Онлайн газет



Байзақ ауданы: кеше, бүгін, ертең

Жалпақ жұртыңды, иісі алашыңды құрметтеу - алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады.

Н.НАЗАРБАЕВ.
Қазақстан республикасының президенті.

Ертеде өткен  батыр  бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған, тоғандар тартып, диірмендер салғызған сулы-нулы өңірде өткен ғасырдың үшінші онжылдығының соңына  таман  өз алдына отау тіккен ауданымыздың экономикасының негізгі бағыты ауыл шаруашылығы саласы деп белгіленген екен. Содан бергі сексен жылда егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысқан  талай ұрпақ ауысты. Маңдай тер, адал еңбектерімен өзіндік із-өрнектерін салып  кеткен олардың ауыл  шаруашылығы өнімдерін өндіруде жеткен  жетістіктері   туралы  мұрағат құжаттары  не айтады? Ауданның  бүгінгі мерейтойына орай  сол деректердің біразын ортаға салдық.
Халқы еңбексүйгіш, киелі мекенде жаңа ауданды ұйымдастыру жұмыстары аяқталған  1939 жылы 42 ұсақ колхоз,  1 совхоз, 2 МТС (машина-трактор стансалары) жұмыс істеген. Олардағы егіс алқаптары көлемі  25 579 гектарды құраған. Малдан 1009 ірі қара, 22917 қой -ешкі, 4627 жылқы, 869 шошқа болған.Ауыл шаруашылығы техникасының саны 189 болса, оның 44 комбаин еді.16 ауылдық кеңеске қараған елді мекендердегі тұрғындар саны 24570 адам болса , оның 1984-і аудан орталығы Михайловкада ( қазіргі Сарыкемер) тұрған.
Облыс орталығының дәл іргесіндегі ауданда ол кезде  бірде-бір ірі өндіріс орны болмаған. Есесіне жиырма диірмен, үш наубайхана жұмыс істеген. Өйткені, аудан  ежелден-ақ астық өсірді. Ал, қант қызылшасын егуді  1934 жылдан  қолға алған болатын. Свердлов  МТС-і қамтитын аймақта сыры бейтаныс  техникалық дақылды баптауға  тез төселіп,  оңды нәтижелерге қол жеткізе бастаған, сол 1939 жылы мемлекетке қант қызылшасын тапсыру жоспары асыра  орындалған. Ауыл шаруашылығы жылының қорытындысы бойынша  егіншілікте ең жоғары көрсеткіштерге жеткені үшін ауданның «Ақжар», «Қарасу», «Көкөзек», «Трудовой пахарь» колхоздары  Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Құрмет кітабына енгізіліпті. Ал, мал шаруашылығында табысқа жеткен «Кеңес», «Новая жизнь», «Тегістік», «Трудовой пахарь» колхоздарының жылқы және қой фермалары да осындай құрметке ие болыпты. 
Аудан тұрғындарының өміріне ауыр қайғы қасірет пен бейнет ала  келген екінші дүниежүзілік  соғыс басталғанда  ұрыс даласына 3341 адам аттанып, барлық майдандарда шайқасты. Елге 1583-і оралмады. Олардың арасында егінші-диқандар, малшылар аз емес еді.
Ал, тылда қалғандар нағыз ерлік еңбек үлгілерін көрсетті, жеңіске жетуге зор үлестерін қосты. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Николай Иванович Тараканов, ал, аудандық атқару комитетінің төрағасы  Әзімбек Ысмаилов еді. Аудан халқы соғыс жағдайында еңбек етуге тез бейімделе  алды. Елде қалған қарттар, әйелдер   екпінді еңбекке жұмылды. МТС-терде комсомол жастар бригадалары құрылды. «Үлгілі» колхозының жастары жарыста жалындап, Қазақстан Ленин комсомолы Орталық Комитетінің бірінші сыйлығына ие болды.
Аудан майданды ауыл шаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етуде ғана емес, қысқа мерзімде 2,1 миллион сом қаржы жинап,  Қорғаныс қорына  аударып, «Жамбыл колхозшысы» танк колоннасын жасақтауға өз үлестерін қосуда да  үлгі танытты.
Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарында да аудан егіншілік пен мал шаруашылығында жақсы көрсеткіштерімен танылды. 1948 жылы ауданның  бір топ қызылшашылары Жамбыл өлкесінде алғашқы болып Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Алтын жұлдыз алғандар қатары  1949 жылы - екі, ал, 1950 жылы –алты адаммен  толықты. Бұлардың арасында қызылшашылар ғана емес, көкөніс, картоп өсірушілер, ұжымшар төрағасы болды.
КСРО Министрлер Кеңесі 1950  жылдың 7 маусымында  ұсақ колхоздарды ірілендіру туралы қаулы қабылдады.Бұл шараны жүзеге асыру  1951 жылы  толық аяқталды. Аудандағы 42 колхоз ірілендіріліп, 11 шаруашылыққа бірікті. Ал, бұрынғы Чапаев атындағы, «Сарыбарақ», «Тегістік-2» колхоздары – Чапаев атындағы,  «Кіші Бурыл», «Құмжота», «Новая жизнь», «Политотдел» колхоздары – «Ровный» совхозы атанды.
Ұсақ шаруашылықтардың ірілендірілуінің  нәтижесінде колхоздар саны қысқарды, оның есесіне өндірістік шоғырлануы күшейе түсті, табысты жұмыс істегендері  техниканы өздері сатып алып, пайдаланатын дәрежеге жетті. Бұған 1958 жылы 31 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен МТС-тердің жөндеу-техникалық стансалары  (РТС-тар) ашылып, ауыл шаруашылығы техникасын сатуы жағдай жасады. Кейін РТС-тар таратылып, олардың міндеттері «Казсельхозтехника» өндірістік техникалық және жабдықтау бірлестігіне жүктелді. Бұл аудан шаруашылықтарының мамандануы мен шоғырлануы үрдісінің қарқынды жүруіне әсерін молынан тигізді. Алғашқы миллионер шаруашылық та осы кезде шықты. Ол - қант қызылшасын өсіруде үздік табыстарға жеткен «Трудовой пахарь» колхозы еді.
Еліміздің тарихынан  белгілі,  1965 жыл республика ауыл шаруашылығы үшін ерекше  өрлеу жылы болды. Жыл аяғында жоғары өндірістік көрсеткіштерге жеткені үшін  саланың 126 қызметкеріне Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Солардың  бірі – қант қызылшасы дақылын  1350 гектарға өсірген   «Трудовой пахарь» ұжымшарының төрағасы Александр Львович Нахманович  болатын. Ол  1964 жылы артта қалған шаруашылықты қабылдап алып,  бас - аяғы бір жыл ішінде облыс пен республикадағы алдыңғы қатарлы, озық шаруашылыққа айналдыра білді.Шаруашылықта 75 адам КСРО ордендері  және медальдарымен, ал, төртеуі Ленин орденімен марапатталды. Соғыс ардагері, экономика ғылымдарының кандидаты А.Л.Нахманович үш рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. 1996 жылы қайтыс болған.
Уақыт өте келе аудан егіншілік қана емес, мал шаруашылығында да ірі табыстарға жете бастады. Әсіресе, 1973 жыл ересен жетістік жылы ретінде аудан тарихында қалды. Бұл тұста аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы ел құрметіне бөленген басшы Ұзақбай Сыздықбаев, ал, аудандық атқару комитетінің төрағасы Павел Иванович  Ан болатын. Аудан  ірі қара мен құс өсіру жөніндегі бесжылдық тапсырмасын асыра орындады,  басқа түліктер  саны да  көбейіп, олардан алынған өнім молайды. Нәтижесінде аудан мемлекетке мал өнімдерін сату жоспарларын асыра орындап шықты. Егіншілікте табыстар қамтамасыз етіліп, астық өндіру мөлшері 184,6 мың тоннаға, қант қызылшасы 745,8 мың тоннаға, көкөністер 37,6 мың тоннаға, жүзім 15,1 мың тоннаға жеткізілді. Сол жылы мал шаруашылығы өнімдерін молайту және дайындау жолындағы бүкілодақтық социалистік жарыстың қорытындылары бойынша  аудан  СОКП Орталық Комитетінің, КСРО Министрлер Кеңесінің, ВЦСПС пен БЛКЖО Орталық Комитетінің Ескерткіш Қызыл Туы және бірінші ақшалай сыйлығына ие болды. Аудан малшыларының үлкен бөлігі Кеңес Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталды.Ал, Жамбыл қызылша совхозының сауыншысы Елена Иосифовна Свинковскаяға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
Өзіне бекітілген 24 сауын сиырдың әрқайсынан 5500 килограмға дейін сүт сауып, рекорд жасаған  Елена Свинковская қазіргі  Байзақ ауданына  Ұлы Отан соғысы жылдары Белоруссиядан   отбасымен көшіп келгендердің бірі  болатын. Әкесі майданда қаза тапқан. 16 жасынан еңбекке араласты. Қазақ жерінен бақытын тапқан  сауыншының ерен еңбегімен танылуы алпысыншы жылдары. Облыста араға жыл салмай екі рет Ленин орденімен марапатталған бірінші әрі бірден - бір сауыншы осы Е. Свинковская еді. 1976 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды.Сол   жылдары  ауданымыздан  шыққан  екінші Социалистік Еңбек Ері Нұрмаш   Түйтебаеваның қызылша алқабы тұп –тура үйінің іргесінен басталатын.Еселі еңбегімен ел құрметіне  бөленген қызылшашы   КСРО Жоғарғы  Кеңесінің депутаты болып сайланды.
Топырағы құнарлы, маңдай тердің әр тамшысы қайтарым беретін ауданнан   рекордтық өнім алған, ең жоғары көрсеткіштерге жеткен, әр түрлі ұлт өкілдерінен тұратын 27 Социалистік Еңбек Ері шыққан. Олардың суреттері бүгінде Сарыкемердегі «Батырлар аллеясында» ілулі.
Мұрағат құжаттары ауданның даңқы дүрілдеуіне мол үлес қосқан еңбек майталмандары ғана емес, жетекші салада жүргізілген өркенді өзгерістер  туралы да сыр шертеді. Айталық,  Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 1976 жылғы 20 қаңтардағы №52 бұйрығы бойынша аудандағы колхоздар мен совхоздардың негізгі өндірістік бағыттары белгіленген. Соған орай Аманкелді атындағы, Киров атындағы,Ленин атындағы, Свердлов атындағы, Суханбаев атындағы, «Трудовой пахарь», Фрунзе атындағы колхоздар қант қызылшасы дақылын өсірумен, ал, қаланың дәл түбіндегі «Ровный» кеңшары мен «Красная звезда» колхозы - көкөніс-сүт, Абай атындағы колхоз-сүт өндірумен, «Октябрьдің 40 жылдығы» колхозы- тұқым шаруашылығымен (жүгері)   айналысты. Бір ерекшелігі аталған шаруашылықтар қосымша салалар ретінде қой шаруашылығымен айналысып, сауын сиырлар өсірді. Абай атындағы, «Октябрьдің 40 жылдығы» колхоздары бұларға қоса қант қызылшасын да өсірді.Сондай-ақ Свердлов ауданаралық мал өсіру, бордақылау жөніндегі бірлестігі ет өндірумен айналысты. Аудан аумағында Жамбыл құс фабрикасы  жұмыс істеп, жұмыртқа, құс етін өндірді. «Үшбұлақ» және Чапаев атындағы  совхоздар жүзім өсіруге маманданған  ірі шаруашылықтар болатын. Бұларда әрине, қосымша сала ретінде қой, сиыр өсірді. Бір ғана «Үшбұлақ» совхозы сол жылдары 534 гектар жүзімдіктен мол өнім алып, қыруар пайда түсіретін.
Ауыл шаруашылығының  мамандандырылып, шоғырландырылуы шаруашылықтардың өндірістік әлеуеттері артуына, егіс көлемінің  1985 жылы 61,1 мың гектарды құрап , оның ішінде дәнді дақылдар 41,6 мың, техникалық дақылдар (негізінен қант қызылшасы) 4,6 мың, көкөніс, бақша – 7,8 мың гектарға өсірілуіне жеткізді.Аудан шаруашылықтарында 23,1 мың   ірі қара,  183,3 мың  қой мен ешкі, 847,5 мың  құс( жартысы күркетауық), бір мың бас түйе болды. Аудан жыл сайын облыста өндірілетін қант қызылшасының 12 пайызын, көкөністің 21,2  пайызын, еттің -11 пайызын, жұмыртқаның 50 пайызын беріп отырды. Халықтың әл-ауқаты, елді мекендердің келбеті жақсарды. Аудандағы халық саны 1985 жылы 1939 жылғыдан 171,6 пайызға өсті. Он бес ауылдық кеңесте 57,5 мың тұрғын болды. 37 мектеп, 26 балалар бақшасы, 1 кәсіптік –техникалық училище филиалы, 36 кітапхана, 8 аурухана, 39 фельдшерлік акушерлік пункт жұмыс істеді.
Ауыл шаруашылығындағы табыстарымен  атағы алысқа кеткен аудан нарықтық экономикаға көшудің өтпелі кезеңінде   бүкіл еліміздегідей, ауыр ахуалды бастан өткерді. Бірақ, бірлігі бекем, тірлігі тындырымды аудан халқы алдыңғы аға ұрпақтың еңбек  дәстүрлерін жалғастыра отырып, қиындықтарды  табандылықпен жеңе білді.
Ауданымызға 1995 жылы  жұртшылық  тілегін ескерген Елбасының Жарлығымен  ұлт - азаттық күресінің  қаһарманы, елді егіншілікке, отырықшылыққа үндеген,  өзі де, ұрпақтары да тоған қаздырған Байзақ датқа Мәмбетұлының есімі берілгелі беріде де өңірдегілер ауыл шаруашылығы саласындағы  өрелі істерімен танылып келді.
Ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі де  озар елдің тірлігінен молынан хабар береді. Айталық, аудан бойынша өнеркәсіп кәсіпорындарымен  биылғы қаңтар-қыркүйек айларында 2247,5 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 104,5 пайызды құраған. Ауыл шаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі 23 миллиард 369,5 миллион теңге, немесе 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 101,1 пайызды құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда  түліктің барлық түрінің саны  өсіп, өндірілетін өнім көлемін арттыру, мал тұқымын асылдандыру мәселелеріне баса көңіл бөлінуде. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша қолға алынып жатқан істер де ертеңгі күнге сенім ұялатарлық.
Қазақстанның киелі жерлері санатына Байзақ датқа кесенесі енгені  де тарихи ескерткіштерге бай, көрікті мүйістері де жетерлік , келешегі де жарқын аудан үшін үлкен мәртебе.

Тұрсынхан Толқынбайұлы,
ардагер журналист, ауданның Құрметті азаматы.

 

Обновлено 29.10.2018 15:53
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін764
mod_vvisit_counterКеше884
mod_vvisit_counterОсы аптада764
mod_vvisit_counterӨткен аптада10971
mod_vvisit_counterОсы айда39765
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2247151

Серіктестер