Онлайн газет



Жаңа нысандар - ел игілігіне

Кеше, ауданымызда сегіз бірдей нысан ел игілігіне пайдалануға берілді. Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Темірбек ауылдық округіндегі Шахан және Сарыбарақ, Ынтымақ ауылдық округінде Мәдімар, Диқан ауылдық округіндегі Аймантөбе, Жаңатұрмыс ауылдық округіндегі Тегістік, Жібек жолы, Жаңатұрмыс ауылдарында медициналық тіректер мен Көптерек ауылдық округінде су қабылдау имараты мен су құбыры желісі құрылысының ашылуы болды.

Шахан ауылы
Әлеуметтік маңызы бар нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев, аудандық мәслихаттың хатшысы Нұржан Тлепов және ауыл тұрғындары қатысты.
Қуанышты сәттерімен тұрғындарды аудан басшысы және Темірбек ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхамеджан Садырқұлов құттықтап, мердігер "Шынбота" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ризашылық сезімдерін білдірді. Рахматілдә Сегізбайұлы аудан аумағындағы он бір елдімекенде соттың шешімімен апатты жағдайда деп табылған денсаулық сақтау нысандарының былтырғы жылы үшеуі пайдалануға берілгенін, ал, үстіміздегі жылы жеті бірдей медициналық тірек жекеменшік әріптестік негізінде ел игілігіне ұсынылып отырғанын жеткізді.
Өз кезегінде аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Рыскелді Сапарбеков медициналық тіректің аға мейірбикесі Алия Аскановаға символдық кілтті табыс етті. Ауыл қариялары Мұхамеджан Садырқұлов пен Қырықбай Айнақұлов жаңа әлеуметтік нысанның лентасын салтанатты түрде қиған соң, қонақтар бес келімге арналған медициналық тіректің ішін аралап көрді.
Кабинеттер толықтай аппараттармен жабдықталып, жұмысқа білікті мамандар ауылдағы 703 тұрғындарға қажетті медициналық көмек көрсетуге әзір. Мұнда күнделікті денсаулығына шағымданған жандарға көмек көрсетіледі. Әсіресе, денсаулығына жиі шағымданатын қарттар үшін. Енді олар кез келген мәселе бойынша жергілікті мамандарға жүгіне алады.

Сарыбарақ ауылы
Бұдан кейін аудан басшысы Сарыбарақ ауылында бес келушіге арналған медициналық тіректің ашылуына қатысты, Елдімекенде 413 тұрғын болса, оның 149-ы он төрт жасқа  дейінгі, ал, 10-ы бір жасқа дейінгі балалар. Жаңа ғимарат жекеменшік әріптестік аясында "Тараз құрылыс Дизайн" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салған.


Салтанатты шарада аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев пен ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Жамбыл Мырзахметов сөз сөйлеп, тұрғындарды жаңа нысанның ашылуы мен Тұңғыш Президент күні мерекелерімен құттықтады. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Рыскелді Сапарбеков медициналық тіректің фельдшері Мұрат Сатеновке символдық кілтті табыс еткен соң, ауыл ақсақалдары лента қию рәсімін жасады.
Медициналық тірек балалар қабылдау, емшара бөлмесінен, дәрі-дәрмек кабинетінен және күту залынан тұрады. Бүгіннен бастап мұнда әртүрлі жастағы науқастар келетін болады. Фельдшер Мұрат Сатенов күніне бес адамға дейін қабылдауға мүмкіндік туғанын атап өтті. "Бұдан былай ауыл тұрғындары медициналық тірекке келе алады. Мұнда арнайы тоңазытқыш жабдықтар, кварц, медициналық үстелдер, кушетка және бірінші көмек көрсету үшін барлық қажетті заттармен қамтамасыз етілген", - дейді ағынан жарыла.

Кеңес ауылы
Аудан көлемінде, оның ішінде, ауылдық eлдімекендерді орталықтандырылған сумен жабдықтау бойынша соңғы екі-үш жылда бірқатар ауылға су құбырлары мен су беру имараттарының құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілгені белгілі.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай, Кеңес ауылында су қабылдау имараты мен су құбыры желісінің құрылысы аяқталды. Өткен жылдың қараша айында басталған құрылыс белгіленген мерзімде бітіріп, ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз еткен "Импульс ЛТД" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болатын. Жүз тоқсан метрге жуық тереңдіктен тартылып, бактерицидті тазалағыш, механикалық фильтрация және ультрафиолетті залалсыздандыру секілді үш сатылы тазалағыштан өтетін ауыз су ауыл ішінде орнатылған су тарату нүктелері арқылы халыққа жеткізіледі. Бүгінгі таңда, екі мыңнан астам тұрғыны бар Кеңес ауылында мектеп, дәрігерлік амбулатория, балабақша сияқты әлеуметтік нысандарға және 378 үйге су тартылды.


Ауылдағы таза су құбырының ашылу салтанатында аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев пен Көптерек ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекжасар Ермаханбетов құттықтау сөз сөйледі. Аудан басшысы өңірде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың бірі - бүгінгі ел игілігіне ұсынылған су қабылдау имараты мен су құбыры желісінің құрылыс нысаны екендігін жеткізді.
Нысанның лентасы салтанатты түрде қиылып, шашу шашылды. Осылайша, «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша қолға алынып жатқан жобалар әлеуметтің әл-ауқатын жақсартып, тіршілігіне қан жүгірткені сөзсіз.

Мәдімар ауылы
Тұңғыш Президент күніне орайластырылған игілікті істің жалғасы іспеттес шара - Ынтымақ ауылдық округіндегі Мәдімар ауылында өз жалғасын тапты.
Мұнда жиырма келушіге арналған жаңа ауылдық дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанаты өтті. Жаңа ғимаратта сүзгі, күндізгі стационар, оператор, емшара және дәрігерлердің қабылдау бөлмелері, сондай-ақ, барлық қажетті жабдықтар бар.
Емдеу мекемесінің ашылу салтанатына аудан әкімі қатысып, ауыл тұрғындарын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен және жаңа ауылдық дәрігерлік амбулаторияның ашылуымен құттықтады.
- Ең басты құндылығымыз – денсаулығымыз. Елімізде халық денсаулығын сақтауға, салауатты өмір салтын ұстануға ерекше көңіл бөлінуде. Міне, бүгін мәдімарлықтар үшін де игі дәстүр жалғасып, денсаулық сақтау нысаны ашылды. Алдағы уақытта жаңа ғимарат халыққа қалтқысыз қызмет етсін, - деді ол.
Ауыл ақсақалы Болат Шохайбаев тұрғындар атынан ризашылық білдіріп, ақ батасын берді. Мердігер “Тараз Құрылыс Дизайн” ЖШС-і басшысы Ғазиз Бекбердиев амбулаторияның аға дәрігері Кенжекелді Шукановқа салтанатты түрде символдық кілтті табыс етсе, еңбек ардагерлері Төлен Мырзахметов пен Жайбағыс Әбдіқадыров нысанның лентасын қиды.

Аймантөбе ауылы
Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында Дихан ауылдық округіне қарасты Аймантөбе ауылында бес келімге арналған медициналық тірек ашылды.
Аудан әкімінің орынбасары Дулат Сұлтанбеков ауыл тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтап, нысанның мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында пайдалануға беріліп отырғандығын жеткізді. Бұдан соң  сөзді алған  Дихан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әзімбек Ойықбаев, еңбек ардагері Әуесбай Абдуалиев халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында қолға алынған игілікті істердің жемісін көріп отырғанын айтты.
Құрылысты жүргізген  мердігер «Талас құрылыс» ЖШС-інің басшысы Асан Айтқұлов нысанның символдық кілтін аға мейірбике Роза Бакинаға табыстаған соң, лента қиылып, шашу шашылды.

Тегістік ауылы


Дәл осы күні Жаңатұрмыс ауылдық округіне қарасты Тегістік ауылының тұрғындары да қуанышқа кенелді. Жаңадан салынған медициналық тіректің ішін аудан әкімінің орынбасары Дулат Сұлтанбеков  аралап көріп, ақ желеңді абзал жандарға жүктеліп отырған міндеттің ауқымдылығын айтып, жұмыстарына табыс тіледі. Еңбек ардагерлері Жаханша Самылдыров, Әлетай Досболов,  Бекжасар Майамеров  осындай сауапты істі атқарған «Талас - құрылыс» ЖШС-інің басшысы Асан Айтқұловқа алғысын білдірді. Денсаулық сақтау нысанына соңғы үлгідегі заманауи медициналық қондырғылар орнатылған. Медициналық көмекке жүгінген азаматтар мен  науқастарға  сапалы көмек көрсету үшін барлық қажеттіліктер қарастырылған.       

Жібек жолы ауылы
Осы округтің құрамына кіретін Жібек жолы ауылы да бір мекемемен толықты. Мұнда бес келімге арналған  медициналық нысан ел игілігіне берілді. Аудан әкімінің орынбасары Дулат Сұлтанбеков мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында облыста 41, ауданда бірнеше нысан пайдалануға беріліп отырғандығын, халықты қолжетімді медицинамен қамтамасыз ету, ана мен бала денсаулығын қорғау, алғашқы медико-санитариялық көмекті жетілдіру мақсатында өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жиналғандарды  мерейлі мерекемен құттықтады.
Жаңа нысанның  лентасын  еңбек ардагерлері Бейсен Жүзгенбаев пен Орынбай Балтабаев қиып, жүрекжарды лебіздерімен бөлісті.
Құрылысты мердігер «Д квадрат Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  (басшысы Байзақ Досанбаев) жүргізген екен.

Жаңатұрмыс ауылы
Жаңатұрмыстықтар үшін Тұңғыш Президент күні ұмытылмайтын шығар. Аталған елді мекенде 720-дан аса адам тұрады. Жаңа медициналық тіректің құрылысын мердігер Елебек Жаманқұлов басшылық ететін «Қаратау құрылыс» ЖШС-і жүргізген екен.
Еліміздің айтулы мерекесіне орай, есігін айқара ашқан   ғимараттың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Дулат Сұлтанбеков, еңбек ардагері Қалдыбек Мейірбеков сөз сөйлеп, тұрғындарды қуанышымен құттықтады. Нысанның лентасы қиылған соң, ардақты ана Тілеулес Малтаева шашуын шашып, халық қамы үшін  қызмет етіп жатқан азаматтарға алғысын   айтып, батасын берді.

Түйін: Осы күні, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында, облыс аумағында 41 әлеуметтік нысан ауылдық аймақ орталықтарын дамытудың облыстық жоспары аясында пайдалануға берілді.

Гүлшахар ӘБДІҚҰЛОВА,
Мұхтар МАНЕКЕЕВ,
“Ауыл жаңалығы”.


Обновлено 04.12.2018 10:38
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін264
mod_vvisit_counterКеше635
mod_vvisit_counterОсы аптада899
mod_vvisit_counterӨткен аптада4562
mod_vvisit_counterОсы айда6231
mod_vvisit_counterӨткен айда16107
mod_vvisit_counterБәрі896374

Серіктестер