Онлайн газет



ЖАТ ЖЕРДЕГІ ЕРЛІК НЕМЕСЕ ҚОС ЖҰЛДЫЗДЫ БЕРІК МОЛДАШБАЕВ ТУРАЛЫ СЫР

1978 жылы Ауғанстанда сәуір айында төңкеріс болып, оның арты аяқталмас соғысқа айналды. Бұл қасірет елдің өз ішінде ғана емес, оған сырт мемлекеттердің қатысуымен де ұзаққа созылды. 1979 жылы кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға кіріп, 10 жылға жуық соғыс жүргізді. Аталған соғысқа 22 мың қазақстандық жауынгер қатысқаны тарихтан белгілі. Солардың ішінде ауданымызға қарасты Дихан ауылының тумасы Берік Молдашбаев та болған еді.

Берік Анкетұлы 1967 жылы 23 маусым күні Жамбыл облысы, Байзақ ауданына қарасты Дихан ауылында дүниеге келген. Ленин атындағы орта мектептің 8-сыныбын бітірген соң Шымкент қаласындағы гидро-мелиоративтік құрылыс техникумына түсіп, құрылысшы мамандығын алған. 1986 жылы көкек айында әскер қатарына алынып, Өзбекстан ССР-ы, Сұрхандарья облысы, Шарабад әскери полигонда үш айлық дайындықтан өтеді. Сөйтіп, 1986 жылы маусым айында Ауғанстан жеріне интернационалдық борышын өтеуге аттанады. 
40-ші Армияның, 108-ші дивизияның Кабул қаласында орналасқан 180 -ші полк құрамындағы инженерлік саперлар ротасының 2-ші взводына түскен Берік оқ пен оттың ортасында жүріп, көзсіз ерлік жасап, екі рет «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады.
Жат жердегі ерліктері туралы Берік Анкетұлы былайша сыр шертеді.
-1987 жылдың наурыз айында Жалалабад маңындағы тауларда болған операция бүгінгідей көз алдымда,- деп бастады әңгімесін Берік Анкетұлы. -Бақылаушылар взводы 12 адам жəне 2 сапермыз. Алдымызда тұрған биіктен асып, одан кейінгі мина қойылған ашық алаңқайды айналып өтіп, келесі тауға шығу керек. Ол жерден қыстақ жақты біраз бақылауға алып, ебін тауып қыстаққа кіру қажет болатын.
Күндіз-түні қалың тұман, күшті жел. Жау көзіне түспес үшін еңбектеп те, жер бауырлай отырып, екінші күн дегенде, түнгі сағат 12-де межелі жерге жеттік. Ауа райы ашылғандай болды. Түрлі құрылғыларымызды пайдаланып, қыстақты бақылауға ала бастадық. Күдік келтірер еш нəрсе көрінбеді.
14 адам болып, қыстаққа бет алдық. Қарсы алдымыздағы қыстақ айналасындағы таулардан автомат та, пулемет те, миномет те, гранатомет те біз орналасқан биікке қарап «жұмыс істеп» тұр. Таяқшамды алдыма ұстап мен келемін. Тастардан тастарға таңдап-таңдап секіреміз. «Мен қайда бассам, сонда басыңдар!» деген командаға ұқсас ескертпемді жиі қайталап қоямын.
Иесіз қаңырап қалған қыстақтың шеткі үйлеріне әрең жеттік. Қираған, құлаған үйлерді, мал қораларын, оған баратын жолдарды таяқшама «иіскелете» бастадым. Үйлерді қарағыштап, қора-қораның қараңғы түпкіріне жеткенде, қоймаға тап болдық. Минаның сан алуаны осында екен. Ертеңіне əрі қарай жұмысымызды жалғастыра бердік. Қару-жарақ, снарядтың неше түрі жасырылған екен. Кейбірі мина жарғыш нүкте үстінде орналасқан екен. Бəрі жай жатқан жоқ, ерекше ептілікпен, қырағылықпен залалсыздандырып барып алмаса, бірнеше адамның өміріне табан астында қауіп төндіріп тұр. Барлығын залалсыздандырып болып, бөлімнің штаб бастығы, Кеңес Одағының Батыры майор Руслан Аушевқа байланысқа шықтық.
«Арнайы жіберілетін адамдарға миналардың бір-бір түрін беріп жіберіп, қалғанын жарып тастаңдар. Ал қару-жарақтарды өздерің алып, жоғары көтеріле беріңдер!» деген бұйрық берілді.
Осы жолы көрсеткен батылдығым мен ерлігім үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1987 жылғы 12 қарашадағы Жарлығымен «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталдым.
Жауынгерлік бұйрықты орындау - қасиетті парыз. Ал сапердің қателесуге құқы жоқ. 1987 жылы маусымда Пагманда болған оқиға  жадымнан өшпейді. Бақылаушылар  ротасының құрамындамыз. Екі шақырымдай  жердегі тау басына орналасып, бақылау жүргізіп, деректер алып жеткізу тапсырылды. Оған төте жол арқылы жету керек. Төте жолда «жасыл тоғай» жатыр. Бұл – дұшпандардың  нағыз ұясы саналады.
Алдымызда жаяу əскердің бір ротасы кетті. Ол рота мен біздің ротаның жолы «жасыл тоғайдан» өткен соң екі айырылатын болды. Айнала қоршаған ағаш. Асқан сақтықпен жылжып келе жатқан біздер ортасына жеттік-ау дегенде атыс басталып кетті.Оқ автоматтан да, минометтен  де борап жатыр. Жүк қапшығымызды тасалап, жата-жата қалыстық. Бас көтеріп қарсылық көрсетуге мүмкін емес, жатқан жеріміз жайпақ екен. Оқ-снаряд оңды-солды зуылдап өтіп жатыр. Артқа жер бауырлай жылжып, ыңғайлы жерге орналасып, біз де атқылауға көштік. Алдыңғы шептегі жаяу əскер құрамы бекініске жеткенше, жау жолын бөгей тұру қажет. Осы мезетте бір жауынгер ішінен жараланды. Атыс тыныштала қалған сəтті пайдаланып, жаралыны БМП-ға жеткіздік.
Бақылаушылар бастығы, майор Васильев минометші Сидоров екеумізге 300 қадамдай жерде иесіз тұрған екі қабатты үйдің жоғары қабатына шығып, рота бекініп болғанша дұшпанды жақындатпау туралы тапсырма берді. Екеуміз екі терезеге орналасып алып, тапсырманы орындауға кірісіп кеттік. Бізге олардың қай жерден, қайда атқылап жатқаны анық көрініп тұрды. Шамалыдан соң дұшпан нысанаға біз орналасқан үйді ала бастады. Мен тұрған терезенің төменгі жақ  қабырғасына тиіп, жарылған снаряд жарықшағынан қатты жарақат алып, есімнен танып қалыппын. Қарулас сарбаздар мені алып шығып, ұшаққа салып,  Кабул қаласындағы госпитальға жібереді. Қайтыс болған жауынгерлер қатарында болған мені мәйітханадан әскери медбикелер дем алысымды байқап қалады. Сөйтіп, түрлі ем-дом алып, жарақатымнан жазылып, ел қатарына қосылдым.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1988 жылғы 25 ақпандағы Жарлығымен екінші «Қызыл Жұлдыз» орденімен, бірнеше медальдармен наградталдым,-дейді Берік Анкетұлы.
Кеңес Одағының Батыры Руслан Аушевтің басшылығындағы полкте борышын өтеген Берік инженерлік саперлар ротасында комсомол комитетінің хатшысы, аға сержант шеніне дейін көтеріліп, взвод командирінің орынбасары міндетін мінсіз атқарған. Ең бастысы туған жерге аман-есен келгендігіне шүкір етеді.Бейбіт күнде аталған полк атынан конференциялар мен съездерге, Ташкент қаласында өткен алқалы жиынға делегат болып қатысқандығын мақтан тұтады.
-1979 жылы Ауғанстан жерінде болған зұламат соғыста Кеңес әскерлері қайталанбас қаһармандық танытты. Мейлі өзге елде болсын, халықтың тыныштығын қалаған батырларымыздың басым бөлігі майдан даласында қаза тапса, тағы бірі із-түссіз жоғалып кетті, қайсыбір аналар жалғызынан айрылды. 18-19 жастағы жас жігіттердің дұшпан оғынан қаза тапқан майдандас достарын соңғы сапарға шығарып салып тұрып, көздері жасқа, жүректері мұңға толған шақтары басым болғаны шындық. Сондықтан ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым ету, ерлігін дәріптеу– кейінгі ұрпақтың парызы.Бүгінде арамызда жүрген, ата-баба рухына дақ түсірмей елге абыроймен оралған ауған соғысының ардагерлері - екінші дүниежүзілік соғысты көрген ақсақалдардың лайықты ізбасарлары саналды. Олардың әрқайсының ерліктері тарих бетіне алтын әріппен жазылды,- дейді Берік бізбен әңгімесінде.
Қос жұлдызды Берік Молдашбаев (суретте) 1988 жылдың 9 мамырда туған ауылына оралды. Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне окуға түсіп, 1993 жылы  бітіріп шығады. Алматы қаласындағы прокуратура, тергеу және қауіпсіздік қорғау комитетінде  біраз жыл қызмет еткен ол Қазақстан Республикасы Ауған соғысы ардагерлер одағы төрағасының орынбасары қызметінде жүріп,  түйінді мәселелердің шешілуіне өзіндік үлес қосты.
Өңірдің мақтанышына айналған  Берік Анкетұлы  бүгінде “Россия-Қазақстан” біріккен бизнес саласындағы компаниясының қауіпсіздік қорғау қызметінде басқарма басшысы қызметін атқаруда.

Сұхбаттасқан:
Гүлшахар ӘБДІҚҰЛОВА.

 

 

Обновлено 11.02.2019 15:23
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін504
mod_vvisit_counterКеше544
mod_vvisit_counterОсы аптада3685
mod_vvisit_counterӨткен аптада3997
mod_vvisit_counterОсы айда12127
mod_vvisit_counterӨткен айда16947
mod_vvisit_counterБәрі967920

Серіктестер