Онлайн газет



ӘКІМДЕР САЙЛАУЫ ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ КҮШЕЙТЕДІ

М.Манекеев,
«Ауыл жаңалығы».
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Қазақстан - 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Мен Жергілікті өзін - өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын бекіттім. Ол ауылдық, селолық деңгейде басқару сапасын арттыруға мүмкіндік жасайды және азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелерге қатысуын кеңейтеді. Біз селолық әкімдерге қосымша өкілеттіктер береміз және олардың ауылдағы ахуалға ықпалын күшейтеміз. Бірақ, сонымен бірге, бізге қоғамдық бақылауды, жергілікті жерлердегі ахуалға азаматтардың ықпалын күшейту керек. Сондықтан мен мәслихат арқылы ауыл әкімдерінің сайланбалылығын енгізу туралы шешім қабылдадым. Сайлауды біз 2013 жылдың өзінде-ақ бастаймыз. Азаматтардың жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді шешуге, жергілікті билік органдарының жұмысын бақылауға белсене араласатын уақыты туды» деп көрсетті. Әкімдер сайлауын енгізудің басты мақсаты – елдегі мемлекеттік басқарудың ең оңтайлы, айқынды және тиімді моделін қалыптастыру болып табылады. 
Осы орайда бұл сайлаудың пайдасы қандай болмақ деген сауал көкейде тұрары анық. Біріншіден,  мәслихат депутаттарын халық таңдайды. Ал әкімдерді мәслихат депутаттары сайлайды. Демек, халық тарапы сайланған әкімге әрдайым да өз талаптарын қоя алады. Халық сайлап отырған соң, әкім де белсене жұмыс істеуге мүдделі. Екіншіден, халық таңдауы алдымен елдің мұң-мұқтажын бес саусағындай білетін, ел ішіндегі жұмысты шебер ұйымдастыра алатын азаматқа түсері хақ. Үшіншіден, әкім сайлауы арқылы кейбір өркениетті елдердегідей электорат үшін күреске, бәсекеге жол ашамыз. Озық ойлы, қолынан шаруа келетін, іскерлігі, жауапкершілігі бар азамат қана сол электоратты жинай алады. Демек, сайлау – жауапкершілікті күшейтеді деген сөз. Төртіншіден, жергілікті жерлердегі әкімдер сайлауалды бағдарлама жасайды. Сол бағдарлама негізінде жұмыс жүргізеді. Бесіншіден, әкімдердің құзыреті кеңейіп, құрығы ұзарады. Бюрократия шекпенi шешіліп, халықпен ашық араласу жанданады. Алтыншыдан, әкім әр кезде халыққа берген уәдесінен тайқып кетпеуге тырысады. Бұрын округ әкімдерін орындарынан аудан әкімдері алып тастайтын болса, ендігі жерде оларды халық та қызметінен кетіре алатын болады. Жетіншіден, өңірлердегі талай мәселені орталықтардағы кабинеттерде емес, сол жердің өзінде шешуге зор мүмкіндіктер туады. Мысалы, әкім бюджеттен қаржы бөлінетін 15 бағдарлама аясында ауыл ақсақалдарымен, белсенді тұрғындарымен келісе отырып, қомақты соманы қай салаға бөлуге болатынын ұсыныс арқылы шеше алады.  Енді «бұл сайлау қалай жүзеге асырылады?» деген сауалға келсек... Аудан әкімі аудандық мәслихатқа кемінде екі үміткердің кандидатурасын ұсынады. Мәслихаттағы халық атынан өкілдік ететін депутаттар дауыс беру арқылы әкімдерді сайлайды. Мұндай жағдайда алдымен қаперге кандидаттың білімі мен біліктілігі, іскерлік қабілеті мен бағдарламасы алынады. Бұл орайда жұртшылық әкімдік қызметке «басқару ісінен мүлдем бейхабар, іскерлік қабілеті, қаржылық сауаты төмен адамдар өтіп кетпей ме?» деген сауал қояры анық. Сайланған әкім өзіне жүктелген міндеттерді орындамаса немесе округтегі тұрғындар оның мәселе шешуге қабілетсіз екендігін айтып шағымданса, аудан әкімі «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес, оны өкілеттілігінен айыру жөнінде шаралар қабылдай алады.
А.Төлепбергенов, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер және кент әкімдерінің сайлауын өткізу туралы Ел Президентінің биылғы жылдың 24 сәуірі күні №555 Жарлығы шыққаны баршаңызға белгілі.  Толықтырулар мен өзгерістер енгізілген құжатта аталмыш сайлау еліміз бойынша алдағы тамыз айының алғашқы он күндігінде өтетіндігі нақтыланған.
Тамыздағы сайлауда еліміз бойынша барлығы екі жарым мыңға жуық әкім сайланады деп күтілсе, оның 156-сы біздің облыстан сайланбақ. Ал, біздің аймағымызда барлығы 43 елдімекен, 18 ауылдық округ бар. Алдағы 9 тамызда осы он сегіз ауылдық округте әкімдер сайлауы өтеді.  Шілде айының 15-іне дейін аталмыш ауылдық округтер бойынша үміткерлер ұсынылса, оларды тіркеу жұмыстары шілденің 25-іне дейін жүргізілмек. Тек, талапқа сай келгендер ғана үміткер ретінде тіркеледі. Сосын үгіт-насихат жұмыстарын бастайтын болады.
Алдымыздағы өткелі тұрған әкімдер сайлауы тұтас елге, бүкіл қоғамға, сондай-ақ әрбір таңдаушы депутатқа үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл–Елбасының қоғамды одан әрі демократияландыруды жүйелі түрде шешу ісін кезең-кезеңімен жүргізіп отырғанын көрсететін өте маңызды саяси шара. Біз бірінші рет аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер мен ауылдар, кенттер әкімдерін сайлағалы отырмыз. Айта кетейік, бұл сайлауға жасы 25-ке толған жергілікті жердің азаматтары қатыса алады. Оларды тұрғылықты жердегі қоғамдастықтар ұсынатын болады. Ал, сайлаудан соң билік органдарының өкілеттіліктері ұлғайтылып, кадрлық және қаржылық ресурстармен нығайтылмақшы. Бұған қоса, олар барлық мемлекеттік бағдарламалардың әлеуетін пайдаланады, яғни, ауыл әкімінің өз бюджеті болады. Сайлаудан соң жаңа ауыл әкімдері үнемі арнайы курстардан өтіп, білімдерін жетілдіріп отыратын болады. Бұл сайлаудың тағы бір ерекшелігі, әкімдікке үміткерлердің сайлауалды үгіт жұмыстары мәслихат депутаттарының алдында өтеді. Сайлау заңның барлық тиісті талаптарын сақтап, ашық өтуі шарт. Осылайша саяси науқан Қазақстанда қоғамдық сананың өсуінің бір көрінісі болуы тиіс.
Н.Үкібаев, аудандық мәслихаттың хатшысы:
– Бұл бастама жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасына тың серпіліс әкеледі деп ойлаймын. Яғни, біріншіден, сол жергілікті өзін-өзі басқарудың сапасын арттырады. Екіншіден, ауылдық, аудандық деңгейдегі әкімдердің өкілеттілігі кеңейеді. Үшіншіден, арнайы Кеңестер арқылы қоғамдық бақылау күшейіп, халық әкімдіктердің шешімдеріне тікелей қатыса алады. Сонымен бірге осы мақсат жергілікті жерлердің өзіндік бюджетін қалыптастыруға, жұмыстарын жүйелі жоспарлауға мүмкіндік береді. Бұл орайда бізге, яғни жергілікті Мәслихаттарға зор жауапкершілік артылып отыр. Сондықтан да халық назарда ұстап тұрған мәселеге Мәслихат депутаттары ықтиятты қарауы қажет.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы биылғы халыққа арнаған Жолдауында: «Біз басқаруды орталықсыздандыруды сауатты жүргізуіміз керек. Орталықсыздандыру идеясының мәні – шешім қабылдау үшін құқықтар мен қажетті ресурстарды орталықтан өңірлік билік органдарына беру», – деген болатын. Яғни жоғарыдан келетін пәрмен азайып, әкімдердің шешім қабылдау құқығы кеңейіп, қажетті ресурстар орталықтан өңірлік биліктің қолына ауысады деген сөз.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін112
mod_vvisit_counterКеше687
mod_vvisit_counterОсы аптада2905
mod_vvisit_counterӨткен аптада2719
mod_vvisit_counterОсы айда7631
mod_vvisit_counterӨткен айда17261
mod_vvisit_counterБәрі1108991

Серіктестер