Онлайн газет



АУЫЛ ӘКІМІ ЕСЕП БЕРДІ. ЕЛ НЕ ДЕДІ?

Апта ортасында алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, аудан аумағындағы ауыл, ауылдық округ әкімдерінің өткен жылы атқарған жұмыстары туралы ауыл тұрғындары алдында есеп беру кездесулері басталған болатын.


ҰСЫНЫСТАР НАЗАРҒА АЛЫНДЫ

Алдымен Базарбай ауылының тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылып, онда Бәйтерек ауылдық округінің әкімі Айдос Абдуалиевтің 2018 жылы атқарған жұмыстары бойынша есепті баяндамасы тыңдалды. Айдос Сейсенбекұлы өз есебінде ауыл шаруашылығы, егілген егістік көлемі, одан өндірілген өнімдер, мал шаруашылығындағы көрсеткіштер, бюджеттің атқарылуы, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» бойынша игерілген қаржы, салық, инвестиция тарту, елдімекенді абаттандыру жұмыстары, кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік салалардың әрбіріне жекелей тоқталды.
Баяндамадан соң жарыссөзге шыққан ауыл тұрғыны Мұқан Азимкулов ауылға таза ауыз су керектігін алға тартып, ауылдық округ әкімінің есебіне қанағаттанатынын жеткізді. Ал, ауыл тұрғыны Қасымбек Тлеуқабылов ауылдағы Төрегелді көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы ұсынысын білдірді. Кездесу соңында ауылдық округ әкімі Айдос Абдуалиев айтылған сын-ескертпелер бойынша тиісті шаралар қабылданатындығын айтты. 


ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛДІ

Аудандық мәслихат депутаты Рыскелді Сапарбеков, аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Алтай Айдын, учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Елдос Оразбаевтың қатысуымен Ботамойнақ ауылдық округіне қарасты Үшбұлақ стансасы тұрғындарымен өткен басқосуда ауылдық округ әкімі Еркін Заурбеков есеп берді.
Үшбұлақтық тұрғындар өздерін мазалап жүрген өзекті мәселелер төңірегінде сауалдарын жолдады. Атап айтқанда, ауыл тұрғыны Талғат Уалиев елдімекен жолын асфальттау туралы мәселені көтерсе, зейнеткер Қанаткүл Мырзабекова газдандыру жайын қозғады.  Сонымен қатар, Ұлмекен Базылбекова ауыз су және жарық тарту жайлы ұсынысын айтса, Бибіжамал Рысбекова бос жүрген иесіз иттерге қатысты өз алаңдаушылығын жеткізді. Ауыл тұрғындарының көтерген мәселелеріне байланысты ауылдық округ әкімі Еркін Заурбеков нақты жауаптар қайтарды. Жиын соңында  зейнеткер Т.Пауешов ауылдық округі әкімінің 2018 жылы атқарған жұмыстарына "қанағаттанарлық" деген баға беріп, ырзашылығын білдірді. 


ТҮНГІ ЖАРЫҚ ОРНАТЫЛАДЫ

Талас ауылында жастарға арналған футбол алаңшасы салынып, Б.Туғанбаев атындағы көше бойына түнгі жарық орнатылатын болды. Бұл ауыл тұрғындары Майданбай Байжанов пен Ғайни Көшекбаеваның есепті кездесуде ауылдық округ әкімі Дәурен Тәжібековке жеткізген ұсыныстары болатын. Ауылдық округ әкімі Талас ауылына футбол алаңшасын демеушілер арқылы алдағы уақытта орнату бағытында жұмыстар жүргізілетінін, Б.Туғанбаев көшесіне түнгі жарық шамдары орнатылғанын, алайда, техникалық жағдайы және құжаттамалары толық болмауына байланысты іске қосылмай тұрғанын, алдағы уақытта құжаттары толықтырылып, бұл мәселе шешімін табатынын айтты.
Өзінің есепті баяндамасында Дәурен Тәжібеков ауыл шаруашылығы, ветеринария, әлеуметтік, денсаулық сақтау, білім беру, қоғамдық тәртіп және басқа да ауыл тұрғындарына қатысты салаларда атқарылған жұмыстарға тоқталып, ауылдық округте құрылған қауымдастықтың жұмысы туралы,  шаруа қожалықтарды ірілендіру, шаруашылықты дамыту үшін берілетін жеңілдетілген несие түрлері, тазалық мәселелерін атап өтті.
Басқосу соңында сөз алған Қостөбе ауылдық округі бойынша ардагерлер кеңесінің төрағасы Мамед Сулейманов атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.


ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕР ЖОЛЫ САЛЫНБАҚ

Ботамойнақ ауылында кезекті есеп беру кездесуін өткізген ауылдық округ әкімі Еркін Заурбековке тұрғындардың тарапынан айтылған ұсыныс-өтініштер қатары аз болмады. Алдымен сөз тізгінін қолға алған ауыл тұрғыны Сламбек Сатыбалдиев өткен жылы пайдалануға берілген мектеп - лицейге баратын автокөлік жолының бойынан оқушыларға арнап, жаяу жүргіншілер жолын салу мәселесін көтерді. Осыған қатысты жауап берген ауыл әкімі аталмыш мәселенің жоспарда тұрғанын, көктем шығып, жер кепкен соң тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты. Ботамойнақ ауылында жабылған мектеп ғимаратынан балабақша ашу туралы зейнеткер Райымбек Айдаровтың жолдаған сауалына жауап берген Еркін Заурбеков Ботамойнақ бастауыш мектебін мектепке дейінгі жастағы балаларды тәрбиелеп, оқыту үшін шағын орталық болып ашылуы үшін орталықтағы Сыдық Абланов атындағы орта мектебінің теңгеріміне беріліп, шағын орталыққа қажетті балаларға арналған жатын төсектері әкелінгенін және шағын орталықтың жанынан биылғы жылға бөлек асхана құрылысы жүргізілетінін жеткізді. Зейнеткер Күләш Бүрлібаеваның медициналық тірек салу туралы, Алима Арымбекованың интернет жүйесіне қосылу, Талғат Алимбаевтың қаңғыбас иттердің көбейіп кеткені жайлы сұрақтарына нақты жауаптар қайтарылып, түсініктемелер берілді. 
Ауылдың ардагерлер қоғамдық ұйымының цех басшысы, зейнеткер Е.Мақұлбаев сөз алып, ауылдық округі әкімі Еркін Заурбековтың өткен жылы атқарған жұмыстарының есебіне ризашылығын жеткізді. 


СЫН-ЕСКЕРТПЕЛЕР ЕСКЕРІЛДІ

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 ақпандағы «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» №190 Жарлығына сәйкес, Бәйтерек ауылдық округінің әкімі Айдос Абдуалиев кезекті есеп беру кездесуін Қосақ ауылы тұрғындарымен өткізді. Өткен жылы ауылдық округ аумағында атқарылған жұмыстар жөнінде жан-жақты ақпарат берілген соң ауыл тұрғындарына сөз берілді.   
Қосақ ауылының тұрғыны Бекен Сапақов өз сөзінде Қосақ ауылынан Сарыкемер мектеп-гимназиясына шығатын жолды жөндеу қажеттігін, жеке кәсіпкер «Заурбекова» ауыл тұрғындарынан жинайтын тұрмыстық қалдықтарды уақытылы жинау керектігін ескертсе, Тұрғыналы Есембеков Қосақ ауылына футбол алаңшасын соғуға жер қарастыруын өтініп, 2018 жылы атқарылған жұмыстарды саралай келе, ауылдық округ әкімінің есебіне «қанағаттанарлық» баға берді.


АҚТӨБЕЛІКТЕР НЕГЕ АЛАҢДАУЛЫ?

Осы күні Ақтөбе ауылының тұрғындары алдында Сазтерек ауылдық округінің әкімі Жұмабек Шайхиев есеп берді. Жұмабек Асанұлы "Өңірлерді  дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы" аясында, 2018 жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндап берді. Аталған бағдарламада қаралған жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржылық қолдаудың бағыттарымен таныстырып, қоғамдастық мүшелерімен бірлесіп, 2019 жылға бөлінген қаражатты Ақтөбе  ауылындағы "Қарабақыр" көшесінің 600 метр жолына шағал тас төсеуге 2018 жылдың аяғында жобалық - сметалық құжаттары дайындалғандығы және іске асыру жұмыстары ағымдағы жылдың сәуір, мамыр айларында жүзеге асырылатынын айтты. Ауылды көркейтуге ауыл тұрғындары да атсалысуы қажет екендігін айта келе, ауылдың санитарлық тазалығына баса мән беру қажеттігіне тоқталды.   
Ауыл тұрғындары Әбен Шүкірбаев, Батырғали Аденов, Тасболат Жауғашев ауылға кіреберіс жолды жөндеу керектігіне тоқталып, шаруа қожалықтары жерлеріне егіс егуге және тұрғындардың аулаларын суаруға ағын суға мұқтаж екендіктерін айтып, ауыз су жүйесін жүргізуді қолға алып, жүзеге асыруға ықпал етуін сұранды. Жиын соңында ауылдық округ әкімінің атқарған жұмыстарына "қанағаттанарлық" деген баға берілді.

Мұхтар ШАЛҒЫНБАЙ.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1112
mod_vvisit_counterКеше1540
mod_vvisit_counterОсы аптада5253
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда30820
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2201550

Серіктестер