Онлайн газет



ӨТКЕНГЕ ЕСЕП, БОЛАШАҚҚА ЖОБА

Осы аптадан бастап  аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиевтің ауданның 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша халық алдындағы есеп беру кездесулері өткізілуде. Сәрсенбінің сәтінде аудан басшысы Бәйтерек, Сарыкемер, Ботамойнақ, бейсенбі күні Үлгілі, Қостөбе, Қызыл жұлдыз ауылдық округтерінде тұрғындармен кездесті. Есепті жиындарда алдымен аталмыш округтердің әкімдері Айдос Абдуалиев, Сәуле Тлеуқұлова, Еркін Заурбеков, Дәурен Мадешов, Дәурен Тәжібеков, Өсер Нұрбаев есеп берген соң, аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев өткен жылдағы ауданның жалпы әлеуметтік - экономикалық дамуы мен үстіміздегі жылдағы міндеттерін саралады.

 

ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ
Аудан басшысы мен ауылдық округ әкімдерінің бірлескен есеп беру жиыны алдымен Бәйтерек ауылдық округінен бастау алды. Сарыкемер мектеп-гимназиясында өткізілген есепті кездесуде ауылдық округ әкімі Айдос Абдуалиев өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есепті баяндамасын жасаған соң, аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары жөнінде

баяндап берді.
Рахматілдә Сегізбайұлы 2018 жылы межеленген көрсеткіштерге қол жеткізу бағытында атқарылған жұмыстар нәтижесінде ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің оң динамикасы қалыптасқанын атап өтті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар, құрылыс жұмыстарының көлемі, аудан бюджетінің орындалуы, егістік алқаптарда атқарылған жұмыстар, жылыжай, мал шаруашылықтарындағы жетістіктер мен кемшін тұстарға тоқталды. Аудан басшысы, өңірдегі өзекті мәселе – кооператив құру, ауыл шаруашылығы мақсаты үшін дизель отыны мен минералды тыңайтқыштарға мемлекет тарапынан берілетін субсидияларды, жалпы, жерді тиімді пайдалану жайына ерекше назар аударып, шаруаларды осы істе белсенді болуға шақырды.
Кездесуде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салалары, құқық бұзушылықтың алдын алуда атқарылған шаралар да егжей-тегжейлі айтылды. Әсіресе, ҰБТ-ден жоғары көрсеткішке ие болғанымызды мақтанышпен жеткізген Рахматілдә Сегізбайұлы ұстаздарға алғысын айтып, осы биіктен түспеуге үндеді. Есепті баяндама арнайы слайд арқылы көпшілік назарына ұсынылса, жиында тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен сұраныстарына кезек берілді.
Өз кезегінде ауыл тұрғыны Асқар Ракулов Н.Киікбаев мектеп-гимназиясының әжетханасына жылу жүйесін орналастыру және Сарыкемер ауылының Сеңкібай көшесіне түнгі жарық орнатуға қаржы қарастыру туралы өтінішін білдірді. Ал, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Айтбаев ауылдық округ әкімі мен аудан әкімінің атқарған жұмыстарына «қанағаттанарлық» деген баға беріп, мектеп-гимназияда жыл өткен сайын оқушылар санының артуына байланысты жаңа мектеп немесе қосымша ғимарат салу туралы ұсынысын жеткізді. Тұрғындар тарапынан қойылған ұсыныс-тілектердің ескерусіз қалмайтынын алға тартқан аудан басшысы тиісті бөлім басшысына нақты тапсырмалар жүктеді.

САРЫКЕМЕРГЕ АУЫЗ СУ ҚАШАН КІРЕДІ?
Бүгінгі таңда, аудан аумағындағы 42 елдімекеннің 20 ауылы ауыз сумен қамтылып, соның ішінде, өткен жылы Кеңес, Абай, Мырзатай, Тегістік ауылдарында ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізілгені белгілі. Ал, аудан орталығы саналатын Сарыкемер ауылында әлі күнге таза ауыз суға қол жеткізілмей келеді. Осы мақсатта, ауданда жер асты су қорлары анықталған ауылдарға жобалық - сметалық құжаттамалар әзірленсе, оның ішінде, Сарыкемер, Байзақ, Қостөбе, Талас, Көктал ауылдарына құрылыстың жобалық - сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамаға жолданып бесеуіне сараптама алынған. Ендігі кезекте республикалық бюджет есебінен қаржы бөлінуі күтілуде. Бұл туралы Сарыкемер ауылдық округінде өткен есепті жиында айтылды.
Аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев пен Сарыкемер ауылдық округінің әкімі Сәуле Тлеуқұлованың  есепті баяндамаларын ықыласпен тыңдаған ауыл тұрғындарының алғашқы өтініштері осы ауыз су мәселесіне байланысты көтерілді. Бұдан өзге тұрғындар тарапынан тұрғын үй салу, Д.Қонаев көшесі арқылы қатынайтын жолаушылар көлігінің бағыты, мектептерде жаттығу залдарын ашу, “Астананың 10 жылдығы” атындағы саябақты абаттандыру, көріктендіру, үлкен көше бойына жол кедергілерін орнату, жер теліміне кезекке тұру, көшені асфальттау, арықтар арқылы ағын су жеткізу, ауыл ішіндегі тазалық мәселелері айтылды. Жиын барысында тұрғындардың көтерген мәселелеріне қатысты тиісті сала басшылары тарапынан қосымша түсініктер беріліп, өтініштер хаттамаға енгізілді.
Басқосу соңында аудан басшысы мен ауылдық округ әкімінің есепті баяндамаларына «қанағаттанарлық» деген баға берілді.

МАЛҒА ЖАЙЫЛЫМ ЖЕР ТАПШЫ
Бұл ботамойнақтық тұрғындардың есепті кездесуде айтқан басты мәселелерінің бірі. Алдымен жұмыс регламенті бекітіліп, Ботамойнақ ауылдық округінің әкімі Еркін Заурбеков пен аудан басшысы Рахматілдә Рахманбердиевтің өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде жасаған баяндамаларынан соң ауыл тұрғындары өздерін толғандырып жүрген өзекті сауалдарын ортаға салды. Есепті баяндамаларды “қанағаттанарлық” деп бағалаған зейнеткер Амангелді Ахметов ауыл маңындағы мал жайылым жерлерді нақты белгілеп, бөліп беру туралы өтінішін жеткізсе, ауылдық ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі Кеулімжай Шартықбаев оқушылар тасымалы туралы, «АХЫСХА» шаруа қожалығының басшысы Сулеймен Ахметов қант қызылшасын егу және тау етегіндегі тәлімді жерлерді жайылымға ауыстыру, зейнеткер Орынбек Тұрапбаев электр желілерінің нашарлығынан жарықтың жиі сөніп қалатынын және трансформатордың қоршалмауы қауіп тудыратынын айтты.

 


Тұрғындар ұсыныс-өтініштеріне орай, Рахматілдә Сегізбайұлы ауданда жер мәселелері жөнінде министрлікпен бекітілген арнайы ережеге сәйкес, маман тағайындалғанын, осы бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қант қызылшасын егу керектігін, тәтті түбірді егуге ниет білдіріп отырған ауылдық округтерге су жеткізудің қиындығын, сол себепті қант қызылшасын егу тапсырмасы су басында отырған округтерге беріліп отырғанын түсіндірді. Сондай-ақ, биылғы көктемде шаруа қожалықтарға жер мәселелері жөніндегі тағайындалған инспектордың қатысуымен тексеру жүргізіліп, жер кодексінің талаптарына сәйкес, тиісті шаралар қолданылатынын ескертті. Осы жиында көтерілген мәселелерге байланысты аудан әкімдігі білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Шары Әбдірәсілов, аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрлан Оразымбетов, жарық желілерін тарату мекемесінің басшысы Рабат Сәрсенов, ауылдық округ әкімі Еркін Заурбеков заңнамалық талаптарды түсіндіре отырып, тиісті жауаптарын берді. Кезекті есеп беру жиыны “қанағаттанарлық” деген бағамен қорытындыланды.

ҮЛГІЛІДЕГІ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР
Бейсенбі күнге жоспарланған есепті кездесу алдымен Үлгілі ауылдық клубында ұйымдастырылды. Ауылдық округ әкімі Дәурен Мадешов өткен жылы межеленген көрсеткіштерді орындау мақсатында атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Ауыл әкімі өз сөзінде ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуы, салық түсімдері, қылмыспен күрес, әлеуметтік көмек, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салалары бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
Бұдан соң аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев аудан бойынша өнеркәсіп, егін және мал шаруашылығында жеткен жетістіктерге тоқтала келе, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды атап өтті. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар аясында несие алу, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, нәтижелі жұмыспен қамту, жерлерді тиімді игеру, ауыз су мен газдандыру, автомобиль жолдары, құқық бұзушылық, тағы да басқа мәселелерге жеке тоқталып, ауылдық округ әкіміне ағымдағы жылы атқаруға тиіс шаралар бойынша тапсырма берді.


Баяндама соңы жарыссөзге ұласып, онда ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі Н.Даусариева Қ.Ысмаилов көшесінің 1,2,3,4,5-бұрылыстарындағы тұрғын үйлерді су басудан қорғайтын дренаж арық қазу мәселесін қозғады. Сондай-ақ, аудан және ауыл әкімдерінің бірлескен есепті баяндамаларына оң  бағасын берді. Аталмыш өтінішке байланысты жауап берген ауыл әкімі көше тұрғындарын ұйымдастырып, техникасы бар шаруа қожалықтар мен кәсіпкерлердің көмегімен дренаждың тазаланатынын, жаңа дренаж қазу үшін аудан әкімдігіне хат жолдайтынын жеткізді.
Ауыл тұрғыны Р.Әбілов Жақыпбай көшесінің 6 - бұрылысындағы көшеде жол жоқ екенін және тұрғын үйлерге электр жарығын жүргізу жөнінде өтінішін алға тартты. "Сарыөзек" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басшысы Ш.Ибраимов аудан әкімінен "Медеу" каналына жөндеу жұмыстарын жүргізуге ықпал етуді сұранды. Ал, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділхан Садуақасов есепті баяндамаларға оң бағасын бере отырып, Үлгілі орта мектебі 1960 жылы 240 оқушыға арналып салынғанын, бүгінде орта мектепте екі ауысыммен 563 оқушы оқитынын, ауыл тұрғындары санының көбеюі мен бала туу көрсеткішінің өсуіне байланысты келешекте қосымша мектеп ғимаратын салуды назарға алуын сұранып, "Қаражота" каналын іске қосуды қарастыру туралы ұсынысын айтты.
Жиын барысында айтылған ұсыныстар мен өтініштерге қатысты нақты жауаптар қайтарылды. Өз кезегінде аудан басшысы айтылған барлық мәселелер хаттамаға енгізіліп, тиісті шаралар қолға алынатындығын айтты. Аудан әкімі мен ауылдық округ әкімінің есепті кездесуіне аудандық мәслихаттың хатшысы Нұржан Тлепов қатысып отырды.  

ТАЛАСТЫҚТАР ЖАРЫҚ БАҒАСЫНА АЛАҢДАУЛЫ
Кезекті есеп беру кездесуі Қостөбе ауылдық клубында жалғасын тапты. Онда аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев пен Қостөбе ауылдық округінің әкімі Дәурен Тәжібеков халық алдындағы бірлескен есептерін жасады.
Есепті баяндамаларда ауыл шаруашылығы, ветеринария, әлеуметтік, денсаулық сақтау, білім беру, қоғамдық тәртіп, ауылдық округте құрылған қауымдастықтың жұмысы,  шаруа қожалықтарды ірілендіру, шаруашылықты дамыту үшін берілетін жеңілдетілген несие түрлері, ағымдағы жылға арналған және жақын болашақтағы іс-қимыл бағдарламасы, басқа да салалар бойынша атқарылған жұмыстар кеңінен айтылды.
Ауыл тұрғыны Тұңғышбай Жаскелов ауыз су мен газдандыру және ауыл ішіне қатынайтын жолаушылар көлігі бағытына қатысты өтінішін айтса, Талас стансасының тұрғыны Абдуалы Данаев пойыз жолының өткелі болса, бүлдіршіндерімізге арнап балабақша салынса деген ұсынысын білдірді. Осы станса тұрғыны Дос Данаев жарық бағасының тарифін 18 теңге 50 тиыннан төлейтіндерін, басқа ауылдардан 4 теңгеге қымбат болуы себебін сұрады. Ал, ауыл тұрғыны Ғайни Көшекбаева мектептердегі медициналық қызметтерге профилактикалық жұмыстарды жандандыру туралы өз ойымен бөліссе, В.Сливкина түнгі жарықтандыру уақытын өзгерту туралы өтініш айтты. 
Қостөбе ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Сулейманов ауыл әкімі мен аудан әкімінің есепті баяндамаларына оң бағасын бере отырып, алдағы уақытта тағы атқарылатын жұмыстар баршылық екенін, ол жұмыстарды бірлесе атқару керек деп есептейтінін жеткізді. Сондай-ақ, көкейінде жүрген екі мәселені қозғады. Бірінші - Қажымұқан көшесінің орта бойында ескі қорым болғанын, бүгінгі күнде аталған қорымның төбешіктерін тегістету үшін ауыр техника қажет, бірақ аталған көше бойынан газ құбыры өтуіне байланысты техника кіре алмауда,- дей келе, осы мәселені шешіп беруді сұранды. Екінші - Талас ауылында дренаждық коллекторлық канал мәселесі. Бұл канал көптеген жылдардан бері тазаланбай, арнасы бекітіліп қалған. Бұл канал тазаланса жер асты суы көтерілмейді және біраз шаруа қожалықтарына егістіктерін суаруға мүмкіндік болар еді деді.
Аудан әкімі аталған мәселелердің барлығы назарға алынып, тиісті мекеме басшыларына заңдылығын қарап, орындауға тапсырма берді. Кездесу аяғында аудан әкімі мен ауылдық округ әкімінің жылдың қорытындысы бойынша халық алдындағы бірлескен есептеріне "қанағаттанарлық" деп баға берілді.

МАЛ ҰРЛЫҒЫ МАЗАНЫ ҚАШЫРУДА
Осы күнге жоспарланған есепті кездесу Қызыл жұлдыз ауылдық округінде болып өтті.
Ауыл тұрғындары аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев пен ауылдық округ әкімі Өсер Нұрбаевтың бірлескен есеп беру кездесуінде өткен жылы ауыл мен аудан аумағында атқарылған жұмыстар жөніндегі баяндамаларын тыңдады.
Есепті баяндамада ауылдық округ әкімі алдыңғы кездесуде тұрғындар тарапынан түскен ұсыныстар негізінде өткен жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы 5 млн. 449 мың теңгеге Агалиев және Қалиева бұрылыстарына орта жөндеу, яғни, асфальт төсеу жұмыстары жүргізілгенін, сонымен бірге, қауымдастықтың келісімімен орталық саябақ ішінен ауыл жастары өз қаражаттарымен волейбол алаңын соғып, пайдалануға берілгенін, жергілікті бюджет есебінен 3 млн. 920 мың теңгеге шағын футбол алаңы салынғанын айтты. Ал, ағымдағы жылы ауылдық округ бойынша «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы 5 млн. 449 мың теңгеге орталық саябақ ішінен балалар ойын-сауық алаңын соғу және де қауымдастықтың келісімімен ауылдық округ әкімі аппараты ғимаратының сыртына ағымды жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджет есебінен қаражат қарастыруды жоспарлап отыр.


Аудан әкімі Рахматілдә Сегізбайұлы өз баяндамасында өткен жылы аудан аумағында атқарылған ауқымды жұмыстарды, Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді және есепті жылғы ауданның әлеуметтік - экономикалық даму қорытындысын сапалық және сандық көрсеткіштермен сипаттап, ауыл және мал шаруашылығына нақты мысалдар келтірді.
Кездесуде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әзімбек Дүйсембаев ауылдың  төрттен бір бөлігінде ғана ауыз су құбырлары жүргізілгенін, қалған бөлігінде ауыз су жоқтығын айтты. Осыған байланысты ауылға ауыз су жүргізуге сметалық-жобалық құжат дайындатуға қаражат қарастыруды және су қоймасын соғатын жердің жоқтығына байланысты Тараз қаласынан ауыз су алу мәселесін шешуге көмек сұрады. Сонымен қатар, ауылдық дәрігерлік амбулаторияның жұмысы дұрыс жолға қойылғанын, мамандары жеткілікті екенін, бірақ, ауылдық дәрігерлік амбулаторияның құрал-жабдықтарының ескіргенін, ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілу қажет екенін атап өтті.
Жарыссөзге шыққан ауылдық округ зейнеткері Назым Қуанышбаева аудан және ауыл әкімінің жыл ішінде атқарған жұмыстарына “қанағаттанарлық” баға берді. Өз кезегінде ауыл тұрғыны Асқар Копишев 2018 жылы ауылда мал ұрлығының көбейгенін және сол ұрлықтардың ашылмай отырғанын айтып, мал ұрлығының ашылуына көмек көрсетуді сұрана келе, қылмыстың алдын алу шаралары бойынша жұмысты жандандыруды өтінді.
Ауыл жастары атынан сөйлеген Нұрбек Жұмабек Жастар жылында ауылдағы орталық саябақты жастар қарауына алып, ретке келтіріп, наурыз айында ауыл әкімшілігімен бірлесіп, мың түп тал егуге және ауылдың тазалығы мен қоршаған ортаны қорғауға, туған өлкені көркейтуге ауыл жастарын шақырды. Одан кейін өздерін толғандырған сұрақтары бойынша сөзге шыққан А. Шалданбаевқа, Т. Умбеталиевке, А.Еркінбековтарға аудан әкімі мен ауыл әкімі толық жауап берді. Жиында көтерілген барлық сауалдар мен өтініштерге нақты жауаптар қайтарылды.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің шешімін табатындығына сенім білдірген тұрғындар есепті жиындағы баяндамашыларға “қанағаттанарлық” бағасын берді.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ.

Обновлено 07.02.2019 09:42
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін248
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада6265
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда31832
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2202562

Серіктестер