Онлайн газет



Өмірің өз қолыңда

М. Жәмішжанов,
“Дарын” мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы. Үлгілі ауылы.

Ұлы Абай өзінің жетінші қара сөзінде: «Тәнді жанға бас ұрғыздыра алмаған пендеден хайуан артық»,- деп ашына, бетке басып айтады. Даңқты кемеңгердің бұлай налуына сол заматтағы қоғам түрткі болған еді. Ақын өмірдің мәнін түсінбеген надандардың көзін ашпақ болып, оқы-тоқы деп талай айтып та кетті, жазып та кетті. Бұл аталы сөздерді өзімізге билете алмай, жанды тәнге бағындырып, көзбен көрген нәрсенің өзіне сыртынан-ақ тойып, сыры қалай болады деп көңілде тоқымай, артығын білмей, айтып тұрса ұқпай, санамыздың сапасын төмендетіп, азғынданып кеттік.
Абай осы адам мен хайуанды салыстыруларында мына бір сұмдықты жалғап жіберсе жарасып кетер ме еді? Сұмдық деп отырғаным, қасіреттің қара түнегіне айналған - суицид. Өкінішке орай,бұл термин  жиі қолданылатын сөзімізге айналды.Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, жылына миллионнан астам адам өзіне-өзі қол жұмсайды екен.Әлемдегі ең көп суицидтік жағдайлар тіркелген елдердің рейтинг қатарында Қазақстанның жоғары орында тұрғанын қағазға түсіру мен үшін отты жалаң кешумен пара-пар. Әрине, Абайға «қара сөзіңе қоспадың» деп кінәрат таға алмаймыз,себебі бұл індет Абай дәуірінде жоқты.
Өзін-өзі өлімге итермелеп жатқан жеткіншектерді көргенде қалай жүрегің қан жыламасын?! Әй, азамат, тіпті жер бетіндегі кез-келген  мақұлыққа көз тастасаң, әрқайсысы тіршілікке бейімделу, қорғану қасиетіне ие емес пе? Құс қанатымен, жыртқыш тырнағымен, жануар тұяғымен өзіне берілген өмірін сақтап қалу үшін қасық қаны қалғанша қорғанып бағады. Ал Алла тарапынан едәуір қолдауға ие, ақыл мен сөйлеу нығметіне бөленген, жер бетінің ардақты жаратылысы адам баласы осы баға жетпес құндылығын бағалай біле ме?
Жоғарыда айтылғандарды нақтылайтын болсам жер бетінде 40 минутта бір адам өз өміріне қол салады екен. Сонда таң атқаннан, кеш батқанға дейін ызың-ызың етіп, тіршілік үшін күрескен шыбын құрлы жігерінің болмағаны ма?Алдынан кездескен уақытша ауыртпашылықтардан қашып, өзін өлдіге санап, өмірін қию арқылы орны толмас күнәға тап болғанын білер ме екен?! Себебі өз-өзіне қол жұмсау - Жаратушыға серік қосқаннан кейінгі екінші ауыр күнә. Өзін-өзі өлтірудің үлкен күнә екеніне тағы бір дәлел, егер адам тіпті аштықтан өлер халге душар болса, онда харам деп саналған доңыздың етін де пайдалануға шариғат рұқсат етеді. Яғни өзін қатерге салмай, доңыз еті болса да  жанын сақтап қалу маңызды болып саналады.
Ендеше, адам өз өміріне балта шаппас бұрын алдымен «мені ана дүниеде не күтіп тұр?», «Өлім менің қиыншылықтарымды шеше ала ма, әлде бұл әрекетім үшін тозақтың отына жолдама күтіп тұр ма?» деген сұрақтарды  басты іске қосқанымыз абзал. Бұл өмір фортепиано секілді, ақ пен қара шертпені бірге тартпасаң, композиция жөнді орындалмайды. Кез-келген мәселенің шешімі бар. Бұл тек жұмбақтың жауабын, қиын есептің шешімін өзің ғана таба аласың. Бар қиындықтың бітер күні бар. Жаңбырдан кейін жарқырап күн шығатыны сияқты әрбір ауыртпашылықтан кейін бір жақсылық келеді.Сондықтан да жамағат рухани азықтануды ұмытпай, өмірдің кез-келген тосын сынақтарына төзе білуді өз кредоларыңызға айналдыруды басты мақсат етіңіздер.Өмірің өз қолыңда!

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1808
mod_vvisit_counterКеше1540
mod_vvisit_counterОсы аптада5949
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда31516
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2202246

Серіктестер