Онлайн газет



Ұстаз - ұлағатты есім

Телмаханбет ағаны ауылдың бәрі таниды. Үлкен-кіші осынау жайдары жүзді азаматты тек адамгершілігі үшін ғана емес, білікті маман ретінде құрметтейді. Өз ісінің білгірі талай рет ауылдықтардың

алғысын алған. Не үшін дейсіз ғой? Мектепте математика пәнінің мұғалімі болып қызмет ететін оның шәкірттері шындығында да есеп есептеуде ешкімге дес бермей келеді. Әңгімені әріден өрбітейік.
Қайнашев Телмаханбет 1953 жылы 20 шілдеде дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін, 1971 жылы Т.Г.Шевченко атындағы Душанбе мемлекеттік педагогикалық институтының математика факультетіне оқуға түсіп, оны 1975 жылы тәмәмдап шығады. Талай жыл өзі туып-өскен ауданның білім бөлімінде әдіскер, әдістемелік кабинет меңгерушісі қызметтерін атқарған ол, 1989 жылы С.Абланов атындағы орта мектепке математика пәнінің мұғалімі болып қызметке тұрады. Міне, содан бері осы киелі ошақта жүріп, бар білген-түйгенін жас ұрпаққа үйретуден танбаған ұстаз бұл атқа дақ түсірмеу үлкен жауапкершілік деп есептейді. Арифметика және алгебраның қыр-сыры, есеп есептеудің оңай жолы, логикалық есептерді шешудің ережелерін қарапайым тілмен жеткізе білетін Телмаханбет ағай  «Экономика және нарықтық қатынастар», «Математикадан 5-7 сыныптарға арналған үйірме жұмыстары», «Сызықтық алгебра және аналитикалық геометрия», «Дифференциал теңдеулер және интеграл» қолданбалы курстарына авторлық бағдарламалар жазып, жарыққа шығарады. Білікті ұстаздың білім сайыстарында жеткен жетістіктері де аз емес. 2003 жылы математика пәні мұғалімдері арасында өткен аудандық І олимпиадада жеңімпаз атанса, облыстық сайыста «Үздік сабақ үлгісін көрсеткен мұғалім» номинациясымен марапатталады. Мектептегі кәсіподаққа  жетекшілік еткен ол, 2006-2007 жылдары ауданда «Ең үздік кәсіподақ көшбасшысы» ретінде танылып, облыста «Іскер төраға» атағына ие болады. Білім мен біліктілік додасы ҰБТ-да тәлім берген оқушылары ылғи үздік нәтижеге қол жеткізіп жүр. Сонымен қатар, халықаралық «Ақбота», «Кенгуру» танымдық ойындарына қатысқан шәкірттері шашасына шаң жұқтырмай, мұғалім мерейін үстем етуде. Т.Қайнашев  дайындаған бірнеше оқушы бүгінде математика мамандығын меңгеріп, алды өзімен бірге осы мектепте сабақ береді. Демек, бұл ұстаз еңбегі еш кетпеген деген сөз.
Жүйелі жұмыс қашанда өз жемісін береді. Көп жылғы еңбегі ескеріліп Телмаханбет Қайнашев аудан, облыс әкімдерінің алғысына бөленсе, 2006 жылы Білім және Ғылым министрінің «Құрмет Грамотасымен» мадақталады.
Ұстаз туралы әріптестерінің де пікірі оң. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Зағипа Жұмахметова: «Ол кісімен 1989 жылдан бері бірге қызметтес болып келеміз. Жұмысына жауапты әрі мектепішілік барлық іс-шараларда үнемі белсенділік танытып жүреді. Аға буын қызметтестеріне құрмет көрсетіп, кейінгі жас толқын мамандарға ақыл-кеңесін айтудан жалыққан емес. Білікті маман математикадан аудандық, облыстық семинарларға қатысып, тәжірибе алмасып тұрады. Тіпті, республикалық ғылыми-практикалық конференцияда «Орта мектепте математика пәнінің жоғары мектеп бағдарламаларымен сабақтастық мәселелері» тақырыбына баяндама жасап келді. Телмаханбет Қайнашевтың жанұясымен де жақсы араласып тұрамыз. Отбасында да, жұмыста да үлкен жауапкершілікті сезіне білетін азамат ұжым мақтанышы» дейді.
Мамандыққа адалдық өз алдына, кейіпкеріміз үйде де ардақты әке, аяулы жар, асыл ата. Құдай қосқан қосағы Гүлсім апай осы ауылда көп жылдар бойы медбике болып елеулі еңбек етсе, бүгінде зейнетке шығып, отағасымен бірге дүниеге әкелген 3 ұл, 3 қыздан өрбіген 14 немеренің қызығын көріп отырған жайы бар. Балалары түрлі мамандық  иелері, соның ішінде Бақтыгүлі С.Абланов орта мектебінде информатика пәнінен дәріс беріп, әке жолын қууда.
Қалай айтсақ та,  38 жыл ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаз еңбегі мақтауға тұрарлықтай. Биыл алпысты алқымдағалы тұрған азаматтың бойынан еш шаршаңқылықты байқамайсың. «Заманның сұранысына сай, жаңа технологияларды меңгере отырып, өткеннен өнеге алып, балаға білім нәрін құйу біздің міндетімізге кіреді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтпақшы: «Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман»- дейді ол, бізбен болған әңгімесінде. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу ұлы мұратым деп білген ұлағатты жанға алда да табыстар тілейік!

Өз тілшіміз.



 

Обновлено 22.07.2013 16:13
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін152
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада6169
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда31736
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2202466

Серіктестер