарылған жұмыстарды саралап, сала-сала бойынша жұрт алдында есеп беріп, алдағы міндеттермен таныстырып, болашақтағы жоспарларды айтып берді.
Аудан басшысы өткен жылы өнеркәсіп кәсіпорындарымен 3035,9 млн. теңгенің өнімі өндірілгендігін, ауыл шаруашылығы саласында 30 млрд. 818 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты индекс көлемі 105,7 пайызды құрағандығын, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 14097,8 миллион теңгеге жеткендігін айтты.
Мал басы өсіп, “Сыбаға” бағдарламасымен 278 мүйізді ірі қара, 4171 бас қой сатып алынған. Ауданда мал басының өсуімен экспортқа шығарылған өнім де артқан.
Аудандағы 43 елді мекеннің 20-ы таза ауыз сумен қамтылған. Өткен жылы құны 1 миллиард 498 миллион теңгеге Абай, Кеңес, Мырзатай, Тегістік ауылдарына таза ауыз су құбыры тартылған.  Қазіргі таңда 25 елді мекен көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Өткен жылы 5 ауылға газ құбыры тартылған. Бүгінде 228 үй көгілдір отынға қосылып, оның игілігін көруде. Қазіргі таңда  9  ауылға газ құбырын тарту үшін облыстық бюджеттен 1,365 миллион теңге қаралды.
Жер телімін алуға ауданда 5300 адам кезекте тұр. Жетібай ауылында 10, Мырзатай ауылында 15. Қостөбе ауылында 20 гектар жерге инфрақұрылым жүргізілді. Өткен жылы Жетібай ауылында 52 азаматқа жер телімі берілген.
Аудан басшысы тындырылған шаруалармен қатар, алда тұрған келелі міндеттер - ағын суды үнемді пайдалану үшін отбасылық жылыжайлар мен тамшылатып суару технологиясын қолдану,   техникалық дақыл-қант қызылшасын егуге ден қою қажеттігін айта отырып, алдағы жылы  жекеменшік әріптестік аясында медициналық тіректер салынып, мәдениет нысандары жоқ елді мекендерге клуб салу кезең-кезеңімен іске асырылатындығын жеткізді. 2019-2021 жылдары Бурыл, Амангелді және Жетібай ауылдарында мәдениет нысандары бой көтеретіндігін атап өтті.
Аққия ауылының ақсақалдар алқасының төрағасы Темірхан Умиралиев Аққия бастауыш мектебіне газ кіргізу, Аққия, Төрткүл ауылдарын таза ауыз сумен қамту және хат тасушысының жалақысы туралы мәселесін көтерді.  Бағара бастауыш мектебінің жабылмауы туралы тұрғындардың ұсынысын жеткізіп, аудан және ауыл әкімінің жылдық есебіне қанағаттанарлық деген баға берді. Жетібай ауылының тұрғыны Айтбай Мамралиев Төле би көшесінің бойындағы тал-тарақтарды реттеу кезінде аудандық электр жүйесінің мамандары сындырып кеткен шамды қалпына келтіруін  сұранды.Жетібай ауылының тұрғыны Айдар Абдралиев Жамбыл көшесіне газ шырпысын қою қажеттігін алға тартты.
Қатысушылар тарапынан берілген сауалдарға жауаптар қайтарылып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

 

КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Сазтерек ауылдық округінде өткен жиында  округ әкімі Жұмабек Шайхиев өткен жылы қолға алынған тірліктер, соның ішінде «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған»  және «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламалары аясында атқарылған жұмыстарға, биылғы жылы алда тұрған міндеттер туралы баяндама жасады. Бұдан соң аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев  әр сала бойынша қолға алынған жұмыстармен қатар, алдағы жылғы міндеттерге  тоқтала келе, биылғы жылы бірнеше білім ошақтарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін, әлеуметтік  нысандарды көгілдір отынға қосу жұмысы жүргізілетіндігін жеткізді.
Ауыл тұрғыны Сәрсенбай Қанхожаев Жаңасаз ауылынан оқушылар тасымалданатындықтан, аялдама салу, Абай орта мектебіне  күрделі жөндеу жұмысы жүргізілсе деген тілегін жеткізді. Ақтөбе ауылының тұрғыны Минуар Тлебалдиев Ақтөбе бастауыш мектебінің жабылып қалу қауіпі бар ма деген сұрағын қойды.
Бұл сауалдарға аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі Рашид Қойлыбаев пен аудан әкімдігі білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Шары Абдурасулов жауап берді.

 

 

ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫ - БАҒАЛЫ ДАҚЫЛ

Ынтымақ ауылдық округінің тұрғындары алдында округ әкімі Мейірбек Ноғаев жыл бойы қолға алынған тірліктермен қатар, алдағы жылғы жоспарларымен бөлісті.
Есепті жиын барысында аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев 2018 жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысын кеңінен баяндап, жылдың табысты болғандығын  жеткізді. Алдағы жылдың еншісіне белгіленген міндеттерінің жоспарымен бөліскен аудан әкімі ағын суды үнемдеу үшін - тамшылатып суару, отбасылық жылыжайлар желісін дамытуға басымдық беру, егістік жерлерді тыңайту, ең бастысы қант қызылшасын баптап, мол өнім алумен даңқы шыққан мәдімарлықтардың техникалық дақылды егіп, өзгелерге үлгі көрсетуге шақырды. Жыл өткен сайын халықтың әл-ауқаты жақсарып, өңірге қарасты елдімекендерде әлеуметтік нысандар жаңарып, жол, таза ауыз сумен қамтамасыз ету, газдандыру мәселелері шешімін тауып отырғандығын, алда тағы да атқаратын жұмыс көп екенін айтты.
Ынтымақ ауылдық  округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Шохайбаев ауыл әкімі және аудан әкімінің жылдық есебіне оң баға берді. “Таза көше” байқауының жеңімпазы атанған Мәдімар ауылындағы Қолдасов көшесінің тұрғындары  көшенің қалған бөлігіне асфальт қашан төселетіндігі туралы мәселені қозғады.
Бұл сауалға аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі Рашид Қойлыбаев жауап берді.
-Бірлік бар жерде, тірлік бар. Халықтың еңбекқорлығы мен ынтымағы бәрімізді алға жетелейді. Сондықтан алда тұрған басты міндеттерді бірлесе отырып, іске асырайық”, – деді аудан басшысы өз сөзінің түйінінде.

 


ЕҢ БАСТЫСЫ - ЖЕРДІ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ

Бүгінде, аудандағы өзекті мәселенің бірі – ауыл шаруашылық жерлерді тиімді пайдалану болып отыр.
Жер есебі бойынша ауданның жер қоры 446,3 мың гектарды құраса, былтырғы жылы 385,88 га жерлер мемлекет меншігіне қайтарылған. Аудан бойынша егістік жерлер көлемі 1991 жылы 72,9 мың гектарды құраса, 14,2 мың гектар егістік жерлер жайылымға ауыстырылған, 58,7 мың егістік жерлер айналымда жүр. 1996 жылы аудан бойынша жер құнарлығының балл - бонитеті төмендеуіне байланысты, көлемі 9980,0 гектар егістік алқаптар қолданыстан шығып қалған. 2018 жылы «Қазақстан Ғарыш сапары» акционерлік қоғамымен келісім шарт жасалып, ол бойынша 3 706 гектар егістік жерлердің игерілмей жатқаны анықталған. Бұл туралы Көптерек ауылында өткен есепті кездесуде жасаған баяндамасында аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев айтты.


Өз кезегінде ауыл тұрғындары алдында есепті баяндамасын жасаған Көптерек ауылының әкімі Болысбек Оразов “Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Махай көшесіне 640 мың теңгеге тас жол төселіп, Б.Карбозов көшесі 240 мың теңгеге жарықтандырылғанын және ауыл тұрғындары ауыз сумен қамтамасыз етілгенін жеткізді. Сондай-ақ, ағымдағы жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша ауылдағы саябаққа орта жөндеу жұмыстарын жүргізу және ауылдың паспортын жөндеу,  «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 16 азаматқа кезектілік тәртібі бойынша тұрғын үй салу үшін жер телімін беру жоспарланып отырғанын айтты.
Ауыл тұрғындары тарапынан айтылған ұсыныс-өтініштер де жерді тиімді пайдалану аясында өрбіді. Мысалға, “Шиліқарын” шаруа қожалығының басшысы Алпысбай Келімбетов алғашқы құрылған уақытта 18 отбасымен бөлініп шыққанын, бертін келе әрқайсысы бөлініп кетіп жалғыз қалғанын, бүгінде қожалықтағы мал басының көбеюіне байланысты жайылым жердің жетіспеушілігін алға тартты. Сондай-ақ, ауыл шаруашылық жерлерін жалға беру мақсатында өткізілген конкурсқа қатысып, жер ала алмағаны туралы өтінішін білдірді. Зейнеткер Бөлебай Танаев та осы жерді алу мәселесіне қатысты ұсынысын жеткізді. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекжасар Ермаханбетов аудан әкімі мен ауыл әкімінің берген есептеріне оң бағасын бере келе, тұрғындар атынан бірқатар өтініштерді тізбектеп берді. Атап айтқанда, ауылдық дәрігерлік амбулаториясының жылы жүйесін газға қосу, жедел жәрдем автокөлігінің ескеруі, электр жарығына қатысты туындаған мәселелер, су жүйесі жүргізілген көшелерді қайта жөндеу қажеттілігі, облыстық мәндегі R-41 автомобиль жолының Темірбек ауылдық округіне бұрылатын бағытынан Кеңес ауылына қарай 5,8 шақырым автомобиль тас жолын жөндеу жұмыстары туралы мәселелерді көтерді. №3 орта мектебінің ұстаздары Бақыткүл Жұматаева мен Раушан Иембердиева ауылға кіргізіліп жатқан көгілдір отын жайында өз пікірлерін жеткізді.
Ауыл тұрғындары көтерген ұсыныс-өтініштерге аудан басшысы Рахматілдә Рахманбердиев, ауыл әкімі Болысбек Оразов, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Рыскелді Сапарбеков, жарық тарату жүйесі мекемесінің басшысы Рабат Сәрсенов және тиісті сала мамандары нақты жауаптар қайтарды. Жиын соңында тұрғындар ауыл және аудан әкімдерінің жылдық жұмыстарына “қанағаттанарлық” деген баға берді.


ЖАҢА МЕКТЕП БОЙ КӨТЕРЕДІ

Есепті мерзімде Темірбек ауылдық округіндегі ағын су мәселесі бойынша иесіз каналдардың құжаттары рәсімделіп, аудандық “Базарбай” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгеріміне өткізілген. Осы мақсатта, облыстық бюджеттен 18 миллион теңге бөлініп, “Темірбек - Шахан” ауылы бағытындағы 25 шақырым “Оң жағалау” каналы мен “Темірбек-Тегістік” ауылы бағытындағы «Сол жағалау» каналының 8 шақырымы тазаланды. 
Облыста мәдениет, білім беру, спорт және ауыл шаруашылығы салалары бойынша төрт жылдық жоспар жасалған. Осы жоспарға сәйкес, Шахан мен Сарыбарақ ауылдарының ортасына 2021 жылы жаңа мектептің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.
Бұл туралы Ә.Жанқұлиев атындағы орта мектебінде өткен есепті кездесуде аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев тұрғындарды хабардар етті. Аудан басшысының баяндамасында негізінде ауыл шаруашылығы бағытына ерекше көңіл аударылды.
Темірбек ауылдық округінің әкімі Бағдат Адилов өз баяндамасында жыл бойына атқарылған жұмыстар туралы жан-жақты баяндай келе, алдыңғы кездесуде округ тұрғындарынан ауылға газ кіргізу және ағын су мәселелері көтерілгенін жеткізді. Сондай-ақ, баяндамада ағымдағы жылы Шахан, Сарыбарақ ауылдарына ауыз су кіргізу, Шахан ауылындағы М.Әуезов пен Мәтімқұл көшелеріне орта жөндеу жұмыстарын жүргізу, округ тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету жоспарлануда екені айтылды.
Өз ұсыныс-өтініштерін білдірген ауыл тұрғындарының көп болуы кездесу келбетін айшықтай түсті. Алдымен сөз алған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхамеджан Садырқұлов ауылдарға газ кіргізу, дәрігер тапшылығын жою, “Темірбек - Тегістік” ауылы бағытындағы «Сол жағалау» каналының 8 шақырымын ауыл жақ бетінен бастап тазалау, Шахан мен Сарыбарақ ауылындағы мектеп құрылысы туралы өтінішін жолдады. Ауыл тұрғындары үш ауылда дәрігер мен дәріхана жоқтығын, берілген жаңа жедел жәрдем көлігінің қызметіне көңілдері толмайтындықтарын, учаскелік полиция инспекторын қызметтік автокөлікпен қамтамасыз ету, ауыл көшелеріне келетін ағын судың тұрақты берілуі туралы сауалдарын жеткізді.
Тұрғындардың әрбір ұсыныс-тілектерін мұқият тыңдаған аудан әкімі нақты жауаптар қайтарып, аудандық аурухананың бас дәрігері Рыскелді Сапарбековке қызметтік тексеру жүргізу жөнінде тапсырма берді.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің шешімін табатындығына сенім білдірген темірбектіктер, есепті жиындағы баяндамашыларға “қанағаттанарлық” бағасын берді.


ТҰРҒЫНДАР БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТТЫ

Аудан әкімі мен ауыл, ауылдық округ әкімдерінің халық алдындағы бірлескен есепті кездесулері Диқан ауылдық округімен аяқталды.
Ауыл тұрғындары алдында есеп берген Диқан ауылдық округінің әкімі Нұрлан Мекебаев денсаулық сақтау, құқық қорғау, білім беру, әлеуметтік, ауыл шаруашылығы салаларына, «Бизнестің жол картасы - 2020», «Даму», «Құлан», «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламалары бойынша атқарылып отырған мәдени іс-шараларына жеке-жеке тоқталып өтті.
Өз кезегінде аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев аудан  көлемінде 2018  жылдың қорытындысымен, атап айтқанда, ауданның ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі, төрт түлік  мал басының өскені, мемлекеттік  бағдарламалар бойынша атқарылған жұмыстар, сондай - ақ, жұмыспен қамту, орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту, тұрғын үй құрылысы, автомобиль жолдарын күрделі және ағымды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ветеринария, қоғамдық тәртіпті сақтау, жастар саясаты, елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру бағытындағы тындырылған тірліктер жөнінде жақсы істер атқарылғанын айта келе, ауыл шаруаларына егістік алқаптарын геопорталға енгізу бойынша округтің көрсеткіші төмендеп тұрғанын да ескертіп өтті. 
Есепті баяндамалардан соң жарыссөзге шыққан ауыл тұрғындары белсенділік танытты. Ауыл тұрғыны Нахан Атамкуловтың Аймантөбе ауылындағы Берікқара орта мектебін газбен жылыту жүйесіне ауыстырып беру туралы ұсынысына жауап берген аудан әкімі әлеуметтік нысандарды газбен жылыту жүйесіне қосу кезең-кезеңімен атқарылып жатқанын, есепті жылы сіздердің округтен №2 орта мектебі, М.Мәметова негізгі мектебі газбен жылыту жүйесіне қосылды, бұл жұмыстар әрі қарай жалғасатынын түсіндірді.
Ауыл тұрғыны Мадина Құндызбаеваның “Денсаулық” саяжайы бүгінгі күнге дейін электр жарығының ақысына заңды тұлға есебінен төлеп келгенін, саяжай тұрғындарына жеке тұлға атынан төлейтін жағдай жасап берсеңіздер деген өтінішіне байланысты аудандық электр жүйелерін тарату мекемесінің басшысы Рабат Сарсенов нақты жауап берді. Рабат Полатұлы  саяжай тұрғындарына жеке тұлға атынан электр жарығына ақы төлеу үшін трансформаторды ауылдық әкімшілік теңгеріміне алып, әр тұрғын үй құжаттарын заңдастырып, тиісті мекемеге өткізу қажеттігін айтты. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әзімбек Ойықбаев өткен жылы ауылда бірқатар оң өзгерістер болғанын айта отырып, №2 орта мектептің күрделі жөндеуден өткізіліп, медициналық пункттің салынғанына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, “Жаңа шаңырақ” массивіндегі құрылыстар, көшелерді жарықтандыру, балабақшаға газ кіргізу, каналды тазалау мәселелерін көтерді. 
Ауылдық округ әкімі мен  аудан әкімінің есепті баяндамалары назарға алынып, 2018 жылы атқарған жұмыстарға “қанағаттанарлық” деген баға берілді.

Гүлшахар Әбдіқұлова,
Мұхтар Мәнекеев.

Обновлено 11.02.2019 15:39
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін503
mod_vvisit_counterКеше544
mod_vvisit_counterОсы аптада3684
mod_vvisit_counterӨткен аптада3997
mod_vvisit_counterОсы айда12126
mod_vvisit_counterӨткен айда16947
mod_vvisit_counterБәрі967919

Серіктестер