Онлайн газет



Сіз ораза ұстайсыз ба?

Көптен күткен Рамазан айы да келіп жетті. Адам баласынан мейірімділік, қамқорлық, сабырлылық пен кешірімділікті күтетін бұл айда үлкен-кіші отыз күн ораза ұстап, игі тілектер тілейді. Қасиетті айға байланысты Пайғамбарымыз Мұхамед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Егер үмметім Рамазан айында қандай жақсылықтар болғанын білсе, жылдың барлығының Рамазан айы болуын қалайтын еді. Себебі, барлық жақсылықтар рамазан айында жиналған, рамазан айында істелген ғибадаттар қабыл болады, рамазан айында жасалған дұғалар қабыл болады, рамазан айында істелген күнәлар кешірілмейді және рамазан айында ораза ұстағандарды жәннат қуанышпен күтеді, - делінген.  Ал, Сіз ше, ораза ұстадыңыз ба? Дінімізге сай бес парыздың бірі саналатын - ораза туралы ойыңыз қандай? Осы сұрақтарды алға тартып қоғамның аға буыны мен жас жеткіншектерді әңгімеге тартқан болатынбыз.

Сәнімай Қонаева, Көктал ауылының тұрғыны, зейнеткер:
-Айлардың сұлтаны – Рамазан айы мұсылман қауым үшін қастерлі ай. Бұл айдың мен үшін де мән-маңызы зор. Қандай істі болмасын алдымен Алланы ауызға алатын аға ұрпақ,  Рамазаннның қадір-қасиетін жақсы түсінеді. Мүмкіндігіне қарай толық ұстауға тырысады. Міне, бес-алты жыл қатарынан Алла-тағаланың разылығы  үшін мен де ораза ұстап, отбасымның амандығын, елімнің, жерімнің тыныштығын тілеп жүрген жайым бар.
Рамазан – мейірім айы. Бұл айда сонымен қатар, жоқ-жітімдерге көмек қолын созу да үлкен сауап. Рамазан айы туралы Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) былай деп айтқан екен: “Расулуллаһ (с.ғ.с.) Шағбан айының соңғы күні былай деді: “Ей адамдар! Үлкен мүбәрәк ай келе жатыр. Ол сондай ай, ол айда мың айдан қайырлы бір түн бар. Алла ол айдың оразасын парыз қылды. Түнде сахурға тұруды сүннет қылды. Кім ол айда жақсылықтың біреуімен Аллаға жақындаса оның рамазанның сыртында бір парыз орындағанмен тең. Кім бір парыз орындаса, оның сыртында жетпіс парыз орындағанымен тең. Ол сабыр айы. Сабырдың сауабы жәннат! Жәрдемдесу айы. Онда мұсылманның ырыздығы көбейеді. Кім бір оразалы адамға ауыз аштырса, күнәлары кешіріледі. Оның сауабы азаймайды, өзі де осы сауапты алады”. Олай болса, нұрлы айда жан-жағымызды нұрға бөлеп, тек жақсылықтар жасап жүрейік. Биылғы ораза шіліңгір шілде айына тура келгеніне қарамастан, сабырды жанымызға серік етіп, тіл, көз, құлақ, қолымыз бен ауызымызға қатысты күнәлерден сақтанайық! Ораза қабыл болсын, ұстанған жан!
Пошаев Азамат, Сарыкемер ауылы. ҚазМУ-дің І-курс білімгері: -Исі мұсылман Рамазан айында ораза ұстайды, ауыз аштырады, тігінен-тік тұрып тарауих және Құран хатымға қатысады, пітір-садақа беріп, тахуа болады, рухани байи түседі. Рамазан айының сауабы туралы үйдегі үлкендер осылайша түсіндіріп жатады. Әрине, бұдан бөлек бұл айдың өзіндік ерекшеліктерін теледидар, баспасөз беттері арқылы да оқып-біліп жататынымыз бар. Сондықтанда болар, биыл бірінші рет ниет еткен едім. Медицина саласы мамандарының айтуына қарағанда, ораза ұстау деніміздің саулығы үшін де пайдалы екен. Отбасымызда әжем Дариякүл,  анам Айгүл жылда ауыз бекітеді. Биыл мен  де ораза тұтып, таңсәріде тұрып, сәресін ішіп, рамазанның қадір-қасиетін шынайы сезіндім.Айта кетерлік тағы бір жағымды жәйт, өзіммен қатарлас құрбы-жолдастарымның көбісі биыл ораза ұстапты. Жылдан-жылға дінімізге құрметпен қараған жастарымыздың қатары көбейгені кім-кімді болса да қуантады. Жат әдеттен аулақ болу, жаман қылықтарға жол бермеу, жақсылыққа талпыну, сабырлы болу – Рамазанның басты қағидасы. Барынша мейірімді болу, үлкенге ізетпен қарап, кішіге қамқор болу сынды қасиеттердің мәнісін де дәл осы мезетте түсінетін сияқтымыз. Рамазанда жарапазан айту -қасиетті айды ұлықтау деген сөз. Топ болып үйді-үйді аралаған жас балаларды көргенімде, өткен күндер еске түсті. Жалпы, қасиетті айдың жастарға берер тәрбиелік мәні көп. Ең бастысы, оразаны шын ниетпен ұстау керек. Арықтаймын немесе біреу мақтасын деп ұсталған ораза қабыл болмайды деп жатады. Барлық қатарластарымды мұндай ойлардан аулақ болуға шақырамын. Оразаға жүрекпен ниет ету – үлкен сауап. Айлардың  төресі саналатын Рамазан мүбәрак болсын! Тілеген тілектеріңіз қабыл болып, егемен еліміздің мәртебесі асқақтай берсін дегім келеді.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін177
mod_vvisit_counterКеше436
mod_vvisit_counterОсы аптада2561
mod_vvisit_counterӨткен аптада4663
mod_vvisit_counterОсы айда8222
mod_vvisit_counterӨткен айда13626
mod_vvisit_counterБәрі1234494

Серіктестер